Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Минскіге ресми сапармен барды

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Минск қаласына (Беларусь Республикасы) ресми сапармен барды.

Ресми сапар аясында Қазақстан Премьер-министрін Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко қабылдады. Олжас Бектенов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемі мен шынайы лебіздерін жеткізді. Кездесу барысында Қазақстан мен Беларусь арасында ұзақ жылдарға ұласқан достыққа, өзара құрмет пен жоғары деңгейдегі сенімге арқау болған тығыз байланыс қалыптасқаны атап өтілді. Екі мемлекет басшылары арасындағы сенімді қарым-қатынас және тұрақты сындарлы диалог екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңызды негізі екені атап көрсетілді.

Үкіметаралық келіссөздер шеңберінде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Беларусь Премьер-министрі Александр Турчин сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, өнеркәсіп кооперациясы, көлік-транзиттік өзара іс-қимыл, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асырудың практикалық мәселелерін талқылады.

«Беларусь – Қазақстан үшін уақыт сынынан өткен сенімді серіктес. Бізді ұзақ жылғы ортақ тарихымыз, өзара құрмет, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Беларусь Президенті Александр Григорьевич Лукашенконың арасындағы үлкен сенім мен тұрақтылыққа негізделген қатынастарымыз байланыстырады. Біздің үкіметтеріміздің міндеті – көшбасшыларымыз арасындағы қол жеткізілген уағдаластықтарды қарқынды түрде жүзеге асыру. Бұл бағытта оң динамика бар. Статистикалық деректерге сәйкес өткен жылы тауар айналымының өсімі 27,7%-ды, осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша 20%-ды құрады. Өзара іс-қимылды одан әрі ұлғайта түсуге, жеткізілетін өнімдердің, оның ішінде теміржол машинасын жасау саласындағы тізбесін кеңейтуге тың мүмкіндіктер бар. Қазақстан Үкіметі Қазақстан мен Беларусь арасындағы көпжақты өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыру және тереңдете түсу үшін белсенді жұмыс істеуге ниетті», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

«Бүгінгі біздің кездесуіміз Беларусь елінің Қазақстан Республикасымен өзара тығыз әрі жылы шырайлы қарым-қатынастарды сақтауға айрықша мән беретінін көрсетеді. Үкіметтер деңгейіндегі байланыстардың жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтеміз. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде өзара сауда-саттықтың тұрақты өсімі байқалуда. Беларусь-Қазақстан үкіметаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның тиімді жұмысы экономикалық өзара іс-қимылдың оң серпінін қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар өзара жеткізілімдерді одан әрі ұлғайту үшін айтарлықтай әлеует бар. Бүгінгі кездесуіміз одан әрі даму үшін болашағы зор бағыттарды айқындауға, екіжақты күн тәртібін жаңа мазмұнмен толықтыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Өз тарапымнан диалогке ашық әрі байланыстарымызды нығайтуға мүдделі екенімізді тағы да атап өткім келеді», — деді Александр Турчин.

2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы шамамен $1,2 млрд-ты құрады. Осы жылдың 7 айында бұл көрсеткіш $723 млн-ға жетті. Өзара сауданы одан әрі ұлғайту және жеткізілетін өнім номенклатурасын кеңейту үшін елеулі әлеует бары атап өтілді. Қазақстан азық-түлік тауарларын, көлік құралдарын, металдарды, химия және мұнай-химия, сондай-ақ тоқыма өнеркәсібі, машина жасау және теміржол өнімдерін экспорттауда үлкен мүмкіндікке ие.

Өнеркәсіптік кооперация мәселелері де қаралды. Қазақ-беларусь әріптестігі аясында $200 млн-нан астам сомаға 13 бірлескен жоба жүзеге асырылды, Қазақстан аумағында «Беларусь» тракторларының, «Гомсельмаш» комбайндарының, автомобиль және басқа да техникалардың өндірісі локализацияланды. Қазақстан жетекші Беларусь кәсіпорындарының өндірістерін жергілікті жерде одан әрі кеңейтуге мүдделі.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі ынтымақтастық бөлігінде Қазақстан Беларусь нарығына күнбағыс, мақсары және рапс майларын, сондай-ақ дайын бакалея өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайтуға дайын екенін білдірді.

Көлік-транзиттік ынтымақтастықта оң динамика сақталуда: осы жылдың 7 айында екі ел арасындағы теміржол тасымалының көлемі 18,7%-ға өсіп, 4,8 млн тоннаға жетті. Логистикалық маршруттарды одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.

Сонымен қатар қазақстандық цифрлық шешімдерді экспорттау мәселелері көтерілді. Туристік, мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылға да назар аударылады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Беларусь өңірлері арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты дамытуға бағытталған құжаттарға қол қойылды. Олардың қатарында 2027-2029 жылдарға арналған Қостанай және Гродно облыстары арасындағы іс-шаралар жоспары, Павлодар мен Минск, сондай-ақ Павлодар және Гомель облыстары арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары, Түркістан мен Могилев облыстары арасындағы даму жөніндегі меморандум және іс-шаралар жоспары бар.

#Олжас Бектенов #ҚР Премьер-министрі #Көлік #Логистика #Президенттің тапсырмасы #Сауда-экономикалық ынтымақтастық #Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу