24 Қыркүйек 2024, 19:39
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингке ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов, сондай-ақ өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев қатысты.
Қанат Бозымбаев су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша атқарылған жұмыстар және мемлекеттік көмек шеңберінде салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысының барысын баяндады.
Қазіргі уақытта апат салдарын жоюға бюджеттен шамамен 137 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат үйлерді жөндеу және салу, инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру және басқа да жұмыстарға бағытталған.
Ірі отандық кәсіпкерлердің қаржылық қолдауымен зардап шеккен бірқатар қазақстандық азамат жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Вице-премьер Үкімет атынан көмек көрсеткен бизнес пен жанашыр азаматтарға алғыс білдірді.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов гидроқұрылымдардың жағдайы мен қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары туралы баяндады. Сондай-ақ ол елімізде Су тасқынын болжау және модельдеу жүйесі әзірленіп жатқанын айтты.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов құтқару қызметтерінің техникалық жабдықталуын күшейту, авиатехниканы жаңарту және өңірлерде ТЖМ авиажасақтарын құру туралы айтты.
Қанат Шарлапаев салынған үйлердің сапасына қатысты сұрақтарға жауап беріп, құрылыс барысын өзі қадағалап отырғанын және жұмыстардың стандарттарға сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты.
#Брифинг #Су тасқыны #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу