Басты міндет – еліміздің негізгі сауда-экономикалық әріптестерімен тауар айналымын ұлғайту

Астанада сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің қатысуымен пресс-конференциясы өтті. СИМ басшысы Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру шеңберінде сауда саясатын дамытудың негізгі бағыттарын атап өтті.

ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, жалпы сыртқы сауда бойынша Қазақстанның тауар айналымы 2023 жылдың 6 айында $67,2 млрд-ты құрайды, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ға жоғары. Қазақстанның шикізаттық емес нарықтарының тауар айналымы 2023 жылғы қаңтар-маусымы бойынша өткен кезеңмен салыстырғанда 22% өсімді көрсетіп, $39,4 млрд-ты құраған. Топ-3 шикізаттық емес экспорттық тауарларды мыс пен мыс катодтары, ферроқорытпала, уран құрайды.

2023 жылдың І жартыжылдығында үшінші елдермен жасалған сауда-саттық көлемі $53,4 млрд-ты құрады, бұл 4,4%-ға өсімді көрсетеді. Бұл ретте, шикізаттық емес тауарлардың үшінші елдерге экспорты $7,7 млрд-қа дейін төмендеді.

«Басты міндет – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық әріптестерімен тауар айналымын ұлғайту. Оның ішінде Орталық Азия елдері, Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс және Еуропалық Одақ елдері ерекше назарда тұр», — деп атап өтті министр.

Аталған кезеңде Мемлекеттер басшыларының өзара сапарларының қорытындысына сәйкес Тәжікстан және Түрікменстанмен тауар айналымды ұлғайту жөнінде тапсырмалар беріліп, Өзбекстанмен тауар айналымын – $10 млрд-қа, Қырғызстанмен – $2 млрд-қа, ҚХР – $40 млрд-қа, Иранмен – $3 млрд-қа дейін жеткізу бойынша нысаналы индикаторлар қойылды.

Аталған елдермен тауар айналымын ұлғайту бойынша Жол карталары шеңберінде көрсетілген көрсеткіштерге қол жеткізу үшін нақты шаралар қарастырылған.

2023 жылғы қаңтар-маусымда Еуропалық Одаққа мүше елдермен тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 0,3%-ға өсіп, $20,2 млрд-ты құрады. Өңделген тауарлар бойынша – $6,3 млрд-ты құрап, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 41,5%-ға жоғары. Алайда, шикізаттық емес тауарлардың Еуропалық Одақ елдеріне экспорты төмендеді, $1,4 млрд-ты құрады.

Бұл ретте, Еуропалық Одаққа мүше елдер қазақстандық көмірді сатып алу көлемін 2 еседен астамға арттырды. Былтырғы жартыжылдықта Еуроодақ елдері 1,6 млн тоннаға қарсы Қазақстаннан шамамен 3,3 млн тонна көмір импорттады.

«Еуропалық Одаққа мүше елдер арасында біздің тауар алғаш рет Эстонияға, Чехияға, Германияға, Литваға және Нидерландқа жеткізілді. Ал, Польша мен Латвия негізгі тұтынушылар қатарында. Елімізде өндірілген көмір Индонезия, Үндістан, Марокко, Оңтүстік Корея және Израиль сияқты экзотикалық елдерге де жеткізіле бастады», — деп мәлімдеді спикер.

2023 жылдың І жартыжылдығында Еуропалық Одақ елдерімен тауар айналымы $20,2 млрд-ты құраса, Қытаймен тауар айналымы 6 айда $13,6 млрд-ты құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,5%-ға жоғары. Қытай – биылғы мамыр айынан бастап Қазақстанның бас сауда серіктесіне айналды. 

Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты биыл Ресей тауарларының импорты өткен жылғы рекордтан кейін 10,4%-ға төмендеді, ал Қытай импорты 52,9%-ға өсті. Бұл ретте, шикізаттық емес тауарлардың экспорты төмендеп, $2 млрд-ты құрады.

Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда-саттықта оң серпін байқалады. Мәселен, 2023 жылдың 6 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 4,1%-ды құрап отыр.

Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы шикізаттық емес тауарлардың сауда айналымы 2023 жылғы қаңтар-маусым айларында $2,3 млрд-ты құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7%-ға жоғары.

Қазақстанның өңделген өнімінің ЕАЭО елдеріне экспорты өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 60,2%-ды құрады.

Бүгінде дайын ауыл шаруашылығы өнімі бойынша негізінен Ресей және Қырғызстанға жасалған экспорттың өсу есебінен 10%-ға өсті. Тауарлар арасында минералды сулар, темекі, шоколад және кондитерлік өнімдер, сусындар жеткізілімінің артуы байқалады.

«Президенттің жаңа өткізу нарықтарын іздеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында тауарларымыз бен көрсетілетін қызметтерімізді ілгерілету жөніндегі қағидаттар мен тәсілдерді әзірледік. Ең алдымен, Қытаймен сауда-саттықта $40 млрд шегіне жеткізу үшін бізде салқындатылған ет, құс еті, қосалқы өнімдер сияқты жоғары маржалық тауарларды жеткізу мүмкіндігі бар», — деп атап өтті Арман Шаққалиев.

Оның айтуынша, Қазақстанның оңтүстік бағыттағы – Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыс нарықтарына, сондай-ақ Үнді мұхитының (Гвадар, Карачи) және Парсы шығанағының (Чабахар, Бандар-Аббас) порттарына қол жеткізу бойынша сауда-экономикалық бағыттарын әртараптандыру жөнінде жұмыс жүргізіліп келеді.

Сондай-ақ отандық тауарларды Еуропалық Одақ, Америка Құрама Штаттары, Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына белсенді түрде ілгерілету пысықталып жатыр. Сарапшылардың болжамына сәйкес алдағы 10 жылда әлемдік сауда-саттықтың жалпы көлемі Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік Азияға көшіріледі.

«Біз дәстүрлі нарықтарда, оның ішінде Орталық Азия, Әзербайжан, Иран елдерінде экспортты ұлғайту бойынша жұмысты жалғастырамыз», — деді министр.

Қазірдің өзінде Түрікменстан арқылы Ауғанстанға астық пен ұн экспортын арттыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінде Пәкістанмен жаңа логистикалық шешімдер әзірленді.

2027 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін $46,5 млрд-қа дейін жеткізу жоспарланып отыр. 

«Біздің күш-жігеріміз сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған, алдағы уақытта 5 шекара маңы хабын құру жоспарланып отыр. Бұл бірыңғай сауда-көлік кеңістігін қалыптастыруға және халықаралық деңгейде орнықты кооперациялық байланыстар орнатуға, сондай-ақ әріптес елдермен стратегиялық қатынастарды нығайтуға мүмкіндік береді және олармен тауар айналымының орта есеппен 30%-ға өсуін қамтамасыз етеді», — деп толықтырды сөзін спикер.

Келтірлегн ақпаратқа сәйкес, экспорттаушыларға қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларын ұсыну бойынша жұмыс жалғасын тауып келеді. Осы жылдың 8 айында $500 млн-нан астам сомаға экспорттық келісімшарт жасалды.

Экспорттаушыларды қолдаудың негізгі шараларын «Бір терезе» қағидаты бойынша орталықтандыру үшін «Экспорттық-кредиттік агенттік туралы» Заң қабылдау жоспарланып отыр. «KazakhExport» экспортты қаржылық қолдаудың бірыңғай операторы болады. Бүгін заң жобасы Мәжілісте белсенді талқыланып жатыр.

Сонымен қатар Еуразиялық интеграция желісі бойынша Қазақстанның ұлттық экономикалық мүдделерін ілгерілету бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіліп келеді.

Министрдің айтуынша, отандық өндірушілерді қолдау және қуаттарды жүктеу мақсатында кедендік әкелу баждары төмендетілді және бірқатар тауарларды әкелуге қатысты тарифтік жеңілдіктер ұсынылды, күнбағыс тұқымдарына экспорттық кеден баждарын, қара және түсті металдардың, ағаш материалдарының сынықтары мен қалдықтарын әкетуге шектеу шаралары белгіленді.

Ішкі нарықты реттеу шаралары. 2023 жылдың 8 айында ішкі тауар айналымы 35,7 млрд теңгені құрады және 2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 21%-ға өсті.

Саудаға тартылған инвестициялар көлемі 8 айда 37,6%-ға өсті.

Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша жыл басынан бері инфляция небәрі 6,6%-ды (2022 – 13,3%), оның ішінде азық-түлік инфляциясын – 5,9% (2022 – 18%), азық-түлік емес – 6,4% (2022 – 11,9%), ақылы қызметтер бойынша – 7,7%-ды (2022 – 7,9%) құраған.

Бұл ретте, 8 айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 3,4%-ды құрады, бұл 2022 жылғы қарқыннан 5,6 есе төмен.

«Жалпы, оң нәтиже көріп отырмыз. 4 айға жуық (15 апта) кезеңде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі төмендеп келеді. Кешенді және бағытталған жұмыстың нәтижесінде аталған көрсеткіштерге қол жеткізілді», — деп мәлімдеді сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру үшін көкөніс өнімдерінің тұрақтандыру қорларын брондаудан бас тарту жұмыстары жүргізілді. Қалыптасқан қорлардың жалпы көлемі 139,4 мың тоннаны құраса, оның ішінде маусымдық бағаның өсуін тежеу мақсатында нарыққа 118,6 мың тонна көлемінде көкөністер (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) шығарылды. Сондай-ақ импорттық көкөністерді сатып алу ұйымдастырылды.

«Келесі маусымаралық кезеңде біз тұрақтандыру қорларында 164 мың тонна көлемінде резерв құруды жоспарлап отырмыз. Біз сондай-ақ заңнамалық деңгейде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасына бақылауды күшейттік. Жергілікті жерлерде өнімсіз делдалдарды қысқарту бойынша жұмысты белсенді жүргізуді жалғастырамыз. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп алушыларға қарсы міндеттемелердің тетіктерін пысықтап жатырмыз. Сонымен қатар Президенттің тапсырмасын орындау аясында біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартамыз», — деді ол.

Министрлік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуға жәрдемдесу бөлігінде әлеуметтік төлемдерді алушыларды қолдауға бағытталған пилоттық жобаны жүргізуге бастамашылық жасады. Жұмыс «әлеуметтік әмиянды» қалыптастыру шеңберінде Еңбек министрлігімен бірлесіп жүргізілетін болады.

Аталған шара мемлекеттік бағаны реттеуден кезең-кезеңімен бас тартуды қамтамасыз етеді, бұл сонымен қатар азық-түлік тауарлары өндірісінің көлемін ұлғайту үшін қолайлы инвестициялық және бәсекелестік орта құруға мүмкіндік береді.

Ішкі нарықты қорғау техникалық реттеу және метрология құралдарын қолдану арқылы да қамтамасыз етіледі. Қауіпсіз өнімді әкелу және айналысқа шығару бойынша шектеу шараларын енгізуді көздейтін Ахуалдық штабтың қызметі заңнамалық және институционалдық күшейтілетін болады.

Осы жылдың мамыр айынан бастап техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін сүт өнімдеріне 62 декларация жойылды, Ресей Федерациясының 5 ірі өңірлік өндірушілерінің өнімдерін әкелу шектелді.

Ішкі нарықты қамтамасыз ету мақсатында газ, бензин және дизель отынын, көмірді, тыңайтқыштардың жекелеген түрлерін, яғни, аммиак селитрасы және аммофос әкетуге шектеулер енгізілді.

«Заңнамалық бастамалар шеңберінде тұтынушылардың құқықтарын қоғамдық қорғауды институционалдық күшейту күтілуде – құқықтық өріске ТҚҚ мәселелері жөніндегі омбудсман институты енгізілетін болады. Оның қызметі аталған саланың жүйелік проблемаларын анықтауға бағытталады, ал функциясы тұтынушылардың белгісіз шеңберін қорғауды қамтиды», — деді спикер.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы тиісті заң жобасы дамыған елдердің тәжірибесі мен БҰҰ-ның басшылық қағидаттарын ескере отырып әзірленді.

Келтірілген ақпаратқа сәйкес, 2023 жылы 6 айда ТҚҚК және аумақтық департаменттерге 17458 өтініш келіп түскен, өсу қарқыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50,5% құрады. Іс-шараларды өткізу нәтижесінде тұтынушыларға 411,3 млн теңге қайтарылды, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,0%-ға ұлғаю байқалады. Шағымдар түсетін негізгі салалар: бөлшек сауда – 7040 немесе 40,3%, электрондық сауда – 4795 немесе 27,5%, тұрмыстық қызметтер – 1685 немесе 9,7%, ТКШ қызметтері – 597 шағым немесе 3,4% және басқа салалар – 3341.

Ішкі сауданы дамыту шеңберінде сауданың қазіргі заманғы форматтарының үлесін 70%-ға дейін ұлғайту, саудада мемлекеттік қолдаудың жаңа құралдарын жасау (құрылыс, жаңғырту, сауда алаңдарын жалға беру жобаларын субсидиялау) бойынша жұмыс жүргізіледі.

Базарлар қызметінің айналасында жинақталған проблемаларды шешу мақсатында Сауда базарларын жаңғырту жөніндегі жол картасы іске асырылуда. Жүргізіліп жатқан жаңғырту базарларды халық үшін ыңғайлылық пен жайлылықты қамтамасыз етудің заманауи талаптарына сәйкестендіруге, стихиялық сауданы жоюға, сондай-ақ саудадағы «көлеңкелі» экономика деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Жол картасына сәйкес 2023 жылы – 15, 2024 жылы – 24, 2025 жылы – 35, жалпы саны – 74 базарды жаңарту жоспарланған.

Өз кезегінде Арман Шаққалиев Президент мемлекет пен бизнес алдына Қазақстанды азық-түлік хабына айналдыру, экспорт көлемін арттыру туралы ауқымды міндет қойғанын еске салды.

«”Карат” сияқты кәсіпорындар экспорттық жеткізілімдердің ауқымын, сапасы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге қабілетті. Оларға тек шетелдік нарықтарға шығуға көмектесу керек», — деді министр.

Арман Шаққалиев хабарлағандай, шекті бағаларды белгілеу бөлшек және көтерме саудада сатушылар үшін қарастырылған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін белгілеу қағидалары және оларға рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшері тауарлар тапшылығының туындауына жол бермеу және отандық бизнес пен халық мүдделерінің теңгерімін сақтау үшін әзірленді.

Көтерме сауда компаниялары мен дүкендері үшін бірыңғай талаптар белгіленген. Ережеде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бөлшек сауда бағасының шекті мәнін белгілеу үшін жергілікті атқарушы органдардың есеп айырысу түрлері айқындалған.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қорытындылай келе, Сауда министрлігі қазір ірі көтерме саудаға қайта бағдарлау бөлігінде ұлттық заңнамаға түзетулер енгізіліп жатқанын атап өтті.

#Сауда-экономикалық ынтымақтастық #ҚР Сауда және интеграция министрлігі #ӘМАТ

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу