ҚР АШМ баспасөз конференциясы: Егіс науқаны, фермерлерді жеңілдікпен қаржыландыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде көктемгі дала жұмыстарын жүргізу және қаржыландыру тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қанат Қарауылов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Айболат Әбенов баяндама жасады.

«Мемлекет басшысы көктемгі дала жұмыстарын толық көлемде және оңтайлы мерзімде жүргізу үшін жағдай жасауды тапсырды. Аталған тапсырманы орындау үшін барлық шараларды қабылдап, шаруалармен үнемі байланыста жұмыс жүргіземіз», — деді ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А. Сапаров.

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 22,8 млн га құрайды.
Әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар дақылдардың, оның ішінде картоп, қарақұмық, қант қызылшасы, майлы және жемшөп дақылдарының алқаптарын кеңейтуге ерекше назар аудару ұсынылды.

Жалпы егіс жұмыстары оңтайлы мерзімде штаттық режимде өтуде. Шаруалар ылғал жабу, көктемгі жер жырту мен өңдеу сияқты маңызды технологиялық операцияларын уақытылы жүргізді. 

Қазіргі уақытта көктемгі дала жұмыстары республиканың барлық өңірлерінде жүргізілуде. Айта кету керек, егіс науқанын өткізу қарқыны өткен жылғы көрсеткіштерден асып түседі.

Атап айтқанда, бүгінгі күні жалпы егіс алаңынан 16,7 млн га немесе 88,5% егілді, бұл өткен жылдан 1,5 млн га артық (14,8 млн га немесе 79%). Соның ішінде: дәнді дақылдар – 13,1 млн га немесе 87,2%, майлы дақылдар – 2,7 млн га немесе 93,6%. 1 млн га алқапқа басқа да дақылдар себілді. 

Негізгі астық егетін облыстар мамыр айының ортасынан бастап егуге кірісті, бұл ретте Ақтөбе, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында егіс жұмыстары аяқталды. 

Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстарында аяқталу сатысында.

Шаруалар тұқымдық материалмен толық қамтылған. Тексерілген тұқымдардың барлығы дерлік бірінші, екінші егістік стандартына сай келеді. 

Өнімділікті арттырудың маңызды факторы тыңайтқыштарды жеткілікті мөлшерде қолдану болып табылады. 

«500 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыштарға келісім-шарт жасалды. Бүгінгі таңда шаруаларға 400 мыңға жуық тонна жеткізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 мың тоннаға артық. Отандық аммиак селитрасын оңтүстік өңірлерге жөнелтуде қиындықтар болғанын мойындау керек. Министрлік бұл мәселені шешті. Мамыр айының басынан бастап оңтүстікке күнделікті тиеу жүргізіледі, барлық өндірілген көлем тек ішкі нарыққа сатылады. Біз фермерлерге күзде отандық зауыттармен арзан тыңайтқыштар сатып алу үшін алдын-ала келісімшарт жасасуға кеңес береміз», — деді ол.

Сондай-ақ, көптеген өтініштерді ескере отырып және тыңайтқыштарды қолдану көлемінің төмендеуіне жол бермеу мақсатында 2023 жылға дейін агрохимиялық картограммаларды ұсыну жөніндегі талаптың күші тоқтатылды. Бұл ретте, топырақты міндетті түрде агрохимиялық зерттеп қарауды жүргізу жөніндегі талап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану қағидалары шеңберінде көзделетін болады.

Сондай-ақ, шаруалар өсімдіктерді қорғау құралдарымен қамтамасыз етілуде. Бүгінгі таңда пестицидтерді субсидиялауға өтінімдер қабылдау жүргізілуде.

Жанар-жағармай құю бекеттерінде дизель отынының орташа бағасы литріне 192 теңгені құрайды.

Бағаның өсуіне қарамастан, Үкімет егіс жұмыстарының дизель отынына қажеттілігін 100% қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдады.

Шаруашылықтар үшін дизель отынының орташа бағасы литріне 165 теңгені құрады, бұл нарықтан 14%-ға арзан.

2021 жылғы көктемгі дала жұмыстарына барлығы 380 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Дизель отынының тапшылығы байқалмайды.

Сонымен қатар А. Сапаров ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу деңгейі оң динамиканы көрсетіп отырғанын атап өтті. 

Тұтастай алғанда, республика бойынша 2021 жылғы бес ай ішінде 140 млрд теңгеге жуық 8700 бірлік техника сатып алынды. Бұл Мемлекет басшысының еңбек өнімділігін 2,5 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындауға ықпал етеді.

Бастапқы жарна мәселесі шешілді, өйткені Ережелердегі нормалардың арқасында инвестициялық субсидия аванс ретінде пайдаланылуы мүмкін. Бұл ретте отандық ауыл шаруашылығы машинасын жасау өнімдерін сатып алу үлесі өсуде.

Алыс шетелдердің техникаларымен салыстырғанда отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасының неғұрлым төмен бағасын ескере отырып, техниканың кейбір түрлері бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тарапынан сұраныстың артқаны байқалады.

Сондай-ақ, көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру аяқталды. Жалпы алғанда, осы мақтсатт 128 млрд теңге бөлінді.

Жалпы, облыс әкімдіктерінің деректері бойынша ағымдағы жылдың егіс науқанын 3-ші маусымға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Көктемгі егіс жұмыстары аяқталғаннан кейін фермерлер арамшөптерді химиялық отауға дайындалады.

Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру туралы қаржы ұйымдарының басшылары толығырақ баяндады.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қанат Қарауыловтың айтуынша, корпорация ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу арқылы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашылығы өндірушілерін қаржыландырады.

«Форвардтық қаржыландыру бағдарламасы ӘКК кепілдігі бойынша жүзеге асырылады, ауыл шаруашылығы өндірушілері арасында сұранысқа ие және ол өзін ауыл шаруашылығы субъектілерін несиелендіру тапшылығы жағдайында қаржыландырудың қолжетімді құралы ретінде көрсетті», — деді ол .

Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өтінімдері бойынша ағымдағы жылы қаржыландыру ақпанның алғашқы күндерінен басталған болатын, бұл көктемгі егіс жұмыстарына дайындыққа қажетті барлық іс-шараларды уақтылы өткізуге мүмкіндік береді.

Биыл қаржыландыру көлемі 40 млрд теңге деңгейінде жоспарланған. Сатып алудың жоспарланған көлемі – шамамен 770 мың тонна. Салыстыру үшін, 2020 жылы форвардтық сатып алуға 24,5 млрд теңге бөлінді, яғни қаржыландыру 63%-ға артты.

Күзгі кезеңде астықты жеткізгеннен кейін қосымша ақыны ескере отырып, астық өндірісіне қаржыландыру сомасы 60 млрд теңгеден асады.

Биыл корпорация сатып алынатын дақылдардың тізбесін кеңейтті, қаржыландыру 9 дақыл бойынша жүзеге асырылады: жұмсақ бидай, қатты бидай, арпа, күнбағыс, рапс, зығыр, қарақұмық, сұлы, соя.

Форвардтық сатып алу меншікті қаражат есебінен де, тартылған қаражат есебінен де жүзеге асырылады. Осы мақсатта Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Ресей биржасында 2,4 млрд рубль сомаға облигацияларды орналастырды.

Азық-түлік келісімшарт корпорациясы сыйақы төлей отырып қаражат тартатынына қарамастан, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау мақсатында форвардтық қаржыландыру пайызсыз, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың кепілдігімен жүзеге асырылады.

2021 жылғы 28 мамырдағы жағдай бойынша 39 млрд теңге сомасына 300-ден астам өтінім келіп түсті, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шоттарына 37,7 млрд теңге аударылды.

Сатып алынған көлемдер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін шикізат түрінде ішкі нарыққа бағытталатын болады.

Өткен жылдың қорытындысы туралы айта келе, Қ. Қарауылов форвардтық сатып алуға 24,5 млрд теңге бөлінгенін атап өтті. Оның ішінде астық түрінде қайтару 93,6%-ға жүзеге асырылды.

Ақшалай қаражатпен қайтаруды ескере отырып, қайтарудың жалпы көлемі 99% құрады.

Биылғы жылы да ауыл шаруашылығы өндірушілері астық жеткізу бойынша міндеттемелерін орындайды деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру барысы туралы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Айболат Әбенов баяндады.

«Биыл қаржыландыру үшін үш несиелеу бағдарламасына: "Кең дала", "Қарапайым заттар экономикасы" және "Агробизнес” бағдарламаларына қаражат бағытталды. АНК-ның осы бағдарламаларды іске асыруы есебінен 2 904 АШТӨ 3,7 млн га ауыл шаруашылығы алқабын өңдеу үшін жалпы сомасы 80,6 млрд теңгеге арзандатылған несие алды», — деді А. Әбенов.

Өткен жылдағыдай, «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға республикалық бюджеттен 70 млрд теңге бағытталды. Осы бағдарлама бойынша бұрын қабылданған өтінімдер ағымдағы жылдың ақпан айынан қаржыландырыла бастады, өтінімдерді қысқа мерзімде мақұлдау және Аграрлық несие корпорациясы тарапынан қаржыландырудың жеделдігі фермерлерге айналым қаражатын толықтыруға, тұқым, гербицидтер, қосалқы бөлшектер және егіс үшін қажетті өзге де тауарлар мен қызметтерді оңтайлы сатып алу құны бойынша сатып алуға мүмкіндік береді.

Бүкіл ел бойынша фермерлер үшін несие қаражатының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында АНК қаржыландырудың түрлі құралдарын қолданады: қаржы институттарын тікелей несиелендіру және қорландыру.

Мәселен, корпорация ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді несиелендіруді келесі арналар арқылы жүзеге асырады:

  • 217 несиелік серіктестік;
  • микроқаржы ұйымдары;
  • екінші деңгейлі банктер.

Биыл 70 млрд теңгенің 63 млрд теңгесі қаржы институттарын қорландыру арқылы бөлінді. «Кең дала» бағдарламасы бойынша түпкі қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесінің жылдығы 1,5%-дан 5%-ға дейін құрады. Несиелендіру мерзімі – 2021 жылдың 1 желтоқсанына дейін.

Осы бағдарлама бойынша 70 млрд теңге сомасына АШТӨ-ден 2 617 өтінім мақұлданды және қаржыландырылды. Бұл қаражатқа аграршылар 3,3 млн га алқапта егіс жұмыстарын жүргізді. Бюджеттік қарыздар мынадай жолдармен бағытталды:

  • тікелей несиелендіру – 8,7 млрд теңге сомасына 558 АШТӨ;
  • КТ қорландыру – 1165 АШТӨ-ні 25,4 млрд теңгеге қорландыру;
  • МҚҰ қорландыру – 3,8 млрд теңгеге 783 АШТӨ;
  • ЕДБ қорландыру – 32 млрд теңгеге 91 АШТӨ.

Өңірлер бойынша өтінімдердің басым бөлігі Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, сондай-ақ Түркістан облыстарынан келіп түсті. Ағымдағы жылы егіс науқанын қаржыландыруға өтінімдердің өсуі өткен жылмен салыстырғанда 7% құрады. Мысалы, тек Түркістан облысында ғана шағын шаруа және фермер қожалықтары ұсынған 1 438 ауыл шаруашылығы өндірушісі жалпы сомасы 5,7 млрд теңгеге жеңілдетілген қарыз алды.

79,5% көлеміндегі қаржыландырудың негізгі үлесі дәстүрлі түрде еліміздің астық егетін өңірлеріне тиесілі: Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары, жалпы алғанда 56,2 млрд теңгені құрады.

«Биыл аграршылар арасында сұранысқа ие дақылдар: бидай (2,3 млн га), жем-шөп (458 мың га) және майлы дақылдар (473 мың га). "Кең дала" бағдарламасы бойынша берілген жеңілдікті кредиттерді ескере отырып, жалпы егіс алаңы 3,32 млн га құрайды», — деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы.

Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қосымша 6 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды, субсидиялауды ескере отырып, соңғы қарыз алушылар үшін мөлшерлеме 9% құрады. Бұл сомаға 136 тауар өндіруші қаржыландырылды, олар 256 мың га астам жерді игерді.

Бұдан басқа, АНК «Агробизнес» бағдарламасы бойынша қоғамның меншікті және тартылған қаражаты есебінен 192,5 мың га ауыл шаруашылығы алқабын өңдеуге 4,6 млрд теңге сомасына 151 АШТӨ-ге несие берді.

Осылайша, Қазақстанда көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру мерзімінде аяқталды.

Журналистердің су ресурстарының тапшылығы туралы сұрақтарына жауап бере отырып, ҚР АШМ өкілі Азат Сұлтанов бұл міндетті шешу жұмысы үш бағыт бойынша жүргізілетінін атап өтті.

«Бірінші бағыт бойынша су қоймаларымен қамтамасыз ету саласында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жұмыс істейтін болады. Жұмыс жүргізіліп жатыр, жоспарлар бар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің желісі бойынша да жұмыстың 2 бағыты жүзеге асырылуда: біріншісі – оңтүстік өңірлерде суды көп қажет ететін дақылдарды, атап айтқанда күріш пен мақтаны қысқарту, яғни суды аз тұтынатын дақылдарға бағыттау, бұл ретте тиімділігі жоғары дақылдар – жемдік, майлы, көкөніс-бақша дақылдары өсірілетін болады. Екінші бағыт – су үнемдеу технологияларын енгізу (тамшылатып суару және жаңбырлату жүйелері)», — деді ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтанов.

Сондай-ақ фермерлерді сапалы және заманауи машиналармен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан америкалық компаниямен республикада суару жүйелерін шығаратын зауыт салуды көздейтін келісімге қол қойды.

Қазақстанда астық қоры жеткілікті ме және ішкі нарық қажетті астық мөлшерімен қамтамасыз етілген бе деген сұраққа пікір білдіре отырып, Азық-түлік корпорациясының төрағасы Қанат Қарауылов қазіргі уақытта қорда шамамен 650 мың тонна астық барын, оның 500 мың тоннасы — бұл астықтың резервтік қоры екенін айтты.

«Астықтың бұл көлемі ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз етуге арналған. Бұл көлем барлық ұн тарту кәсіпорындарын жаңа өнімге дейін қамтамасыз етуге жеткілікті», — деп түсіндірді Қ. Қарауылов.

Жем-шөп қорына келетін болсақ, оның айтуынша, өткен жылы Азық-түлік келісім шарт корпорациясы IV санатты арпа, бидай түрінде қор құрған. Барлық көлем ұн тарту кәсіпорындары, мал және құс шаруашылықтары бойынша сатылды. Күзгі кезеңде астықтың қайтарылуына қарай форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша бидай, арпа және сұлы жемдік қорлары да қалыптастырылатын болады.

Несиелерді төлеу мерзімін ұлғайту туралы сұраққа АКК басқарма төрағасы Айболат Әбенов жауап берді.

Оның айтуынша, қайтару мерзімі — 1 желтоқсан.

«Кең Дала» бағдарламасы аясында несиелер бойынша шарттар жеңілдетілген – 1,5%-5%. Қаражатты қайтару өте жоғары. Қазіргі уақытта қайтарымдылық мерзімі ұзақ қаражатты тарту бойынша мәселелер пысықталуда. Егер мұны құзыретті мемлекеттік органдар қолдайтын болса, онда Агронесие корпорациясы осы бағдарламаларды іске асыруға дайын», — деп атап өтті ол.

ҚР АШМ бірінші вице-министрі А.Сапаровтың айтуынша, егін мен экспорт бойынша 2021-2022 жылдарға арналған маркетингтік болжамдарға келетін болсақ, жыл сайын Қазақстан 7-8 млн тоннаға жуық бидай экспорттайды. Өткен жылдың мәліметтері бойынша 9 млн тоннаға жуық ұн экспортталды. Экспорт нарығы — Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Әзербайжан, Иран, Ауғанстан. Егер майлы және басқа да дақылдарды есептейтін болсақ, онда біздің ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау әлемнің 40-қа жуық елінде жүзеге асырылады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу