ҚР Премьер-Министрі С.Ахметов «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» өңірлік аспектілерін нығайтуды тапсырды

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Бағдарламаның орындалу барысы туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндады.

«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының бағыттары және жүзеге асырылу нәтижелері туралы хабарлаған, министр 241 мыңнан астам адамның жұмысқа орналасып, оның 132 мыңының тұрақты жұмыс орнына жіберілгенін атап өтті.

Министрдің сөзіне қарағанда, бағдарламаның пәрмені адамдардың жұмыспен қамтылуына тікелей әсер еткен. Сонымен, егер 2011 жылға дейін жалдамалы жұмысшылардың орташа жылдық өсімі 170 мың адамды құраса, 2012 жылы ол 232 мыңға дейін артқан. Өздігінен жұмыспен қамтылғандардың үлес салмағы жалпы өзін-өзі еңбекпен қамтығандар құрамы бойынша 33,7 пайыздан 30,5 пайызға дейін қысқарған, жалпы жұмыссыздық деңгейі ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында 5,2% құрады.

Бағдарламаның жетімсіз тұстары ретінде оған қатысушылардың белгілі бір бөлігінің арнайы оқытылғаннан кейін еңбек рыногына қажетсіз болып қалуы, шағын несие беру кезінде тұрғындардың белсенділігінің төмендігі білініп, бұқаралық сипат алынбағанын атаған министр, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының тетіктерін жетілдіру бағыттары туралы баяндады.

Оның айтуынша, бағдарламаны ақпараттық қолдауды жетілдіре беру жалғасатын болады. Бұл - жұмыспен қамту мен ЖҚЖК-ын жүзеге асыруға, тұтастай алғанда, жалпы жұмыспен қамту мәселелерінде халықтың бағдарламаға қатысуы жағдайлары мен мүмкіндіктері туралы ақпараттандырылуын арттыруға байланысты еңбек рыногы және мамандандырылған порталдар туралы бірыңғай деректер базасын дамыту болып табылады.

Т.Дүйсенова хабарлағандай, министрлік ауылдық округ әкімдері мен жұмыспен қамту орталықтары қызметкерлерін оқытумен айналысып жатыр. Алдағы жылдың бірінші тоқсанында олардың бағдарламаға қатысты білімін тексеру мақсатында тест түріндегі сынақ өткізілмек. Оқыту үздіксіз жүргізілетін болады. Алдағы жылы жұртшылықты кеңінен тарта отырып, халықтың мақсатты топтарын оқыту көзделуде.

Сөз соңында министр, ұсынылған өзгерістер Бағдарламаның тиімділігін арттырып, азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдаулардың мақсаттылығын күшейтіп, бағдарламаны басқару жүйесін жетілдіруді қамтамасыз ететініне сенім білдірді.

Талқылауды қортындылай келе, Үкімет басшысы «Бағдарламаны жүзеге асырудың қарқыны жаман емес. Жол картасында еңбекпен қамту проблемаларын шешудің пәрменді тетіктері ескерілген және бұлардың барлығы іске қосылуы тиіс»,-деді.

Премьер-Министр, көпшіліктің бағдарламаның кім үшін құрылғанын, оның оларға не беретінін, қалай жұмыс істеуге болатынын біле бермейтініне байланысты барлық өңірлерге тиесілі бірқатар проблемалар бар екенін және ол кешіктірмей жоюды талап ететінін айта келе, бағдарлама бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз екенін атап көрсетіп, қайта оқытылғандардың еңбекке орналасуы проблемаларына назар аудартты.

«Жекелеген өңірлерде жұмысқа орналастыру деңгейі 60 пайызды құрайды. Біз тағы да бюджеттік қаржыны тиімді пайдалану туралы айтамыз. Әрбір өңірде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыс берушілер тарапынан келісім-шарттар талаптарын сақтамау деректері кездеседі»,-деген С.Ахметов барлық өңірлер әкімдерінің және Алматы қаласы әкімінің назарын осы бағыттағы жұмыстарды жақсартуға аударды.

Үкімет басшысы Бағдарламаны одан әрі жүзеге асыру барысын жекелеген өңірлердің мысалы негізінде қарастырып, олардың сөздерін тыңдауды ұсынды. Осыған орай, Премьер-Министр ЕХӘҚМ-ге нақты өңірді анықтап, оған жағдайды зерттеу үшін жұмыс тобын жіберуді, және бұған ЭБЖМ, ҚМ,ӨДМ мамандарын тартуды тапсырып, «жергілікті жерлерде, аудандар мен қалаларда «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын тәптіштеп қарастыруға нұсқау берді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын басшылыққа ала отырып, біз жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігін қамтамасыз етуге тиіспіз»,-деген С.Ахметов бағдарламаға енгізілген тетіктер мен құралдардың тиімді қолданылуы Үкіметтің айрықша бақылауында отырғанын атап көрсетті.

Отырыста сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастыру Бас схемасының негізгі ережелері туралы Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың баяндамасы тыңдалды.

Бас схема мемлекеттік басқару жүйесінде оңтайлы шешім қабылдауға мүмкіндік беретін негізгі тетік болады. Оның кепілдемесі аймақтық және салалық ұзақ мерзімдік жоспарлау және инвесторларға сенімді бағдар үшін негізгі база қызметін атқарады.

ӨДМ-ге осы жылдың соңына дейін аймақтарды ұйымдастыру Бас схемасының өзін бекіту тапсырылды.

Отырыста сондай-ақ 2013-2020 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен тамақ өнеркәсібін дамыту бойынша іс-шаралар Кешенді жоспарының жобасы бекітілді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту бойынша іс-шаралар туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өміряев баяндады.

Талқылауды қортындылай келе, Үкімет басшысы АШМ, ЭБЖМ, даму институттарының назарын ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын несиелеу мәселелеріне аударды. Пайыздық ставка деңгейі 7 пайыз, оны біртіндеп түсіру керек. Біз оған жыл сайын қол жеткізетін боламыз. Өйткені, несиенің пайыздық ставкасын төмендету бұл салаға отандық әрі шетелдік инвесторларды тартуда ынталандырушы тетік болып табылады», - деді.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге 2020 жылға дейін 120 млрд. теңге бағыттау көзделуде. Бұл жерде де даму институттары тарапынан қаржыландыру тетіктерін пайдалану қажет»,-деп атап көрсетті С.Ахметов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу