Р. Скляр Өзбекстанға барды: бірлескен жобаларды іске асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың жетекшілігімен орталық мемлекеттік органдар басшылығының, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен қазақстандық делегация Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласына ресми сапармен барды.

Сапар барысында Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Ариповпен, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ачилбай Раматовпен, Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — инвестициялар және сыртқы сауда министрі Сардор Өмірзақовпен кездесу өтті. Күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша екі жаққа тиімді өзара іс-қимыл бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Кездесулерде қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі әлемдегі ағымдағы эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, дәстүрлі түрде жоғары деңгейде және серпінді түрде дамып келе жатқаны атап өтілді. Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысы мен өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары кезекті рет тыңғылықты талқыланды.

Сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мақсатында автомобиль жасау, экспортты шоғырландыра отырып, ауыл шаруашылығы, үшінші елдердің нарықтарында сұранысқа ие мультимодальдық жеткізілімдерді (авто/теміржол/әуе) қалыптастыру жөніндегі жобалар қаралды.

Қазақстан тарапы экспорттық нарықтардың ірі сауда желілеріне шығу үшін ауыл шаруашылығы өнімін жеткілікті көлемде шоғырландыруға мүмкіндік беретін көтерме-тарату орталықтарының мемлекетаралық тармақталған желісін құруды ұсынды.

Өз кезегінде Өзбекстан Премьер-Министрі Термез-Мазари-Шариф сауда-логистикалық орталығы аясындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастыруды ұсынды.

Сапар барысында көлік, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, жеңіл, фармацевтикалық, тамақ өнеркәсібі, сондай-ақ микро, шағын және орта кәсіпкерлік, білім беру салаларын қамтитын Практикалық шаралар жоспарына қол қойылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу