Премьер-Министр «Нұр Отан» сайлауалды тұғырнамасының іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру бойынша отырыс өткізді

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұр Отан» халықтық- демократиялық партиясының «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасының 2012 жылғы орындалу қорытындысы қаралды. 

Отырысты ашқан Премьер-Министр «Ұлттық іс-қимыл жоспары бұл - партия төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен еліміздің алдағы бес жылдағы негізгі даму бағыттары айқындалған саяси құжат» екенін және «оны іске асыру партияның саяси кеңесі мен Үкіметтің бірлескен жұмысының нәтижесі болып табылатынын» атап көрсетті.

2012 жылдың қортындысы бойынша ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев есептік баяндама жасады. 

ЭБЖМ басшысы Ұлттық іс-қимыл жоспарының негізгі бағыттарының іске асырылу қортындысы туралы хабарлады.
ЖІӨ-нің өсу қарқыны іс-шаралар жоспарында жобаланған деңгейден 1%-ға төмендей отырып, 2012 жылы 5%-ды құрады.

Министрдің айтуынша «бұл әлемдік экономиканың өсу қарқынының төмендеуі және тау-кен өндірісі мен металлургия өнімдеріне сыртқы сұраныстың қысқаруымен байланысты». Алайда, «орташа мерзімдік кезеңдегі экономиканың нақты өсімі жылына 6-7,6% мөлшерінде болжануда, ол 2018 жылға қарай халықтың әр жан басына шаққандағы ЖІӨ өсімін 20 мыңнан астам АҚШ долларымен қамтамасыз етеді»,-деді Е.Досаев.

Тұтастай алғанда, экономика өсімінің жоспарланған индикаторларына қол жеткізу Мемлекет Басшысының орташа жылдық өсім қарқынын 7% қамтамасыз ету тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді.

Үкіметтің дағдарысқа қарсы саясат жүргізуінің арқасында инфляцияны өткен жылғы 6%-дық деңгейде сақтап қалуға қол жеткізілді.

Негізгі шаралар әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдері бағасын тұрақтандыруға, ішкі нарықтағы бәсекелестікті дамытуға, баға мәмілешілдігімен және жосықсыз бәсекелестікпен күреске, сауда инфрақұрылымдарын дамытуға бағытталған.

Сонымен қатар, ЭБЖМ басшысы қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру, мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік институтын дамыту, «Халықтық IPO» мемлекеттік бағдарламасын, «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру, моноқалаларды дамыту бойынша шаралар жөнінде баяндады. 

«Нұр Отан» партиясы сайлауалды тұғырнамасын орындау бойынша іс-шаралар Жоспарын жүзеге асыру барысы туралы ҚР білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов, ҚР мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммед, ҚР ауыл-шаруашылығы министрі А.Мамытбеков, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Т.Дүйсенова, Жамбыл облысының әкімі Қ.Бозымбаев және Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев баяндады.

Отырыста «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек сөйледі. 

«Нұр Отан» партиясы Ұлт Көшбасшысының сындарлы саясатының арқасында халықтың сенімін ақтауға бар күшін салатын «нағыз істің партиясы» деген атауға лайық екенін дәлелдеді. «Сондықтан да елдің болашақ тағдыры үшін жауапты билік партиясы - «Нұр Отанның» алдында «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-әрекеттер жоспары» сайлауалды тұғырнамасында берген барлық уәделерді толығымен іске асыруды қамтамасыз ету жауапты міндеті тұр»,-деп мәлімдеді Б.Байбек.

Отырысты қортындылай келе, Премьер-Министр «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру Үкімет алдындағы маңызды міндет болып табылатындығын» атап көрсетті. С.Ахметов «Партиялық Үкіметтің «Нұр Отан» ХДП-мен және оның парламенттік фракциясымен бірлесіп Ұлттық іс-қимыл жоспарын» сәтті орындайтынына сенім білдірді.

С.Ахметов сондай-ақ «Жоспарды орындау барысында мемлекеттік басқару органдарындағы соңғы құрылымдық жаңартуларды есепке ала отырып, толыққанды мониторинг пен кешенді талдау жүргізу» қажеттігін айтты. Үкімет Басшысы орталық және жергілікті атқарушы органдарына басшыларына партияның сайлауалды тұғырнамасының орындалуына мониторинг жүргізу жұмыстарын тікелей басшылыққа алуды тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу