Биылғы алты ай ішінде 7 мың жаңа жұмыс орны ашылды — Асайын Байханов

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Павлодар облысының әкімі Асайын Қуандықұлы Байханов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады. Өз кезегінде спикер облыстағы экононмикалық көрсеткіштерге, экологиялық жағдайға, денсаулық сақтауға, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына жан жақты тоқталды.

Бүгінгі таңда Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарлары – ұлттық және өңірлік стратегияларға негізделе отырып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жолдауларына сәйкес жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Оның айтуынша, өңірдің барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері – оң динамикаға ие.

Бүгінде Павлодар облысы – электр энергия мен көмір өндіру, химия өнеркәсібі, мұнай өңдеу және машина жасау көлемін едәуір арттырып келеді. 

«Жыл басынан бері Павлодар облысының экономикасына 235 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға көп. Ең маңыздысы, оның 84%-ы жеке инвесторлардың қаражаты (196,9 миллиард). Жалпы, көлемі 2 трлн теңгеден асатын ауқымды 113 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу қарастырылды. Өкінішке қарай, біздің аймақ елімізде ластаушы заттардың атмосфераға шығарылуы бойынша көш бастап отырған облыстардың бірі екенін білесіздер. Олардың жалпы көлемі 2022 жылы 727 мың тоннаға жуық болды. Бұл көрсеткіш бізден қоршаған ортаға тигізер залалды азайту және кәсіпорындарды кешенді экологиялық рұқсаттарға біртіндеп көшіру бойынша белсенді жұмысты талап етеді», — деді өңір әкімі.

Келтірілген ақпаратқа сүйенсек, осы жылдың І тоқсанында облыс бойынша эмиссиялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі үш аймен салыстырғанда шамамен 1%-ға немесе 1,8 мың тоннаға қысқарды (2022 жылы – 191,9 мың тонна; 2023 жылы – 190,1 мың тонна).

«Экология мәселелері бізді аймақтық денсаулық сақтау жүйесін күшейтуге мәжбүр етіп отыр. Себебі, біздің өңір онкология сырқаты бойынша өкінішке қарай, республикада 3-ші орында тұр. Осыған байланысты өңірлік денсаулық сақтау саласында бұрын соңды болмаған жаңа құралдармен жабдықтап, оларды тиімді қолдану арқылы, науқастарға ерте диагностика жасауды кеңейту есебінен, онкологиялық науқастардың 5 жылдық өмір сүру көрсеткіші 51%-дан 57%-ға дейін арттырылды», — деп мәлімдеді А. Байханов.

Оның айтуынша, биыл 16 денсаулық сақтау нысандарын жөндеу мен жаңарту жұмыстарына 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

2024 жылдың наурыз айына дейін облыс орталығындағы №1 қалалық аурухананы ауқымды жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2 жыл ішінде 15 мың ауыл тұрғыны үшін жаңадан 30 медициналық нысан, оның ішінде 2 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік және 23 медициналық пункт салу жоспарланып отыр. 

Сонымен қатар биыл 37 жаңа санитарлық көлік сатып алынып, алдағы 2 жылда көлік қажеттілігі толығымен шешілмек.

«Облысты дамыту мәселесіне келсек, оны әрине, инфрақұрылымсыз, оның ішінде көлік инфрақұрылымын жаңғыртусыз жүзеге асыру мүмкін емес. Осы мақсатта 2023 жылы 136 жоба іске асырылып, облыстық және аудандық маңызы бар 656 шақырым жолды, сондай-ақ елді мекендердің көшелерін жөндеу жоспарланып отыр. Осы мақсаттарға біз 27 млрд теңге (+60%) көлемінде қаржы бөлдік, бұл рекордтық көрсеткіш. Біз 3 жыл ішінде облыстың барлық елді мекендерінің кіреберіс жолдарын жөндеуді мақсат етіп отырмыз», — деп айтып өтті облыс басшысы.

Оның келтірген мәліметіне сүйенсек, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында биылғы қыркүйек айында Павлодарда Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Басымдық – қоғамдық көлікті дамыту екенін айтқан өңір әкімі трамвай бағыттарын кеңейтуді және келесі екі жылда 70 вагонды жаңартуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Оның айтуынша, өңірдің үш қаласында қоғамдық көліктің жылжымалы құрамы жаңартылып, төменгі қабатты заманауи 135 автобус жеткізілген.

«Жалпы, Павлодар облысындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 1.438 км, олардың орташа тозуы – 82%-ды құрайды. Былтырғы күрделі жылыту маусымынан кейін өңірдің инженерлік инфрақұрылымын жаңарту басты назарда екені сөзсіз. Осы орайда, облыстың үш қаласында 22 млрд теңге сомасына 52 км жылу желілерін салу, реконструкциялау және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деді Асайын Қуандықұлы.

Сонымен қатар ол Екібастұз қаласы өткен жылыту маусымында төтеннен келген қиын жағдайды бастан өткергенін, қазіргә таңда қаланың жылумен жабдықтау жүйесінде ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Оның мәлімдеуінше, Екібастұз ЖЭО-да 2 қазандық жөнделген. Қалған 8 қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оған қажетті барлық материалдар мен жабдықтар сатып алынған. Жеткізу және монтаждау жұмыстары жүріп жатыр.

Сонымен қатар қалалар мен ауылдарды сумен қамту және су бұру саласында бірқатар жобалар жүзеге асырылатын болады. Ауылдарды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жыл соңына дейін 95-тен 97,8%-ға дейін, ал, қалаларда 96-дан 97%-ға дейін өспек.

«Тұрғын үй құрылысы жағдайын айтар болсақ, биыл 1824 тұрғынымызға арналған, жалпы көлемі 127 мың шаршы метрді құрайтын 17 көпқабатты үй салынып жатыр. Сондай-ақ өңірімізде ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бүгінгі таңда егіс алқабы 1,6 млн гектарға дейін өсті, өткен маусымға қарағанда 50 мың гектарға артты», — деді облыс басшысы.

Оның айтуынша, суармалы жерлердің көлемі биыл 9 мың гектарға ұлғаймақ. Өңірдегі 137 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығына қажетті жерлер қайтарылып, айналымға берілген. 

Былтырғы жылмен салыстырғанда, ауылдардағы жайылым тапшылығы 2 есеге қысқарған.

Сондай-ақ өңірде «Ауыл Аманаты» жобасы аясында жеңілдікпен несие беру басталды. Жаңа жұмыс орнын құратын 300-ден астам жоба қарастырылды. 161 жоба иелері несиелерін алып, кәсіптеріне кірісті.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 35 мың тұрғыны бар 26 ауылдың инфрақұрылымын жаңартуға кірістік. Ауыл ішіндегі 89 шақырым жолды асфальттау, 60-тан астам көшені жарықтандыру, 22 әлеуметтік нысан салу және жөндеу қарастырылды», — деді ол.

Агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты өсу қарқыны әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын қалыптастыруға оң әсер етеді. Өңірде азық-түлік өнімдерінің 11 түрі бойынша 1-сұрыпты ұн, 1-сұрыпты ұннан жасалған нан, қарақұмық жармасы, күнбағыс майы, сиыр еті, сүт және айран 2,5%, сүзбе, картоп, сәбіз бағасы республикадағы орташа деңгейден төмен. Бұған 273 серіктес дүкен арқылы сатылатын 14 мың тонна өнімі бар облыстың тұрақтандыру қоры да көмектеседі.

Дәл осындай фермерлік базарларды Екібастұз бен Ақсуда салу жоспарлануда.

«Алқаптан сөреге дейін» қағидаты бойынша азық-түлік өнімдерін сататын облыстағы алғашқы мамандандырылған диқандар базары қарқынды жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта Екібастұз бен Ақсу қалаларында да осындай диқан базарларын салу жоспарланып отыр.

Келтірілген мәліметке сәйкес, Мемлекет басшысының әрбір 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру туралы тапсырмасын орындау аясында облыста биылғы 6 ай ішінде 7 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 есе көп. Сонымен қатар биыл өңірдің 48 кәсіпорнында 50 мың қызметкердің жалақысы орта есеппен 14%-ға өсті.

«Білімсіз білікті жұмысшы болуы мүмкін емес. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 5,5 мың орынға арналған жаңа форматтағы 5 мектеп салынады. Соның екеуін биыл бастауды жоспарлап отырмыз», — деді өңір басшысы өз сөзінде.

Оның айтуынша, биыл облыстың үш ауылында жаңа мектептер салу арқылы апатты мектептер мәселесін толығымен шешу жоспарланып отыр.

Ал, 2026 жылға дейін облыста жаңартуды қажет ететін 176 мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

Қалалар мен аудандарда аулаларды кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл облыстың қалалары мен ауылдарының 230-дан астам ауласына абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Бұқаралық және кәсіби спортты дамыту мақсатында биыл 14 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 300-ден астам түрлі форматтағы жаңа спорт алаңдарын салу жоспарланып отыр.

«Біз – халықпен тұрақты кездесулер барысында және әлеуметтік желілер арқылы барлық атқарылып жатқан жұмыстарға есеп беріп, жоспарларды белсенді түрде талқылаймыз», — деп мәлімдеді өңір әкімі.

Жыл басынан бері «Е-өтініш» платформасы арқылы 30 мыңнан астам өтініш қабылданып, мәселелердің 60%-дан астамы оң шешімін тапты, 34%-ына түсініктемелер берілді, қалған 6%-ы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ тұрғындардың сұраныстарын кеңінен қамту үшін ірі кәсіпорындар мен қалалардың қоғамдық орындарында өткізілетін «Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні» атты жобасы іске асырылады.

«Жергілікті биліктің барлық жұмысы өңір тұрғындарының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған, бұл – біздің жұмысымыздың басты міндеті және негізгі көрсеткіші екенін айтқым келеді», — деп қорытындылады сөзін Асайын Байханов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу