Сұр схемалар бойынша өнімдер, маусымаралық көкөніс және отандық қант айналымы – Үкіметте өткен аптадағы жағдай талқыланды

2022 жылғы 10 желтоқсанда Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бойынша баға жағдайына әсер етудің негізгі факторлары және бағаны тұрақтандыру үшін қабылданып жатқан шаралар қаралды.

Кеңесте делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмысының нәтижелеріне баса назар аударылды. Өткен аптада электрондық шот-фактураларды талдау қорытындысы бойынша Сауда комитеті тауық жұмыртқаларын делдалдар арқылы өткізу фактілерін заңнамада белгіленгеннен асатын үстемеақымен анықтады. Атап айтқанда, Қарағанды облысында «Агрофирма Курма» ЖШС бірінші санаттағы жұмыртқаларды Қарағанды, Жамбыл, Ұлытау облыстарының кәсіпорындарына өткізген, ал олар 21-ден 45%- ға дейінгі сауда үстемесімен өнімді қайта сатқан. Сауда үстемесі 45% болатын жұмыртқаны сатып алушылар қатарында Қарағанды нан комбинаты бар. Барлық материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін өңірлердің әкімдіктеріне берілді.

Желтоқсан айының басынан бастап Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жұмыртқа өндірушілерге бәсекелестікке қарсы келісілген іс-қимыл белгілері бойынша 14 хабарлама жіберді.  Бүгінгі таңда Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарының, Астана қаласының құс фабрикалары бағаны 7-10%-ға төмендету жолымен 7 хабарламаны орындады. 

Монополиялық жоғары бағалар мен баға келісімін белгілеу белгілері бойынша Қостанай, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында, Шымкент қаласында құс фабрикаларына қатысты 7 тергеу басталды.

Кеңесте Сауда және интеграция министрлігі жасаған бағаларды тежеу жөніндегі жұмыстың тиімділігі бөлігінде әкімдіктер рейтингінің аралық қорытындылары айтылды. Әкімдіктердің жұмысы бірнеше көрсеткіш бойынша бағаланады, оның ішінде, азық-түлік инфляциясы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының апталық және жалпы жылдық өсуі, «айналым схемасы» бойынша нысаналы индикаторға қол жеткізу, жәрмеңкелер өткізу, қант зауыттарын қаржыландыру, сауда үстемесінің асып кету фактілерін анықтау бойынша жұмыс. Бұл рейтингте Ақмола және Ұлытау өңірлері соңғы орындарда.

«Тауардың делдалдар арқылы жоғары үстемемен сұр схемалар бойынша өтуі – бұл мемлекеттік бақылаудың жоғалуының нәтижесі, бұл қазіргі шындық, бүгінгі бағаның қалай қалыптасып отырғаны, жер-жерде жауапты адамдардың азық-түлік бағасын тұрақтандыру жұмыстарын бірінші орынға қоймауы. Сауда комитеті әлеуметтік маңызы бар тауарлардың барлық тобы бойынша ЭШФ талдау бойынша жұмысты жалғастыруы тиіс. Сауда үстемесін бұзу тәжірибесін тоқтату керек, ол үшін барлық өңірлік комиссиялар Сауда комитетінің үйлестіруімен жұмыс алгоритмдерін қайта қарап, аптасына кемінде 2 рет отырыстарда бағаның күрт көтерілу себептерін талдап, анықтауы қажет», — деді Серік Жұманғарин.

Негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі әрбір кеңесте отандық қант зауыттарына айналымдық қаржыландыруды бөлу процесіне және алдағы маусымаралық кезеңде көкөніс бағасын тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылады. Өздеріңіз білетіндей, ӘМАТ-қа баға индексінің негізгі өсуі Ресей Федерациясына қатысты санкциялар енгізу, 2022 жылғы наурызда РФ-дан қант пен астық экспортына тыйым салу кезеңінде болды. Қосымша факторлар рубльдің жоғары бағамы және маусымаралық кезең болды, бұл көкөніс бағасының өсуіне әкелді. Қазіргі уақытта  Атырау, Жамбыл, Павлодар, БҚО, Қарағанды, СҚО, Ақмола облыстары жалпы сомасы 7,664 млрд теңгеге қант зауыттарымен қарыз шарттарына  қол қойды. Жетісу, ШҚО, Қостанай, Маңғыстау, Қызылорда облыстары, Алматы қол қою сатысында.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай картопты мысалға келтіре отырып, тұрақтандыру қорлары жұмысының жаңа тәсілдерінің бірінші кезеңін іске асыру тетігін түсіндірді. Есептеулерге сәйкес, елдің картопқа деген жалпы жылдық қажеттілігі 1,183 млн тоннаны құрайды. Бұл тамыр дақылының бағасы негізінен сәуір-маусым айларында, ескі дақыл аяқталып, жаңасы әлі болмаған кезде өседі, Мысалы, осы кезеңде ішкі нарықтың қажеттілігін жабу үшін шамамен 244 мың тонна картоп керек. Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, өңірлерде осы кезеңге шамамен 100 мың тонна картоп, оның ішінде форвардтық шарттар шеңберінде 68,3 мың тоннаға, «айналым схемалары» бойынша 32 мың тоннаға келісімшарт жасалды. Қажеттіліктің қалған көлемі дәстүрлі жеткізу арналары, яғни бизнеспен келісімшарт жасау (сауда желілері, көтерме жеткізушілер арқылы) есебінен қамтамасыз етіледі. 2023 жылдың мамыр-маусым айларында ішкі нарықтың қажеттілігі Түркістан облысының ерте шыққан картобына келісімшарт жасау және оңтүстік елдерден импорттық жеткізілімдер жасау есебінен қамтамасыз етілетін болады.

Осыған ұқсас схемалар маусымаралық кезеңде бағасы ең көп көтерілетін жеміс-көкөніс өнімдерінің барлық әлеуметтік түрлеріне қатысты іске асырылатын болады. Әр өңірдің импортқа және ерте шыққан көкөніске деген нақты қажеттіліктері нақтыланады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу