«Қазақфильмді» отбасылық демалыс орталығына айналдыру жоспарлануда

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, сондай-ақ мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Ерлан Ақкенженов баспасөз мәслихаты барысында Ресей газының Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға транзитіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Оның айтуынша, Өзбекстан көмір өндіруден бас тартудың үлкен бағдарламасын қабылдады және РФ-мен газ жеткізу туралы келісті. Аталған транзиттен Қазақстан жақсы табыс табады әрі бұл өте тиімді. Жыл сайын көлемдер ұлғаяды және 11 млрд текше метрге жетеді.

Сондай-ақ министр ресейлік газ есебінен еліміздің шығыс және солтүстік өңірлерін газбен қамту жоспары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Ерлан Ақкенженов атап өткендей, бұл мәселе Газпром басшысымен талқыланып, Жол картасы анықталды, оған сәйкес газ жеткізу көлемін анықтау қажет. Қазақстан оның көлемі 10 млрд текше метрге жетеді деп жоспарлауда, келіссөздер жүріп жатыр. Шарттар Ресей Федерациясы үшін де, Қазақстан үшін де өзара тиімді болуы керек.

Өз кезегінде Аида Балаева «Қазақфильм» киностудиясын дамыту жоспарлары туралы айтты. Министр Президент «Қазақфильм» бұдан былай киноиндустрияны дамытуға бағытталған қаражаттың 30% мөлшерінде тікелей қаржыландыруға құқылы деген норманы көздейтін Заңға қол қойғанын атап өтті. Бұл, әрине, студия үшін қаржылық тұрғыда тәуелсіз болуға және сәйкесінше киножобаларды дамыту мен жүзеге асыруды жоспарлауға үлкен мүмкіндік. Қазір «Қазақфильмді» отбасылық демалыс орталығына айналдыруға көмектесетін инвесторларды белсенді іздестіру жүріп жатыр. Сондай-ақ ол «Қазақфильмнің» жері сатылмайды немесе үшінші тұлғаларға берілмейді деп сендірді.

Аида Балаева Қазақстанда батыстық жұлдыздардың концерттерін ұйымдастыруға қатысты сұраққа да жауап берді. Мәдениет және ақпарат министрі мұндай концерттер шетелдік туристерді тартып, мультипликативті әсер береді деп санайды: әртістердің жанкүйерлері келеді, қонақүйлерде тұрады, мәдени нысандар мен мейрамханаларға барады және ол ақша елімізде қалады.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу