Батыс Қазақстан облысы халқы толық көгілдір отынмен қамтылған — Нариман Төреғалиев 

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады.

Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың қыркүйек айында «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, нақты тапсырмалар, жаңа міндеттер жүктеді. Бұл ретте, Жолдауда жүктелген міндеттер алдағы үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітілетіндігі атап көрсетілді.

Батыс Қазақстан облысы – еліміздің дамыған индустриялық-аграрлық өңірлерінің бірі. Биыл 9 айда облыс экономикасының негізгі салалары бойынша тұрақты өсімге қол жеткізілді:

  • өңдеу өнеркәсібі – 20,5%;
  • ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 5,5%; 
  • құрылыс жұмыстарының көлемі – 42%; 
  • тұрғын үйлерді іске қосу – 0,5%; 
  • негізгі капиталға инвестициялар – 23%;
  • ішкі сауда көлемі – 19,2%;
  • көлік қызметтерінің көлемі – 8,3%.

ӨНЕРКӘСІП, ҚАЙТА ӨҢДЕУ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯ

«Мемлекет басшысының қойып отырған ең басты міндеттерінің бірі – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу. Сондықтан облыс экономикасын одан әрі әртараптандыру, соның ішінде өңдеу саласын дамыту бағытында нақты істерді қолға алуымыз қажет», — деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Есепті кезеңде облыс бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,6 трлн теңгені құрап отыр. Өңдеу өнеркәсібі көлемі 20,5%-ға артып, 218 млрд теңге болды. Металлургия өнеркәсібі, мұнай өңдеу өнімдері, машина жасау, жиһаз, сусындар өндірісі салаларында өсім бар.

«Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 23%-ға артып, 429 млрд теңгені құрады. Соның ішінде жеке инвестициялардың үлесі 348 млрд теңге немесе 81%-ды құрап отыр. Бұл – жақсы көрсеткіш», — деп атап өтті өңір басшысы.

Сонымен бірге отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында 2023 жылы мемлекеттік қорғаныс тапсырыстары бойынша 38 млрд теңгеге 35 шарт жасалды.

Өңір экономикасын әртараптандыру үшін алдағы 5 жыл ішінде 2,4 трлн теңгеге 67 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Соның ішінде биыл 37 млрд теңгеге 45 жобаны іске қосу жоспарланған. Қазіргі уақытта 26 млрд теңгеге 900-ден астам тұрақты жұмыс орнын құрумен 31 жоба іске қосылды. Жылдың аяғына дейін 11 млрд теңгеге 14 жоба іске қосылады.

Өңірде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында шетелдік инвесторлардың қатысуымен де бірқатар жоба қолға алынған. 

Релокация аясында 4,8 млрд теңгеге 265 тұрақты жұмыс орнын құрумен 5 жоба іске қосылды.

Облыс басшының айтуынша, аталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру өңірде қосымша жаңа жұмыс орындарын құруға, салықтық түсімдерді көбейтуге, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС 

Мемлекет басшысының халыққа жолдауында отандық кәсіпкерлікті қолдау және бәсекелестікті дамыту бойынша бірқатар міндеттер қойылған. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан қабылданған жүйелі шаралардың нәтижесінде шағын және орта бизнес тұрақты дами бастады. 

Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 33% деңгейінде болып отыр. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 21%-ға өсіп, 58 мың бірлікті, олардағы жұмыспен қамтылғандардың саны 11%-ға өсіп, 126 мың адамды құрады.

Шағын және орта бизнес субъектілері 1 трлн теңгенің өнімін өндірді. Осы салаға биыл 21,6 млрд теңге бөлініп, 3 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетіліп отыр.

АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕН

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамытуға баса назар аударды. Ауыл-аймақтарды дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдауға «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ негізгі азық-түлік тағамдарына деген импортқа тәуелділікті азайту мақсатында алдағы 3 жылда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін 70%-ға дейін жеткізу керектігіне назар салды.

«“Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында 2023 жылға республикалық бюджеттен 6,4 млрд теңге кредиттік қаражат бөлінді. Қазіргі таңда 714 өтініш бойынша 4,9 млрд теңге несие берілді. Аталған қаражатты жыл соңына дейін толықтай игеретін боламыз», — деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Батыс Қазақстан облысы бойынша барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 617 мың га құрады. Бүгінгі таңда егін ору науқаны толықтай аяқталып, облыс бойынша 302 мың тонна астық жиналды. Майлы дақылдардан 78 мың тонна өнім алынды. Сондай-ақ 153 мың тонна картоп, көкөніс, бақша өнімдері жиналды.

Облыста қуаты жылына 11 мың тонналық голландиялық технологиямен 2 заманауи өндірістік жылыжай жұмыс істеп тұр.

Облыстың маусымаралық кезеңде картоп, көкөніс өнімдерін сақтау қажеттілігі 70 мың тоннаны құрап отыр. Биыл 91 мың тонна картоп, көкөніс өнімдері жиналып, бүгінгі таңда сыйымдылығы 52 мың тонна болатын 32 көкөніс қоймасында сақталуда.

Облыс халқының көкөніс өнімдеріне қажеттілігін 100% жабу үшін 2024 жылы 18 мың тонналық 4 қойма салынады. 2026 жылға дейін 30 мың тонналық 17 қойма салу жоспарланған.

2023 жылы ауылшаруашылық саласын қолдауға 30 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. 3 мың агроқұрылымға 12 млрд теңге субсидия төленді және 20 млрд теңгеге жуық несие берілді.

Агроөнеркәсіп кешенінде 2023-2026 жылдарға 89 млрд теңгеге 40 инвестициялық жоба жоспарланса, биыл 6 млрд теңгеге 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Өңірдің дамуына үлкен серпін беретін келесі бағыт – етті мал шаруашылығы. 

Жыл сайын өңірде мал басы мен мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемінің тұрақты өсуі байқалады. 2023 жылдың 9 айында ауылшаруашылық жалпы өнімі мен көрсетілген қызметі 228 млрд теңгені құрады.

«Мемлекет басшысы өз жолдауында ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды екенін атап өтіп, жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажеттігіне назар аударды. Қазіргі таңда облыста 270 ауылшаруашылық кооперативі жұмыс істейді. Соның ішінде биылдың өзінде “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында жаңадан 44 кооператив құрылды», — деді өңір басшысы.

Облыс азық-түлік тауарларының негізгі 19 түрінің 7 түрі бойынша толық қамтамасыз етілсе, 8 түрі бойынша 75%-ға дейін қамтылған. Ал әлеуметтік маңызы бар 4 азық-түлік түрі өңірде өндірілмейді.

Нариман Төреғалиевтің айтуынша, осы өнімдердің өндіріс көлемін арттыру бағытында 2026 жылға дейін олардың алқабын 1,5 мың гектарға ұлғайту жоспарланған. 

Облыс тұрғындарының сүт және сүт өнімдерінің қажеттілігі 112 мың тоннаны құраса, қамтамасыз етілу үлесі 22,3% немесе 25 мың тонна. Биылдан бастап 400 бастан жоғары сүт және сүт өнімдері фермаларын салуға 6 млрд теңге бөлінді. Бағдарлама аясында 11 мың тонна сүт өндіретін 4 фермаға қолдау көрсетіліп, іске қосу арқылы сүт және сүт өнімдерімен қамтуды 32%-ға арттыру көзделген.

2022 жылы облыста қайта өңделген ауылшаруашылық өнімдерінің үлесі 56% құраса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 60%-ға жеткізу жоспарланған. 2026 жылға дейін бұл көрсеткішті 70%-ға жеткізу көзделген.

Су ресурсы – елдегі өзекті мәселелердің бірі. Өңірде осы бағытта ауыл шаруашылығы жайылымдарын суландыру үшін ұзындығы 185 шақырым құрайтын 3 магистраль каналын қайта жаңғырту жұмыстары жүруде. Бүгінде ұзындығы 66 шақырым Ащы-Азнабай-Тайпақ каналын жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар ұзындығы ұзындығы 76 шақырымды құрайтын Жайық-Шалқар каналының жобалық құжаттамалары әзірленуде. Аталған жобалар Жайық өзенінің сол жақ жағалауында 350 мың гектарға дейін жайылымды ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге көршілес елден сатып алынатын Еділ суына тәуелділікті азайтуды көздейтін 178 шақырым Киров-Шежін суару суландыру жүйесін жаңғыртудың соңғы IV кезеңі аяқталды. Осы жүйе аясында сыйымдылығы 63 млн текше метр Киров су қоймасы қайта жаңғыртылуда. Сондай-ақ сыйымдылығы 28 млн текше метр болатын Жалпақтал су қоймасын салу жоспарлануда. Осы шаралардың нәтижесінде қосымша суармалы жерлер қолданысқа енгізіліп, мал азығын көбейтуге мүмкіндік болады. 

ҚҰРЫЛЫС СЕКТОРЫ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ

Биылғы 9 айда құрылыс жұмыстарының көлемі 201 млрд теңгені құрап, 42%-ға өсті.

Облыста 73 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. 2024 жылға 27 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған.

Әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге 2023-2024 жылдарға 4,6 млрд теңгеге 476 пәтер сатып алуды көзделген.

«Облыстың 47 ауылдық елді мекенін ауыз сумен қамтуға 6,3 млрд теңге бөлініп, 44 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның 50%-дан астамы пайдалануға берілді. Қалған ауылдарды жыл соңына дейін қамтимыз. Нәтижесінде жыл соңына дейін ауыл халқының ауыз сумен қамтамасыз етілуі 94%-ды құрайтын болады», — деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Одан бөлек 2024 жылдың жоспарына сәйкес 46 ауылды сапалы ауыз сумен қамту жоспарланып отыр. 

Қазіргі таңда облыс халқы толықтай көгілдір отынмен қамтылған. 

ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ

Мемлекет басшысы еліміздің стратегиялық маңызы бар міндеттерінің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалануға баса назар аударып, 2029 жылға дейін 4 мың шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізуді тапсырды.

«Президент тапсырмасы аясында биыл 81,5 млрд теңгеге 617 шақырым жол жөнделеді. Қазіргі таңда 513 шақырым жол жөнделді. Жыл қорытындысымен жергілікті жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесін 52%-ға жеткізетін боламыз. 2024 жылы 100 млрд теңгеден астам қаржыға барлық деңгейдегі жалпы ұзындығы 800 шақырымды құрайтын 139 жобаны жүзеге асыру жоспарда. Халықты толғандырған Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын аяқталмай қалған 120 шақырым жолдың 104 шақырымын биыл аяқтадық, қалған 16 шақырым бойынша жұмыстар жалғасуда», — деді өңір басшысы.

ЖЫЛУ-ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫ

Облыста жылу-энергетика саласында бірқатар жұмыс атқарылуда. Жалпы сомасы 11 млрд теңге бюджет қаражаты есебінен Орал қаласының жылу электр орталығының турбоагрегат пен градирняны қайта құру және су бұру қондырғыларын жаңғырту мақсатында 2 кәріздік сорғы станцияларын реконструкциялау жұмыстары жүруде. Градирня 2023 жылдың мамыр айында іске қосылды. Турбина және 2 кәріздік сорғы станциясы келесі жылы пайдалануға беріледі. 

Сонымен қатар коммуналдық мекемелер 2 энергетикалық қазандық, су қыздырғыш, турбиналық генератор және 5,8 шақырым жылу желілеріне, 4 шақырым сумен жабдықтау мен су бұру желілеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді.

Облыстағы электр беру желілерінің тозуы 82%-ды құрап отыр. Алдағы қыс мезгілінде апатты жағдайларды азайту мақсатында ағымдағы жылы 2 мың км астам электр желілері, 300-ге жуық қосалқы станция жөнделді.

ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

2023 жылдың II тоқсаны бойынша өңірдегі жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,9%, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8%-ды құрап отыр.

«Биыл “2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жобасы аясында 25 мың адам түрлі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жолданды. Одан бөлек 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Жалпы құрылған жұмыс орындарының 80%-ы ауылдық жерлерде екенін айта кеткен жөн», — деді әкім.

Сондай-ақ биыл 25 мың отбасыға 2 млрд астам теңгеге әртүрлі әлеуметтік көмек көрсетіліп, нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар саны 28%-ға азайды.

2022 жылы Мемлекет басшысы мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған заңға қол қойды. Осы орайда Орал қаласында заманауи стандарттар мен технологияларға сәйкес мүгедектігі бар адамдарға арналған 7,5 млрд теңгеге 150 орындық әлеуметтік оңалту орталығының құрылысы жүріп жатыр.

«Жасыл ел» жобасы аясында 1200 жас жұмыспен қамтылды. Одан бөлек «Студенттік құрылыс жасақтары» жобасы бойынша 300 жас әртүрлі құрылыс нысандарында еңбек етті.

Биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 540 жас маман 186 млн теңге көлемінде бастапқы көтерме жәрдемақы алса, «Отбасы банк» арқылы «Жайық жастары» баспана бағдарламасы аясында 600 млн теңгеге 40 жас отбасыға арналған жобаны іске асыру көзделіп отыр. 

БІЛІМ БЕРУ

«Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында білім беру саласын дамытуға жалпы 37 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде апатты жағдайдағы мектептердің, сонымен бірге үш ауысымды оқыту, орын тапшылығы мәселелерін түбегейлі шешу үшін 32 млрд теңгеге 27 мектептің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда 4 мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 12 мектеп құрылысын аяқтайтын боламыз», — деп атап өтті облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Мектептерде оқушыларға жайлы және қауіпсіз жағдай жасау үшін 2,3 млрд теңгеге 114 заманауи пәндік кабинеттер жабдықталып, 62 ауылдық мектепке қажетті құралдар мен жиһаз алынды. Сондай-ақ мектептерді апаттық жағдайға дейін жеткізбеу мақсатында 2,5 млрд теңгеге 4 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өтсе, 3 нысан 2024 жылға дейін аяқталады.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

Денсаулық сақтау саласында биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 12 медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда 6 нысан бойынша құрылыс жұмыстары толықтай аяқталды. Жыл соңына дейін қалған 6 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Алдағы жылы осы бағытта 38 медициналық нысанның құрылысы жоспарланып отыр.

Сонымен қатар 22 денсаулық сақтау объектісіне күрделі жөндеу жүргізіліп, 15 нысан пайдалануға берілді. Қалған 7 нысан жыл аяғына дейін аяқталатын болады. 

Медицина саласының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мақсатында биыл 2,6 млрд теңгеге 198 бірлік қажетті жабдық алынды. 

Өңірге мамандар тарту және қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен резидентураға 18 грант, абитуриенттерге 60 грант бөлінді. Биылдан бастап ауылдық жерлерге жас мамандарды жұмысқа тарту мақсатында 1,5 млн теңгеден бастап 5 млн теңгеге дейін бір реттік қаржылай көмек көрсету қарастырылды.

Қазіргі таңда облысқа келген 113 маман жұмысқа орналастырылып, 48 дәрігер маман тұрғын үй, көтерме ақымен қамтылып, ауылдық жерлерге жолданды.

СПОРТ

Спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында осы жылы 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасып, 2-еуі аяқталды. Қалған 2 ауданда құрылыс жұмыстарын 2024 жылы аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде барлық аудан орталығы 100% дене шынықтыру-сауықтыру кешендерімен қамтылады. 

Спорт секцияларын жан басына қаржыландыру механизмі аясында 12 мың бала тегін спортпен қамтылды. Осы мақсатқа 2023 жылы 1,6 млрд теңге бөлінді. 

МӘДЕНИЕТ

Биыл облыс бойынша 8 мәдениет нысанының құрылысы және 6 нысанның күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы музей-қорығының визит орталығы мен әкімшілік ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ 5 тарихи-мәдени ғимаратқа қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, аяқталды.

Облыстағы 12 мұрағат мекемесінде 1 миллионнан астам құжат сақталуда, архив қоймалары орташа есеппен 96%-ға толықтырылған. Осыған орай 2024 жылы 5 ауданда архив ғимараттарын және 6 ауданда әмбебап мәдениет үйлерін салу жоспарлануда. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоры арқылы шекаралық аймақтарда орналасқан ауылдық 25 кітапханаға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осы жұмыстардың нәтижесінде ауылдық жердегі халықтың рухани талабы қанағаттандырылып, кітапханалардың заманға сай материалдық-техникалық базасы нығайып және заманауи ақпараттық технологиялармен жабдықталып, жақсаратын болады.

ЦИФРЛАНДЫРУ

Облыстағы 413 ауылдық елді мекеннің ішінде 350 ауыл қолжетімді интернетпен және ұялы байланыспен қамтылса, қазіргі таңда байланыстың аталған түрлерімен мүлде қамтылмаған 5 мыңға жуық тұрғыны бар 63 ауыл қалып отыр. Биыл 87 ауылды мобильді интернетпен қамту және сапасын жақсарту жоспарланған. Қазіргі таңда 60 елді мекенде жұмыстар аяқталып, қалған 27 елді мекенде жыл соңына дейін мобильді байланыс сапасы жақсартылады.

«Биылғы және алдағы жылдардағы жоспарымызға сәйкес Мемлекет басшысы және Үкімет қойған міндеттерді толық орындаймыз», — деп қорытындылады Нариман Төреғалиев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу