Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауларында берілген тапсырмаларын жүзеге асыру барысы жөніндегі Үкімет баспасөз мәслихатының негізгі қорытындылары

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша биылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы жөніндегі баспасөз мәслихаты өтті. Оған Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, қаржы министрі Мәди Такиев, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айқындалған міндеттерді, атап айтқанда, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру және кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі шараларды жүзеге асыру аясында Қазақстанда бизнес санаттарына бейімделген арнаулы салық режимдері қарастырылған. Кәсіпкерлер қызмет түріне қарай өзіне оңтайлы салық режимін таңдай алады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

«Микробизнес үшін арнаулы салық режимі қарастырылған. Бұл режим аясында өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар салық төлеуден босатылып, өздері үшін 4% мөлшерінде әлеуметтік төлем төлейді. Сондай-ақ оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі қолданылады. Бөлшек салықтың мөлшерлемесі жергілікті мәслихаттардың шешіміне қарай 2 пайыздық тармақ шегінде өзгеруі мүмкін. Бұдан бөлек, шаруа және фермер қожалықтарына арналған салық режимі бар. Бұл режим бойынша жеке табыс салығының мөлшерлемесі 0,5%-ды құрайды», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар Үкімет кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға және отандық өндірісті қолдауға қажетті жағдайлар жасаған. Атап айтқанда, шағын және орта бизнесті қаржыландырудың көп сатылы жүйесі енгізілді. Оның ішінде 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды іске асыруға арналған «Өрлеу» бағдарламасы бар.

Кепілдік қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін «Бәйтерек» холдингінің құрамына кіретін «Даму» қорының базасында екінші деңгейлі банктермен бірлесіп арнайы кепілдік қоры құрылды. Өңірлерде бизнесті қолдау жөніндегі мобильді орталықтар да жұмысын жалғастыруда. Бұдан бөлек, жұмыспен қамтуды, әсіресе әйелдер арасындағы жұмыспен қамтуды арттыруға бағытталған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспар пысықталып жатыр.

Денсаулық сақтау саласында саланы жаңғыртуға бағытталған шаралар кешені жүзеге асырылуда. Қаржы министрі Мәди Такиевтің хабарлауынша, биыл ақпан айында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің қарамағына берілгеннен кейін қор мен қазынашылықтың төлем процестерін біріктіретін жаңа Qalqan ақпараттық жүйесі әзірленген.

Отандық өңдеу өнеркәсібін ынталандыру шаралары туралы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков баяндады. Оның айтуынша, инвестиция тарту үшін инвестициялық келісімшарттар, арнайы инвестициялық келісімшарттар, инвестициялар туралы келісімдер, сондай-ақ түрлі преференциялар қарастырылған мамандандырылған өнеркәсіптік алаңдар – индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтар пайдаланылуда.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу