Үкімет өңірлердегі экологиялық туризм жобаларын жүзеге асыру бойынша бақылауды күшейтуде

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Мемлекеттік ұлттық табиғи парктер мен резерваттар аумағында экологиялық туризмді дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті. Кеңеске Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Туризм және спорт министрлігінің басшылығы қатысты.

Кеңес барысында экологиялық туризмді дамытуға бағытталған инвестициялық жобалардың әлеуетті пулы, сондай-ақ қажетті туристік инфрақұрылымды қалыптастыру мәселелері қаралды. Визит-орталықтар мен орналастыру нысандарын салу кезінде жобалық-сметалық құжаттаманы уақтылы әзірлеу және құрылыс-монтаж жұмыстарының кестесін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары инвесторлар тарапынан қабылданған міндеттемелердің уақтылы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Ақмола, Алматы, Павлодар, Түркістан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Абай облыстары мен Алматы қаласының әкімдіктері жергілікті атқарушы органдар ретінде аталған жобалардың жүзеге асырылуына кепіл болып, оларды жүзеге асыру барысында жан-жақты қолдау көрсетуі тиіс екені ерекше атап өтілді.

Экологиялық туризмді дамыту өңірлердің туристік тартымдылығын едәуір арттыруға, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ рекреациялық жүктеме мен табиғи кешендерді қорғау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Кеңес қорытындысы бойынша жобаларды іске асыруды жеделдету, құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімдеріне бақылауды қамтамасыз ету, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жұмыстардың барысына тұрақты мониторинг жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

#Туризм #Экология

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу