ҚР Үкіметі жаңа Салық кодексінің жобасын мақұлдады

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа Салық кодексінің жобасы мақұлданды, ол ШОБ өсімін ынталандыруды және еліміздің қаржы секторын нығайтуды көздейді.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жаңа Салық кодексі аясында салық салу идеологиясы өзгергенін, ол адал салық төлеушіні қорғауға, экономиканың түрлі секторларын ынталандыруға және әкімшіліктендіруді жеңілдетуге бағытталатынын баяндады.

Жаңа кодекске сәйкес барлық түсініксіздіктер мен дәлсіздіктер салық төлеушінің пайдасына түсіндіріледі. Бұл қағидат салық дауларын әділ қарауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, егер салық төлеуші салық органының түсіндіруіне сәйкес әрекет етсе, және нәтижесінде позиция өзгерген болса, айыппұлдар мен өсімпұлдар қолданбау ұсынылуда. Бұдан өзге, бизнеске заңнаманың өзгерістерін зерттеу үшін көбірек уақыт ұсынылады. Барлық пайда болған түзетулерді келісе отырып, бір заң жобасымен енгізу ұсынылуда – бұл бизнеске салық кодексінің барлық өзгерістері туралы хабардар болуға мүмкіндік береді.

Шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолданыстағы арнайы салық режимдерін сақтау қарастырылған. Оған қоса, жаңа баламалы режим – тиянақталған шегеру ұсынылған. Бұл айналымдары үлкен, бірақ табысы төмендер үшін тиімді. Компания өз түсімінің жартысын растаусыз шегере алады, ал егер шығындардың есебін жүргізсе, шығындарды растағаны үшін сыйақылар (шегерістер) алады.

Сондай-ақ, «жеңілдетілген декларация» режимі аясында табыс мөлшері бойынша талап жеке және заңды тұлғалар үшін бірдей болады. Бұдан өзге, патентте мөлшерлеме 2%-дан 1% дейін төмендетіледі – бұл МӘМС жарналарын енгізуге байланысты салық жүктемесін азайту үшін жасалады.

Жер қойнауын пайдалану саласында геологиялық барлауға инвестициялар ынталандырылады. Тау-кен саласы үшін үстеме пайдаға салықты алып тастау ұсынылды. Табысты барлауды ынталандыру мақсатында коммерциялық табу бонусын алып тастау жоспарланған. Теңіз және терең мұнай кен орындары үшін жер қойнауын пайдалануға әлдеқайда жеңіл баламалы салық ұсынылды.

Экономиканың нақты секторы тұрғысында арнайы инвестициялық келісім (АИК) аясында автомобиль жасау үшін ҚҚС бойынша жеңілдіктер ұсынылуда. Осылайша, құрағыш өнімдер (шикізаттар мен материалдар) импорты, сондай-ақ АИК-те өндірілген тауарларды өткізу бойынша айналым ҚҚС-дан босатылады. Сондай-ақ, берілетін мүлік    ҚҚС-сыз сатып алынған болса және АИК арналған тауарлар тізіліміне енгізілген болса, мүлікті қаржы лизингіне беру ҚҚС-дан босатылады.

Сонымен қатар, қаржы секторын сауықтыру, инвестициялар тарту және арнайы экономикалық аймақтарға қатысушыларға жеңілдіктерді арттыру үшін бірқатар ынталандыру шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, «ИТП» АЭА қатысушылары үшін эксаумақтылық режимін 2028 жылға дейінгі мерзімге ұзарту және жалпы шығындарға еңбекақы шығындары қатынасында әлеуметтік салыққа жеңілдік бойынша шарттарды бекіту ұсынылуда.  

Жалпы салық жаңашылдықтарын қабылдаған соң салық даулары, тексерістер саны азаяды, әкімшіліктендіру жеңілдетіледі деп күтілуде. Салық саясаты әлдеқайда айқын және болжамды болмақ.  

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу