АӨК-тегі еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспорты 2,5 есеге ұлғайтылмақ — ҚР АШМ

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне инвестициялар тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Арман Евниевтің айтуынша, 2017 жылы ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі шамамен 352 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 39%-ға жоғары.

Сонымен қатар, бірінші вице-министр азық-түлік өндірісіне салынатын инвестициялардың жыл сайынғы өсімін атап өтті. Мәселен, 2017 жылы инвестициялар өсімі 2016 жылмен салыстырғанда 51% құрады.

Бұдан өзге, Арман Евниевтің айтуынша Ауыл шаруашылығы министрлігінде қабылданған қосымша шаралар АӨК саласына жеке инвестициялар ағынының артуына ықпал етеді. Олар: АӨК дамытудың басымдықты бағыттарында инвесторлар жүзеге асыратын жобаларды сүйемелдеу және оларды қолдау, тікелей инвестициялар ағындарын ынталандыруды мемлекеттік қолдау, инвестициялық қорларды құру.

Инвестицияларды тартудың салалық жоспары бекітілді, оның аясында инвестицияларды тарту үшін жағдай жасаудың нақты шаралары қарастырылған.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, стратегиялық инвесторларды тарту арқылы жалпы құны $175 млн құрайтын сүт пен ет өндіру және қайта өңдеу бойынша төрт инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр», — деді бірінші вице-министр Арман Евниев.

Қазақстан аумағында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша төрт трансұлттық компаниямен жұмыс жүргізіліп жатыр.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарына кіретін инвестициялық жобалардан өзге, қазіргі таңда жалпы құны $952 млн болатын, шетел инвесторларының қатысуымен 20 жоба іске асырылуда», — деді Арман Евниев.

Негізгі қаражаттарға арналған несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауды қайтару бойынша, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникалары мен малдардың лизингі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бұған қоса, аграрлық қолхаттар, ЕДБ, микроқаржы ұйымдары, лизингтік компаниялар, несиелік серіктестерді «ҚазАгро» холдингімен қорландыру секілді құралдарды енгізу жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі атап өткендей, АӨК саласында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін инвестициялық субсидиялау бағдарламасы әрекет етеді, ол 21 басымдықты бағыт бойынша инвестициялық салым кезінде, АӨК субъекті салған шығындардың бір бөлігін өтеуді қарастырады.

«Аталған бағдарламаны іске асырудың төрт жылында 482 млрд теңгеге тікелей инвестициялар тартылды. Субсидиялардың 1 теңгесіне бюджеттің орта есеппен 4 теңге жеке инвестициясы келеді», — деді бірінші вице-министр.

Қорытындылай келе Арман Евниев Министрлік 2018 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жұмыс көлемін ұлғайту және жұмысты белсендіру міндеттерін, сондай-ақ, Мемлекет басшысының АӨК-тегі еңбек өнімділігін және өңделген өнімдер экспортын 2,5 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмаларын орындау міндетін алға қойғанын атап өтті.



Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу