Қазақстанда дәрі-дәрмек сатып алу жүйесі жетілдіріледі және өрт деполарын салу құны мен мерзімі қысқартылады

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев және «СҚ-Фармация» ЖШС басқарушы директоры Гүлнар Омарова тілшілерге өз салалары бойынша алдағы уақытта енгізілетін өзгерістер туралы ақпарат берді.

Шыңғыс Әріновтың айтуынша, Қазақстанда өрт деполарын салу тәсілі қайта қаралды. Бұрын мұндай нысандарды салуға 2,5-3 млрд теңге бөлініп, екі жыл кеткен болса, енді құрылыс жұмыстары 3,5 айда аяқталып, шығын көлемі 1,1 млрд теңгеден аспайтын болады. Мысалы, биылғы тамызда Астанада 3,5 ай ішінде жылдам тұрғызылатын конструкциялардан салынған өрт сөндіру депосы іске қосылды. Енді осы тәсіл бүкіл өңірлерде қолданылады. Сондай-ақ министр Қазақстанда төтенше жағдайларға арналған әмбебап бөлімшелер құрылатынын айтты. Пилоттық жоба Ақмола облысының Аршалы кентінде жүзеге асырылмақ.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев шалғай елді мекен тұрғындарының сапалы дәрі-дәрмекке қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, жылжымалы дәріхана пункттерін енгізу жобасы қарастырылуда.

«СҚ-Фармация» ЖШС басқарушы директоры Гүлнар Омарова дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алу жүйесі, сондай-ақ логистика қызметтерін жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Заңнамаға жеткізушілер арасында сөз байласуға жол бермеуге бағытталған өзгерістер енгізілмек.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу