Әлихан Смайылов пен Петр Фиала сауда, машина жасау және энергетика салаларындағы Қазақстан-Чехия ынтымақтастығын нығайту перспективаларын талқылады

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен елімізге ресми сапармен келген Чехия Премьер-Министрі Петр Фиала қазақ-чех ынтымақтастығын одан әрі нығайту перспективаларын талқылады.

Тараптар сауда, өнеркәсіп, энергетика, көлік, логистика, қаржы, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, білім беру, туризм және т. б. салалардағы өзекті мәселелер мен өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі талқылады.

Әлихан Смайылов екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылы 67%-ға артып, $423 млн-ға жеткенін атап өтті. Қарқынды өсу биыл да жалғасуда. Сонымен қатар Қазақстан Чехияға 95 тауар позициясы бойынша шамамен $600 млн сомаға өнім экспортын арттыруға дайын.

Үкімет басшысы атап өткендей, инвестиция тарту – екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыты. Мәселен, 2008 жылдан бері Қазақстанға $270 млн-ға жуық тікелей чех инвестициясы тартылды. Бұл ретте тұрақты өсу үрдісі кейінгі жылдары да сақталуда.

«Елдеріміз арасындағы өзара инвестициялық іс-қимыл жаңа бірлескен жобалармен нығая түсуде. Қазақстанда инвесторлар үшін салықтық және кедендік түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Осыған байланысты чех компанияларын бірлескен белсенді жұмысқа шақырамыз», — деді Әлихан Смайылов.

 Премьер-Министр өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, атап айтқанда, ҚР-да машина жасау өндірісін локализациялауға маңыз беріліп отырғанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта жоғары индустриалды аймақтарға біздің достығымызды дамытудың локомотиві бола алатын «Skoda Transportation», «Czechoslovak group» және басқа да бірқатар ірі чех компаниялары айтарлықтай қызығушылық танытып отыр», — деді ол. 

Сонымен қатар Әлихан Смайылов транзиттік-көлік саласындағы, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберіндегі өзара іс-қимылды нығайтудың, екі ел арасында тікелей әуе қатынасын орнатудың және IT-стартаптарға венчурлік инвестициялар тарту бойынша ынтымақтастықтың зор перспективаларын атап өтті.

«Қазақстан Үкіметі Чехиямен өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша жан-жақты және тиімді әріптестікті кеңейтуге дайын», — деді ол.

Өз кезегінде Петр Фиала Чехияның Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендігін атап өтті. Бұл ретте энергетика, азық-түлік және қаржы салаларындағы бастамалар ерекше қызығушылық тудырады.

«Чехияны Қазақстанмен ұзақ мерзімді достық қарым-қатынастар байланыстырады және біз өзара ынтымақтастықтың одан әрі дамуына мүдделіміз. Біз Қазақстанды Орталық Азия аймағындағы негізгі серіктестердің бірі деп санаймыз. Сонымен қатар біздің ынтымақтастығымыздың ауқымы да кеңейіп келеді, өйткені бүкіл Еуропалық Одақ Орталық Азия елдерімен тығыз әріптестікті дамытуға мүдделі. Ал Қазақстан мен Чехия арасындағы қарым-қатынас – осы ынтымақтастықтың бір тірегі», — деді Петр Фиала.

Чехия Премьер-Министрі көлік, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, машина жасау және басқа да салалардағы бірлескен қадамдардың перспективаларына тоқталды.

Сонымен қатар Петр Фиала екі ел арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты жалғастырудың, атап айтқанда, мектептер мен университеттер арасындағы байланысты сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ тікелей әуе қатынасын ашу екіжақты қарым-қатынастың дамуына айтарлықтай серпін беретінін айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту үшін елдер арасындағы әртүрлі деңгейдегі белсенді байланыстарды қолдауға әзір екендіктерін білдірді.

#Әлихан Смайылов #ҚР Премьер-Министрі #Машина жасау #Сауда #Халықаралық ынтымақтастық #Энергетика

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу