Биыл бакалавриатқа грантқа түсу үшін 73 мың орын бөлініп отыр – ҒЖБМ

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҰБТ қорытындылары бойынша ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев пен аталған министрлікке қарасты Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев баяндама жасады.

Қуаныш Ерғалиевтің айтуынша, 5 шілдеде негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. ҰБТ электронды форматта 43 тестілеу орталығында «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша өтті. ҰБТ-ның маңызды артықшылықтарының бірі – оны тапсыруға екі мүмкіндік беріліп, тестіленуші ең жақсы нәтижені грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады.

Әрі қарай ғылым және жоғары білім вице-министрі биылғы ҰБТ қорытындыларына тоқталды. 162 мың талапкер екі мүмкіндікті қоса есептегенде, ҰБТ-ны 291 мың рет тапсырды. Тестілеу қорытындысы бойынша 135 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының шамамен 83%-ын құрайды. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда, 16%-ға артқан (2022 жылы – 67%). ҰБТ орташа балы өткен жылғы көрсеткіштен 7 балға артып, 73 балды құрады (2022 жылы – 66 балл). Бес адам ең жоғары көрсеткіш көрсетіп, 137 балл жинады. 2 868 оқуға түсуші 120 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Тест тапсыру тіліне келетін болсақ, түлектердің 75,16%-ға жуығы қазақ тілінде, 24,74%-ы орыс тілінде, 0,1%-ы ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Тестілеу бес пән бойынша өткізілді: үш міндетті және екі бейінді. Тест тапсырмаларының саны – 120, оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша – 20, математикалық сауаттылық бойынша – 15, оқу сауаттылығы бойынша – 15 және екі бейіндік пән бойынша – 35 тапсырма. Тестілеу ұзақтығы – 4 сағат (240 минут). 

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін ҰБТ тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылған. Олар үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалды. Қабылданған шаралар арқасында 478 ерекше білім беру қажеттіліктері бар тестіленуші ҰБТ-ға қатысты.

Әрі қарай ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев грант конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, биыл қабылдау кампаниясы 13-20 шілде аралығында жүзеге асырылатын болады.

Алыс аймақтарда тұратын талапкерлердің ыңғайы үшін еGov электронды үкімет порталы арқылы онлайн өтініш қабылдау жүргізілетін болады. Сонымен қатар құжаттарын дәстүрлі форматта – офлайн тапсырғысы келетіндер үшін ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары жұмыс істейтін болады. 

«Осы жерде мына маңызды нәрсені айта кетсем, құжаттарды кез келген ЖОО арқылы тапсыруға болады. Мысалы, Алматыға оқуға түсуді жоспарлап отырған ақтаулық түлек грантқа өтініш беру үшін Алматыға келмей-ақ, құжаттарын еGov арқылы онлайн немесе жергілікті жоо арқылы офлайн тапсыра алады», — деді Қ. Ерғалиев.

Гранттар бойынша биыл бакалавриатқа түсу үшін 73 мың грант бөлініп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық гранттың 60%-ы техникалық мамандықтарға бөлінді. Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 18 744 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» 12 560 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына 10 103 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына 7 388 грант тиесілі. «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 653 грант бөлінген. 

Сонымен қатар биыл халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін гранттар бөлінді. Олар былай бөлінген: Атырау облысы – 1 500, Маңғыстау облысы – 1 500, Ұлытау облысы – 300, Жетісу облысы – 300, Абай облысы – 500, Шымкент – 400, Түркістан облысы – 500. Бұл гранттар педагогикалық, инженерлік, IT мамандықтарға және жаратылыстану ғылымдарына бөлінген.

Биыл педагогикалық квота 47%-ға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ алғаш рет ауыл шаруашылығы және инженерлік бағыттарды қолдау мақсатында пилоттық режимде арнайы квота бөлінді. Бұл гранттар өңірлік ЖОО-ларға берілмек.

«Жалпы биылғы өзгерістердің басым бөлігі өңірлік ЖОО-ларды қолдау мақсатында жүзеге асырылып жатыр. Еліміз бойынша студенттердің 1/3 бөлігі Алматыда оқиды, себебі 35 ЖОО осы қалада орналасқан. Бұл өз кезегінде жатақхана жетіспеушілігіне алып келуде. Сондықтан біз биылғы талапкерлерге өңірлік университеттерге түсуге кеңес береміз: сапа жағынан еш кем түспейді, жатақхана мәселесі де жоқ. Тағы бір мүмкіндік: өңірлік университеттерде шетелдік ЖОО-лардың филиалдары ашылып жатыр. Оларға да жеке грант қарастырылған», — деді Қуаныш Ерғалиев.

Отандық ЖОО-ларға оқуға түсу үшін талапкерлер жеке куәлік, ҰБТ сертификатын, 3х4 көлеміндегі фото, орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін диплом), № 075/у нысанындағы медициналық анықтама, ер жігіттер үшін әскери тіркелу куәлігін тапсыру керек. Сондай-ақ жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар ұсынылады.

Ғылым және жоғары білім вице-министрінің айтуынша, жыл сайын жалпы грант санынан арнайы квота бөлінеді. Биыл да әлеуметтік осал жеті топқа квота сақталады. 2022 жылдан бастап ауыл квотасы 35% болып бекітілген.

«Жылдағыдай білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланатын болады. ЖОО-ға құжат қабылдау 25 тамызға дейін жүзеге асырылады. Барлық талапкерлерге сәттілік тілеймін», — деді Қуаныш Ерғалиев.

Әрі қарай ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев баяндама жасады. Ол ҰБТ жоңалықтарына тоқталды.

«Біріншіден, “Қазақстан тарихы” және “Оқу сауаттылығы” пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді. Енді “Қазақстан тарихының” бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы болады, “Оқу сауаттылығынан” 15 тест сұрағы ұсынылады», — деді Руслан Емелбаев.

Екіншіден, 2022-2023 оқу жылынан бастап «Информатика» пәні ҰБТ бейіндік пәндер комбинациясының тізіміне енгізілді. Осыған байланысты «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларының топтарына түсушілер «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша ҰБТ тапсырды.

Жалпы Комбинацияларға келетін болсақ, қазіргі таңда талапкерлердің 18%-ы «Математика-Физика», 17%-ы «Биология-Химия», 13%-ы «Шығармашылық», 10%-ы «Математика-Информатика» пәндерін таңдады.

Осыған дейін айтылғандай, тестілеу қорытындысы бойынша 135 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының шамамен 83%-ын құрайды. Ал бейіндік пәндер комбинациясы бойынша шекті балдарға келетін болсақ, «Математика-Физика» пәндерін таңдаған 47 мың талапкердің 74%-ы шекті балл жинаған. Сондай-ақ «Биология-Химия» таңдаған 40 мың баланың 77%-ы шекті балл жинаған.

«Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығы тек тестілеу кезінде ғана емес, оның басталуына дейін де қолайлы жағдай жасау үшін тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Сондықтан талапкерлерге ыңғайлы болу мақсатында біз ҰБТ-ға дайындалу үшін онлайн сынақ тестілеуді іске қостық», — деді Руслан Емелбаев.

Оның айтуынша, сынақ талапкерлерге өзінің білім деңгейін тексеруге мүмкіндік берді. Білім беру орталықтарының қолдауымен тегін онлайн сабақтар жүргізілді. Оқу жылының басында Ұлттық тестілеу орталығының сайтында әр пән бойынша тест спецификациясы, тест жоспары, «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 дата тізімі, «Информатика» пәні бойынша үш тілде терминдер тізімі, «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша шығармалар тізімі жарияланды. Сонымен қатар ҰБТ-ның күнін, уақытын, орны мен бейіндік пәндерін еске салатын SMS жолданды. Хабарлама ҰБТ-ға қатысушылардың өздеріне, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған тестіленушілердің ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жіберілді.

Тестілеу барысында калькулятор мен Менделеев кестесі компьютер экранында қолжетімді болды. Талапкерлердің пікірі мен қалауын ескере отырып, негізгі ҰБТ-да оларға Менделеев және тұздардың ерігіштік кестесінің қағаз нұсқасы берілді. «Информатика» пәнін қазақ тілінде тапсырушылар үшін терминдердің орысша және ағылшынша, орыс тілінде тапсырушыларға қазақша және ағылшынша, ағылшынша тапсырушыларға қазақша және орысша аудармасы ұсынылады. Тестілеу аяқталған соң әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау қолжетімді болды. Балалар өз нәтижелерін ғана емес, сондай-ақ қандай тақырыптардан қате жібергендерін көріп, ҰБТ-ның екінші мүмкіндігіне дайындығын жақсарта алды.

«Негізі Ғылым және жоғары білім министрлігі білімді талапкерлерді жоғары оқу орындарына қабылдауға мүдделі. Сондықтан ҰБТ өткізу барысында біз үшін академиялық адалдықты қамтамасыз ету маңызды», — Ұлттық тестілеу орталығының директоры.

Осы мақсатта 2022 жылы енгізілген «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты сақталды. Оқуға түсушінің тест тапсыру орнында негізгі камерадан басқа, тестіленушінің дыбысын жазу және қозғалысын тіркеу үшін алдыңғы веб-камера орнатылды. Фронталды веб-камера талапкердің жеке басын сәйкестендіруге және ҰБТ кезінде бөгде адамдардың кіруін болдырмауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл қағидат емтихан тапсыру барысына бақылау жүргізу және тестілеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет. Биыл ҰБТ-да бір де бір бөгде тұлға анықталған жоқ. 2021 жылы бұндай 18 жағдай, 2022 жылы 1 жағдай анықталған еді.

Сондай-ақ өткен жылдан бастап тест нұсқалары таңбалағанын атап өткен жөн. Яғни, ҰБТ-ға қатысушылардың әрқайсысының жеке тест нұсқасы болды.

ҰБТ өткізу барысында 402 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 312 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Кейбір тестіленушілерден жасырын камералар, микроқұлаққаптар, смартфондар және басқа да тыйым салынған заттар табылды. 

«Сонымен бірге біз барлық бейнежазбаға 2023 жылғы 31 қазанға дейін талдау жасаймыз. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері анықталса, талапкер білім беру грантынан айырылады. Естеріңізде болса, бұл норма 2020 жылы алғаш рет қолданылған еді. 2020 жылы бейнежазбаларды қайта қарау нәтижесінде 152 тестіленушінің, 2021 жылы 52 адамның, 2022 жылы 217 адамның нәтижесі жойылған болатын. Биыл да бұл жұмыс қолға алынды. ҰБТ-ға дайындық және тапсыру барысында біз талапкерлерді бірнеше рет академиялық адалдыққа шақырдық. Бұл оларға болашақта жақсы маман болуға мүмкіндік береді», — деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Оның айтуынша, өткізу форматы, уақыты өзгеріссіз қалды. Электронды форматқа көшкеннен бері аппеляция беру рәсімі жеңілдеді. Өткен жылдар сияқты аппеляцияны келесі күні емес, үміткерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде бере алады. Негізгі ҰБТ-2023 барысында 50 мыңнан астам өтініш келіп түсті, оның ішінде 805 өтініш қанағаттандырылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу