Салық кодексін әзірлеу – Үкімет пен бизнес ортаның бірлескен жұмысының жарқын мысалы — Р. Жүрсінов

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының кеңейтілген отырысында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов Палатаның 2017 жылғы жұмысы туралы баяндады.  

Ол өз сөзінде барлық жүйелік мәселелер жинақталып, Ұлттық палатаның сайтында ашық түрде жарияланатынын атап өтті.

Мәселен, ҰКП қызмет ете бастаған уақыттан бері 571 мәселе анықталып, олардың 363-нің немесе 64%-ның шешімі табылған, 59-ы қарастырылып жатыр.

«Үкімет бақылауының арқасында Ұлттық палатаның IV Съезі аясында біз бизнес үшін аса маңызды 24 мәселені шештік, тағы 101-і бойынша мемлекеттік органдар жұмыс жасап жатыр. Тәжірибе осындай өзара іс-қимылдың тиімділігін дәлелдеді, сол себепті бізді алдағы уақытта да осы бағытта қолдауды сұраймыз», — деді Р. Жүрсінов.

Бұдан өзге, баяндамашы жаңа Салық кодексін әзірлеу бойынша Үкіметпен бірлесіп жасалған жұмыс бизнес ортасы осы процеске бастапқы сатысында-ақ тартылған ең жарқын мысалдардың бірі екенін атап өтті.

Салық кодексі аясында кәсіпкерлердің әлеуметтік салық мөлшерлемесін 11%-дан 8,5%-ға дейін төмендету, ҚҚС бойынша қолданыстағы шаманы сақтау — 30 000 АЕК, заңнаманың адалдық және тұрақтылық қағидаларын жүргізу секілді бастамаларына қолдау көрсетілді.  

Р. Жүрсінов атап өткендей, биыл ҰКП ұлттық Кедендік кодексті әзірлеуге де белсенді түрде атсалысты.

«Палатаның Үкіметпен келісілген жұмысының арқасында Кодексте 350-ден астам сілтемелік норма ашылды. Бизнес 500-ден астам түзету енгізді, олардың 60%-ы қолдауға ие болды», — деп түйіндеді Р. Жүрсінов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу