«Экспо-2017» аясында өткізілген Қазақстанның ұлттық ойындары халықаралық танымалдыққа ие болуда — А. Райымқұлова

Бүгін ҚР Үкіметіндегі брифингте мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова «Алтын жебе» жамбы ату бойынша халықаралық жарысын өткізу нәтижесі туралы айтып берді.

Астана қаласында «Экспо-2017» аясында «Қазанат» ипподромында «Алтын жебе» жамбы ату бойынша халықаралық жарысы өтті. Жарысқа әлемнің 11 елінен 19 спортшы қатысты, солардың ішінде Малайзия, Түркия, Польша, Германия, Румыния, Катар, Моңғолия және Қытайдан келген спортшылар бар. Ал Қазақстанның атынан бес спортшы атсалысты. Жалпы жүлде қоры 4,5 млн теңгені құрады.

Вице-министрдің айтуынша, аталған ойын шетелдік спортшылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Жарыста бірінші орынды румыниялық спортшы — Михай Кузми иеленді. Екінші орынды қазақстандық спортшы Сарыбай Айтбек алса, үшінші орын да қазақстандық Айкөз Ералханға бұйырды.

«АҚШ-тан келген ковбойлар командасын ерекше атап өткім келеді. Олар «Экспо»-ға турист ретінде келген. Кейін біздің ұлттық ойындарымызға, оның ішінде жамбы атуға қызығушылықтарын танытқан. Өздерінің командасын құрды. Енді келесі чемпионатқа келуді жоспарлап отыр», — деді А. Райымқұлова.

Жалпы, вице-министрдің айтуынша, жамбы ату ойыны халықаралық ауқымға танылып жатыр. 2013 жылдан бастап Астанада Түркі әлемінің ұлттық ойындарын дамыту қауымдастығы қызмет етеді, ол әлемде жамбы атуды дәріптеумен айналысады. Оның құрамына Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Мажарстан, Қырғызстан кіреді.

А. Райымқұлованың айтуынша, аталған жарыстар бірінші кезекте насихаттаушы әрі біріктіруші рөлге ие.

Анықтама: Жамбы ату — тек Қазақтанда емес, сондай-ақ, өзге елдерде де танымал ұлттық спорт түрлерінің бірі. Ойын қатысушыларының садақпен нысанаға атуындағы ептілігі мен дәлдігі сыналатын ұлттық спорт ойыны.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу