Елімізде ТКШ-ны жаңғырту және жаңа ЖЭО салу жоспарлануда

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов пен энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Баспасөз мәслихаты барысында Сұңғат Есімханов мамандардың жылу энергетикасы саласына қайта оралып жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, биылғы түлектердің жылу энергетикасы саласындағы мамандықтарды таңдауы рекордтық көрсеткішке жеткен. Соңғы екі жылда энергетика саласындағы орташа жалақы 420-450 мың теңгеге дейін өсіп, мамандардың басқа салаға кетуі тоқтаған. 

Сондай-ақ ол Қазақстан Семей мен Өскеменде ЖЭО-ны өз бетінше сала алатынын атап өтті. Бұл қалаларда ЖЭО құрылысын қаржыландыру туралы шешім келесі айда қабылданады. Көкшетау ЖЭО бойынша шешім қабылданды, Самұрық-Энерго жобаны жүзеге асыруға кірісті. 

Қуандық Қажкенов еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға 13 трлн теңге бөлінетінін айтты. Бұл ретте тұрғын үй бағасының өсуі күтілмейді. Оның айтуынша, 2023 жылдан бері еліміздің сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогі (СҚҚК) жұмыс істейді. Оған өндірілген материалдар мен жабдықтардың барлығы баға орталығы мен «ҚазҚСҒЗИ» институты арқылы енгізіледі. Әрбір өндіруші өз өнімдері, оның бағасы мен құрамы туралы мәліметтерді жүктейді. Осыдан кейін материалдар мен жабдықтар жобалар жүзеге асырылатын және құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілетін жобалау-сметалық құжаттамаға енгізіледі. Осылайша, баға саясаты жүйелі түрде реттеліп, бағаның құбылуына жол берілмейді.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу