5 жыл ішінде білім беру саласына бөлінетін бюджет қаражаты 2 еседен астам көбейді – Т. Дүйсенова

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова 2023 жылғы 11 қазанда өткен Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында баяндама жасады. Ол елдегі азық-түлік қауіпсіздігі, экология, әлеуметтік сала, еңбек қауіпсіздігі, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы өзгерістер туралы айтып берді.

Вице-премьердің сөзінше, өткен жылғы есептен кейін еліміз үшін де, әрбір азамат үшін де маңызы зор бірқатар заңнамалық акті қабылданды. Атап айтқанда, әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік көмекті мемлекеттік жүйелеуге мүмкіндік беретін Әлеуметтік кодекс, берешегі бар қазақстандықтардың көптеген өтінішіне жауап ретінде қабылданған «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы», экономиканың теңгерімді дамуына мүмкіндік беретін «Агломерацияны дамыту туралы», мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі орталықсыздандыруды көздейтін «Кейбір заңнамалық актілерге әкімшілік реформа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданды.

«Бұл актілерде депутаттар мен тұрғындар көтерген бірқатар проблема өз шешімін тапты. Сондай-ақ ұсынылған 2,5 мыңнан астам азаматтың өтініштері Үкімет тарапынан мұқият қаралып, жауаптары Парламентке жолданды. Олардың орындалу барысы – ерекше бақылауда», — деді Т. Дүйсенова.

Әрі қарай Премьер-Министрдің орынбасары осы өтініштерде көтерілген жүйелі мәселелерге тоқталды.

Біріншіден, өтініштерде көп көтерілген мәселенің бірі өткен жылғы жылу желілеріндегі ірі техногендік апаттардың салдарын жою және осы саладағы инфраструктураның потенциалын көтеруге қатысты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет еліміздің барлық жылу инфрақұрылымдарына тиісті тексерулер жүргізіп, оның қорытындысы бойынша нақты іс-шаралар жоспарын қабылдады. Бұл жұмыстың қорытындысы бойынша:

  1. жылумен қамтамасыз ету нысандарын салу, күрделі және ағымдық жөндеу жұмыстарының кестесі әзірленді;

  2. Үкіметтің резервінен Екібастұз, Риддер, Рудный, Степногорск, Көкшетау, Ақтау, Семей, Павлодар қалаларының жылумен қамтамасыз жүйелерін жөндеу үшін 55 млрд теңге бөлінді;

  3. жүйелі шараның бірі ретінде осы салаға едәуір инвестиция тартуға және коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы қабылданып, іске асырылуда. Бұл жобаның аясында инженерлік желілерді жөндеу және осы саладағы қызметкерлердің жалақысын арттыруға, кадрларды тартуға, олардың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 250 млрд теңге шамасында қаржы тарту жоспарланып отыр;

  4. электр энергиясын Бірыңғай сатып алушы моделі енгізілді, ол стратегиялық тауарға тең қолжетімділікті қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ жекелеген салалар бойынша импортталатын электр энергиясының жүктемесіне айырмашылықтарды жоюға мүмкіндік береді.

«Мұндағы тағы бір өзекті мәселе – тарифтің өсуі. Бұл жағдайда Үкімет азаматтарды әлеуметтік қолдау механизмін қолданатын болады. Яғни егер отбасының төлейтін коммуналдық шығындарының көлемі жергілікті атқарушы органдар белгілеген пайыздық көлемінен асып кетсе, онда мұндай отбасыларға бюджеттен тұрғын үй көмегі төленетін болады», — деді Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова.

Екінші маңызды мәселе – азық-түлік қауіпсіздігі. Вице-премьердің айтуынша, елдің бірқатар астық мол жиналатын өңірінде ауа райы қолайсыздығына байланысты қазір бұл мәселе өзекті болып тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тауар өндірушілерді қолдау мақсатында келесі шаралар қабылданды:

  • астықты кептіру үшін 62,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді;

  • қаржы институттары айыппұл санкцияларын қолданбай, несиелер мен қарыздарды ұзартуды жүзеге асырмақ;

  • «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» қорлары негізінде тұқым қоры қалыптасады; 

  • агроөндіріс кешенін субсидиялауға қосымша қаржы бөлу мәселесі пысықталуда. Бұл шара ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында астықты тікелей сатып алуды да көздейді. Мысалы, өңірлік деңгейде төтенше жағдай режимі жарияланған Жамбыл облысының шаруаларына өтемақы төлеу үшін тиісті жұмыс жүргізілуде. Бұл мақсатқа 3,7 млрд теңге бөлінді.

Бұдан басқа ішкі нарықта бидай бағасын тұрақтандыру және «параллель импортты» болдырмау мақсатында 2024 жылдың 11 сәуіріне дейін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше және басқа да үшінші елдерден Қазақстан аумағына теміржол көлігімен бидай әкелуге тыйым салу мерзімі ұзартылды. 

«Биылғы жиналатын астық көлемі елімізді нанмен және ұнмен толық қамтуға жеткілікті болатынын атап өткім келеді. Жалпы ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсету үшін Үкімет жүйелі шаралар қабылдауда», — деді Тамара Дүйсенова. 

Мысалы, осы салаға бөлінген субсидия көлемі 430 млрд теңгеге дейін өсті. Көктемгі егіс және күзгі егін орағы науқанына жыл сайын берілетін жеңілдетілген несие көлемі 70 млрд теңгеден 140 млрд теңгеге артты. Салаға салынған инвестициялардың көлемі 72%-ға артып, 850 млрд теңгеге дейін жетті.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде еліміздің жер ресурстарын, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды және тиімді пайдалану мәселесі өте өзекті. Осы орайда пайдаланылмай бос жатқан немесе бір кезде заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін, оның ішінде жайылымдық жерлерді қайтару үшін белсенді жұмыс жүргізілуде.

2022 жылдың басынан бері 8,5 млн гектардан астам жер қайтарылды, оның 2,8 млн гектары қазірдің өзінде елдің игілігіне берілді. Қайтарылған жердің көбі халыққа мал жаю үшін беріліп жатыр. Бұл ретте тиісті заңнамалық актілерге жайылымдарды пайдалану мәселесі бойынша өзгерістер енгізу үшін Парламент депутаттарының бастамасымен ауқымды жұмыс жасалып жатыр. Бұл өзгерістер жайылымдарды басқа жер түрлеріне ауыстыруға тыйым салу, оларды мал жаю үшін резервке қою, жайылымдық жерлерді алу нормативтерін ұлғайту және басқа да нормалар арқылы жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тапшылығын болдырмау және отандық өнім өндірушілерді қолдау үшін нақты жұмыс жасауда. Атап айтқанда, ерте және кеш жетілетін көкөністерді ішкі нарыққа белгіленген бағамен жеткізу үшін шаруаларға алдын ала хабарлау арқылы форвардтық сатып алу, маусымаралық кезеңде тауар интервенциясын жасау және субсидия алушыларға нақты міндеттеме жүктеу тәсілдері енгізілді.

Әр өңірдің тұрақтандыру қорына қажетті көлемдер бойынша индикативтер және «айналым схемасы» бойынша келісім-шарттар әзірленді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үстемақы 15%-дан аспауы үшін сауда нысандарымен және өнім өндірушілермен 11,5 мыңға жуық келісім-шарт жасалды. 

Делдалдық схемаларды тексеретін өңірлік комиссиялар жыл басынан бері сауда мөлшерлемесінің жоғарғы шегі бұзылған 696 фактіні анықтады. Олар 814 делдалдар тізбегіне талдау жасап, 146 заң бұзушылықты анықтады. Үкімет қабылдаған шаралардың нәтижесінде 4 айдан астам уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі біртіндеп төмендеуде.

«Өздеріңізге белгілі, бағаның өсуіне көптеген фактор, соның ішінде әлемдегі бағалардың, тарифтер мен жанар-жағармай бағасының өсуі де ықпал етеді», — деді вице-премьер. 

Үкіметтің осы бағыттағы басты міндеті – отандық тауар өндірушілерді қолдау және ішкі нарықты таяу шетелдерден келетін импорттан қорғау. Осы бағытта кедендік әкелу баждары төмендетілді және тауардың жекелеген түрлеріне тарифтік жеңілдіктер берілді, күнбағыс тұқымдарына экспорттық кеден баждары белгіленді, қара және түсті металдардың, ағаш материалдарының сынықтары мен қалдықтарын елден әкетуге шектеу шаралары қолға алынды, газ, бензин және дизель отынын, көмірді, тыңайтқыштардың жекелеген түрлерін елден шығаруға шектеу қойылды.

Сонымен қатар шағын және орта бизнестің әкімшілік жүктемесін азайту үшін нақты шаралар қабылданды.

Біріншіден, шағын және микробизнесті тексеруге мораторий жыл соңына дейін ұзартылды.

Екіншіден, «Таза парақтан реттеу» қағидаты апробациядан өтті. Бір жарым жылдың ішінде 44 сала бойынша 128 мың талап сарапталды. Оның жаңа реттеу саясатының талаптарына сәйкес келмейтін 9 мыңы заңға тәуелді актілер деңгейінде алынып тасталды. Қалған мыңын тиісті заң жобасы аясында алып тастау көзделіп отыр.

Үшіншіден, мемлекеттік бақылау және қадағалау салаларында тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру үшін жұмыс жүргізілуде. Бұл қадам бизнесті жоспарлы түрде тексеруді 2 есе азайтуға мүмкіндік береді.

Төртіншіден, бизнеске түсетін ауыртпашылықты жеңілдету мақсатында салық әкімшілігінде салық есептілігін 30%-ға қысқарту, сондай-ақ көрсеткіштер нөлге тең болған жағдайда, құзырлы органдарға есеп беруді міндеттемеу жоспарланып отыр.

Бесіншіден. Мемлекеттік сатып алу саласында сатып алу көлемін біркелкі және әділ бөлуге, жекелеген ірі компаниялардың қазіргі монополиясын жоюға, құрылыс нарығын демонополизациялауға және бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік беретін жаңа талаптар енгізілді. Бүгінде бизнестің жүйелі мәселелерін шешу үшін Үкімет жанынан отандық кәсіпкерлер кеңесі құрылып, өзінің жұмысын жүргізуде.

Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың айтуынша, халықтың депутаттармен кездесуі барысында жиі көтеретін және Үкіметке тікелей жолдаған өтініштерінде айтылатын тағы бір маңызды мәселе – экология. Т. Дүйсенова бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыс ауқымды екенін айтты.

Бірінші. Аймақтар бойынша экологиялық жағдайды жақсарту бойынша Жол карталары әзірленіп, жүзеге асырылуда. Ол өндірісті жаңғырту, елді мекендерді газбен қамтамасыз ету, қоғамдық көліктерді газға көшіру, қалаларды көгалдандыру, бұрыннан бері ластанып жатқан жерлерді тазалау сияқты шараларды қамтиды.

Екінші. Ұлытау облысының экологиялық ахуалын зерделеу үшін арнайы комиссия құрылды. Ауадан, топырақ пен судан сынама алынып, тексерілуде. Оған қоса аймақтың радиациялық ахуалына бағалау жұмыстары жүргізілуде.

Үшінші. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына экологиялық аудит жүргізіліп жатыр. Тексеруді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Төртінші. Азаматтық қорғаныс саласындағы бірінші кезектегі шаралардың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Жоспар аясында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орман өрттерін ерте анықтау жүйесін орнату көзделген. Осы мақсатқа 2027 жылға дейін 20 млрд теңгеден астам қаражат бөлу және өртті бақылайтын 102 мұнара салу жоспарланып отыр.

Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында қажетті инфрақұрылымдарды салу және жаңғырту арқылы елді мекендерді сапалы сумен қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар кезең-кезеңмен жүргізілуде.

«Кейінгі екі жылға 158 ауылдық елді мекенді сумен жабдықтайтын 34 жобаны іске асыру үшін 23,3 млрд теңге бөлінді. Жалпы 2025 жылға қарай еліміздің барлық тұрғынын ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр», — деді Премьер-Министрдің орынбасары. 

Жерді суару кезінде суды үнемдеуге бағытталған кешенді шаралар қолға алынбақ. Атап айтқанда, 3,5 мың шақырымдық суару желісін жаңғырту, 212 каналда суды есепке алу мәселесін цифрландыру және 15 гидротехникалық құрылысты жаңғырту көзделіп отыр.

2025 жылға дейін ең алдымен Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарын қосымша сумен қамтамасыз ету үшін жалпы аумағы 1,7 текше метр болатын 9 жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр. Екінші кезеңде Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды ​​облыстарында 11 су қоймасын салу көзделген.

Тамара Дүйсенованың сөзінше, жұртшылықтан түскен келесі сұрақтар топтамасы әлеуметтік салаға қатысты. Әлеуметтік кодекс аясында әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасы ендірілмек. Оның басты екі қағидаты бар:

Біріншіден. Жаңа әлеуметтік саясатқа мемлекетпен бірге жұмыс берушілер және жұмысшылар бірдей қатысуы керек.

Екіншіден. Әлеуметтік қолдау шаралары атаулы түрде және проактивті форматта көрсетілуі қажет.

Бұл міндеттердің орындалуына Отбасының цифрлық картасы зор септігін тигізуде. Соның негізінде мемлекеттің қолдауына мұқтаж отбасылар мен азаматтардың нақты контингенті анықталды. Нәтижесінде түрлі органдардың табалдырығын тоздырмай, проактивті форматта көмек алған азаматтардың саны 880 мыңнан асты.

Сонымен қатар қазір еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше өзекті болып отыр. Осы орайда құзырлы министрлік бірқатар құжат дайындады. Атап айтқанда, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп жатқан қызметкерлерді, оның ішінде кеншілерді әлеуметтік қамсыздандыру үшін заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуге арналған заң жобалары; сондай-ақ жұмысшыларға олардың жұмыс орнында туындауы мүмкін кәсіби тәуекелдердің алдын алуға негізделген жаңа үлгіге көшуді көздейтін Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау тұжырымдамасының жобасы әзірленді.

Білім беру саласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырыла бастады. Бұл жобаның аясында 369 мектеп салынады. Бұған жергілікті және республикалық бюджеттер, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және жеке инвестициялар есебінен салынып жатқан нысандарды қоса алғанда, 2026 жылға дейін 1,5 млн оқушыға арналған мектеп орны пайдалануға берілмек.

Премьер-Министрдің орынбасарының мәлімдеуінше, қазіргі мектептерде 2029 жылға дейін жыл сайын 1 мыңға жуық заманауи робототехника, химия, биология, физика және STEM кабинеті ашылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білікті мамандарды мектепке тарту үшін педагогтердің жалақысы екі есе өсті.

«Жалпы білім беру саласына бөлінетін бюджет қаржысы 5 жыл ішінде 2 еседен астам көбейді. Яғни, 2018 жылғы 1,9 трлн теңгеден 2022 жылы 4,5 трлн теңгеге артты», — деді Тамара Дүйсенова.

Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілетін арттыру және инновациялық білім беру технологияларын елімізге әкелу үшін биыл шетелдің 5 жетекші жоғары оқу орнының филиалдары ашылды. Соңғы 6 жылда мемлекеттік білім беру тапсырысының саны екі есеге жуық өсіп, жылда берілетін грант саны 88 мыңға жетті. Бір студенттің білім алуына жұмсалатын қаржы 3 жыл ішінде екі есе өсті .

Денсаулық сақтау саласында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырыла бастады. Жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек беру мекемесі және 32 заманауи көпсалалы орталық аудандық аурухана салынады, ауылдағы денсаулық сақтау мекемелері үшін 1 100 медицина қызметкері оқытылады. Осылайша, ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қол жеткізу мәселесі шешілетін болады.

«Дипломмен ауылға» жобасының аясында жас мамандарды ауылға тарту үшін 2024 жылдан бастап баспана сатып алуға берілетін бюджеттік несие мөлшері 1 500 айлық есептік көрсеткіштен 2 500-ге ұлғаяды.

Вице-премьердің айтуынша, жастарды жұмыспен қамту мәселесі – әрдайым Үкіметтің назарында. Жастар санатына кіретін азаматтар жасының төменгі шегін 29-дан 35-ке дейін көтеру мемлекеттік қолдау шараларының 5,7 млн адамға қолжетімді болуына жол ашты.

Биыл 20 өңірлік жұмыспен қамту жоспары іске асырылуда. Оларда алғаш рет облыстардың өңірлік еңбек нарығының ерекшелігі ескеріліп, тиісінше мемлекеттік қолдау шаралары сараланды. 1 қазандағы жағдай бойынша 715 мыңнан астам адам жаңа, бос және мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды, оның жартысы – жастар. 

Үкімет жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобалар аясында да жаңа жұмыс орындары құрылуда. Биылдың өзінде жалпы сомасы 273,4 млрд теңге болатын 64 жоба жүзеге асырыла бастады, онда 12,3 мың жұмыс орны ашылады.

Жалпы, вице-премьердің мәлімдеуінше, Үкімет өнеркәсіптің түрлі салаларында 800 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.

«Қорытындылай келе, халық тарапынан көтерілген барлық мәселелер Үкіметтің бақылауында екенін және олар уақытылы әрі толық шешім табатынын жеткізгім келеді», — деді Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова.

#Жол карталары #Жұмысқа орналастыру #Тамара Дүйсенова #Әлеуметтік кодекс #Әлеуметтік қорғау

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу