Қарулы күштердің цифрлық трансформациясы қарқынды түрде жүргізіліп келеді

Үкімет Қорғаныс министрлігінің шақыру учаскелеріне тіркеудің дәстүрлі форматын жою туралы бастамасын қолдады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев «ҚР Қарулы Күштерінің цифрлық трансформациясы» тақырыбында жасаған баяндамасында мәлімдеді. 

Баспасөз мәслихатында Дархан Мейрамұлы Қорғаныс министрлігінің ҚР Қарулы Күштерінде жүргізіліп жатқан цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады.

Оның айтуынша, Министрлік балдық кезеңде «Invisible Government» – «Көрінбейтін мемлекет» жобасы шеңберінде Қарулы Күштермен ұштасқан қызметтерді проактивті түрде көрсетіп, қазірдің өзінде үздіксіз жүзеге асырып келеді. 

«Жас жігіттер 17 жасқа толған кезде әскери комиссариаттар -- әскери басқару органдарына, яғни, шақыру учаскесіне тіркелуге міндетті болған кезде Қарулы Күштермен алғаш «таныс» болатыны белгілі. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимылы жасты оның нақты қатысуынсыз қабылдау учаскелеріне автоматты түрде қосуға мүмкіндік берді, бұл әсіресе мүмкіндігі шектеулі жас жігіттер үшін маңызды», — деді қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.

Оның айтуынша, жақында ғана Үкімет басшылығы Министрліктің дәстүрлі формат бойынша шақыру учаскелеріне тіркеуді алып тастау туралы бастамасын қолдаған.

Енді, 2024 жылдың бірінші қаңтарынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде тіркеу науқаны проактивті форматта жүзеге асырылатын болады. Бұл азаматтарды әскери комиссариаттарға жеке келу, медициналық куәландырудан өту және жеке істерді әзірлеу үшін құжаттар жинау қажеттілігінен босатады. Одан бөлек шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәліктерді алу қажеттігі де болмайды. Дархан Ахмедиевтің айтуынша, бұдан жылына бір млрд теңгеден астам үнемделеді.

Ведомствоның ақпараты бойынша, осы жылдың соңына дейін отбасылық және кәсіптік қызметке байланысты жағдайлар бойынша заңда көзделген кейінге қалдыру процесі цифрландырылатын болады.

«Менің бұған дейін 1 наурыздан бастап оқу орындарындағы 300 мыңнан астам оқушыны автоматты режимде шақыруды кейінге қалдыру туралы мәлімдегенімдей, көктемгі шақыру кампаниясының қорытындысы бойынша бұл өзінің тиімділігін көрсетті», — деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, сонымен қоса бірқатар жағымсыз жайттар да анықталған, оларды жою болашақта осы жұмыстың нәтижелеріне оң әсер етеді.

Мысалы, оқу туралы жалған анықтамаларды ұсыну жағдайлары, олардың негізінде белгілі бір сыйақы үшін осындай анықтамаларды беру бойынша заңсыз қызметпен айналысатын адамдар анықталды. Бұл ақпарат құзыретті органдарға берілді. Аталған фактілер Астана қаласында тіркелді. Бір мезгілде екі ЖОО-да күндізгі бөлімде оқитын тұлғалар анықталды. Бұл ЖОО-лар еліміздің әртүрлі өңірлерінде орналасқан.

Сондай-ақ бір қалада күндізгі бөлімде оқитын, ал екінші қалада тұратын және жұмыс істейтін адамдар анықталған.

«Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады және жоғарыда айтқанымдай, осы жылдың соңына дейін заңнамада көзделген басқа да негіздер бойынша, атап айтқанда, отбасылық мән-жайлар және кәсіби қызметке байланысты кейінге қалдыру процесін цифрландыру жоспарлануда», — деді Дархан Мейрамұлы.

Оның айтуынша, жедел іс-қимылды қамтамасыз ету және еңбек шығындарын қысқарту мақсатында комиссияға шақырылуы және келуі қажет азаматтарға SMS-хабарлама жіберу қызметінің енгізілуі де өзінің тиімділігін дәлелдеген.

«Азаматтардың осы SMS-тің заңдылығы туралы жиі қойылатын сұрақтарын ескере отырып, мен 1414 қызметі арқылы шақыру туралы хабарлама бүгінгі күні хабарлама сипатында және қосымша шара болып саналатынын айтқым келеді, бұл ретте оны заңнамалық тұрғыдан бекіту жақын арада жүзеге асады деп күтілуде», — деді қорғаныс министрінің орынбасары.

Баяндамада белгілі болғандай. жергілікті әскери басқару органдарында ақпараттық жүйенің болуы және оның интеграциялық өзара іс-қимыл деңгейі қазіргі уақытта әскери комиссариаттар қызметінің барлық процестерін цифрлық форматқа көшіруді кезең-кезеңімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мысалы, әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыру мақсатында Қорғаныс министрлігі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге банктік қарыздар мен шағын несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды ұсынуды ұйымдастырған. 

«Соның нәтижесінде, бүгінгі таңда 2600-ден астам мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтардың барлығына қарыздар бойынша төлемдерді кейінге қалдыру үшін уақыт берілді. Жобаның ұзақ мерзімді сипатын ескере отырып, жеке өтінішсіз проактивті форматта кредиттік «демалыстарды» ұсыну алгоритмі әзірленді, бұл несиелік міндеттемелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды неғұрлым жедел ұсынуға мүмкіндік береді және мерзімді қызметтің әскери қызметшілерін 100% қамтуға кепілдік береді. Бұл алгоритм даму сатысында тұр», — деді министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, бұған қоса, білім беру жеңілдіктерін ұсыну арқылы мерзімді әскери қызметтің уәждемесін арттыру бойынша «Срочники 2.0» жобасы іске асырылды.

«Срочники 2.0» цифрлық платформасы еліміздің жоғары оқу орны есебінен білім алу үшін мерзімді қызметтің әскери қызметшілері арасында конкурстық іріктеу жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл жүйеде мерзімді әскери қызметшілердің барлық бағалары оларды ауыстыру мүмкіндігінсіз көрсетіледі. Жүйе мерзімді әскери қызметшілердің қорытынды бағалары бойынша рейтингін автоматты түрде нақтылайды және автоматты түрде ЖОО-ға таратады», — деді ол.

Мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өтеген азаматтарға берілетін жеңілдіктер:

  • қызмет аяқталғаннан кейін екі жыл ішінде ақылы негізде ҰБТ-ны есептемегенде ЖОО-ға түсу;

  • ЖОО есебінен өтеусіз негізде ҰБТ есебінсіз жауынгерлік даярлық және әскери тәртіп бойынша жоғары нәтиже көрсеткен тұлғалардың ЖОО-ға түсуі;

  • ЖОО әскери кафедрасына қабылдау емтихандарынсыз, өтеусіз негізде түсу (яғни, азамат ЖОО-да ақылы немесе тегін білім алады);

  • ҚР ҚМ жоғары оқу орындарына қабылдау емтихандарынсыз түсу. ҚР ҚК әскери бөлімдерінде қабылдау бұрын жүргізілген іріктеу нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.

Білім алу үшін 1500 орын бөлінді, ішінде ҚР ҚМ – 850 орын, конкурстық іріктеуге – 12548 сарбаз қатысты.

Бұдан бөлек, қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев Қарулы Күштердегі суицидтік және басқа да девиантты мінез-құлыққа бейім адамдарды дер кезінде анықтауға арналған «Ақ-сұңқар» әмбебап психодиагностикалық кешендерін енгізудің маңыздылығын атап өтті.

«Кешенде 60-тан астам психологиялық құралдар базасы бар және ол психологиялық зерттеу нәтижелерін автоматты түрде өңдеуге мүмкіндік береді. Сыртқы араласу (нәтижелерді ауыстыру) мүмкіндігінен қорғалған, фото және бейне түсіруді, сондай-ақ субъектінің психофизиологиялық көрсеткіштерін өлшеуді жүргізеді. Кейіннен осы кешендерді әскери оқу орындарына және келісімшарт бойынша әскери қызметке кәсіби және психологиялық іріктеу барысында қолдану жоспарлануда», – деді ол.

Оның айтуынша, Қарулы Күштер қатарында суицидтер мен құқық бұзушылықтардың алдын алу шеңберінде 2022 жылы әлеуметтік желілерде мониторинг жүргізуге және тыйым салынған материалдарды (суицидті, діни экстремизмді, құмар ойындарды, порнография және жыныстық зорлық-зомбылықты насихаттайтын) тұтынатын адамдарды анықтауға мүмкіндік беретін Талдамалық интернет картасы енгізілді.

Сонымен қатар Гвардиялық гарнизонның әскери бөлімдерінің базасында осы ақпараттық жүйені қолдана отырып, сынақ зерттеуі жүргізілді. Талдамалық интернет картаның көмегімен Қарулы Күштер қатарында суицид және құқық бұзушылық фактілерін болдырмау бойынша жекелеген әскери қызметшілермен психологиялық және тәрбиелік жұмыс жүргізіледі.

Оның сөзіне қарағанда, мерзімді қызмет сарбаздарының күнделікті жұмысын жалпы бақылау үшін ҚР ҚК-де 50 мыңға жуық бейнебақылау камерасы бар. Бейнеаналитиканың заманауи технологиялары бейнематериалдың ауқымды көлемін өңдеуге мүмкіндік береді.

«Осыған байланысты ҚР ҚМ қазіргі уақытта бейнеаналитика жүйесін енгізуде. Бұл құқық бұзушылықтарды, жарғылық емес қатынастарды уақытында тоқтатуға, өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерін болдырмауға және бөлімді өз еркімен қалдыруға мүмкіндік береді. Бұл жүйе камераларды талдайды және оларда жоғарыда аталған оқиғалар анықталған жағдайда кезекші күштерді тек нақты бөлімде ғана емес, сонымен қатар жоғары тұрған жедел қызметтерге де тез хабардар етеді», — деді қорғаныс министрінің орынбасары.

Сондай-ақ аналитикалық деректер оларды күнделікті қызметте қолдануға мүмкіндік береді: әскери техниканың қозғалысы (бөлім аумағынан тыс жерде, жұмыс күні аяқталғаннан кейін ТДП-ға келмеді), қызметке қанша жеке құрам кешігіп келді, қанша бұзушылықтар тіркелді және т. б. Келісімшарт бойынша қызмет «Ашықтықты» және «Қолжетімділікті» қамтамасыз ету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту үшін Министрлік азаматтарды келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау бойынша бірегей «Jauynger.kz» сервисін әзірледі.

«Бұл сервис Қазақстан Республикасы азаматтарының келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруі кезінде құжаттар жинау, өңдеу, оларды қарау және шешімдер қабылдау бойынша бюрократиялық процестерді болдырмауға мүмкіндік береді, яғни әскери қызметке қабылдау рәсімдерін автоматтандыруға арналған», — деді Д. Ахмедиев.

Келтірілген деректерге сүйенсек, сервис – ақпараттық жүйелермен интеграциялық өзара іс-қимыл есебінен ведомствоішілік және ведомствоаралық келісуді автоматтандырумен, онлайн режимде тікелей мемлекеттік органдардан шынайы және өзекті ақпарат алумен, әскери қызметке кіру мерзімін едәуір, 3-4 айдан 15-30 күнге дейін қысқартумен ерекше.

Баяндамада айтылғандай, қазіргі уақытта сервистің тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтары жалғасуда.

  • Ел ішінде тұрғылықты жерін ауыстырған кезде азаматтарды әскери есептен шығару және қою тіркеу мекенжайы бойынша автоматты түрде жүзеге асырылады, бұл азаматтарды әскери комиссариаттарға жүгіну қажеттілігінен босатады.

  • Әскери қызметтен өтпеген азаматтар әскери билеттерді алу қажеттілігінен босатылады, оларды дайындау бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетеді. Аталған инновациялар құқықтық бекіту сатысында тұр.

  • Е-Еңбек және Е-қызмет жүйесінде қызметкерді қабылдау және тіркеу кезінде азаматтың әскери қызметке қатынасы туралы ақпарат ұсынылатын заңды тұлғалар да шетте қалмайды, бұл оларды ЖӘБО-ға қатысты әртүрлі құжаттарды қызметкерлерден талап ету қажеттілігінен босатады.

  • Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмылдыру дайындығын қолдау мақсатында азаматтарды брондау бойынша бизнес-процеске реинжиниринг, яғни жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға Еңбек ресурстарын бекіту жүргізілді. 

Ұсынылған автоматтандыру алгоритмі брондаумен қамтуды бірнеше есе арттырып қана қоймайды, сонымен қатар қазіргі уақытта жергілікті әскери басқару органдарына бару арқылы осы жұмысты қағаз форматта жалғастырып жатқан мемлекеттік органдар мен ұйымдардың кадр бөлімшелерінен артық жүктемені алып тастайды.

«Бұдан басқа, Министрлік EGOV-порталдағы жеке кабинеттің ұқсастығы бойынша әскери қызметшіге нақты уақыт режимінде оның қызметіне қатысты мәліметтерді көруге, қажетті анықтамалар алуға және әскери қызмет өткеру қағидаларында көзделген баянаттарды беруге мүмкіндік беретін «әскери қызметшінің кабинеті» модулін әзірледі. Бұл модуль қағаз айналымын едәуір қысқартып қана қоймай, сонымен қатар артық бюрократиялық процедураларды болдырмайды», — деді Дархан Ахмедиев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу