Үкіметтің баспасөз конференциясының негізгі қорытындылары: телекоммуникация саласын дамыту

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің, ҚР ЖИЦДМ Телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсембековтің, «Қазақтелеком» АҚ бас директоры Ғазиз Дөненбайдың және оператор компаниялардың бірінші басшыларының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Жыл соңына дейін Aitu-ға танымал мемлекеттік қызметтердің 80%-ы енгізіледі

2026 жылдың соңына дейін ең сұранысқа ие қызметтер трафигінің 75-80%-ы eGov GPT-дің ЖИ-сервисіне және онымен біріктірілген Aitu экожүйесіне ауыстырылады. Бұл туралы жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді. Бүгінгі таңда Aitu экожүйесінде 7 млн пайдаланушы тіркелген: ай сайынғы белсенді аудитория (MAU) шамамен 1,3 млн адамды, күнделікті (DAU) 300 мыңнан астам адамды құрайды. Министрдің айтуынша, платформа eGov GPT-дің ЖИ-сервисімен интеграцияланған, ол арқылы мессенджерде 55-ке жуық мемлекеттік қызмет қолжетімді, ал жыл соңына дейін ең сұранысқа ие қызметтердің 75-80% трафигі сол жерге ауыстырылады.

«Aitu трафигін ұялы байланыс операторлары тарифтемейді, сондықтан сервис тіпті нөлдік теңгерім кезінде де жұмыс істей береді», — деді Жаслан Мәдиев.

Поштаны, күнтізбені, мессенджерді және ЖИ-агенттер платформасын біріктіретін Aitu Workspace модулін мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор үшін қорғалған цифрлық жұмыс орны ретінде кеңінен қолданысқа енгізу дамудың жеке бір бағыты болмақ. Сондай-ақ бұл экожүйені денсаулық сақтау, білім беру салаларында және жоғары оқу орындарында ауқымды түрде пайдалану жоспарлануда.

Қазақстан әлемдік электрондық үкімет рейтингінде 16-шы орынға ие болды, ал ХҚКО-ларға бару 35-40%-ға азайды

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Цифрландыру және жасанды интеллект жылының қорытындысын ұсынды. Министрдің айтуынша, жұмыс үш бағыт бойынша жүргізілген, олар: заңнаманы жетілдіру, инфрақұрылым мен адами капиталды дамыту.  Құқықтық блокқа ҚР Конституциясындағы азаматтардың цифрлық құқықтары туралы нормалар, цифрлық кодексті, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік туралы заңдарды қабылдау, телекоммуникациялар және дата-орталықтар туралы заңнаманы жаңарту, сондай-ақ Digital Kazakhstan жалпыұлттық стратегиясын бекіту кіреді.

Инфрақұрылымдық бөлімде суперкомпьютерлік қуаттар іске қосылды, «ДӨО алқабы» кеңейтілді, Транскаспий ТОБЖ төселіп, талшықты-оптикалық желі 3 мыңнан астам ауылға жеткізілді. 90%-дан астамы онлайн-форматқа ауыстырылған мемлекеттік қызметтер саласында жасырын сервистерді цифрландыру және ХҚКО-ларды халықтың цифрлық кеңселеріне айналдыру жалғасуда – бүгінде елімізде 9 AI-ХҚКО жұмыс істейді.

«Біз ХҚКО-ларға бару біртіндеп азайып келе жатқанын көріп отырмыз: егер былтыр бір жылда оған 15 млн-ға жуық азамат хабарласқан болса, биыл бұл көрсеткіш 35-40%-ға төмендеді. Үрдіс одан әрі жалғасуда», — деді Жаслан Мәдиев.

Электрондық үкіметті дамытудың жаһандық рейтингінде Қазақстан 194 ел арасында 16-шы орынды иеленді. Адами капиталды дамыту көзделетін үшінші блок шеңберінде мемлекеттік қызметшілерге арналған бағдарламаларды қоса алғанда, цифрлық дағдыларды оқыту бойынша білім беру бастамаларының негізгі бөлігі іске қосылды.

Қазақстандағы мобильді құрылғылардың 90%-дан астамы еш қиындықсыз верификациядан өтеді – ЖИЦДМ 

Қыркүйек айының соңынан бастап Қазақстанның байланыс операторларының желілерінде 279 мың жаңа ұялы телефон тіркелген. ҚР ЖИЦДМ телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсембековтің айтуынша, бүгінгі таңда 23 мыңға жуық құрылғы верификация рәсімінен өтпеген. Бас тарту себептерінің қатарында алаяқтық және коммерциялық импорт белгілері бар өтінімдер, олардың ішінде бір IP-мекенжайдан жаппай өтінім беру деректері де кездеседі. 

«Құрылғылардың 90%-дан астамы еш қиындықсыз верификациядан өтеді. Шағын бөлігі, шамамен 9%, шетелден "сұр" деп аталатын дилерлер арқылы әкелінген болуы мүмкін және әртүрлі себептермен тексеруден өте алмайды. Мұндай жағдайлармен құзыретті органдар айналысады», — деп атап өтті Дамир Сейсембеков.

Ол сондай-ақ телефонның тексеру күйін EGOV порталы арқылы өз бетінше тексеруге болатындығын еске салды. 2026 жылғы тамызда күшіне енген Телекоммуникациялар нарығын және деректер орталықтарын дамыту мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілген түзетулерге сәйкес сатып алушы сатып алынған тексерілмеген телефонды сатушыға қайтаруға құқылы. Бұл ретте мобильді құрылғыларды верификациясыз сатуға сауда саласындағы заңнамамен тыйым салынады, деп атап өтті комитет төрағасы.

Kcell компаниясының мобильді желіні дамытуға салған инвестициясы төрт жыл ішінде 470 млрд теңгені құрайды
 
Мультимедиалық контент пен стриминг қызметтерін тұтыну көлемінің артуына байланысты интернет жылдамдығын тұрақты қамтамасыз ету үшін телекоммуникациялық инфрақұрылымның өткізу қабілеті күшейтілуде. Бұл туралы Kcell компаниясының басқарма төрағасы Асқар Жамбакин мәлімдеді. 
Kcell басқарма төрағасының айтуынша, соңғы үш жылда бір абонентке шаққандағы орташа интернет-трафик көлемі үш есеге өсіп, 10 ГБ-тан 31 ГБ-қа жеткен. Бейнежазбалар мен сапасы жоғары контенттің желіге түсіретін жүктемесін еңсеру үшін компания базалық стансалар санын арттырып, желі қамту аймағын тығыз ете түсу жұмыстарын жүргізуде.

«Қазіргі барлық жаңа смартфондарда бейне, аудио және фотосуреттердің ажыратымдылығы бес жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда кемінде екі есе жоғары. Ал стриминг платформаларындағы контент көлемі айтарлықтай артты. Сондықтан желінің жүктемесін азайту үшін бір учаскеде бұрынғы екі базалық стансаның орнына, мысалы, үш станса орналастырып жатырмыз. Яғни желі тығыздығын арттыру жұмыстары жүргізілуде», – деп түсіндірді Асқар Жамбакин.

Төрт жыл ішінде жабдықты жаңғыртуға және сатып алуға 470 млрд теңге, оның ішінде екі жыл ішінде – 200 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады.
 

Қазақстанда 1 Гб мобильді интернеттің орташа құны төрт жылда 40%-ға төмендеді

Елімізде бір абонентке шаққандағы трафикті тұтыну төрт есеге өсті және байланыс бағасының өзгеру қарқынынан озып тұр. Бұл туралы «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясының басқарма төрағасы Александр Бабичев мәлімдеді. Байланыс сапасының өсуі және трафиктің орташа тұтынуының төрт есе артуы аясында операторлар инфрақұрылымға инвестицияларды ұлғайтуда, соңғы төрт жылда гигабайттың долларлық орташа бағасы 40%-ға төмендеді.

«Елімізде ұялы байланыс ақысының ұзақмерзімді өсуі жаппай тұтыну тауарларына инфляция қарқынынан төмен. Тарифтік жоспарлар бағасының өсуі бар, бірақ ол жалпы Қазақстандағы бағаның өсуінің орташа деңгейінен әлдеқайда төмен. Сондықтан біз операторлар ретінде сапа мен бағаның тепе-теңдігін сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», — деді Александр Бабичев.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу