10 Қараша 2026, 14:35
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов, сондай-ақ «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов және «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Аңсар Айдаровтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Қазақстанның энергетика жүйесі қысқы кезеңге дайын
Қазақстанның электр стансалары штаттық режимде жұмыс істеп тұр, сондай-ақ жылу беру кезеңіндегі электр энергиясын тұтынудың болжамды ұлғаюына дайын, деп хабарлады энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
«Біз апатты жағдайларды азайту және ЖЭО-лардың жұмысын жақсарту бойынша ауқымды жұмыс атқардық. Ең жоғарғы жүктеме 18,2 мың МВт болады деп болжанып отыр. Стансаларымыз қазіргі уақытта штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жүктеме ең жоғары шегіне жеткен кезде де біз өзімізді электр қуатымен қамтамасыз ете аламыз. Келесі жылы бізде 1,5 млрд кВт/сағ профицит болады деп көзделіп отыр», — деп атап өтті министр.
Бұл ретте «қызыл» тәуекел аймағында қалып отырған бес ЖЭО-ны (Ақтау, Семей, Орал, Теміртау және Таразда) бір жыл ішінде «сары» аймаққа ауыстыру жоспарлануда, ал қалған 14 станса бүгінде «сары» және «жасыл» аймақтарда орналасқан.
Қазақстанда халықты төтенше жағдайлар туралы шұғыл хабардар ету жүйесі кеңейтілуде
Қазіргі уақытта жер сілкінісі туралы ақпаратты халыққа бір минут ішінде жеткізуге мүмкіндік беретін Mass Alert жүйесі Алматыда және еліміздің тоғыз өңірінде орнатылған, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов.
«Бұл - ұялы байланыс операторларынан бөлек жұмыс істейтін қосымша жүйе. Бүгінгі таңда жұмыс жолға қойылды, алдағы уақытта сейсмикалық қауіпті өңірлерді де қамту жоспарлануда. Біздің сейсмостансаларды орнату, сондай-ақ Mass Alert-ті одан әрі кеңінен енгізу бойынша жоспарларымыз бар», — деді Мұрат Мұханов.
Қазгидрометтің дауылды ескертулері сияқты тағы да басқа шұғыл хабарламалар ұялы операторларға жіберіледі, олар оны одан әрі абоненттерге жібереді. Бұл ретте министрдің айтуынша, 112-ден таратылатын SMS-хабарламалар қосымша бюджет қаражатын талап етпейді және ТЖМ мен ұялы байланыс операторлары арасында бұрын жасалған меморандумдар негізінде жүзеге асырылады.
Екібастұз ГРЭС-2-де екі жаңа энергоблокты 2030 жылға дейін іске қосу жоспарланып отыр
«Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Аңсар Айдаров Екібастұз ГРЭС-2-де үшінші және төртінші энергоблоктар құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын хабарлады. Үшінші энергоблокты 2028 жылы, ал төртіншісін 2030 жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланған.
«Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазіргі жұмыс көлемін ескере отырып, құрылыс алаңында 450-ге жуық адам еңбек етіп келеді. Жабдықтарды жеткізу де жоспарға сай жүзеге асырылуда. Қазандық жабдықтары келіп жатыр. Келесі жылдың басынан турбиналық жабдықтар жеткізіледі деп күтілуде, оларды сол жылы монтаждаймыз. Бүгінгі таңда Екібастұз ГРЭС-2-дегі үшінші және төртінші энергоблоктардың құрылысы бойынша кестеден ауытқулар тіркелген жоқ», — деді Ансар Айдаров.
«ДӨО алқабы» жобасын жүзеге асыру кезінде электр қуатының тапшылығы болмайды
«Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» сынды тағы да басқа мол қуат көзін қажет ететін жаңа жобалар іске қосылға кезде Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы болмайды. Бұл туралы «КЕGОС» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов айтты.
«"ДӨО алқабы" жобасы іске қосылған кезде де электр энергиясы профицит болады. Болжалды балансқа сәйкес, 2028 жылы электр энергиясының тапшылығынан профицитке көшу күтілуде. 2029 жылдан бастап қажетті резервті ескере отырып, профицит шамамен 2,8 ГВт құрайды, ал 2035 жылға қарай ол шамамен 5 ГВт-қа жетеді», — деді басқарма төрағасы.
Оның айтуынша, елімізде энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге және өсіп келе жатқан қуат тапшылығын жабуға арналған стратегиялық жұмысты жүзеге асыру шеңберінде 2035 жылға дейін 26 ГВт-тан астам жаңа қуат өндіру көздерін енгізу бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде, оның ішінде атом және «таза» көмір генерациясын дамытуға баса мән беріледі.
Улы газды анықтайтын датчиктер жыл басынан бері 290 адамның өмірін сақтап қалуға көмектесті
Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов жыл басынан бері Қазақстанда 13 мыңға жуық улы газды анықтайтын датчиктер орнатылғанын хабарлады. Олардың іске қосылуымен 68 жағдай тіркелген, соның арқасында қауіп-қатерді уақтылы анықтауға, тұрғындарды эвакуациялауға және 290 адамды құтқаруға мүмкіндік туды.
#Жылу беру маусымы #Энергетика #Үкімет отырысы«Елімізде халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері тұратын 93 мыңнан астам тұрғын үй бар. Дәл осы санаттағы азаматтарға біз бірінші кезекте профилактикалық жұмыстарға назар аударамыз, өйткені олардың арасында мүгедектігі бар және мүмкіндігі шектеулі адамдар кездеседі. Сонымен қатар “Азаматтық қорғау туралы” заңға және Құрылыс кодексіне барлық жеке тұрғын үйлерде өрт хабарлағыштар мен улы газды анықтайтын датчиктерді міндетті түрде орнатуды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді», — деді Мұрат Мұханов.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу