Алдағы жылдары электромобиль нарығы айтарлықтай өсуі мүмкін – өнеркәсіп және құрылыс министрі

Үкімет өңдеу өнеркәсібін орнықты дамыту бойынша жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ҚР Парламенті Сенатында жасаған баяндама барысында мәлімдеді.

«Біз өңдеу өнеркәсібіне талдау жасадық, салалар бойынша бәсекелестік артықшылықтарды және өнеркәсіпті одан әрі дамытудың әлеуеті бар тауашаларын анықтадық. 2022 жылдың қорытындысы бойынша $47,2 млрд көлемінде елге өнімдер импортталды», — деді Қанат Шарлапаев.

Импорттың жалпы көлемінің жартысына жуығы машина жасау саласына тиесілі – $20,1 млрд (компьютерлер, электрондық және оптикалық өнімдер, машиналар мен жабдықтар, автокөлік құралдары, тіркемелер мен жартылай тіркемелер, электр жабдықтары), одан әрі химия өнеркәсібі – $4,5 млрд, тамақ өнеркәсібі – $3,8 млрд), қара металлургия – $2,8 млрд, жеңіл өнеркәсіп – $3,1 млрд, құрылыс материалдары – $1,4 млрд, түсті металлургия – $900 млн. 

Бұл фактілер өңдеуші өнеркәсіпті дамыту үшін бірінші кезекте ішкі нарықтың шетелдік тауарларға қажеттілігін қысқарту және одан әрі елдің экспорттық құрамдас бөлігін ұлғайту әлеуетінің бар екенін айғақтайды.

«Талдау негізінде біз инвестициялық, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі салаларындағы тауашалық жобалар тізімін қалыптастырдық. Олардың бір бөлігі – іске асырудың белсенді кезеңінде, бір бөлігі – дайындық кезеңінде», — деді өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев. 

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға, оның ішінде жоғары қайта бөлу кластерлерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін ірі инвестициялық жобалар тізімін айқындау жөніндегі тапсырмаларды іске асыруға және жақын арада елдің өнеркәсіптік өзегінің негізіне айналуға ерекше назар аударылады.

Ірі инвестициялық жобаларды пулға іріктеу үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі металдарды терең өңдеу, ауыр машина жасау, автокомпоненттер мен тыңайтқыштар өндіру бойынша алдын ала 20-ға жуық жобаны ұсынды. Мәселен, қара металлургияда инвестиция көлемі 920 млрд теңгеге ($1,9 млрд, «ССГПО» АҚ) ыстық брикеттелген темір өндіру жобасы ұсынылады. Өндірісті іске қосу темір кені шикізатын қайта өңдеуді тереңдетеді және отандық болат зауыттарын қажетті шикізатпен қамтамасыз етеді.

Келесі – арнайы мақсаттағы болат өндіретін электрометаллургия зауыты. Дайын өнімнің шамамен 80%-ын ішкі нарыққа, атап айтқанда теміржол машина жасау және оның құрамдас бөліктері үшін жеткізу жоспарланып отыр.

Түсті металлургияда инвестиция көлемі шамамен 600 млрд теңгені құрайтын мыс балқыту зауытын сату жоспарланып отыр. Жоба қуаты жылына 300 мың тонна мыс шикізатын ел ішінде катодты мысқа дейін толық өңдеуді көздейді. Оның 99%-ын Қытайға экспорттау жоспарлануда. Ішкі нарықта алтынды құймаларда және күкірт қышқылын сату жоспарланып отыр. Катодты мыс жобасын іске асыру қорытындысы бойынша Қазақстан әлемнің бес ірі өндірушісінің (Қытай, Жапония, Чили және Ресей Федерациясынан кейін) қатарына кіреді.

Теміржол машина жасауда Stadler Rail AG (Швейцария) компаниясымен бірлесіп, жолаушылар вагондарын өндіру жөніндегі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жоба 100% импортты алмастырады. Бұл тізім икемді және елдің басқа да тауашалық жобалар бойынша қажеттілігін ескере отырып, толықтырылмақ.

«Талдауға сәйкес біз инвесторларды іздеу және тарту үшін Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, анықталған әлеуетті тауашалық жобаларды пысықтап жатырмыз», — деді өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев. 

Бұл жобалар капиталды қажет етеді және жоғары технологиялық болып саналады, осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі оны іске асыру үшін барлық қолайлы жағдайды пысықтап, сондай-ақ жобалық құжаттардың сараптамасынан өтуді жеделдету, энергетикалық ресурстармен қамтамасыз ету үшін «қолмен басқару режимінде» сүйемелдейтін болады.

Әрі қарай ведомство басшысы пысықталған шаралар туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Бірінші кезекте Қанат Шарлапаев негізгі мәселелерге тоқалды. Атап айтқанда, шикізатпен қамтамасыз ету бойынша шикізатты ішкі өңдеушілерге жеткізу механизмін іске қосу үшін үлкен жұмыс атқарылды. Осылайша, ерікті үшжақты шарттар аясында негізгі металдардың үш түрін – алюминий, мыс және қорғасынды жеткізуге 25 келісімге қол қойылды.

2029 жылға қарай алюминий саласында өндірісті 5 есе, мыс саласында 13 есе және қорғасын саласында 4 есе өсіру жоспарланып отыр.

«Сонымен қатар Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін жеткілікті көлемде және барабар бағамен шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында шикізат өндіруші мен қайта өңдеуші арасында өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөнінде келісімдерді міндетті түрде жасасу тетігі пысықталып жатыр», — деді өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

Жаңа тәсіл шикізатты елден тыс жерлерге әкетуден гөрі ел ішінде қайта өңдеудің басымдығын көздейді. Бұл мәселе заңнамалық бекітуді талап етеді. Қазіргі таңда аталған жұмыстар жүргізілуде және жақын арада Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өз ұсыныстарымен Парламентке жүгінетін болады.

Жобаларды іске асыру үшін қолжетімді инфрақұрылыммен және әлеуетті алаңдармен қамтамасыз ету бойынша ірі инвестициялық жобаларды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың тығыз өзара іс-қимылы арқасында шешілетін болады. Мысалы, ыстық брикеттелген темір өндіру жобасы бойынша табиғи газ қажет. Осы мәселе бойынша Энергетика министрлігімен және «QazaqGaz» ұлттық компаниясымен Ақтөбе облысынан Рудный қаласына дейін газ құбырын салу бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Бұдан басқа кейбір жобалар инфрақұрылымы ішінара аяқталған арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың аумақтарында іске асырылатын болады. 100% аяқтау үшін қосымша қаражат қажет.

Іске асыру мәселелері бойынша өнеркәсіп және құрылыс министрі қаржыландыру көздерін және жоба операторларын анықтау туралы сөз қозғады. Атап айтқанда, іріктелген жобалар ірі және капиталды қажет етеді (жалпы құны – 7 трлн теңге). Жобаларды қаржыландыру негізінен шетелдік инвестициялар, оның ішінде халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздары есебінен жүзеге асырылатын болады.

Сонымен қатар елдің қолданыстағы заңнамасы инвесторлар шығындарының бір бөлігін жаба алатын мемлекеттік ынталандыру шараларын қарастырады. Ол үшін 620 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бұл ретте мемлекет «өңдеп жасау деңгейі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым қолдау көп болады» қағидасын ұстанатын болады.

Одан кейін министр маркетинг мәселелері бойынша ішкі және сыртқы нарықтарға өнімді өткізу туралы айтты. Оның сөзінше, өткізу нарықтарында өнімді өткізу мәселесі бизнес-жобаның экономикалық тиімділігін жоспарлау және есептеу кезінде маңызды саналады. Осы ірі жобалардың өндіріс көлемі ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен жабады және макроөңір мен жаһандық нарықтарға өнімдерімен шығады. 

Мысалы, болат зауытында өндіруге жоспарланған прокат, түйіршіктер мен құбырлар 1,5 трлн теңге көлемінде Түркия, Пәкістан және Иран елдеріне экспортталатын болады. Бұл ретте қолданыстағы заңнамада экспортты мемлекеттік ынталандырудың әртүрлі тетіктері көзделген.

Жаһандық нарықтың тұрақсыздығына байланысты экспорттық шығындар туындаған жағдайда проблемалар нақты шешілетін болады. Кейіннен қайта өңдеу үшін шикізатқа айналуы мүмкін жобаларға қатысты мемлекет өнімді ішкі нарықта пайдалану және шағын және орта бизнес белдеуін құру бойынша қарсы міндеттемелер қоятын болады.

«Аталған бастамашылықтарды іске асыру Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ерекше бақылауында екенін атап өткім келеді», — деді баяндама соңында Қанат Шарлапаев.

Сонымен қатар өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев әлемде электромобиль алатын адамдардың көбеюінен Қазақстанға қандай пайда келетінін айтты.

«Қазақстан өзінің ресурстық базасының арқасында бәсекеге қабілетті екендігі өте маңызды. Бұл тұрғыда мыс өндіру бағытын атап өтуге болады. Барша әлем “жасыл экономикаға”, автокөліктерде электр қозғалтқыштарын орнатуға көшуге ерекше мән беріп отыр. Яғни, орта есеппен Tesla немесе басқа да электромобильдерде 2-3 электр қозғалтқыш орнатылады, онда 15-14 келі мыс орамасы бар», — деді Қ. Шарлапаев Сенатта депутаттар сұрағаны жауап бере отырып.

Оның айтуынша, алдағы жылдары электромобиль нарығы айтарлықтай өсуі мүмкін.

«Егер адамдар жаппай электромобильге отыра бастаса, барша әлемде мыс өндіру деңгейі еселеп артуы тиіс. Осы бағытта еліміз катодты мыс секілді дайын өнім шығарса, онда елімізде дамыту үшін нарық әлеуетінің деңгейі айтарлықтай жоғары», — деді министр.

Оған қоса өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Ү:кімет «АрселорМиттал Теміртау» жаңа инвесторына қандай талаптар қоятынын түсіндірді. 

Отырыс барысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «АрселорМиттал Теміртау» жаңа инвесторына қойылатын талаптарды сұрады.

«Жаңа инвесторларға қойылатын талаптарға қатысты, қандай инвестиция болады, жаңа инвестордың алдына қандай да бір критерий, талап, міндеттер қоясыз ба?», — деп сұрады Әшімбаев.

Сұрақтарға жауап бере отырып, Қанат Шарлапаев АМТ қазір «қауіпсіздікке инвестиция салуға» өте мұқтаж екенін растады.

«Бүгінде АМТ 3,2 млн тонна болат өндіреді, 4,5-4,8 млн тонна болатты жеткізу мүмкіндігі бар. Бұл жағдайда, біріншісі – өнеркәсіптік қауіпсіздікке инвестиция салуды талап етеміз, ал екіншісі – өндірісті кеңейту және қуаттылықты бұрынғы жылдары жұмыс істеген деңгейге дейін арттыру бойынша міндеттеме аламыз. Ал қазір мұндай инвестиция көлемін орта мерзімді перспективада $3 млрд-қа жуық деп есептейміз. Ал бірінші кезекте өндірісті ұлғайту және өнеркәсіптік қауіпсіздікті жақсарту үшін $1 млрд-қа жуық қаражат қажет», — деп түсіндірді Шарлапаев.

#Құрылыс #Өнеркәсіп #ӨҚМ

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу