2023 жылы медициналық қызметтерді қаржыландыру 2,5 трлн-ға дейін немесе 13%-ға ұлғайтылды — Ажар Ғиният

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ҚР Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын және халыққа Жолдауындағы тапсырмаларын жүзеге асырып келеді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткізген баспасөз мәслихатында баяндады

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният «Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласындағы тапсырмаларын орындау туралы» тақырыбындағы баяндамасында денсаулық сақтауды цифрландыру, отандық өндірісті дамыту және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жетілдіру, консультативтік-диагностикалық көмек және елде онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарды емдеуге қатысты мәселелерге жан-жақты тоқталды. 

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек ҚР Президентінің Сайлауалды бағдарламасында денсаулық сақтау саласының алдында саланы қаржыландыруды жетілдіру, денсаулық сақтау ұйымдарының инфрақұрылымын, оның ішінде ауылдық жерлерде дамыту, медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету мен онкологиялық қызметті жаңғырту, денсаулық сақтауды цифрландыруды дамыту бойынша басым міндеттер айқындалды.

Осыған орай Министрлікте Мемлекет басшысының халыққа медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмалары шеңберінде кешенді жұмыс жүргізіліп келеді.

Денсаулық сақтау министрлігі басшысының айтуынша, аталған тапсырмаларды іске асырудың нәтижесінде халықтың өмір сүру ұзақтығы орташа есеппен 74,44 жасқа дейін өсуіне әсер етті. Бұл ретте 2021 жылмен салыстырғанда аталған көрсеткіш 4,21 жылға өсті (2021 ж. – 70,23 жыл).

«Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, елімізде денсаулық сақтаудың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерінің оң серпіні байқалады. 2023 жылдың 7 айында былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда елде жалпы өлім-жітім саны 7,4%-ға, оның ішінде қан айналымы жүйесі ауруларының салдарынан болған өлім-жітім саны 7,4%-ға, қатерлі ісіктер 1,8%-ға, тыныс алу ағзаларының аурулары 4,9%-ға, туберкулез 20%-ға төмендеген. Нәресте өлімі 10,2%-ға азайды, ана өлімі 2022 жылмен салыстырғанда бір деңгейде тұр», — деді Ажар Ғиният.

Мемлекет басшысы халықтың денсаулығын сақтаудағы негізгі құралдардың бірі ретінде мобилділік және қолжетімділік жағына қарай алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарауды тапсырды. 

Алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыру үшін:

  • медициналық көмектің 57%-ын мемлекеттік амбулаториялық-емханалық ұйымдар, 43%-ын жекеменшік ұйымдар көрсетеді, яғни бәсекелестік үшін жеке медицина кеңінен тартылуда;

  • амбулаториялық деңгейдегі қаржыландыру ұлғайды, ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған 60% жалпы көлемнің 56%-ын құрады (2022 жылы -5358 пациент , 2023 жылы - 6068). 

  • жылына жанбасына шаққандағы норматив 15 мың теңгеден 27 мың теңгеге дейін ұлғайды. 

  • 3 жылдың ішінде консультациялық-диагностикалық көмек 7 есе өсті, қымбат КТ қызметтерінің қолжетімділігі 9 есе, МРТ - 6 есе өсті. Ағымдағы жылдың 6 айында 200 млн-нан астам консультативтік-диагностикалық қызмет көрсетілді.

  • Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі қайта қаралды. Енді 50 адамға дейінгі ауылдарда медициналық көмекті үй-жайсыз мейіргер көрсетеді, ал 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бір адамнан үшке дейін ұлғайтылды. 

  • жалпы тәжірибе дәрігеріне қабылдаудың кезектілігін төмендету үшін мейіргерлік қабылдау функциялары кеңейтілді.

  • 9 бағыт бойынша жалпы тәжірибе дәрігеріне бармай-ақ арнайы мамандардың қабылдауы үшін жағдайлар жасалды, ал онкологиялық ауруға күдікті пациенттер үшін «жасыл жол» бағыты бойынша 18 күннің ішінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарында тексеру жеделдетілді.

Аталған 9 бағыт: шұғыл жағдайлар мен жарақаттар, оның ішінде офтальмологиялық, оториноларингологиялық және басқа да жарақаттар; шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек; дерматовенерологиялық бейіндегі аурулар; акушер-гинекологқа жүгіну; онкологиялық және гематологиялық аурулар; жастар денсаулық орталықтары; динамикалық бақылау; аурудың себебі бойынша қайта қабылдау, сондай-ақ ісіктерге күдік; жылжымалы медициналық кешендермен және медициналық поездармен қызмет көрсетуді қамтиды. Осы жылдың 6 айында қатерлі ісіктердің ерте диагностикасы 5,6%-ға ұлғайды.

Ажар Ғинияттың келтірген мәліметінше, ауруларды ерте анықтау үшін мамандарды амбулаториялық-емханалық ұйымдар қызметінің сапасы мен нәтижесі үшін жалақыға қосымша ақы төлеу түріндегі көтермелеумен ынталандыратын пилоттық жоба басталған. 

Мәселен, учаскелік дәрігер онкологиялық аурудың әрбір ерте анықталған жағдайы үшін, сондай-ақ туберкулез үшін жалақысына бірнеше айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бонус ала алады, бұл 17250 теңгені, 2023 жылға 3450 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету деңгейінде алдын алуға болатын онкологиялық ауруларды, туберкулезді, ана мен бала өлімін ерте анықтау, жүрек-қантамыр жүйесі ауруларының асқынулары бар (миокард инфарктісі, инсульт, созылмалы жүрек жетіспеушілігі) науқастарды емдеуге жатқызу деңгейі, 2 типті қант диабеті асқынулары бар науқастарды емдеуге жатқызу деңгейі, барлығы 6 индикатор анықталды.

  • Балаларға профилактикалық көмек көрсету үшін 1500-ден астам баланы дамыту кабинеті қайта құрылды. 

  • Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ұлғайды. 2019 жылы 48 ауру бойынша дәрі-дәрмек тегін берілсе, 2023 жылы аурулардың тізбесі 3,8 млн адамды қамти отырып, 126-ға дейін кеңейтілді.

  • Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балалар мен ауыл тұрғындарының арасында ауруларды ерте анықтау, яғни профилактикалық тексеріс күшейтілді.

  • Былтырдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған «Адамға бағдарланған» принципі бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетудің озық тәжірибелерінің жобалары енгізіліп жатыр. 

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, биыл бұл практикаларды бүкіл ел бойынша 48 емханада (28 қалалық және 20 аудандық деңгейде) жүзеге асырылып отыр. Елімізде медицинаның жоғарғы технологиялық бағыттар жетік дамып келеді.

«Бүгінгі таңда, елімізде халыққа жоғары технологиялық медициналық көмектің 80 түрі бойынша қолжетімділік қамтамасыз етілген. Биыл елімізде 95 орган трансплантациясы жүргізілді (72 бүйрек, 23 бауыр). Кардиохирургиялық, нейрохирургиялық, жалпы хирургиялық және тағы басқа да, соның ішінде орталық нерв жүйесінің ауруларын радиохирургиялық емдеуді жүзеге асыратын Гамма-пышақ орталығында ашылған сәттен бастап 1037 ота, биыл – 233 ота жасалды. Ядролық медицина орталықтары халыққа қызмет етіп келеді», — деді министр.

Оның мәлімдеуінше, қатерлі ісіктерді емдейтін Томотерапия орталығы 916 науқасты емдеген.

Қан айналымы жүйесі ауруына шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі жол картасы шеңберінде: 

  • 79 Инсульт орталығы жұмыс істейді (50 – бірінші деңгейлі, 29 – екінші деңгейлі). Осы жылдың 8 айында аталған орталықтарда 30 мыңнан астам адам емделді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 7%-ға артық (2022 жылы – 28 941);

  • жіті коронарлық синдром мен миокардтың инфаркты кезінде медициналық көмекті 44 Коронарлық араласу орталығы (24 екінші деңгейлі және 20 үшінші деңгейлі) көрсетеді. Биыл коронарлық орталықтарда 26 мыңнан астам пациент емделді, бұл 2022 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 53%-ға жоғары (2022 жылы – 17 853).

Елімізде 2025 жылға дейін 6 инсульт орталығын және 4 коронарлық араласу орталығын ашу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар биыл Жамбыл облысында халықаралық стандарттарға сай жаңа онкологиялық орталық пайдалануға берілді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленіп, оны 3 қазанда Үкімет мақұлдады. Осыған орай, биылдан бастап ісікке қарсы жаңа дәрілік заттардың желісін кеңейтуді, онкологиялық қызметтің ғылымы мен кадрлық әлеуетін дамытуды, диагностикалық және емдеу жабдықтарын жаңғыртуды, 16 желілік үдеткішті сатып алуды, онкологиялық орталықтарды қайта құру мен салуды қамтитын онкологиялық қызметті кешенді жаңғыртуды бастауды жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті спикер.

Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай фармацевтикалық өнімнің отандық өндірісінің үлесін 50%-ға дейін жеткізу жөніндегі алға қойған міндеттерін орындау мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жетілдіру және отандық өндірісті дамыту бойынша дәрі-дәрмек өндірісі 2019 жылдан 2023 жылға дейін екі есеге өсті. Бұл осы бағыттың жоғары әлеуетін көрсетеді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, Министрлік шетелдік компаниялардың қатысумен инновациялық препараттардың орнын айқындау бойынша бірқатар жобаларды іске асыру үшін екі бағыт бойынша жұмыс жүргізіп келеді: 

  • нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру;

  • BIGPHARMA компанияларын тарту.

Бұдан басқа дәрілік бірегей заттарды келісімшарттық негізде өндіруге тапсырыс берушілермен Бірыңғай дистрибьютор жасасатын дәрілік заттарды берудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасу көзделген.

Қазақстан Республикасының аумағында Рош, Астра Зенека, Пфайзер, Ново Нордиск, Дженерал Электрик және басқа да шетелдік компанияларды өндіріске тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бірегей препараттар өндіру орнын айқындау халыққа дәрілік заттардың қолжетімділігін арттырады, бұл әлеуметтік маңызы бар жұқпалы аурулардан болатын өлім-жітім деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. 

Еліміздегі пациенттердің кең ауқымына дәрілік препараттардың қолжетімділігі, ең алдымен, Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде, сондай-ақ Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде қамтамасыз етіледі.

2019 жылдан бері оған бөлінетін ақшалай қаражат көлемі екі есеге өсті. Бұл нозологиялар мен дәрі-дәрмектердің санын 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік берді, пациенттерді қамту бір жарым есеге өсті.

2023 жылғы сатып алу тізімдеріне (АДҚ, Бірыңғай дистрибьютордың тізбесі, ҚҰФ) 78 жаңа дәрілік препарат енгізілді. Екінші кезеңде амбулаториялық деңгейде сатып алу үшін тізбеге тағы 37 препарат енгізу жоспарланып отыр.

«Ауыл тұрғындарының қамы үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асырып келеміз. Қазіргі таңда 99 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету нысанының құрылысы, сонымен қатар 4 көпбейінді аудандық орталық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу өңірлердің әкімдіктерімен бірге жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары жылдың аяғына дейін бітеді. Қысқа мерзімде 210 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету нысанының құрылысын бастауды, қайта қолданылатын 495 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету нысанының жобаларын байланыстыруды жоспарлап отырмыз», — деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Ажар Ғинияттың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда, Ұлттық жоба аясында 2 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету (МСАК) нысаны пайдалануға берілді (БҚО, Байтерек ауданы, Новенький с. – ФАП, БҚО Теректі ауданы, Барбастау с., – ФАП). 

Республикада денсаулық сақтау саласында дәрігерлер қажеттілігі 3,9 мың штаттық бірлікті құрайды.

Дәрігерлердің, оның ішінде аса тапшы мамандықтар бойынша ел қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы республикалық бюджет есебінен шамамен 6 мың білім беру гранты бөлінді. Оның 2,7 мыңы – бакалавриат және интернатураға, 2,5 мыңы – резидентураға, 325-і – магистратураға, 160-ы – докторантураға бағытталды.

2023 жылы медициналық жоғары оқу орындарынан шамамен 7 мың дәрігер (6940) бітіріп шықты, оның ішінде: бакалаврлар – 1720, магистрлер - 414, PhD докторлары – 173, орта медицина қызметкерлері – 23 мыңнан астам.

Өңірлердің ақпараты бойынша 3 мыңнан астам денсаулық сақтау мамандары жұмысқа орналастырылды. Бұл ретте 601 маманға көтерме ақы бөлінді, 384 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілген, 74 маманға өзге де қолдау шаралары көрсетілген.

«2023 жылы үздіксіз интеграцияланған медициналық білім берудің жаңа моделі енгізілгенін атап өткен жөн. Көпбейінді мамандардың қажеттілігін жабу үшін медициналық мамандықтар бойынша сертификаттау курстарының тізімі кеңейтілді. Алыс және жақын шетел медициналық жоғары оқу орындарының түлектері осы жылдан бастап елімізде денсаулық сақтау саласында маманды сертификаттау рәсіміне қол жеткізе алады», — деп атап өтті Ажар Ғиният. 

Министрдің айтуынша, 2023 жылы тиісті Заң қабылданғаннан кейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі енгізіле бастайды. Аталған шаралар пациенттердің құқықтарын қорғауды және медицина қызметкерлерін құқықтық қорғауды қамтамасыз етуге, дәрігер мамандығына құрмет пен мәртебені көтеруге, сондай-ақ жас буынды денсаулық сақтау саласына тартуға арналған.

Сондай-ақ 2023 жылы медициналық қызметтерді қаржыландыру 2,5 трлн-ға дейін немесе 13%-ға ұлғайтылды (ТМККК шеңберінде – 1,4 трлн теңге, МӘМС шеңберінде – 1,1 трлн теңге). Нәтижесінде стационарлық және амбулаторлық-емханалық көмекті қаржыландыру көлемі артты.

Сонымен қатар ағымдағы жылы онкология, босандыру және жедел жәрдем бойынша тарифтер көтерілді. 2023 жылғы 1 мамырдан бастап еңбек қызметін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын шетелдіктер үшін есептелген медициналық сақтандыру енгізілді.

«Бүгінде медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесін дамыту бойынша e-Денсаулық бірыңғай цифрлық платформасы шеңберінде қаржы ағындарын бақылаудың бірыңғай жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. 2023 жылдың соңына дейін Министрлік медициналық көмек түрлері бойынша қаражатты оңтайлы бөлуді, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің пакетін қайта қарауды, денсаулық сақтаудағы әлеуметтік кепілдіктерді айқындауды, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың пакеттерін нақты ажыратуды қамтамасыз ететін болады», — деп мәлімдеді спикер.

Сонымен қатар Министрлік халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту бойынша жұмысты жалғастыратын болады.

Денсаулық сақтауды цифрландыру шеңберінде:

  • өткен жылы eDensaulyq бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылды;

  • медициналық ұйымдар арасында клиникалық деректермен алмасу сервисі, сондай-ақ азаматтардың өз медициналық деректеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша «eGov mobile»-да «eDensaulyq» сервисі іске асырылды;

  • QR код арқылы дәрілік заттарды беру бойынша; бала туған кезде Жеке сәйкестендіру нөмірін автоматты түрде беру бойынша пилоттар іске қосылды;

  • дәрігердің Электронды цифрлық қолтаңба арқылы еңбекке жарамсыздық парақтарын беру қамтамасыз етілді; 

Сөз соңында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният саланы цифрландыру жұмыстары үздіксіз жалғасып келе жатқанын, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру медицина саласының айрықша басымдылығы екенін баса айтты.

#Мемлекет басшысының Жолдауы #Цифрландыру #ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу