1 қыркүйектен бастап волонтерлік ваучер институтын енгізу: студенттер үшін тиімділігі қандай

Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында ҚР БҒМ жоғары және жоғарыдан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев Жастар жылы аясында өткізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. 

Ә. Тойбаев іске асырылып жатқан әлеуметтік реформалардың жоғары білімнің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталғанын жеткізді. 2018 жылы 20 мың грант бөлінді. Оның ішінде 16 мыңы - бакалавриатқа, 3 мыңы - магистратураға, 1 мыңы - докторантураға. Олар экономикалық сұранысқа ие мамандықтар бойынша ақпараттық жүйелер, инженерия, робототехника, нанотехнологиялар тәрізді  салаларға бөлінді. 2019 жылы бакалавриат бойынша гранттар көлемі 51 мыңнан асты. 

«Біз бұл біздің жастарымыз үшін үлкен қолдау деп ойлаймыз. ЖОО-лар жоғары білімнің қолжетімділігін арттыруға ықпал етуде», — деді Ә. Тойбаев. 

Жастар үшін қашықтықтан оқытудың қолжетімділігін арттыру мақсатында «Open university» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты - жастарды онлайн-оқытуды арттыру және оған ынталандыру. Бүгінгі таңда жобаға 94 жоғары оқу орнынан 6 мыңнан астам адам қатысады. 

Сонымен қатар, брифинг барысында жоғары және жоғарыдан кейінгі білім департаментінің директоры волонтер студенттер үшін жаңа жобаның іске қосылып жатқанын айтты. 

 «Біздің елімізде волонтерлікті арттыру мақсатында биылдан бастап волонтерлік ваучер енгізіледі. Бұл жоба 1 қыркүйектен бастап іске асырылады. Біздің студенттеріміз үшін шәкіртақының 30% көлемінде ваучер ұсынылатын болады: екі кредиттік және бес кредиттік ваучерлер. Сонымен қатар 20 мыңдық және 50 мыңдық ваучерлер ұсынылады. Бұлар онлайн режимде іске асырылады», — деді Ә. Тойбаев.

А.ж. 1 қыркүйектен бастап студенттер өздері тіркеліп, белгілі бір ваучерлерді таңдап, солар бойынша жұмыс істей алады. Одан соң олар белгілі бір көлемде: 20 мыңдық немесе 15 мыңдық ваучерлерді - өздерінің сыйақыларын алады. 

Сонымен қатар Ә. Тойбаев волонтерлік қызметті оқу процесімен тығыз байланыстыру көзделіп отырғанын айтты. 

«Біз студентке волонтерлік қызмет ретінде оның мамандығынан тыс қызметті ұсынбаймыз. Егер ол мысалы, мектепке дейінгі білім беру және тәрбие мамандығының студенті болса, тиісінше ол тек өзінің мамандығы аясында таңдай алады. Бұл — мектепке дейінгі ұйымдарда психолог немесе балаларға көмекші ретіндегі волонтерлік қызмет. Яғни, біз психолог волонтерді робототехника бойынша үйірме жүргізумен айналыстырмаймыз», — деді Ә. Тойбаев.

Сонымен қатар ол волонтерлік қызметпен айналысатын студенттердің өзінің білім бағдарламасын өз бетімен жасай алатынын айтты. 

«Мысалы, егер студент робототехника бойынша үйірме жүргізсе, онда оқу процесі аясында тапсырылуы тиіс кредиттер оған есептеледі, тиісті 100 балл деген баға қойылады. Және ол бұл пәнді өтпейді. Ал бос кредиттерді ол басқа пәндерге бағыттай алады. Яғни, оған, мысалы, ағылшын тілі керек болса, ол оған бос кредиттері есебінен қатыса алады», — деді Ә. Тойбаев.

Волонтерлік қызмет бойынша жоба ұзақмерзімді, кемі үш жылға арналған. Осы үш жыл ішінде 50 мыңнан астам студентті қамту көзделген. 

Волонтерлік қызметтің барлық бағыттары тек әлеуметтік сипатқа ие. Олар - аула клубтарында, қосымша білім беру ұйымдарында, спорттық және интеллектуалдық бағыттағы клубтарда үйірмелер ашу, АТ, ағылшын тілі үйірмелері, арнайы білім алу қажеттіліктері бар адамдарға, жетім балаларға көмектесу, қайырымдылық шараларына қатысу, психологиялық көмек. 


 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу