Үкімет отырысының қорытындысы бойынша брифинг: С. Жұманғарин мен Е. Қарашөкеев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік нарығындағы ахуал жайлы баяндады

Үкімет үйінің баспасөз орталығында Үкімет отырысының қорытындысы бойынша брифинг өтті. Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин және ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Серік Жұманғарин журналистің Қазақстандағы қант мәселесіне қатысты сұрағына жауап бере отырып, Шу қаласында қант зауытын салу жоспарланып отырғанын айтты.

«Тағы бір қант зауытын салу мәселесі ұзақ талқыланды. Инвестор таблған сияқты, Шуда Konya түрік компаниясымен бірге зауыт салынатын болды. Қазір жоба қаралып жатыр. Қант саласын дамыту жөніндегі бағдарлама 2025 жылға дейін қант өндірісін 270 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», — деді ол.

Премьер-Министрдің орынбасарының айтуынша, 2022 жылы Қазақстанда 306 мың тонна құрақ қанты және қант қызылшасынан 50 мың тонна өнім өндірілген – бұл өте жоғары нәтиже. Бұрын өндіріс жылына 100 мың тоннадан аспайтын. Аталған өнімнің өзіндік құнының төмен болуына байланысты нарыққа шетелден арзан қант әкелініп, қазақстандық зауыттар өндірісті тоқтатуға мәжбүр болды, деп түсіндірді Серік Жұманғарин.

Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, өнімдерге ең төмен көтерме бағаны белгілеу арқылы ұқсас жағдайлардың алдын алуға болады.

«Біз жақын арада бастауға дайынбыз. Әрине, оның көбілігі құрақ қант болады, былтырғыдай проблемалар болмайды. Меморандумдарда ең жоғары баға 460 теңге деп көрсетілген – бұл қазіргі баға», — деді ол.

Сондай-ақ Серік Жұманғарин Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ең төмен баға белгілеудің мақсаты туралы сұраққа жауап берді.

Бұған дейін Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті Қазақстанда өндірілетін, сырттан әкелінетін және өткізілетін әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерге ең төменгі көтерме бағаны белгілеу қағидаларын әзірлеген болатын. Тиісті құжаттың жобасы ашық НҚА сайтында орналастырылған, оны жария талқылау 17 ақпанға дейін жалғасады. Журналистер Серік Жұманғариннен бұл бастама арзан импортқа қарсы күреспен байланысты ма және әлеуметтік маңызы бар өнімдердің ең төмен бағасы инфляцияның өсуіне әсер етпей ме деп сұрады.

Ведомство басшысы Сауда және интеграция министрлігінің отандық өндірушілерге қолдау көрсету үшін ең төмен бағаларды енгізуді жоспарлап отырғанын растады. Ол мысал ретінде 2022 жылы ішкі өндірістің жетіспеушілігі және арзан импорттың келуіне байланысты айтарлықтай проблемалар туындаған қант өндірісін келтіріп өтті. 

«Біз отандық өндірушілерді қолдау үшін ең төмен бағаларды белгілейміз. Олар инфляцияға әсер етпейді деп ойлаймын. Себебі қазір бағалар түзеліп келеді. Теңге-рубль бағамы жақсаруда. Біз өзімізді қантпен қамтамасыз ету үшін қант зауыттарын қаржыландыруды аяқтадық. Меморандум жасалды, ең көп дегенде 460 теңге – бұл қазіргі баға», — деді Серік Жұманғарин.

Ербол Қарашөкеевке пияз бағасының өсуіне қатысты сұрақ қойылды. 

«Бұл қысқа мерзімді толқынмен және дүрлігуге байланысты болды», — деп түсіндірді ол.

Ауыл шаруашылығы министрі былтыр 1,5 млн тонна пияз жиналғанын, оның 1,1 млн-ы Жамбыл облысында жиналғанын айтты.

«Соңғы айда пияз нарығында қалыптасқан жағдай белгілі. Өткен жылы 1,5 млн тонна пияз, оның 1,1 млн-ы – Жамбыл облысында өндірілді. Пиязды экспорттаған Пәкістанда су тасқыны, қатты аяз болды. Көрші мемлекет Өзбекстанда пиязға деген сұраныс артып, оны Қазақстаннан ала бастады. Сондықтан бір апта бұрын пиязды шығаруға тыйым салынды», — деді Е. Қарашөкеев.

Жамбыл облысында қоймаларда сақталған пияз көлемі келесі түсімге дейін ішкі қажеттілікті қанағаттандыруға жетеді.

«Өндірушінің көтерме бағасы килограмына 150 және 230 теңге аралығында. Мұндай кішігірім ауытқулар логистикалық мәселелермен байланысты. Жақын арада олар реттелетін болады. Ел ішінде пияз бар. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, ақпан айының басында, Астананы алатын болсақ, нарықтық бағалар килограмына 190-210 теңге деңгейінде болды. Жалпы республика бойынша пияз бағасы тұрақтанады деп күтілуде», — деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ журналистер спикерлерден Қазақстан қазіргі қиын жағдайда Түркияға көмек көрсете ме деп сұрады.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстан Түркияға азық-түлік гуманитарлық көмек көрсетуге дайын, бірақ лл үшін Түркия тарапынан арнайы сұрау түсуі тиіс екенін айтты.

«Бауырлас елге қол ұшын созу біз үшін маңызды. Егер мұндай қажеттілік туындаса, біз көмек көрсетуге міндеттіміз. Біз дайынбыз. Бізде халықаралық гуманитарлық көмек көрсететін қор бар», — деді ол.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу