13 Қаңтар 2026, 18:50
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Нұржан Нұржігітов Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында министрлік Бас прокуратурамен бірлесіп заңсыз су тұтынуға қарсы күрес жөніндегі жол картасын әзірлеп жатқанын хабарлады. Жергілікті жерлерде бассейндік инспекция мамандарымен бірлесіп «қара» нарық фактілерін анықтаумен айналысатын ведомствоаралық жұмыс тобын құру жоспарлануда.
Министр бүгінде Қазақстанда жалпы су тұтыну шамамен 25 млрд м3-ты құрайтынын, оның 60%-ы ауыл шаруашылығына тиесілі екенін атап өтті.
Нұржан Нұржігітов көктемгі су тасқынының алдын алу және оның салдарын азайту жөніндегі жұмыстар туралы да айтты. Оның айтуынша, 2024 жылғы ауқымды су тасқынынан кейін елімізде су тасқыны қаупін азайтуға бағытталған шаралар кешені қабылданған. Бұл жұмысқа жергілікті ғана емес, орталық атқарушы органдар да тартылды. Әр өңір үшін жыл сайын іс-шаралар жоспарлары әзірленіп, жүзеге асырылуда. 2025 жылы өзен арналарын санациялау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу, бөгеттерді нығайту және салу, сондай-ақ лиманды суару алаптарын қалпына келтіруді қоса алғанда, ауқымды жұмыстар жүргізілді. Министр атап өткендей, бұл шаралар өз тиімділігін көрсетті. 2025 жылы су тасқынынан келетін залал көлемі азайды. Осы жылдың ақпан айында ведомство судың келетін көлемі мен деңгейін көрсете отырып, әрбір өзен бойынша болжамдар ұсынуды жоспарлап отыр.
Қуандық Қажкенов Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде су арналары процестерін кезең-кезеңімен автоматтандыру көзделгенін, ол шығындарды азайтуға, электр энергиясына жұмсалатын апаттық шығындардың, сондай-ақ жабдықтардың қызмет ету мерзімін ұлғайтуға бағытталғанын хабарлады.
#Баспасөз конференциясыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу