Еліміздің туристік саласы тұрақты дамып келеді

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, ҚР МАМ Туризм комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев, сондай-ақ «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Ержан Еркінбаев 2024 жылдың қорытындысы бойынша туристік сала тұрақты өсімді көрсетіп отырғанын атап өтті. Ішкі туристер саны 10,5 млн адамды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 900 мыңға артты.

Жалпы, елімізге әртүрлі туристік мақсатта 15,3 млн шетелдік қонақ келген. Бұл жерде жұмысқа немесе тұрақты тұруға келгендер есепке алынбағанын ескеру қажет. Оның ішінде 10,4 млн адам елімізде 1 күннен астам уақыт өткізді. Олар шетелдік туристер қатарына жатады. Демалуға, делегаттар, достарына немесе туыстарына келген қонақтардың барлығы дерлік туристер есебіне алынады. Себебі олар елімізге келіп, орналастыру орындарын, тамақтану, көлік және басқа да қызметтерді пайдалана отырып экономикаға оң әсер береді.

Вице-министрдің айтуынша, елімізге негізінен көршілес мемлекеттер – Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстаннан туристер жиі келеді. Қытаймен визасыз режимнің арқасында бұл елден келетіндер саны екі есе артқан. Сонымен қатар Үндістан, Германия және Әзербайжаннан да келушілер көп.

Бұдан бөлек, Ержан Еркінбаев Астанада туристік квартал салу жоспарланып отырғанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл – үлкен ойын-сауық паркі бар кешен болады. Қазіргі таңда жоба іске асыру сатысында тұр.

Сонымен қатар туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда «E-Шағым» жүйесі іске қосылады. Бұл жүйе арқылы туристер такси жүргізушілері мен қонақ үйлер тарапынан көрсетілген сапасыз қызметтерге шағымдана алады.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу