Елімізде 82 елдің азаматы үшін визасыз режим қолданылады

ҚР туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің депутаттарымен өткен кездесуге өткізді.

ҚР туризм және спорт министрлігі дене шынықтыру және спорт, туризм, ойын бизнесі мен лотерея қызметі салаларына жетекшілік етеді.

Жалпы алғанда, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Министрлік қызметінің бағыттарында оң динамика байқалды.

«Дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын адамдар саны 510 мыңнан артып, жалпы саны 8 млн-нан асты. Бұл халықтың 40,4%-на тең. Оның 3 млн-нан астамы ауылдық жерде айналысады. Осы орайда біз спортқа балаларды көбірек тартуға ерекше назар аударамыз. Былтыр 984 мың бала мен жасөспірім спортпен қамтылған», — деді Ермек Маржықпаев.

Сонымен қатар ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылық артып келеді. Онымен жүйелі түрде айналысатындар саны 2022 жылы 584 мың адамды, ал 2023 жылы 619 мың адамды құрады. Бұл спортпен айналысатындардың жалпы үлесінің 8,7%-ына сәйкес.

Бұқаралық спортты, спорттық инфрақұрылымды дамыту – дені сау ұлтты қалыптастырудағы басты міндет.

Спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру мемлекеттің ерекше бақылауында 2023 жылдың қорытындысы бойынша халықтың 1000 адамға шаққандағы спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 52%-ды құрады.

Нақты қажеттілікті анықтау және қолданыстағы спорт нысандарын тексеру үшін еліміздің барлық өңірінде ауқымды инвентаризация жүргізілді. Соның нәтижесінде республика бойынша 43 мыңнан астам нысанның 7 мыңнан астамы расталмады.

«Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді жою жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Оның аясында республиканың 414 нысанында құрылыс, реконструкциялау және жөндеу жұмыстары жоспарланған. Басымдық ауылдық жерлердегі объектілерге берілетіні сөзсіз», — деді министр.

Өткен жылы Алматы облысында бірегей республикалық олимпиадалық даярлық базасы пайдалануға берілді. Нысан бір мезгілде 2300 спортшыға 23 олимпиадалық спорт түрімен айналысуға мүмкіндік береді және жыл бойы жұмыс істейді. Биыл мұнда 26 оқу-жаттығу жиыны өтеді.

«Президент тапсырмасы бойынша Астанадағы Ұлттық спорт университетінің құрылысын жылдам аяқтауға тырысамыз. Соның нәтижесінде, біз кадрларды даярлаудың үздіксіз процесін қамтамасыз етеміз», — деді туризм және спорт министрі.

Колледжде 500 адам, университетте – 2 560 адам оқиды. Оның ішінде 2 500 бакалавриат студенттері, 60 магистранттар мен докторанттар.

Мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру үшін Министрлік саланы басқаруды, оның заңнамалық базасын жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде. Спорт мәселелері бойынша салалық заңнамаға түзетулер әзірленді. 

Қазақстан құрамасы спорттың 20 түрінен XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына қатысады. Париждегі XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына ұлттық құрама командалар дайындалуда. Қазақстан құрамасы спорттың 20 түрінен қатысуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта спорттың 13 түрі бойынша 33 лицензия бар.

Ұлттық құрама Олимпиадаға дейін тағы 40-тан астам лицензиялық және рейтингтік жарыстарға қатысады. Бұған қоса, лицензия мен Олимпиада медалын жеңіп алуға мүмкіндігі бар 56 потенциалды спортшыдан тұратын пул құрылды.

Олимпиадаға дайындық Штабы жұмыс істейді. Штаб барлық мүдделі тараптың өзара іс-қимылын үйлестіретін орталық ретінде қызмет етеді.

Сондай-ақ олимпиадалық форманың дизайнына қатысты 15 сәуірде комиссия жұмысының қорытындысы шығарылып, конкурс жеңімпазы анықталды.

«Форманы эскиз бойынша тігуге толықтай спонсорлық қаражат тартуды жоспарлап отырмыз. Бұл сапаны жақсартуға және спортшылардың қалауларын ескеруге мүмкіндік береді», — деді министр.

Келесі маңызды оқиға – елордада Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарын өткізу.

Ойындарға 100-ден астам елден жалпы саны 3000-ға жуық адамнан тұратын делегациялар қатысады деп күтілуде. Бүгінгі таңда 75 ел қатысатынын ресми түрде растады. 21 наурызда Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының кері санақ тақтасы салтанатты түрде іске қосылды.

Қазіргі таңда ойындарға билеттер сатыла бастады. Бүкіл ел бойынша жарнамалық науқанның «екінші толқыны» басталды. Спорттық ойын бағдарламасы 20 жарыстық және 10 көрнекі спорт түрін қамтиды. 110 медаль жиынтығы ойнатылады. Жарыс ат спорты, ұлттық күрес, садақ ату, құсбегілік, дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша өтеді. Ойындарды сапалы ұйымдастыру және өткізу үшін Туризм және спорт министрлігі барлық қажетті жұмыстарды жүргізіп жатыр.

«Оң нәтижелермен бірге, әлі де жұмыс істеп, жетілдіруді қажет ететін проблемалық сұрақтар бар екенін жасырмаймыз. Мәселен, елімізде спорттық медицина тиісті деңгейде дамымаған. Шетелде спортшыларға тұтас ғылыми-зерттеу институттары, зертханалар жұмыс істейді. Біздің елде бұл жұмысты Министрлік жанындағы Спорттық медицина және оңалту орталығы, өңірлік деңгейде – 11 облыстық және қалалық диспансерлер жүргізеді», — деп тоқталды Ермек Маржықпаев.

Бүгінгі таңда орталықтың ресурстары 13 000 спортшының тек 5000-нан астамын тереңдетілген медициналық тексерумен қамтуға мүмкіндік береді, бұл тек 44% құрайды.

Екі өңірде диспансердің функцияларын спорт ұйымдарының құрылымдық бөлімшелері орындайды. Ал 7 өңірде мұндай мекеме мүлдем жоқ. Сондай-ақ спорттық медицина мамандары да тапшы екенін атап өткен жөн.

Проблемалық сұрақтарды шешу үшін:

  • спорттық медицина және оңалту орталығының материалдық-техникалық базасын жаңарту керек;

  • спортшыларды тамақтандыру нормалары мен фармакологиялық қамтамасыз ету тізбесін қайта қарау қажет.

Қордың қаражатын фармакологиялық және қалпына келтіру құралдарын сатып алуға, сондай-ақ ұлттық құрама командалардың спортшыларын сапалы медициналық байқаудан өткізуге бөлу қажет.

«Сонымен қатар спорттық резервті дайындауда жергілікті атқарушы органдардың кемшіліктері бар. Мәселен, 6 өңірде спорт резервін даярлау мектеп-интернат-колледжі жоқ. Ал Алматы қаласының балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің желісі ең төменгі мемлекеттік нормативтерге сәйкес келмейді. Осыған байланысты жергілікті бюджет қаражаты есебінен Астана, Шымкент қалаларында, Абай, Ұлытау, Алматы, Маңғыстау облыстарында олимпиадалық резервтегі спорт мектеп-интернат-колледждерін және Алматыда 3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебін ашу қажет», — деді министр.

Сонымен қатар қоғамда жиі талқыланып жүрген мәселелердің бірі – ел спортына легионерлерді тарту.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет 113 жаңа спорт нысанын салу, 20-сын қайта жаңарту және жұмыс істеп тұрған 6 спорт нысанын толық жарақтандыру жөніндегі жоспар-кестені бекітті.

2023 жылдың қорытындысы бойынша жоспардан артта қалу 15 өңірде 52 объект бойынша байқалады: Қарағанды және Жетісуда – 6, Абай, Атырау, Алматы, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында – 4, Астана қаласында, Жамбыл, Түркістан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарында – 3, Қызылорда облысы мен Алматы қаласында – 2, Ақтөбе облысында – 1 объект.

«Сондай-ақ саланы цифрландыру мәселесі біздің жіті назарымызда. Бұл бағытта Министрлік жыл соңына дейін «Дене шынықтыру мен спорттың ұлттық цифрлық платформасы» ақпараттық жүйесін құру жөніндегі жұмыстарды жүргізетін болады. Бұл мәселелерді шешу жолындағы жұмысымыз көзге көрінбейтін болғанымен де, біз барлық күш-жігерімізді салып, ауқымды жұмыстар атқарып жатырмыз», — деді туризм және спорт министрі.

Туризм және спорт министрлігі қызметінің тағы бір маңызды бағыты – туризм индустриясы.

Ресми статистикаға сәйкес, 2023 жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 9,6 млн адамды құрады.

Орналастыру орындары арқылы қызмет көрсетілген шетелдік туристер саны 17%-ға немесе 150 мыңға артып, шамамен 1,1 млн адамды құрады.

Орналастыру объектілері 229 млрд теңгеге қызмет көрсетті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 46 млрд теңгеге артық (183 млрд теңге).

«Сонымен бірге өңірлерде заманауи қонақ үйлердің жетіспеушілігіне баса назар аудару қажет, олар көбінесе Астана және Алматы, Шымкент қалаларында, Түркістан және Маңғыстау облыстарында ғана ашылуда. Ал қалған өңірлерде жоқ деуге болады. Жалпы алғанда, еліміздің туристік әлеуеті зор, мемлекет тарапынан мүмкіндіктер берілуде. Бұл бағытта біз бизнес өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсету мақсатында жеңілдікпен несие беру сияқты өзге де жаңа шараларды іске қосып жатырмыз», — деді министр.

Сондай-ақ визалық көші-қон режимін жетілдіру де маңызды. Бүгінде 82 елдің азаматы үшін визасыз режим қолданылады. Әлемнің 117 елі үшін электронды визаларды енгізілді. Республиканың 12 халықаралық әуежайында «ашық аспан» режимі жұмыс істейді. 14 күндік визасыз режимді енгізудің нәтижесінде Қытайдан келушілер саны 20 есеге ұлғайды (18 мыңнан 360 мыңға дейін), ал Үндістаннан келушілер үш есеге артты (28 мыңнан 78 мыңға дейін).

Туризм индустриясының қарқынды дамуының маңызды факторы – мемлекеттік қолдау шаралары. 2023 жылы мемлекеттік қолдаудың барлық шарасы бойынша оң динамика байқалады. Барлық шаралар бойынша турбизнестен мақұлданған өтінімдердің жалпы көлемі 817 млн теңгені құрайды. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 8 есе көп (2023 жыл – 104,4 млн теңге).

Сонымен бірге туризмді дамыту бойынша жаңа бастамаларды іске асыру көзделген.

Атап айтсақ:

  • инфрақұрылымды дамыту және салу бойынша жергілікті атқарушы органдарға өкілеттік беру, инвестордың шығындарын өтеу;

  • глэмпингтер мен қонақ үйлерді, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге салу кезінде қолдау;

  • орналастыру орындарын жіктеу және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

2024 жылдың ірі оқиғасы Қытайдағы қазақстандық туризм жылы аясында 28-29 наурызда Бейжіңде туризм жылының ашылу салтанаты өтті. Оның аясында Туризм мен инвестицияларды дамыту бойынша форум ұйымдастырылды. Оған 500-ге жуық адам қатысты. Екі елдің туристік сала өкілдері арасында екіжақты 24 құжатқа қол қойылды. Қазақстан мен Қытай бизнес өкілдері арасында іскерлік байланыстар орнатылды.

Бұдан бөлек, 5 халықаралық туристік көрмеге қатысу, Ctrip.com платформасы арқылы онлайн кеңістікте ілгерілету және өзге де таныстыру турларын ұйымдастыру көзделген.

Заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес және лудоманияға қарсы іс-қимыл салаларын заңнамалық жетілдіруде үлкен қолдау көрсетіліп жатыр.

Заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге, сондай-ақ лудоманияның алдын алуға бағытталған
2 кодекс пен 7 заңға заңнамалық түзетулер әзірленді.

Атап айтқанда, мынадай нормаларды енгізу бойынша:

- спорт және спорттық БАҚ салаларын қоспағанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салу;

- борышкерлердің бірыңғай тізіліміндегі адамдардың құмар ойындарға қатысуына тыйым салу;

- өзін-өзі шектейтін адамдарды құмар ойындарға және париге жібергені үшін әкімшілік жауапкершілік;

- интернет-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік.

Бұдан бөлек, құмар ойындарына қатысудан өз-өзін шектейтін онлайн қызмет іске қосылып, қазіргі таңда бұл қызметті 30 мыңға жуық адам қолданды.

«Біз бұл бағытта үнемі тиісті жұмыстарды атқарып келеміз. Тексерістер жүргізіп, казиноларды жабудамыз», — деді министр.

Сонымен қатар жүргізілген тексерулер мен талап-арыз жұмыстары шеңберінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша 9 букмекерлік кеңсе, 5 тотализатор және 1 ойын автоматтары залының, 3 ойын автоматтары залының лицензиялары тоқтатылды.

«Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн-казино, заңсыз букмекерлік кеңселер және т. б. сипаты бар 4,5 мыңға жуық интернет-ресурстар мен сілтемелер бұғатталды.

«Елімізде су тасқыны мәселесі орын алып жатыр. Біздің Министрлік те тұрақты түрде қолдау, көмек көрсету шараларына қатысып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді атсалысуда. Олимпиада, әлем және Азия чемпиондары, барлық спортшылар белсенді жұмыс істеп, өңірлерде қол ұшын беруде», — деп тоқталып өтті министр.

«Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігі тасқын басталған күннен бастап демеу күткен халыққа дер кезінде көмек пен қолдау көрсетіп келеді.

«Осындай жағдайда жастарымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» өскелең ұрпаққа үлгі болып отыр. Біз де қиын кезеңде елмен, халықпен бірге болып, барынша қолдау жасап жатырмыз», — деп министр сөзін түйіндеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу