05 Тамыз 2025, 18:04
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша сауда және ингерация министрі Арман Шаққалиев, цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун, «Қазақтелеком» компаниясының басқарма төрағасының міндетін атқарушы Абылайхан Оспановтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Арман Шаққалиев Қазақстанда жаңа тауар түрлеріне таңбалау жүйесін енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Оның сөзінше, көлеңкелі экономика шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіріп, бәсекелестікті төмендетеді және мемлекеттік бюджетті елеулі кірістерден айырады. Осыған байланысты таңбалануға жататын тауарлар тізбесін кеңейту бойынша шаралар қабылдануда.
Бірінші кезеңде өнім түрлері мен пилоттық жобаның мерзімдері анықталмақ. Таңбалау кодтарын генерациялау таңбалау операторы арқылы жүзеге асады. Қазірдің өзінде жаңа тауар топтарына таңбалау енгізу мерзімдері айқындалды: мотор майлары 2025 жылдың соңына дейін; сыра өнімдері 2026 жылдың ақпанынан бастап; жеңіл өнеркәсіп тауарлары 2026 жылдың наурызынан бастап; зергерлік бұйымдар 2026 жылдың желтоқсанынан бастап; биологиялық белсенді қоспалар 2027 жылдан бастап таңбаланады.
Сауда және интеграция министрі аз қамтылған азаматтарға арналған цифрлық азық-түлік ваучерлері туралы түсіндіріп берді. Пилоттық жоба алдымен Ақмола және Павлодар облыстарында іске асырылады. Жоба аясында атаулы әлеуметтік көмек алушы мұқтаж азаматтар «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы азық-түлік өнімдерін сатып ала алады. Бұл үшін оларға арнайы цифрлық ваучерлер беріледі. Ваучер иелері сауда үстемесінсіз, жеңілдетілген бағамен азық-түлік ала алады. Аталған көмек түрі кедейлік шегінен төмен табысы бар азаматтарға көрсетіледі. Механизм «eGov Mobile» мобильді қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы жүзеге асырылады.
Цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун шалғай ауылдарды интернетпен қамту барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, Қазақстанда интернетке қол жеткізуі қиын деп танылған 6 мың елді мекен бар. Бүгінгі таңда олардың 2,5 мыңнан астамы интернетпен қамтылған. «Қазақтелеком» компаниясымен жасалған келісім аясында екі жыл ішінде қалған барлық ауылдарға интернет жеткізіліп, шалғай ауылдарды 90%-дан астам қамту жоспарланып отыр.
Ал Абылайхан Оспанов «Ауыл online» жаңа жобасының іске қосылғанын хабарлады. Жоба аясында 3 мың ауылдық елді мекенге жоғары жылдамдықты интернет желісі тартылады. Жақын күндері осы ауылдардың тізімі компания сайтында жарияланады.
#Баспасөз конференциясыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу