Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясы: Елімізде ғылымды қаржыландыруға өндірісті тарту үшін салықтық ынталандырулар енгізілді

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясына ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты.

Саясат Нұрбек баспасөз конференциясы барысында соңғы жылдары жоғары білім беру жүйесінде елеулі өзгерістер болғанын атап өтіп, қазіргі таңда басты назар білім сапасын арттыруға бағытталғанын жеткізді. Ол сондай-ақ Қазақстанда жұмыс істеп жатқан шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары мәселесіне тоқталды. Министрдің айтуынша, бұл оқу орындарда инфрақұрылым мен оқытушылар құрамы жоғары деңгейде қалыптасқан.

Саясат Нұрбек өз сөзінде, мемлекет білім беру саласына тартылатын инвестиция көлемін ұлғайтып, білім сапасын арттыру ісін жалғастыра беретінін атап өтті.

Сонымен қатар білім беру және ғылыми инфрақұрылымды дамыту аясында Қазақстанда 303 ғылыми зертхана және 62 коммерцияландыру орталығы іске қосылғаны айтылды. Республикада ғылымды қаржыландыру ұлғайтылып, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) салықтық ынталандырулар енгізілді. Сондай-ақ алғаш рет эндаумент-қор құрылып, оған қазірдің өзінде 2 млрд теңге тартылды, ал болашақта оның капиталын біртіндеп 10 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Бұл экожүйе жеке-дара емес, Astana Hub және Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығымен тығыз ынтымақтастықта қалыптасуда. Бұл ғылым, стартаптар мен технологиялық командаларды және даму инфрақұрылымын біріктіретін бірыңғай жүйе қалыптастырады.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу