Биыл егде жастағы азаматтарды әлеуметтік қолдауға шамамен 4,6 млрд теңге бөлінді — С. Жақыпова

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау және қарт адамдарды әлеуметтік қолдау тақырыбында баяндама жасады. 

Министр осы орайда Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар іс-шараны жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Біріншіден, Светлана Жақыпованың айтуынша, платформалық жұмыспен қамтуды реттеу және онда жұмыс істейтін жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мақсатында осы жылдың соңына дейін Қаржы министрлігімен бірлесіп, интернет-платформалардың көмегімен қызмет көрсететін тұлғаларға салық нормаларын қолдану бойынша пилоттық жоба әзірленді; әлеуметтік төлемдердің мөлшерлемесін төмендету және оларды төлеу тетігін жеңілдету мақсатында Әлеуметтік және Салық кодекстеріне, сондай-ақ «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірленді. Бұл ретте тіркелген мөлшерлемесі бар оңайлатылған салық режимін 2025 жылдан бастап енгізу ұсынылады.Оол 4%-ды құрайды. Оның ішінде: жеке табыс салығы – 1%, әлеуметтік аударым – 1%, міндетті зейнетақы жарналары – 1%, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары – 1%.

Екіншіден, елімізде жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелдердің алдын алу және оларды болдырмау мақсатында 2030 жылға дейін қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы әзірленетін болады. Ол жыл соңына дейін Үкіметтің қарауына енгізіледі. Атап айтқанда, жұмыс орнында кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың жаңа моделін енгізу, кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша сақтандыру тарифін саралау, кәсіпорындардың цифрлық картасын құру және еңбекті қорғау саласында мемлекеттік бақылау мен мониторингтің проактивті форматын енгізу және т.б. ұсынылады.

Үшінші, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін және 55 жасқа толған адамдарға арнайы төлемдер беру үшін жыл соңына дейін Азаматтық және Әлеуметтік кодекстерге, «Қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» заңға өзгерістер енгізілетін болады»; 25 қазанға дейін қаржы реттеушімен бірлесіп, қаржыландыру көздері айқындалады, сондай-ақ «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына өзгерістер енгізіледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы санаттағы азаматтар үшін 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемді енгізу мәселесі пысықталуда.

Төртіншіден, ең төмен жалақы мөлшерін 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін арттыру жөнінде шаралар қабылданды. Ең төмен жалақы (ЕТЖ) мөлшерін ұлғайту «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында көзделген.

«ЕТЖ-ны арттыру әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда барлық сала бойынша жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде бюджет саласындағы 350 мыңға жуық азаматтың табысына оң әсерін тигізеді», — деді Светлана Жақыпова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Дүниежүзілік банктің сарапшыларымен бірлесіп, ең төмен жалақының мөлшерін айқындау әдістемесін әзірледі, оған сәйкес ЕТЖ мөлшері орташа жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалатын болады. Ең төмен жалақы мөлшерін айқындау әдістемесін заңнамалық тұрғыда бекіту бойынша Еңбек кодексіне өзгерістер әзірленді.

Бесінші, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек нарығын дамытудың кешенді жоспарының жобасын дайындады, осы жылдың қазан айында Үкіметке енгізіледі. Бүгінгі таңда еңбек нарығы бәсекеге қабілетті, болжамды және бейімделгіш еңбек нарығын құруға бағытталған одан әрі дамуды қажет етеді, оның маңызды басымдығы – жаңа және сапалы жұмыс орындарын құру.

Өнеркәсіп (тау-кен өндіру, өңдеу, энергетика, сумен жабдықтау), құрылыс, көлік саласы сияқты экономиканың негізгі нақты секторларын индустрияландыру, сондай-ақ сауда мен қызметтерді, ауыл шаруашылығын, IT саласын, өнер мен туризмді, сондай-ақ қорғаныс өнеркәсібін дамыту қажет. Жаңа технологияларды енгізу және ілгерілету қажет. 

«Жұмыс уақытының икемділігіне, жұмыспен жеке өмірді қатар алып жүруге мүмкіндік беретін жұмыспен қамтудың жаңа түрлерін құру сапалы жұмыспен қамтудың өсу драйвері болуға тиіс», — деді Светлана Жақыпова. 

Сонымен қатар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Қазақстанда Халықаралық қарттар күнін атап өту шараларына тоқталды.

«Қазіргі уақытта барлық өңірде осы мерейлі мереке құрметіне аға ұрпаққа лайықты қамқорлық пен құрмет көрсетуге бағытталған қарттарды әлеуметтік қолдау айлығы өткізіледі. Қазақстанда 2,3 млн-нан астам зейнеткер тұрады. Олардың зейнетақысын арттыру шаралары жүйелі түрде, тұрақты негізде жүргізіліп отыр», — деді Светлана Жақыпова.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді жыл сайын индекстеу аясында ынтымақты зейнетақылардың өсіміі 10,5% (инфляция деңгейінен 2%-ға жоғары) болды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылы ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 60%-на дейін, ортақ зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын ең жоғары табыстың шамасы 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылды.

«Қарт адамдарды қолдау және оларды қоғамдық өмірге тарту үшін басқа да шаралар жүзеге асырылуда. Республикада 79 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды, нысандар тұрақты түрде жұмыс істейді. Олардың қызметі егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, белсенді ұзақ өмір сүруге ынталандыруға, егде жастағы адамдардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған», — деді еңбек және әлеуметтік қорғау министрі.

Светлана Жақыпованың мәлімдеуінше, 2023 жылдың басынан бастап жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында егде жастағы азаматтарды әлеуметтік қолдауға шамамен 4,6 млрд теңге бөлінді, оның ішінде дәрі-дәрмек, отынмен қамтамасыз ету, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүру, санаторий-курорттарда ем қабылдау және т. б. шаралары бар.

Сондай-ақ бірқатар өңірде қарттар мерекесіне орай Астана, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан мен Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Республика күніне (25 қазан) Ақмола және Павлодар облыстарында 234 мыңнан астам аға буын өкіліне 2-ден 10 АЕК-ке дейінгі мөлшерде біржолғы материалдық көмек көрсетілетін болады.

«Жалпы Мемлекет басшысы алға қойған барлық міндет Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес уақытылы орындалатынын атап өткім келеді», — деді Светлана Жақыпова.

Әрі қарай еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі журналистердің сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, министр ең төменгі жалақыны 300 мың теңгеге көтеру бастамасына қатысты түсінік берді.

«Келер жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болады. Жалпы бұл сома шекті болып саналады. Яғни, жұмыс берушілер қызметкеріне осыдан төмен айлық төлемеуі тиіс. Сондықтан біз бұл мөлшерді ең төменгі стандарт деп қабылдауымыз керек. Ол барлық қазақстандық 85 мың теңгеге өмір сүріп жатыр дегенді білдірмейді. Ал Қазақстанда ең төменді жалақыны 300 мың теңге етіп белгілесек, әрине жақсы болар еді. Дегенмен біз шағын және орта бизнес жайлы да ойлауымыз керек. Атап айтқанда, олар 300 мың теңгеден төмен айлық төлемеуі керек және бұған қоса әлеуметтік төлемдер жасайды. Сондықтан ол кәсіпкерлерге ауыр тиеді. Бұл ретте 85 мың теңге қызметкердің қандай да бір біліктілік талабына қарамастан төленетінін айта кету керек», — деп түсіндірді Светлана Жақыпова БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Еске салайық, 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңге дейін көтеруді тапсырған еді.

#Брифинг #Мемлекет басшысының Жолдауы #ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі #Әлеуметтік қорғау

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу