Қазақстанда Жастар жылы аясында қандай іс-шаралар жүзеге асырылуда

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте ақпараты және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова Жастар жылын өткізу бойынша Жол картасын іске асыру барысы туралы айтып берді. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметтерінше, бүгінгі таңда елімізде 3,8 млн  жас бар, оның ішінде қалалық жерлерде 2,2 млн жас, ал ауылдық жерлерде 1,6 млн жас тұрады. Жоғары оқу орындарында 586 661 жас, колледждерде 488 712 жас оқиды.  

Ж. Омарбекова жұмыстың басты басымдықтарының бірі жастардың идеялары мен жобаларын іске асыру, білім мен ғылымды дамыту, сондай-ақ жаңа қазақстандық бәсекеге қабілетті қоғамды құру екенін атап айтты. Бұл жұмыстардың барлығын Жастар және отбасы істері комитеті үйлестіреді. Өңірлік деңгейде жастар саясаты бөлімдері мен жастар ресурстық орталықтары жұмыс істейді. 

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының бастамасы  бойынша 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланды. Үкімет оны өткізу бойынша Жол картасын қабылдады. Жол картасында жастарға қолжетімді баспана ұсыну, білім беру, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру т.б. бойынша іс-шаралар қамтылды. 

Жол картасы 89 пункттен, 4 блок пен 5 бағыттан тұрады. Бұл ретте, вице-министрдің айтуынша, іс-шаралар ауқымды форумдарды өткізумен ғана шектелмейді. 

«Бізден көбіне Жастар жылында жастар үшін не істелетіні туралы сұрайды. Аталған 89 пункттен тек 5-уі ғана форумдар өткізуге арналған», — деді вице-министр.   

Мысалы, білім беруде Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы аясында 20 мың қосымша грант бөлініп, студенттер үшін жатақханалар ұсынылды. Сонымен қатар «Жас маман» бағдарламасы әзірленді, оның аясында 20 университет пен 180 колледжді заманауи жабдықтармен жабдықтау, 210 мың білікті мамандар даярлау, ЖОО-лар мен колледждер студенттерін бизнес негіздеріне оқыту қарастырылған. Сондай-ақ волонтер студенттердің шәкіртақысын 30%-ға көтеру көзделген. 

Ж. Омарбекова биыл білім саласында да - жас ғалымдар үшін ғылым гранттары ретінде, кәсіпкерлік саласында да жастар өкілдері үшін көп көлемде гранттар бөлінгенін айтты. 

«Біздің Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы аясында белсенді жастарға биыл өзінің бос уақытын, мәдениеті, орнын, кеңістігін ұйымдастыру бойынша жастар бастамаларын қолдау үшін 2 млрд теңгеге жуық қаражат бөлдік. Сондықтан мен жастарды мемлекет жасаған барлық бағдарламаларға қатысуға шақырамын», — деді вице-министр. 

Ж. Омарбекова 4.07.2019 күні болашақ жас кәсіпкерлер үшін «Зерен-2019» республикалық жастар білім жазғы лагері өз есігін ашатынын айтты, онда жастар үздік бизнес-тренерлермен қарқынды оқытудан өте алады. 

Лагерь туралы барлық ақпарат мына сайтта орналасқан — https://zerencamp.kz.

Жастар ресурстық орталығының жұмысы туралы айта отырып, вице-министр елімізде 209 жастар ресурстық орталығы бар екенін айтты. Биыл бұл орталықтарға реформа жүргізілген. 

«Енді ресурстық орталықтардың орнына бізде жастарға қызмет көрсету орталықтары болады. Егер бұрын ресурстық орталықтар тек жастар бастамаларын қолдау бойынша үш бағыт бойынша жұмыс істесе, биыл біз бағыттар санын 10-ға дейін ұлғайттық», — деді Ж. Омарбекова. 

Енді осы орталықтарға жүгінген жастар тегін заңгерлік кеңес, отбасы құруда, кәсіби бағдарлану мәселесінде көмек ала алады, грантрар мен бағдарламалар бойынша ақпараттық қолдау алады. 

Қазақстанда жастарға арналған «Құқық қорғаушы» жобасы іске қосылды. Оқу кезінде, жұмыста немесе басқа да бір жағдайда әділетсіздікке тап келген әрбір жас тегін кәсіби заңгерлік көмек ала алады. 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу