Елімізде «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы іске қосылды — Ғани Бейсембаев

Сапалы білімнің негізі ұстаздардың әлеуетін үздіксіз арттыруда жатыр. Бұл туралы ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. 

ҚР оқу-ағарту министрі Ғ.Б. Бейсембаев ең әуелі еліміздегі білім беру саласында атқарылып жатқан шараларға қысқаша тоқталды. 

«Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі, орта және кәсіптік білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізеді. Әр баланы саналы тәрбие мен сапалы біліммен қамтамасыз ету – басты міндетіміз. Бұл – 22 мыңнан астам білім беру ұйымында 6 млн-ға жуық баланың қатысуымен 500 мыңнан астам ұстаздың атқарып отырған жұмысы екенін ерекше атап өткім келеді», — деді спикер сөз басында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына әрдайым қолдау көрсетіп, оның дамуына серпін беретін нақты міндеттерді жүктеп отыр. Аталған міндеттерді сапалы атқару мақсатында Оқу-ағарту министрлігі балалардың білім беру қызметтеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету, кадрлық әлеуетті күшейту, білім беру инфрақұрылымын дамыту, қауіпсіз орта қалыптастыру бағыттарында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Сапалы білімнің негізі – ұстаздардың әлеуетін үздіксіз арттыру. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесі түбегейлі қайта құрылуда. Биыл 142 мың мұғалім біліктілігін арттыру курстарына қабылданады. Бұл ретте ауыл мұғалімдеріне басты назар аударылып отыр. Олардың үлесі 70%-ды құрайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аса өзгермелі жағдайларда басқаруға дайын кәсіби көшбасшыларды іріктеу және даярлау үшін «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы қолға алынды. Бүгінде аталған жобаның бірінші кезеңі аяқталды.

«Қазіргі уақытта “Болашақ” халықаралық бағдарламасы аясында 210 қазақстандық педагог “Педагогика” және “Білім” бағыттары бойынша шетелде тағылымдамадан өтуде. Мұғалімдерді ынталандыру мақсатында қазіргі тәжірибелі топ-менеджерлер “Болашақ” бағдарламасымен 3-6 айлық тағылымдамадан өту үшін шетелге жіберіледі», — деп түсіндерді министр.

Сонымен қатар ведомство басшысының мәлімдеуінше, педагогтерді аттестаттау процесі өзгермек. Аталған жүйені автоматтандыру үшін ұлттық платформа әзірленіп жатыр. Бұл – объективтілік пен ашықтықты айтарлықтай арттырады. 

2024 жылдың қаңтарында Платформа Шығыс, Батыс, Солтүстік және Түркістан облыстарында пилоттық режимде іске қосылады. 

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУ

Бүгінде 11 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйымға 1 млн-ға жуық бала барады. 2-ден 6 жасқа дейін бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткіші – 89,5%-ды құрайды. Мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын шешу мақсатында алдағы уақытта жаңадан балабақшалар ашу жұмыстары жалғасады. Биыл 81 мың жаңа мекеме пайдалануға беріледі.

«Мектепке дейінгі ұйымдардағы орындарды бөлуде ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету мақсатында Балабақшаға кезекке қоюдың бірыңғай деректер базасы әзірленіп жатыр. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграция жүргізу арқылы ата-аналардың құжаттарды жинауы қажет етілмейді, барлық деректер автоматты түрде расталады», — деді спикер.

Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында 1 қыркүйектен бастап балабақшаға баратын 97 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтылып отыр. Салаға кәсіби мамандарды тарту мақсатында қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің жалақысы 30%-ға артты және бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады.

ОРТА БІЛІМ БЕРУ 

Орта білім беру саласындағы жұмыс – инфрақұрылымды дамыту, үш ауысымдық, апатты мектептердің мәселелерін жүйелі шешуге бағытталған. Осы орайда Мемлекет жаңа мектептердің құрылысын бастады.

Биыл 1 қазанға дейін елімізде 78,5 мың балаға арналған 77 мектеп ашылды. Жыл соңына дейін түрлі қаржы көздері есебінен 137,7 мың орынға арналған 165 мектепті, оның ішінде Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 77 мың орындық 62 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл 12 апатты және 29 үшауысымды мектептің мәселесін және 113 ауылдық елді мекендердегі орын тапшылығын шешуге ықпал етеді. 

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде биыл 217 мектептің құрылысын бастау көзделген. Жалпы елімізде алдағы екі жылда барлығы 740 мың орындық 369 жайлы мектеп салу жоспарланған. Сондай-ақ биыл жоспарланған 260 мемлекеттік мектептің 206-сында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

Қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту мақсатында 1000 ауыл мектебін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде 900-ге жуық мектепті жаңғырту аяқталды. 

Сонымен қатар робот техникасы, STEM, химия, физика, биология пәндерінен заманауи 1000 кабинет ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде 958 мектеп заманауи кабинеттермен жабдықталды. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін толық орындалады. 

Атқаралып отырған жұмыстар үшауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің жойылуына, оқушылардың білім алуына жайлы жағдай жасауға, жалпы білім сапасын арттыруға ықпал етеді. 

Бүгінде мектеп оқулықтарын цифрлық форматқа көшіру жыл басынан бері 80%-дан 93%-ға артты. Оның мақсаты – инновациялық әдістерді пайдалана отырып, ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім беру сапасында кездесетін алшақтықты жою. 

Соңғы 3 жылда еліміздегі оқушылардың халықаралық олимпиадаларға қатысу рейтингі медаль санының көбеюі және білім беру сапасының артып келе жатқанын көрсетеді.

«Біз олимпиадалар барысында бәсекеге қабілетті дарынды ұрпақ тәрбиелеуге міндеттіміз. Біздің мақсатымыз – зияткерлік дарынды балаларды анықтау, дамыту және оларды қолдап, жетістікке жетелеу», — деді министр.

Биыл әлемдік ең беделді халықаралық пән олимпиадаларынан оқушыларымыз жүлдемен оралды, ел қоржыны 23 медальмен толықты. Оның 2-уі алтын, 11-і күміс, 10-ы қола медаль. Оқушылардың әлеуетін дамыту мақсатында өткен жылы заңнамалық деңгейде Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына және оларды дайындаған педагогтерге материалдық сыйақы төлеу нормасы енгізілді (алтын медаль – 1500 АЕК; күміс медаль – 1000 АЕК; қола медаль – 500 АЕК). 

«Сонымен қатар сіздермен бөлісетін жақсы жаңалығымыз бар. Елімізде тұңғыш рет әлемдік ең беделді 7 олимпиаданың қатарына кіретін Халықаралық биологиялық олимпиада (IBO 2024) Астана қаласында өткізіледі. Елордаға келіп жатқан Халықаралық олимпиаданы ұйымдастыру комитетінің төрағасымен бүгін кездесу өткізуді жоспарлап отырмын. Ерекше атап өтетін жағдай, биыл балаларымыз Робототехника бойынша әлемдік бәйгеде 2-ші рет әлем чемпионы атанды. Бүгінде робототехникадан Халықаралық байқау Қарағанды қаласында басталады», — деп мәлімдеді спикер.

Министрдің айтуынша, қала мен ауыл арасындағы алшақтықты жою бағытында биыл алғаш рет ауыл мектептері оқушыларының арасында Республикалық олимпиада өткізу жоспарланған. Келешекте бұл олимпиада ауыл балаларының халықаралық деңгейге шығуына интеллектуалдық лифт болары сөзсіз. 

Биылғы оқу жылының тағы бір жаңалығы – тәрбие мәселесіне баса көңіл аударылып отыр. Нәтижесінде, «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» әзірленіп, барлық мектептерге енгізілді. Оның мақсаты жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бағдарламаның басты ерекшелігі – бала тәрбиесінде «ата-ана–мектеп–қоғам» ынтымақтастығын нығайту.

Сонымен қатар әр ата-ананы педагогикалық тұрғыдан қолдау мақсатында барлық білім ошақтарында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» ашылып отыр.

БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ТАМАҚТАНУ МӘСЕЛЕСІ

Сарапшылар мектепте ыстық тамақ беру бала ағзасына және интеллектуалдық дамуына оң ықпал ететінін дәлелдегені белгілі. Осы орайда тамақтану мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. 

Бұған дейін еліміздегі 9 өңірде ғана оқушылар тегін ыстық тамақпен қамтылған болса, биылғы 1 қыркүйектен бастап барлық өңірдегі 1,4 млн бастауыш сынып оқушысы мен 5-11 сыныптар аралығындағы 200 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары мектептерде тегін тамақтанады.

Бүгінде Министрлік тамақтандыру жүйесінің нормативтік-құқықтық базасын жетілдірді.

Атап айтқанда:

  • қызмет көрсетушілер алдын-ала СЭС қорытындысын алуы тиіс;

  • қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі, медицина қызметкерінің өкілдерінен құралған бракераж комиссияларының қызметі күшейтілді.

Қабылданған шаралар тамақтану сапасын жақсартуды ғана емес, тамақтану мәдениетін арттыруды да көздейді.

«Біз барлық ата-аналарды білім ошақтарындағы тамақ сапасын бақылауға қатысуға шақырамыз. Ол үшін мектептерде бракераждық комиссиялар бар. Егер ол комиссияның мүшесі боламын десеңіз: 8 (7172) 74-25-28 телефоны арқылы хабарласып, ақпаратты алуға болады. Сонымен қатар біз балаларды тамақтандыру саласындағы барлық кәсіпкерлерден азық-түлік өнімдерінің сапасына ерекше назар аударуды сұраймыз. Себебі баланың денсаулығы бәрінен маңызды», — деп баса айтты министр.

Мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы Республикалық педагогтар съезінде мектепті ең қауіпсіз орынға айналдыру қажеттігін атап өткен болатын. Мұнда Министрлік Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлескен үйлесімді жұмыс жүргізіп келеді. 

Бүгінде Министрлік мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірледі:

  • білім беру ұйымдарына лицензиялары және тиісті тәжірибесі бар күзет агенттіктерін тарту;

  • тиісті жабдықтарды жаңарту;

  • барлық білім беру ұйымдары тиісті қауіпсіздік жүйелерімен: бейнекамералармен және ЖБО-ға қосылған дабыл түймелерімен, өткізу жүйелерімен қамтамасыз етілуі тиіс.

БАЛАЛАРДЫ ТҰЛҒАЛЫҚ ДАМЫТУ, ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТТЕРІ МЕН ДЕНСАУЛЫҒЫН НЫҒАЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Биыл 3 млн-нан астам бала қосымша біліммен қамтылған. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2027 жылға дейін балаларды сауықтыру мен білім беруге арналған 50 орталық және 100 ірі қосымша білім беру нысаны құрылады.

Бұл тәсілдер ерекше білім беруді қажет ететін балалардың және халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалардың тұлғалық дамуы мен табысты әлеуметтенуі үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.

ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ 

Қазіргі таңда елімізде Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту бағытында да маңызды жұмыстар атқарылып келеді.

«Бүгінде 772 колледжде 531 мың студент білім алуда. Оның ішінде 341 мың студент мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды Президент тапсырмасын орындау мақсатында алдағы екі жылда ақысыз негізде жастарды сұранысқа ие мамандықтармен 100% қамту көзделген», — деп мәлімдеді министр.

Оның айтуынша, 2025 жылы мемлекеттік тапсырыс көлемі 155 мыңға дейін артпақ. Оның 70%-ын техникалық мамандықтарға бағыттау жоспарланған.

Кәзіргі таңда студенттер көпбейінді маман болып еңбек нарығына шығуы үшін 3 біліктілікке дейін алуына мүмкіндік берілді. Сонымен қатар жұмысқа орналастыру міндеттемесімен кәсіпорындардың тапсырысы бойынша кадрларды даярлау жүзеге асырыла бастады. Қазір елімізде бұл бағытта 20 мың студент білім алып отыр.2029 жылы білім алушы студенттер санын 80 мыңға жеткізу жоспарланған.

«Биылғы оқу жылынан бастап студенттерді әлеуметтік қолдау мақсатында шәкіртақы 50%-ға өсті, ал 2024 жылы тағы 50%-ға арттыру көзделіп отыр. Колледжге кәсіби білікті педагогтер мен басшылар тарту мақсатында өндірістен мамандарды шақыру шаралары қабылданып, оларға 35% үстеме ақы тағайындалды. Колледждерде өзгермелі жағдайларда басқаруға дайын кәсіби көшбасшылар қалыптастыру мақсатында кадрлық резервті жасақтау жұмыстары пысықталып жатыр», — деді спикер.

Білім беру саласын цифрландыру аясында осы жылдан бастап колледж түлектеріне QR-коды бар диплом беріле бастады. Оның түпнұсқасы eGovmobile мобилдік қосымшасында қолжетімді. 

Ел экономикасының басымдықтарын, өңірлік және салалық ерекшеліктерді ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім ұйымдарын қаржыландырудың тиімді тетіктерін қарау және жұмыс берушілермен ұзақ мерзімді әріптестік қарым-қатынас орнату бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді. 

Ғани Бейсембаевтың мәлімдеуінше, жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін ұлғайту мәселесі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар колледждер базасында құзыреттілік орталықтары, шағын-кәсіпорындар және студенттік бизнес-инкубатор орталықтары ашылуда.

«Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және студенттердің кәсіптік дағдыларын қалыптастыру мақсатында қарашаның 19-27 аралығында Астана қаласында «WorldSkills Kazakhstan 2023» республикалық чемпионаты өтеді. Оған еліміздің 20 өңірінен 545 қатысушы, 520 сарапшы, сондай-ақ шақырылған қонақтар мен демеушілер қатысады деп күтілуде. Биыл қыркүйек айында Польшада өткен EuroSkills Gdańsk жарысында Қазақстан құрамасы өз тарихында ең жақсы нәтижеге қол жеткізіп, 2 медаль мен 4 «Үздік медальон» иеленген болатын. Осы жұмыстарды атқарып жүрген еліміздегі 500 мыңнан аса педагог екенін тағы да ерекше атап өткім келеді», — деп толықтырды сөзін ол.

Ғани Бейсембаев Мемлекет басшысының бастамасымен ұстаздарды қолдау мақсатында «Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес барлық педагогтердің жағдайларын жақсарту үшін елеулі қадамдар жасалып келе жатқанын баса айтты. Келтірілген ақпараттарға сүйенсек, ұстаздарға құрмет-қошемет көрсету жұмыстары жалғасын тауып, еңбегімен ерекшеленген педагог – Абай облысы, Семей қаласындағы №7 мектеп-лицейінің мұғалімі Шүкіжанова Алма Сейдахметқызы Республика күні қарсаңында «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған. Сондай-ақ тағы екі ұстаз – І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.

Биыл 17 педагог «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» наградасын алса, жоғары атаққа ие болған педагогтерге 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір жолғы төлем берілді. 

«Ардагер ұстаздарымыздың тәжірибесін жас ұрпаққа тарату мақсатында биыл Министрлік жанынан Білім саласы ардагерлерінің республикалық кеңесі құрылды. Мұндай кеңестер әр өңірде ашылуда. Бұл – еліміздегі білім сапасын жақсарту, педагогтерді қолдау, инфрақұрылымды дамыту және балалар қауіпсіздігін күшейтуге қатысты атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бірсыпырасы ғана. Ал, журналистер қауымына отандық білім саласындағы өзгерістерді әрдайым назарларыңызда ұстап, өзекті мәселелерді қозғап жүргендеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Әрі қарай да өздеріңізбен жұмысты ынтымақтастықта жалғастыруға дайынбыз», — деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу