Ауқымды құрылыс бағдарламасы: Шығыс Қазақстан облысында медициналық және жол-көлік нысандарының құрылысына 105 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтайдың бірінші сессиясында берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Үкімет өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды басымдықпен дамыту бойынша шаралар қабылдап жатыр.

Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында Ана мен бала орталығының перзентхана ғимаратын реконструкциялау, көпбейінді аурухана салу, Ертіс өзеніндегі көпірден Серікбаев көшесіне өтетін жолды ашу, сондай-ақ Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысындағы жол айрығын қайта жаңғырту жобалары жүзеге асырылып жатыр. Осы мақсаттарға 105,7 млрд теңге бағытталды.

Денсаулық сақтау саласында Өскемен қаласының 19-шы шағын ауданында көлемі 42,5 мың шаршы метр, 300 орындық көпбейінді аурухана салынып жатыр. Ол қолданыстағы облыстық аурухананың мүмкіндіктерін алмастыратын болады. Жергілікті бюджетті қолдау мақсатында мемлекет жобаға қосымша 33,3 млрд теңге бөлді. Бүгінде медициналық жабдықтарды сатып алу аяқталды. Қазіргі уақытта бетон құю, топырақ қазу және аумақты тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанның жалпы дайындық деңгейі – 28%. Нысанды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Медициналық мекеме бес мамандандырылған блок пен екі өтпелі галереядан тұрады. Мұнда хирургия, травматология, кардиология, нейрохирургия бөлімшелері, инсульт орталығы және басқа да бөлімдер орналасады. Аурухана жылына 13,6 мың пациентке қызмет көрсетуге есептелген.

Сонымен қатар Өскемен қаласында Ана мен бала орталығының стационар ғимаратын перзентхана ретінде реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. Бұл мақсаттарға 2026 жылы қосымша 2,4 млрд теңге бөлінді. Жоба аясында перзентхана ғимаратын, инженерлік желілерді жаңарту және нысанды заманауи технологиялық жабдықтармен жарақтандыру көзделген. Жалпы ауданы 12,2 мың шаршы метр болатын ғимарат 90% дайын. Нысанды 2026 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Перзентхананы пайдалануға беру күрделі патологияларды емдеуге жұмсалатын шығындарды азайтып, акушерлік көмектің сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. ШҚО бойынша жыл сайын орта есеппен 5 300 бала дүниеге келеді. Реконструкциялау аяқталғаннан кейін перзентхана жылына қосымша 2 мыңға дейін әйелді босандыруға қабылдай алады.

Қаланың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту аясында Серікбаев көшесінде магистральға жол ашу және Ертіс өзені арқылы өтетін көпір өткелінің құрылысын салу жобасы басталды. Биыл оны қолдау мақсатында қосымша 55 млрд теңге бөлінді. Жоба ұзындығы 2,3 шақырым болатын жолдан, көлік жүретін алты жолақты бөліктен, бейнебақылау жүйесі мен тазарту құрылыстары бар күзетілетін, ұзындығы 834,8 метр көпірден, сондай-ақ жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарынан тұрады. Серікбаев көшесін ұзарту және жаңа көпір өткелін салу қала орталығы мен сол жағалау арасында тікелей қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе құрылыс қарқыны артып, тұрғындар мен автокөліктер саны көбейіп келе жатқан кезде өзекті болып отыр. Сонымен қатар көлік ағындарын бұрып, тәулігіне 80 мыңнан астам автокөлік өтетін Ертіс көпіріне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын 2029 жылы аяқтау жоспарланған.

Одан бөлек Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысындағы көлік айрығына реконструкция жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жалғастыруға мемлекет қосымша 15 млрд теңге бөлді. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 72% орындалды. Айналма жол қозғалысы мен көлік жүретін бөлікті кеңейтуді қамтитын бірінші кезеңде 23,2 мың шаршы метр асфальтбетон төселіп, инженерлік желілер көшірілді және электрмен жабдықтау жұмыстары орындалды. Екінші кезеңде көпіржол өткелінің 30 іргетасы мен тірегін бетондау аяқталып, 219 аралық арқалықтың 150-і орнатылды.

Жобаны жүзеге асыру қаланың сол жағалау бөлігі мен оған іргелес жатқан Меновное, Ахмирово тұрғынүй алаптары мен «Жібек маталар комбинаты» шағын ауданы және басқа да елді мекендерге шығатын транзиттік жолдың, сондай-ақ жалпы алғанда қалалық көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жол қозғалысының қауіпсіздігі артып, көліктердің жолда жүру уақыты қысқарады, қоршаған ортаға тарайтын пайдаланылған газдардың көлемі азаяды. Нысанды ішінара пайдалануға беру 2026 жылғы 25 қазанға жоспарланып отыр. Бұл кезде Сәтбаев көшесі бағытындағы қозғалысты ашу көзделген. Ал жыл соңына дейін Есенберлин көшесі бағытындағы қозғалыс іске қосылмақ. Нысан толықтай 2027 жылы пайдалануға беріледі.

Аталған жобаларды жүзеге асыру өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ Өскемен қаласының жол-көлік желісінің өткізу қабілетін едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл жалпы алғанда қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.

 

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу