28 Маусым 2018, 07:36
Бұл туралы ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында «Қазақстанның машина жасаушылары одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев айтып берді.
Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына жолдауында индустрияландыру 4.0 жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа ие болуы тиіс деп айтылған.
Қазіргі таңда Қазақстанның машина жасаушылары одағының негізгі міндеті — сала кәсіпорындарын біріктіру және кәсіпорындардың жүйелік мәселелерін шешу. Қазақстанның кәсіпорындары арасында тығыз ынтымақтастықты құру жұмыстарын үйлестіру аясында Одақ дайын өнімді шығару үшін материалдар мен құрамдас бөліктерге деген қажеттілік бойынша машина жасаудың жүйе құрушы кәсіпорындарының мүмкін боларлық салаішілік кооперациясының жұмысын жүргізуде.
Одақ өндірістік қызмет кезінде пайда болған машина жасау кәсіпорындарының жүйелік проблемаларының тізімін қалыптастырып, ҚР ИДМ, «Атамекен» ҰКП және басқа да мемлекеттік органдарды тарту арқылы мәселелерді әрі қарай шешу жолдарын іздестіруде. Жүргізіліп жатқан паспорттау шынайы адал өндірушілерді анықтауға және олардың заңды мүдделерін қорғауға көмектеседі.
«Бүгінде Елбасы жоғары міндетті жүктеген – бұл кәсіпорындарды жеделдетіп жаңғырту, барлық ескірген білдек паркін ауыстыру және экспортқа бағытталған өнімдерді шығару. Біз отандық тауар өндірушілерді қолдауға белсенді және объективті көңіл бөлуіміз керек», — деді М. Пішембаев.
Осыған орай, Президент тапсырмаларын ескеру арқылы саланы одан әрі дамыту мақсатында 2019–2030 жылдарға арналған Қазақстанның машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарының жобасы әзірленді.
«Үкімет бізге қолдау көрсетуде, біз ҚР ИДМ-мен бірлесіп аталған бағдарлама бойынша жұмыстар атқарып жатырмыз, онда бизнес қауымдастығымен бірлескен алдағы перспективаларды айқындауды көздейміз, яғни, алдымен, ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамту үшін қандай тауар түрлерін шығару керектігін анықтап алу қажет, сөйтіп экспортқа бағдарлану керек», — деді М. Пішембаев.
Одақ төрағасы аталған құжат саланы дамытудың ұзақмерзімді кезеңге арналған стратегиялық жоспары болатынын атап өтті. Кешенді жоспардың жобасын биыл Астанада қыркүйек айында өтетін Қазақстанның машина жасаушыларының VI форумы аясында таныстырып, талқылау жоспарда бар. Форумға әлемнің 30 елінен бір мыңнан астам адам қатысады деп болжанған.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың бес айында машина жасаудың өнеркәсіптік өндірісінің индексінің өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,2%-ды құрады. Ақшалай мәнде өндіріс көлемі 384,6 млрд теңгені құрады. Салыстыру үшін жоғарыда аталған кезеңде Қазақстандағы барлық өңдеу өнеркәсібінің өсімі 5,5% құрады.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу