Үкімет отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы: Қазақстан энергетикалық қуатты арттыруда

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы өтті. Оған ҚР энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов және «Самұрық-Энерго» АҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ғалымбек Ауталипов қатысты.

Қазақстанның газбен қамту деңгейі 64,2%-ға жетті, бұл ретте көгілдір отынға қол жеткізген тұрғындар саны 13,1 млн адамға дейін артты. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді. 

Бұл саладағы жоспарланған негізгі жобалардың бірі – қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатқан «Есіл – Астана» газ құбырын салу. Тиісті меморандумға өткен жылы Ресей Федерациясымен қол қойылған болатын.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында халықты газбен жабдықтау қызметтерімен қамтуды 80%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. «Есіл–Астана» газ құбырын салу жобасы осы көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. 

Қазақстанда Павлодар мұнай өңдеу зауытының қуатын 2,2 млн тоннаға арттыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ тиісті жобаны әзірлеуде. 

Сонымен қатар Шымкент МӨЗ-інің қуатын екі есе арттыру жоспарлануда. Жыл соңына дейін жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау және соңғы инвестициялық шешімді қабылдау көзделіп отыр. Жұмыстарды 2030 жылға дейін аяқтау жоспарлануда. 

Оңтүстік аймақта қуат тапшылығын жою үшін энергия өндіруші көздерді дамыту бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3-тің қосымша қуаттарын іске қосу, Түркістанда қуаты 1 мың МВт болатын бу-газ қондырғысын, сондай-ақ жақында іске қосылған Қызылордадағы қуаты 240 МВт болатын бу-газ қондырғысын енгізу бар. 

Оңтүстік энергетикалық аймақты қосымша күшейту 500 кВ «Шу – Жамбыл» жоғары кернеулі желісін және «Жамбыл – Шымкент» жоғары кернеулі желісін салу арқылы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар Батыс және Біртұтас электр энергетикалық жүйелерін байланыстыратын «Өлке – Қарабатан» желісін салу жобасы жүзеге асырылуда. Ол Ақтөбе және Атырау облыстарын байланыстырады.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу