Қазақстанда «Музей түні» акциясы өтеді – ҚР МСМ

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов, ҚР Ұлттық музейі директорының м.а. Айбек Сыдықов және Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Нұрғалиеваның қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Жыл сайын 21 мамыр күні Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтілуде. Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешовтың айтуынша, биыл мерекеге орай 15-20 мамыр күндері еліміздің барлық обылысында, ауданында дөңгелек үстелдер, кездесулер, концерттік кештер, шеберлік сағаттар өтеді. 

ҚР Ұлттық музейі директорының м.а. Айбек Сыдықовтың айтуынша, Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған іс-шаралар кешені Ұлттық музейде «Музейлер түні» атты ауқымды акциядан бастау алмақ. Әрине, бұл кездейсоқ емес.

1978 жылдан бастап бүкіл әлемдегі музей қызметкерлері 18 мамырда өздерінің кәсіби мерекелері Халықаралық музейлер күнін атап өтеді. Ол 1977 жылы мамырда Мәскеуде өткен Халықаралық музейлер кеңесінің (ICOM) XI бас конференциясында бекітілді. 1992 жылы ICOM кеңесі іс-шараны белгілі бір тақырыпта өткізуді ұсынды. Содан бері жыл сайын Халықаралық музейлер күнінің өз тақырыбы бар және Халықаралық музейлер кеңесі әрқашан тақырыпқа байланысты іс-шараларға шолу жасап, оларды барлығына қолжетімді етеді.

2020 жылдан бастап жыл сайын Халықаралық музейлер күні БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының бірқатар идеясын қолдайды. 2023 жылғы Халықаралық музейлер күнінің тақырыбы – «Музейлер, тұрақтылық және әл-ауқат». Халықаралық музей қоғамдастығының мүшесі ретінде Қазақстан музейлері де білім беру бағдарламалары, зерттеулер, көрмелер, жұртшылықпен жұмыс жасау арқылы тұрақты болашақты қалыптастыруға өз үлестерін қосуда.

«Музей мерекесі саналатын “Музейлер түні” акциясы заманауи халықаралық музей тәжірибесінде кеңінен таралған. Акция ICOM қамқорлығымен өткізіледі. Бұл күні көптеген музей күн батқаннан кейін және таңертеңге дейін келушілер үшін ашық. Акцияның негізгі мақсаты – заманауи музейлердің мүмкіндіктері мен әлеуетін көрсету, жастарды музейге тарту», — деді Айбек Сыдықов.

1997 жылы Германия музейлері алғашқы болып түнде келушілерге есігін ашты. Халықаралық акцияға 2006 жылы Қазақстан да қосылды. ҚР Ұлттық музейі «Музейлер түнін» 2015 жылдан бері өткізіп келеді.

«Біз Халықаралық музейлер күнін атап өтуді “Музейдің қор сақтау қызметін ұйымдастыру: теориясы мен практикасы” атты қор сақтаушы мамандар үшін маңызы ерекше симпозиумнан бастаймыз. Панельдік және кейс-сессиялар, шеберлік сыныптары форматында күні бойы музей ісінің негіздері, соның ішінде музей қорларын жинақтау, есепке алу және сақтау мәселелері талқыланады. Симпозиум жұмысына Қазақстанның 28 музейінен 45 музей сақтаушы қатысады», — деді музей директорының міндетін атқарушы. 

Сағат 18:00-ден бастап «Музейлер түні» акциясы басталады, биылғы тақырып – «Музей – уақыт ағымында». Келетін қонақтар үшін түрлі концерттік, ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылмақ, бірақ акцияның негізгі мазмұны – музей көрмелері және экспозицияларын, келушілер көп біле бермейтін музей қызметінің бағыттарымен таныстыру.

Мәселен, «Көненің көзін ашу» көрмесі өткеннің артефактілерін қалпына келтіру бойынша маңызды жұмыстың нәтижелерімен таныстырады. Музей құндылықтарын қалпына келтірушілер мен консерваторлардың жұмысы экспонаттар түрінде өз жемісін беріп, бұл заттарды келушілер елдегі және шетелдегі музейлерде көреді. Ұлттық музей реставраторларының жетекшілігімен акция қонақтары шеберлік сабақтары барысында осы игі істе өз күштерін сынап көреді.

Реставраторлардың еңбек нәтижелері басқа да шынайы артефактілермен қатар «Жәдігерлер сөйлейді» атты театрландырылған экскурсиясы барысында ұсынылмақ.

Ұлттық музей мен «Алматы-кітап» баспасы басылымдарының кітап көрмесі соңғы жылдардағы ғылыми, білім беру бағдарламаларының нәтижелерін ұсынады. Бүкіл акцияның өзегі – алуан түрлі экскурсиялар. Келушілер сол үшін музейлер түніне келіп, қызығатын мәселелері туралы ақпаратты ақысыз негізде алады.

«Жұлдызды гидтер» мен экскурсия жүргізушілері келушілерді ашылғаннан бері көпшіліктің көзайымына айналған Палеонтология залы, сонымен қатар Алтын залы, «Ұлық Ұлыс», «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті», «XIII-XX ғасырлардағы Қазақстан тарихы», «Ежелгі және орта ғасырлар тарихы» залдары экспонаттарымен таныстырады.

Экскурсияларды музейдің кәсіби экскурсия жүргізушілері мен ғылыми қызметкерлері ғана емес, сонымен қатар «Балдырған гид» жобасына қатысатын мектеп жасына дейінгі балалар, белгілі медиа тұлғалар, «Жұлдызды гид» жобасының қатысушылары: тарихшы, жазушы Радик Темірғалиев; тарихшы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров; тарихшы, шежіреші Жақсылық Сәбитов, кәсіпкер, медиаменеджер Арманжан Байтасов; Pygmalion арт-галереясының негізін қалаушы Данагүл Төлепбай; тарихшы, Instagram-блогер Диас Камериданов жүргізеді. 

Жаңадан ашылған Қолөнершілер орталығы сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің туындыларын ұсынады. Музей галереяларында Қазақстанның бейнелеу өнері шебері Алпысбай Қазғұловтың, реконструктор қару-жарақ зерттеушісі, суретші Қалиолла Ахметжанның жеке көрмелері қойылған.

Диджитал өнерінің заманауи әлемдік трендтері Италия суретшілерінің иммерсивті көрмесінде ұсынылып отыр. Ал «Тарихи тұлғалар: қуыршақ бейнесінде» көрмесіндегі бірегей авторлық қуыршақтар келушілердің қиялын таң қалдыратыны анық. 

«Бұл «Музейлер түнінде» өтетін шаралардың бір парасы ғана. Астана қаласының тұрғындары мен қала қонақтарын Ұлттық музейге шақырамыз», — деді ҚР Ұлттық музейі директорының м.а. Айбек Сыдықов.

Одан кейін Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Нұрғалиева баяндама жасады. Оның айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапхана 19 мамыр күні, сағат 11:00-18.00 аралығында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «Мәдениет: Кітап. Білім. Тіл» тақырыбында openair фестивалін өткізгелі отыр.

«Өздеріңіз білетіндей, ұлт руханиятына ғана емес, мәдениеті мен әдебиетін де дамытуға, түрлі бастамалардың іске асуына осы сала мамандары өз үлестерін қосып келе жатыр. Мәдениетті қолдау – ел дамуының бір тетігі десек, кәсіби мереке қарсаңында ұйымдастырылған шараның мақсаты да осыған саяды», — деді Ғазиза Нұрғалиева.

Ұйымдастырылып жатқан «Openair – 2023» фестиваліне мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, баспагерлер, БАҚ өкілдері, кітапханашылар мен жалпы оқырмандар қатысады.

«Соның ішінде еліміздің әр өңірінен 200-ге жуық кітапханашы келеді деп күтудеміз. Кітапханашылардың біліктілігін арттыруға арналған әртүрлі шеберлік сағаттары өтеді», — деді Ұлттық академиялық кітапхана директоры.

Шараны 100 оқырман «Кітапханаға жол» флэшмобымен бастайды. ҚР мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов өңірлерден келген үздік кітапхана қызметкерлері мен ардагер кітапханашыларды Мәдениет саласының жоғары наградаларымен марапаттайды.

Бағдарламада «BOOKS-TOP», яғни кітапхана мен баспагерлердің кездесуі, «Фолиант», «Мұқаба», «Mazmundama», «Отбасы хрестоматиясы», «Абай», «Эльдорадо», «Астана кітап» сынды баспалардың көрме-жәрмеңкесі, антикварлық, қолтаңбалар және жаңа кітаптар көрмесі, арт-шеберлік сағаттары, балалар павильонында интерактивті алаң, түрлі кездесулер, театрландырылған қойылымдар болады. 

«Шараның қорытындысы ретінде Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының атынан арнайы төсбелгілер мен «Оқитын өңір» сертификаты табысталады», — деді Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Нұрғалиева.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу