Үкімет экономиканың өсімін ынталандыру бағыттарын белгіледі

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов пен вице-премьерлер Роман Скляр, Серік Жұманғарин, Қанат Бозымбаев және Ермек Көшербаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай экономиканы әртараптандыру арқылы $450 млрд-қа дейін қол жеткізуге қатысты берген тапсырмасы аясында журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді. Ол тапсырма барынша биік, бірақ қол жеткізуге болатынын атап өтті. Өткен жылы Қазақстанда ЖІӨ көлемі $286 млрд-ты құрады. Биыл экономикалық өсу көрсеткіштерін ескеріп, $300 млрд-қа жеткізуді көздеп отырмыз. Алдағы жылдары қарқынды экономикалық өсуді қамтамасыз ету арқылы $450 млрд-қа қол жеткізе аламыз. Ол үшін еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту, экономиканы әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. «Бәйтерек» холдингі желісі бойынша көлемді бағдарлама іске қосылды, ол экономикаға қосымша 8 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Жоспарда – 1,5 трлн теңгеге 190 өнеркәсіптік жобаны іске қосу.

Үкімет экономиканың өсуін ынталандыру үшін бірқатар бағытты белгіледі. Бұл мұнай өңдеу, металлургияны жаңғырту, ТКШ инфрақұрылымын ауқымды жаңарту, электр энергетикасы, ауыл шаруашылығы және минералдық-шикізат базасын, оның ішінде сирек кездесетін металдарды ұлғайту.

Сондай-ақ жаңа салаларды дамытуда үлкен әлеует бар, олардың қатарында мұнай-газ химиясы, автомобиль жасау, теміржол машина жасау, тыңайтқыштар өндіру бар. Жыл сайын өңдеу өнеркәсібі мен АӨК-де жаңа жобалар енгізіледі.

Өсудің негізгі нүктелерін дамыту ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды жүзеге асыруға көңіл бөлініп, қажетті өнеркәсіптік және көліктік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін болады.

Өз кезегінде Роман Скляр азаматтық авиацияны дамыту жайын айтып берді. Мемлекет басшысының ішкі және халықаралық авиарейстер санын ұлғайту, сондай-ақ көлік секторына инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты жандандыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет авиация саласын жаңғырту жөніндегі шаралар кешенін дәйекті түрде іске асыруда. Инфрақұрылымды дамыту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту басты назарда.

Биылғы 5 айда қазақстандық авиакомпаниялар 5,7 млн жолаушы тасымалдады, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 5%-ға артық. Инфрақұрылымды жаңғырту шеңберінде соңғы жылдары 20 ұшу-қону жолағы, 19 терминал қайта жаңартылып, Түркістанда жаңа әуежай салынды. Жеке инвестициялардың арқасында Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдары пайдалануға берілді. Бұл жалпы өткізу қабілетін жылына 3,5 млн-нан 23 млн жолаушыға дейін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифинг барысында журналистерге нақты секторға қаражат салуға ынталандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады.

Бірінші кезекте жаңа салық кодексінің ішінде корпоративті табыс салығына дифференциация жасалды. Енді банктер тұтынушы секторға несиелер берсе, КТС 25% болады. Нақты секторға несие берсе 20%. Бұл нақты секторға қаражат салуға ынталандырады. Екінші мәселе жаңа салық кодексінде барлық облигацияларға 10% салық салынады. Ал «Бәйтерек» холдингі шығаратын облигациялар 2031 жылға дейін салықтан босатылды. Себебі «Бәйтерек» холдингінің басты мақсаты – нақты секторға қаржы салу. Қазіргі уақытта шағын және орта бизнеске арналған «Өрлеу» деген жаңа бағдарлама ашылды. Оны дамытуға нақты секторларға, өндіріс секторларына «Даму» қоры 300 млрд салды. Банктер 450 млрд салды. Мөлшерлеме - 12,6 пайыз. сонымен қатар екі кепілдік қорлары ашылды. Барлығы қазіргі уақытта Даму қорында орналасқан. Бүгінде 107,5 млрд теңгені құрайтын 784 жоба қолдау тапты. Оның ішінде 60 млрд теңгеге кепілдік берілді. Аталған жұмыстар жалғасатын болады.

Вице-премьер Қанат Бозымбаев өңірлерді инфрақұрылымдармен қамту туралы сұраққа жауап берді.

Ол бұл мәселе Үкімет назарында екенін айтты. Бірінші кезекте инфрақұрылымға қол жеткізудегі өңіраралық айырмашылықтарды жою, экономикалық өсуді жеделдетуе және аумақтық әлеуетті тиімді іске асыру мақсатында Үкімет таяуда ғана Қазақстан Республикасын өңірлік дамытудың жаңа 2025-2030 жылдарға арналған Тұжырымдамасын бекітті. Ондағы негізгі қағида - адам игілігіне бағдарлану, тұтастық, инклюзивтік, сараланған тәсіл, дербестік, жауапкершілік. Өңірлердің жай-күйі мен даму перспективаларын кешенді бағалау, қалыптастыру және Тұжырымдаманың негізгі бір бағыты - халықты базалық инфрақұрылыммен біркелкі қамтамасыз ету. Осы бағыт шеңберінде әлеуметтік-инженерлік объектілерге қол жеткізудегі диспропорцияларды жоюға ерекше назар аударылып отыр. Артта қалған аймақтарға өңірлік стандарттар жүйесі арқылы келесі жылдан бастап қаржыландыруда басымдық берілетін болады. Бұл шалғай аудандардағы ауылдық жерлердің өмір сүру сапасын едәуір жақсартады. Бұл экономикалық саясаттың жаңа бастамасы. Мұндағы мәселелер бір жүйеге келтірілуде. Республикалық бюджеттен тек осы мақсаттарға жергілікті бюджеттерге трансферттер жіберілетін болады.

Ермек Көшербаев мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша туристік саладағы жағдайды жақсартуға бағытталған шаралар туралы айтып берді. Премьер-Министрдің орынбасары туризм тек демалыс емес, шағын және орта бизнесті дамыту екенін атап өтті. Мәселен, Қапшағайда туристер көп баратын үлкен демалыс аймағы құрылды. Бұл мемлекеттің жағдай жасауының, ал бизнестің инфрақұрылымға инвестиция салуы мен дамытуының бір мысалы. Туризм саласындағы мәселелерді шешу үшін жұмыс тобы жергілікті атқарушы органдардың да, орталық органдардың да бірінші кезектегі іс-қимылдарын белгілей отырып, Жол картасын жасақтайтын болады.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу