Маңғыстау облысында 2023 жылдан бастап дәрігерлердің жалақысы 30%-ға көбейеді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы аясында Маңғыстау облысы тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, өңір экономикасын әртараптандыру, инвестициялар тарту бағытында 2021 жылғы 4 қарашада Үкіметтің №784 қаулысымен бекітілген «Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» жүзеге асырылуда. 

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының 2022 жылғы қарашадағы мәтіметтеріне сүйене отырып, Маңғыстау өңіріне қатысты төмендегі мәліметтерді келтіреміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде берген қысқа мерзімді тапсырмасы негізінде Кешенді жоспардың өзектілігі арттырылды.

Кешенді жоспардың басты мақсаты – өңір халқының әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру. Жоспар 15 бағыттағы 227 іс-шараны қамтиды, жалпы бюджеті 2,1 трлн теңгені құрайды, оның ішінде 60%-ы жеке инвестицияға тиесілі. Бұл ретте бюджеттік қаражаттың көлемі – 560 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджет – 442 млрд теңге, жергілікті бюджет – 118 млрд теңге, жеке инвестициялар – 1,6 трлн теңгені құрайды. 

Биылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша облыс бюджеті 376,5 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік бюджетке 419,4 млрд теңге салық және басқа да міндетті төлемдер түсті немесе жоспар 97,4%-ға орындалды, оның ішінде республикалық бюджетке 264,8 млрд теңге, жергілікті бюджетке 154,6 млрд теңге түсті. 

2022 жылы Үкіметтің қолдауымен республикалық бюджеттен 98 жобаға 62,3 млрд теңге, 87 жобаға жергілікті бюджеттен 16,0 млрд теңге, сондай-ақ жеке инвестиция арқылы 14 жобаға 35,2 млрд теңге бөлінді. 

Биылғы 3 тоқсандағы орташа айлық атаулы еңбекақы 450,2 мың теңгені құрады, бұл 2021 жылғы деңгейден 29,9%-ға жоғары. Жұмыссыздық деңгейі – 5,3%, жастар арасындағы жұмыссыздық (15-28 жас аралығы) 3,6%-ды құрады. Құрылған жұмыс орындарының саны – 10 948. Тұтыну бағаларының индексі 121,5%-ды құрады, оның ішінде азық-түлік тауарлары – 129,2%, азық-түлік емес тауарлар – 117,1%, ақылы қызметтер – 114,9%.

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жобаны іске асыруға 2022 жылы 25,9 млрд теңге бөлінді. Осы орайда 2022 жылы Кешенді жоспар аясында төмендегідей бағыттар мен шаралар қамтылды. Өнеркәсіп бағытында, оның ішінде өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында инвестициялық жобалар жүзеге асырылды. Сонымен қатар биыл аталған Кешенді жоспар аясында 13,2 млрд теңгеге 319 жұмыс орны ашылып, 8 инвестициялық жоба іске қосылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін 365 жұмыс орнын құратын 17,7 млрд теңгеге 8 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі – 133,7 млрд теңге, 804,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Шағын және орта бизнестің жұмыс істеп тұрған субъектілер саны – 71,4 мың, бұл өткен жылдан 29,5%-ға жоғары.

Өнеркәсіп

Өңірдің өңдеуші кәсіпорындары негізінен мұнай-газ саласының өнімдерін шығаруға және қызметтерін орындауға бағдарланған. Облыстың өнеркәсіп құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 6,0%-ды құрайды. Биылғы 10 айда сала өндірісінің көлемі 161,0 млрд теңгені құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,2%-ға ұлғайған. НКИ өткен жылдың сәйкес кезеңіне 98,8% болды. 

Аталған кезеңде өндіріс көлемінің өсуі жеңіл өнеркәсіпте (102%), мұнай өңдеу өнімдерін өндіруде (116,7%), химия өнеркәсібінде (101,1%), металлургия өнеркәсібінде (106,3%) және машина жасауда (141,8%) байқалады. Өңірдің өңдеу өнеркәсібінің негізін машина жасау (20,4%), мұнай өңдеу өнімдерін өндіру (15,3%), дайын металл бұйымдарын өндіру (15,8%), химия өнеркәсібі (18,9%), өзге де металл емес минералды өнімдерді өндіру (16,3%) құрайды. Ең аз үлесі резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру (3,7%), тамақ өнімдерін өндіру (5,0%), металлургия (2,5%), жеңіл өнеркәсіп (1,3%) және фармацевтика (0,1%) салаларына келеді. Өңдеу өнеркәсібінің ай сайынғы көлемін 30 кәсіпорын, ал жылдық көлемін 250-ден астам кәсіпорын құрайды (ЖШС, ЖК, қосалқы өндіріс т.б.). 

Өңдеу өнеркәсібінің ірі кәсіпорындары: «ҚазАзот» АҚ, «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС, «Каспий Цемент» ЖШС, «Каспий Битум БК» ЖШС, «Каскор-Машзавод» АҚ, «Жанарыс» ЖШС және т.б. Салада 18 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу, өнеркәсіп құрылымындағы үлесі – 88,3%. 2022 жылдың қаңтар-қазан айында саланың өндіріс көлемі 2 251,4 млрд теңгені немесе өткен жылдың сәйкес кезеңәімен салыстырғанда НКИ өсімі 101,6%-ды құрады. 

Қазіргі уақытта өңірдің мұнай-газ секторының негізгі кәсіпорындары: «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ, «ӨзенМұнайГаз» АҚ, «ҚаражанбасМұнай» АҚ, «Бозашы Оперейтинг ЛТД» компаниясының филиалы, «Тоталь ЕэндП Дунга ГмбХ» компаниясы, «Кен-Сары» ЖШС, «Бузачи нефть» ЖШС, олар өңірдің шикі мұнайының негізгі үлесін (92,8%) өндіреді. Сондай-ақ мұнай-сервистік қызмет көрсету саласында көптеген ірі және орта кәсіпорындар жұмыс істейді. 

Маңғыстау облысының өңдеу өнеркәсібіндегі қара металлургияның үлесі 2,6%-ды құрайды. 2022 жылдың 10 айына қара металлургия өндірісі көлемі өткен жалдың сәйкес кезеңе 4,3 млрд теңге, НКИ 106,3%-ды құрады. Саланың негізгі өндірушілері «Arcelor Mittal Tubular Products Aktau» АҚ және «Қазақстан Пайп Тредерс» (Тэнарис) ЖШС. Бұл салада құрылыс мақсаттары үшін арматура, шыбықтар, профильдер мен бұрыштар шығаратын шағын кәсіпорындар да жұмыс істейді.

Құрылыс жұмыстары

Маңғыстау облысы соңғы үш жылда тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші бойынша еліміздің үздік өңірлерінің қатарында. Атап айтқанда, облыста 2022 жылдың 10 айы бойынша 804 176 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 84%-ды құрайды.

2020-2022 жылдары облыс бойынша 62 жоба пайдалануға берілді және 51 жоба бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, білім саласы бойынша 15 жоба жүзеге асырылды және 7 жобаның (5 425 орын) құрылыс жұмыстары жүргізілуде (2022 жылы – 12), денсаулық сақтау саласы бойынша – 4 жоба; спорт саласы бойынша – 14 жоба; мәдениет саласы бойынша – 6 жоба; «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 10 жоба жүзеге асырылып, кәсіпкерлерге қолдау көрсетілді.

2020-2022 жылдар аралығында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы бойынша 144 пәтерлі 12 тұрғын үй пайдалануға берілді және 1 035 пәтерге арналған 65,3 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер құрылысы жүргізілуде. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы бойынша – 46 жоба.

Ауыл шаруашылығы

2022 жылғы 1 қарашаға облыс бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің (көрсетілетін қызметтер) жалпы шығарылымы 22,6 млрд теңгені құрады, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13,4%-ға өсті. Осы ретте ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдері өндіріс көлемінің өсуі, тірі салмақтағы мал мен құстың сойылған көлемі 32,4%-ға өсті. Агроөнеркәсіп кешені және азық-түлік қауіпсіздігі бағыты шаясында 600 млн теңге көлемінде жеке инвестиция қаражатына 22 жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 2 инвестициялық жоба іске қосылды.

Өңір әлеуметтік-экономикалық жағынан тезірек дамуы үшін Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына «агроөнеркәсіп кешені» бағыты бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 

Маңғыстау облысы бойынша агроөнеркәсіп кешені саласында 15 өндіруші және қайта өңдеуші кәсіпорын бар. Облыстың ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында шағын және орта бизнес кәсіпкерлеріне, шаруа қожалықтарына мемлекеттік қолдаулар, яғни субсидиялар берілуде. 2022 жылы АӨК-ті субсидиялауға 2 675,4 млн теңге көзделген, оның ішінде биылғы қарашадағы жағдай бойынша 1 611,3 млн теңге игерілді. Нәтижесінде 561 АӨК субъектісі субсидияланды.

2022 жылға «Ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда микрокредит беру үшін облыстық бюджеттерге кредит беру» мемлекеттік бағдарламасы аясында, ауыл шаруашылығы саласына шағын несие беру мақсатында, бөлінген 691,1 млн теңге қаражаттың 124 млн теңгесіне 20 жоба қаржыландырылды, нәтижесінде жаңа 20 жұмыс орны ашылды. Маңғыстау облысы бойынша агроөнеркәсіп кешенінің инвестициялық жобаларын іске асыру жөніндегі 2022-2026 жылдарға арналған жаңадан бекітілген жол картасына сәйкес, ауыл шаруашылығына жалпы сомасы 7,2 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 2022 жылы жалпы құны 2,4 млрд. теңгені құрайтын 4 жобаны іске асыру жоспарланған, нәтижесінде 215 жаңа жұмыс орны ашылды. 

Қазіргі таңдағы әлемде орын алған геосаяси жағдайға байланысты кейбір азық-түлік тауарлары логистикасының өзгеруі және кейбір елдердің экспортқа шектеу қою мәселелері орын алып жатыр. Осыған орай, облысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету және олардың бағаларының күрт өсіп кетпеуі мақсатында тұрақтандыру қоры механизмі іске асырылып жатыр. 

Жол салу мәселесі

Маңғыстауда жыл сайын жөнделген және жаңадан салынған автожолдардың шақырымы өсіп келеді. Соңғы мәліметтер бойынша, аймақтағы жолдардың шамамен 95%-ы қанағаттанарлық жағдайда.

2022 жылдың басынан бастап өңірдің 205,4 шақырым жолын қамтитын 14 жобаға бюджеттен 8,5 млрд теңге бөлінді. Жолдардың келесі учаскелерін жөндеу және реконструкциялау жоспарланып отыр: МАЭК су жинау каналынан «Құрық» паром кешеніне дейінгі жол; «Ақтау-Форт-Шевченко» трассасының учаскесі; «Хонда» орталығынан Өмірзақ ауылына дейінгі жол; «Жыңғылды-Шайыр-Шерқала» трассасының учаскесі; «Шетпе-Қызан» трассасының учаскесі; Мұнайлы ауданы Атамекен ауылындағы аудандық маңызы бар жолды қайта жаңарту; Басқұдық ауылынан Маңғыстау ауылына дейінгі жол учаскесі; теңіз портына дейінгі автомобиль жолын қайта құру; Ақтау-Қаламқас және Таушық-Шетпе трассаларында жасанды құрылыстарды қайта жаңарту; «С. Шапағатов-әуежай» облыстық маңызы бар автомобиль жолының учаскесін орташа жөндеу; Сондай-ақ Өмірзақ кентінен жылы жағажайға, Басқұдық ауылына, сондай-ақ МАЭК су қабылдағышынан Құрық ауылына дейін жаңа жолдар салынуда.

Өңірдегі маңызды мәселенің бірі – жолдардағы қараусыз мал. Биыл облыста қараусыз малмен болған жол-көлік оқиғасы салдарынан 5 адам қаза тауып, 13 адам зардап шекті. Сол себепті апаттарды болдырмау үшін автожолдарда «электрлі шопан» құрылғылары орнатылды. Мұндай құрылғылар қазірдің өзінде «Ақтау – Жетібай» республикалық маңызы бар жолдың 80 шақырымында жұмыс істеп тұр.

Маңғыстау облысының Республикалық маңызы бар көлік жолдарының бойындағы қызмет түрлері дамып жатыр. Бұл бағытта өңірде 33 нысан жұмыс істейді: олар кемпингтер, кешенді демалыс орындары, жанармай құю станциялары және тамақтану пункттері. Жергілікті әкімдіктер тарапынан кәсіпкерлерге қажетті инфрақұрылымды тарту және қосымша жер учаскелерін беру мәселесі бойынша қолдау көрсетіледі.

Шағын және орта кәсіпкерлік

Маңғыстау облысында шағын және орта бизнес тұрақты түрде дамып келеді. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде (бұдан әрі – Ұлттық жоба) биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша: пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша жалпы несие сомасы 19,4 млрд теңге болатын жаңа 696 жоба қолдау тапты; шағын және орта бизнеске кредиттерді ішінара кепілдендіру бойынша 11 млрд теңгеге 804 жоба қолдау алды. Нәтижесінде 133 жаңа жұмыс орны құрылды және 217 жұмыс орны сақталды. 

2022 жылы Ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бағытталған мемлекеттік гранттан 20 млн теңгеге 4 жоба мемлекеттік грант алды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жалпы өңірде тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2022 жылдың 1 қарашасына 78,3 мың бірлікті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 24,6%-ға өсім көрсетті (1.11.2021 жыл – 62 798 бірлік). Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 3,6 мың бірлікке өсіп, 71,4 мың бірлікті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 29,5%-ға артты (1.11.2021 жыл – 53 961 бірлік).

Кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мақсатында кәсіпкерлерді және кәсібі бар азаматтарды қолдау, сүйемелдеу және мемлекеттік бағдарламалар мен заңдарға түсіндірме жүргізу, кеңес беру мақсатында «Атамекен» ӨКП бірлесіп «Маңғыстау» сервистік қызмет көрсету орталығының жұмысы жандандырылды. Биыл аталған тәжірибені кеңейту мақсатында қалалар мен аудандарда кеңес беру орталықтары құрылуда. Қазіргі таңда облыс бойынша 558 қызмет көрсетілді. Сонымен қатар Кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдасына сәйкес, биыл кәсіпкерлердің қабілеттілігін арттыру және кәсібі бар азаматтарды бизнеске тарту мақсатында өңірлік телеарнада «Бизнес Навигатор» бағдарламасы пилоттық үлгіде эфирге шыға бастады. Бағдарламаның мақсаты өңіріміздің танымал кәсіпкерлері мен қаржы саласы мамандарының кеңес беруі; танымал бизнес-тренер Арман Ақбердиевпен «Питчинг. Өз идеяңызды 3 минутта қалай сатуға болады» атты тегін тренингі ұйымдастырылды; «Еуропалық қайта құру және даму» банкімен бірлесе отырып, ЕҚҚД-гранттары, шағын және орта бизнестегі маркетинг және дайғдарыстан қалай шығу тақыбында тегін тренингі өткізілді. 

Өңір экономикасында көтерме және бөлшек сауда саласы қарқынды дамып келеді. Соңғы 3 жылда жалпы сауда алаңдарының көлемі 40 мың шаршы метрге ұлғайды. Жалпы сауда саласының құрылымын шамамен 54% көтерме сауда, 46% бөлшек сауда құрайды. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша көтерме сауданың көлемі 281,8 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43%-ға өсім көрсетті. 

Денсаулық сақтау саласы

Маңғыстау көптеген жылдар бойы еліміздегі туу көрсеткіштері бойынша бірінші орында тұр. 2021 жылы аймақта 23 229 бала дүниеге келді. Биыл жыл басынан бастап 16 631 жаңа туған нәресте дүниеге келді. Соңғы бес жылда өңірде жаңа туған балалар мен аналар өлімінің жаппай төмендеуі байқалды. Жаңа туған нәрестелер арасындағы өлім-жітім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға төмендеді. Облыста сәбилер мен балалар өлімін азайтуға алғашқы медициналық-санитарлық көмек үлкен үлес қосады, оған амбулаториялық қабылдау, ең көп таралған аурулар мен жарақаттарды емдеу, сондай-ақ ана, әке, бала және отбасын жоспарлау мәселелері кіреді.

Жеке инвестициялар есебінен Жаңаөзен қаласында 8 жаңа жұмыс орнын құрумен 50 орындық медицина орталығы ашылды. Жаңаөзен қаласы Рахат ауылында бір ауысымда 50 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталу сатысында. Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылында 150 төсектік орталық аудандық аурухана және Жаңаөзен қаласы «Ақбұлақ» шағын ауданында бір ауысымды 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Науқастардың басқа өңірлерге кетуі үш есеге азайды – бұл Маңғыстау тұрғындары отандық медицинаға сенетінін көрсетеді. Тоғыз айда 257-ден астам адам сәулелік терапия курстарын алды. Есепте 4 868 адам тұр. 

Маңғыстауда да Қазақстанның басқа өңірлеріндегідей дәрігерлердің тапшылығы байқалады. Жалпы тәжірибелі дәрігер, терапевт, педиатр, анестезиолог-реаниматолог, неонатолог, акушер-гинеколог, психиатр, зертханалық дәрігер, сәулелік диагностика мамандары, пульмонологтар мен онкологтар қажет. Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін 2022 жылдың 9 айында облысқа 93 дәрігер келді, оның ішінде басқа облыстардан – 18, басқа елдерден – 2 және 73 жас маман бар. «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша биыл ауылға 18 жас маман келді. Медициналық ұйымдар есебінен дәрігерлер жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етілген. 

2022 жылы облыс әкімінің 157 гранты бөлінді, соның арқасында Маңғыстауда 130 түлек дәрігер мамандығын тегін оқуда, ЖОО-ның 27 түлегі интернатураға түсті. Сонымен қатар медициналық ұйымдар есебінен резидентураға 9 адам түсті. 

Бүгінгі таңда дәрігерлердің орташа еңбекақысы 458 000 теңгені, ал орта медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 262 000 теңгені құрайды. Қызметкерлерді ынталандыру мақсатында 1 765 медицина қызметкеріне, оның ішінде 375 дәрігерге 70-тен 100 мың теңгеге дейін, 1 390 орта буын медицина қызметкеріне 50-ден 70 мың теңгеге дейін еңбекақы төленді. 2023 жылдан бастап Маңғыстау дәрігерлерінің жалақысын 30%-ға, орта медицина қызметкерлерінің жалақысын 20%-ға, кіші медицина қызметкерлерінің жалақысын 23%-ға арттыру жоспарланып отыр.​ 

2022 жылы ТМККК және МӘМС аясында 6 МСАК ұйымы медициналық қызмет көрсете бастады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында, сондай-ақ республикалық бюджет қаражаты есебінен алғашқы медициналық-санитарлық көмектің аумақтық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылдың соңына дейін Жаңаөзен қаласының Рахат ауылында дәрігерлік амбулаторияны пайдалануға беру жоспарланып отыр. 

Бұқаралық спортты дамыту 

Облыс көлемінде спорт саласында 2 809 қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 1 553 оқытушы-жаттықтырушы, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 636 жаттықтырушы қызмет атқарады. 

2022 жылы Маңғыстау облысы халқының 38,9%-ы немесе 305 620 адам дене шынықтырумен және спортпен қамтылды. Мұндай өсім облыста жаңа спорт нысандарының ашылуы, бұқаралық спортты дамыту мақсатында жүргізіліп жатқан мемлекеттік спорттық тапсырыстармен және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру есебінен қамтамасыз етілді. Осы орайда айта кету керек, өңірде спорт саласының дамуындағы жеке кәсіпкерлердің үлесі ерекше. Спорт инфрақұрылымдары тапшылығын жою мақсатында 2021-2025 жылдар аралығында 4 спорт кешенін, 10 спорт залын, 100 спорт алаңын салу жоспарланып отыр. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2020-2022 жж. облыста 131 спорт түрі қамтылып, оның ішінде облыс көлемінде 4-18 жас аралығындағы 210 400 бала мен жасөспірімнің 54,9%-ы спортпен қамтылған. 

2022 жылы «Біздің ауланың чемпиондары» әлеуметтік жобасы жалғасын табуда. «Nike Run Club Aktau» клубымен бірлесіп, жаппай жүгіру шаралары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда аталған клубтың құрамында 2 000-ға тарта адам бар. Оның ішінде 500-дей адам үзбей шұғылданады. Олимпиадалық емес спорт түрлерінен жоғары спорт шеберлігі мектебі ашылып, 17 спорт түрімен 500-ге жуық спортшы шұғылдануда. Осы қарқынды төмендетпеу мақсатында биыл 1 500 спорттық іс-шара өткізу жоспарланған. 

Мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі Жолдауын жүзеге асыру мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілді. Кәсіби спорт клубтарының қаражаты 284 660 мың теңгеге қысқартылып, бұқаралық спортқа бағдарланды (426 секция ашылып, 6 396 бала мен жасөспірім қамтылды). Жаттықтырушылар мен медицина қызметкерлерінің жалақысы өсті (636 жаттықтырушының жалақысы 50% – 396 млн тенге, 42 медицина қызметкерінікі 25% – 38 млн теңге). спортпен шұғылданатын мүмкіндігі шектеулі жандардың саны артты (2021 жылы – 799, 2022 жылы – 845). Ауылдық жерлерде спорт нұсқаушыларының саны артты (2021 жылы – 171, 2022 жылы – 191). 

Спорт мекемелері мен балалар-жасөспірімдер спорт клубтарын ашу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы аясында 7 спорттық нысан: Маңғыстау ауданында 3, Жаңаөзен қаласында 1 және Ақтау қаласында 3 нысан ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізілді. 2022 жылы Маңғыстау облысында жалпы білім беретін мектептермен бірігіп, «Ұлттық мектеп лигасы» өткізілді. Өңір бойынша аталған Лигаға 132 орта білім беретін мектептен 112 104 оқушы қатысты. 

2025 жылға дейін бұқаралық спортты дамыту мақсатында өңірде 100 спорт алаңы, 10 спортзал және 4 спорт кешенін салу жоспарланып, нәтижесінде тұрғындардың спортпен шұғылдануын 50%-ға жеткізу үшін шамамен 30 млрд теңгеге жуық қаражат тауып, тиісті шаралар қабылдау жоспарланып отыр.

Білім беру саласы

Маңғыстау облысында 185 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 145 күндізгі мемлекеттік мектеп, 5 кешкі, 30 жеке меншік, 5 түзету мектебі бар. 2022-2023 оқу жылында мектеп оқушыларының контингенті 175 370-ті құрады, оның ішінде мемлекеттік мектептердегі оқушылар саны – 165 590, жеке меншік мектептерде – 9 780 оқушы. Бұдан басқа, мектепалды сыныптарда 9 537 бала оқиды. 

Облыс әкімінің қолдауымен «Маңғыстау облысындағы ауылдық және қалалық мектептердегі алшақтықты азайту» (BTS Education) жаңа жобасы осы жылдан бастап 3 жыл ішінде жүзеге асырылады. Биыл 30 мектепті жаңа бағытқа трансформациялау басталды. 

Шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда жаңғыртылған мектептер саны – 21. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 400 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жергілікті бюджеттен 357 млн теңге бөлініп, 21 ауыл мектебіне 63 физика, химия, биология кабинеттері және жан басына шаққандағы қаржыландыру есебінен Ақтау, Жаңаөзен қалаларының 15 мектебіне 48 кабинет сатып алынды. 

Маңғыстау облысындағы үш ауысыммен оқыту мәселесін жою мақсатында 2022 жылы Ақтау қаласында 1 200 балаға арналған және Мұнайлы ауданында 600 оқушыға арналған 2 мемлекеттік мектеп және 4 650 орындық 12 жеке меншік мектеп пайдалануға берілді, 624 орындық 2 мектепте қосымша ғимараттың құрылысы аяқталды. 4 800 орындық 4 мектептің құрылысы жүріп жатыр. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 625 орындық 3 мектепке қосымша ғимарат салынып жатыр. Алайда өңір бойынша табиғи өсім және миграцияның көрсеткіші жоғары болғандықтан, үш ауысыммен оқытатын мектеп саны 17 болып қалып отыр.

Жалпы 2021-2025 жылдары Маңғыстау облысының кешенді жоспары аясында 35 білім беру нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасына сәйкес, 2025 жылға дейін облыста 24 білім беру нысаны салынады. 

Балалар жылы аясында жастардың жоғары білімге қол жеткізуін арттыру мақсатында Маңғыстау облысы түлектеріне педагогика және техникалық мамандықтарға қосымша 6 мың грант бөлінген болатын және оның 1 210-ы игерілді. 2022-2023 оқу жылына жергілікті бюджеттен бакалавр мамандықтарына 175 грант бөлініп (157 медицина, 3 ауыл шаруашылығы, 15 өнер саласы), қазіргі таңда студенттер еліміздің ЖОО-да кәсіби білім алып жатыр. 

2022 жылға мектептерді оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 2 млрд 376 млн теңге қаржы бөлінді. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында 190 мыңға жуық көркем және қосымша әдебиет сатып алынды.

Күндіз білім беретін мемлекеттік мектептерде 16 099 мұғалім жұмыс істейді. Биылғы оқу жылында 710 маман жұмысқа қабылданды, оның 410-ы – жас маман. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, ҚР Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген «Мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді қолдау шараларының пакетімен тарту» арнайы бағдарламасы аясында облысымызға қажетті мамандарға байқау жарияланды. Нәтижесінде 9 үздік педагог Ақтау, Жаңаөзен қалалары және Түпқараған аудандарында орналасқан жалпы білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылданып қызмет етуде. 

Жалпыға міндетті біліммен қамту қоры бойынша атқарылған іс-шаралар: биыл 138 мектепте 41 455 бала тегін ыстық тамақпен қамтылды. Жаңа оқу жылында осал топтағы отбасы балаларына әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 34 605 балаға 40 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. 

Облыстағы техникалық және кәсіптік білім жүйесінде 26 колледж (15 мемлекеттік, 11 жеке меншік) қызмет етеді. Колледждерде 20 993 студент білім алады, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алатын студенттер үлесі – 68,8%, ақылы негізде оқитын студенттер үлесі – 31,2%. Өткен жылмен салыстырғанда контингент саны 851 адамға немесе 16,3%-ға артты. Биыл 7 376 студент қабылданды, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша – 5 535 студент. 2022-2023 оқу жылына жоспарланған мемлекеттік тапсырыс 100%-ға орындалды. Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» ҰК қолдауымен «Жарқын болашақ» жобасы аясында Жаңаөзен қаласының 9 сынып бітірген 177 түлегі еліміздің 9 өңіріндегі 46 білім беру ұйымына оқуға қабылданды. 2022 жылғы түлектер саны – 835, оның 80%-ы дуальды оқыту жүйесімен жұмысқа орналасты. Мұндай жүйемен оқыған студенттерге «ҚазТрансОйл» АҚ ақылы тәжірибеден өтуге 43 студентке 80 мың теңгеден қаражат төледі. 

Өңірдегі білім беру жүйесін дамыту көрсеткіштері: мектепке дейінгі тәрбиемен қамту, үш ауысыммен оқытуды жою, білім беру ұйымдарындағы материалдық-техникалық базаны нығайту, мектептерді жаңғырту, білім алушылардың білім сапасын көтеру, инклюзивті білім беруді дамыту, қосымша біліммен қамту, техникалық және кәсіби білім беру жүйесін дамытумен айқындалады. 

Маңғыстау облысында 40 931 баланы қамтитын 347 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 139-ы – мемлекеттік, 208-ы – жеке меншік. Облыстың мектепке дейінгі білім беру саласындағы негізгі мәселе – балабақшалардағы орын тапшылығы. Бүгінгі таңда 2-6 жас аралығында 8 853 бала кезекте тұр. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 83%, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 100%-ды құрайды. 

2022 жылдың 10 айында жоспарланған 1 426 орындық 19 жеке меншік балабақшаның 1 267 орындық 17-сі ашылды. 2025 жылға дейін 9 670 орындық 86 балабақша ашылатын болады. 

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау

Облыстағы өзекті мәселенің бірі – жұмыспен қамту. Бүгінде экономиканың әр түрлі салаларында 355 319 адам жұмыспен қамтылған. Жұмыспен қамтылған халықтың негізгі үлесі өнеркәсіпте (23,7%), білім беру (13,4%), көтерме және бөлшек сауда (10%), көлік және қоймада ұстау (7,9%), құрылыс (8,1%) және ауыл шаруашылығы салаларында (1,3%) шоғырланған.

Соңғы үш жылда өңірде 84 825 жұмыс орны құрылды, оның 64 936 тұрақты жұмыс орны. Осы кезеңде облыстағы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс берудің мемлекеттік бағдарламасы аясында 75 038 адам қолдау шараларымен қамтылды. 

Облыстағы жұмыссыздық мәселесіне орай, 2021 жылы «Жұмыс жасаймын» өңірлік жобасы іске қосылды. Жоба бастау алған сәттен осы уақытқа дейін 1 203 адам жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Биыл жергілікті бюджеттен 955 млн теңге қарастырылып, 752 азамат өз жұмыстарын жалғастыруда (орташа жалақы – 175 мың теңге). 

Отбасыларды әлеуметтік қолдау саласын жетілдіру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы 1 қыркүйектен бастап «Цифрлық отбасы картасы» іске қосылды. Бүгінде аталмыш Карта аясында көмекке мұқтаж адамдардың 10 санатына сәйкес облыс бойынша 14 342 тұрғынның әлеуметтік жағдайына мониторинг жасақталды. Өңірде табысы кедейшілік шегінен төмен (атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудағы негізгі талап) отбасылардың саны өткен жылдармен салыстырғанда төмендегені байқалады. 2021 жылы әлеуметтік көмек 39 45 отбасыға (20 979 адам) төленді, ал 2022 жылдың 1 қарашасында бұл көмек түрі 3 744 отбасыға (20 088 адам) тағайындалды. 

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен қарттарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бойынша өңірде бірқатар жобалар жүзеге асып жатыр. Былтырдан бастап мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік, құқықтық, экономикалық бағыттарда қолдау көрсететін «Ten Qogam» әлеуметтік бейімдеу орталығы тұрақты негізде 192 адамға көмек көрсетті. Облыс көлемінде мүгедек адамдарды инватакси көлігімен қамтамасыз ету осы жылы 2 қосымша арнайы автокөлікпен толықты (жалпы облыс бойынша мемлекеттік ұйымдар арқылы 12 инватакси, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде 3 инватакси қызмет етуде).

Зейнет жасындағы адамдардың бос уақытын тиімді өткізуді ұйымдастыру арқылы қоғам өміріне бейімдеу бойынша 2021 жылдан бастап жартылай стационарлық жағдайда «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы жұмыс жасап тұр. Осы кезеңде 117 қартқа қызмет көрсетілді. 

Мүгедектерді оңалтудың техникалық құралдары және санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету қызметі 2021 жылдан бастап толықтай Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асып келеді. 2021-2022 жылдары 30 779 мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдары және қызметтерімен қамтылды (35 613 өтініш). 

Маңғыстау облысы биылғы 10 ай қорытындысы бойынша 14 567 мүмкіндігі шектеулі жанды қажетті оңалту құралдары және қызметтерімен қамтамасыз етіп (86,5%), өткен жылмен салыстырғанда оң динамика көрсетті. Әлеуметтік қызметтер порталының артықшылығы – мүгедек адам портал арқылы құрал түрі мен тапсырысты жеткізушіні өз қалауы бойынша таңдайды. 

Туризмді дамыту

Биылғы қарашадағы Маңғыстау облысына сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Киелі Маңғыстауды 362 әулиенің мекені деп бекер айтпаған. Бекет ата, Шақпақ ата, Шопан ата сияқты тұлғаларды бүкіл қазақ пір тұтады. Маңғыстауды ашық аспан астындағы мұражай десек, артық айтқандық емес. Шежірелі аймақ ұлт тағдырына қатысты талай оқиғалардың куәсі болған» – деп, өңірдегі туризмнің негізгі шежірелі нысандарын атап өткен болатын. 

Маңғыстау облысында туризмді дамыту – экономиканың басым бағыттарының бірі. Биыл Түпқараған ауданында өңірдің туризм саласындағы әлеуетін дамыту мақсатында 248 млн теңге қаржы көлемінде жеке инвестиция тарту арқылы күніне 100 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар «Сартас» визит-орталығы ашылды. Аталған орталықта 32 жұмыс орны құрылды. 

Бірнеше жыл бұрын Маңғыстау облысы еліміздің перспективалы туристік аймақтарының үздік ондығының қатарына енді. 2020 жылы өңірдегі туризмнің негізгі бағыттарының бірі – Ақтау қаласынан Каспий жағалауында орналасқан Құрық портына дейінгі аумақтарда теңіз жағалауындағы курорт, жағажай туризмін дамыту жұмыстары бастау алды. 

Маңғыстау облысындағы 2022 жылғы (қаңтар-маусым) статистикалық көрсеткіштер бойынша туристер саны: тұрғындар 120 087 адам, резидент еместер 9 570 адамды құрады. 

2022 жылы туризм саласында аяқталған жобалар: «Glamping Teniz Village», тартылған инвестиция көлемі – 200 млн теңге, 12 жұмыс орны, «АУРА» демалыс орталығы, инвестиция көлемі – 361 млн теңге, 14 жұмыс орны, «Сартас» келушілер орталығы, инвестиция көлемі – 248 млн теңге, 15 жұмыс орны және «Фламинго» демалыс орталығы, инвестиция көлемі – 500 млн теңге, 40 жұмыс орны.

2022 жылы «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мен Маңғыстау облысының туризм басқармасы бірлесіп, 10 шара ұйымдастырды. Солардың бірі 12-20 мамыр аралығында Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласын қамтыған «Жанды сабақтар» атты балалар мен жасөспірімдерге арналған экскурсиялық-танымдық туризмді дамыту мақсатында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ технология пәнінен 6-сынып оқушылары үшін 315 оқушыны қамтыған экскурсиялық сабақтар өткізді. Экскурсиялық сабақтардың нысаны Маңғыстау облыстық қуыршақ театры болды.

Cонымен қатар биыл туризмді дамыту мақсатында Ақтау қаласының әкімдігі, автотұрақ жалға алушысы, Такси қызметі және желілік полиция бөлімі Ақтау халықаралық әуежайында такси қызметін бірлесіп реттеу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қазіргі уақытта Такси қызметінің қызметкерлері арнайы логотипі бар кеудеше, бас киім және логотипі бар төсбелгіден тұратын бірыңғай форма киеді. Көліктердің сыртқы түрі такси қызметінің бірыңғай жобасына сәйкес жобаланатын болады.

Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту

Бүгінгі таңда өңір үшін ауыз сумен қамтамасыз ету аса өзекті мәселе. Осы маңызды мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін бүгінде Қаражанбас кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұщыту қондырғысы іске қосылды. Сонымен қатар «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын 40 мың т.м. дейін ұлғайту жобасының 2-кезеңі іске асырылып жатыр. Биыл жазғы маусымда 5 мың т.м. су тұщыту қондырғысы пайдалануға берілді. 2022 жылдың соңына дейін 12 ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып, қазіргі кезде 3 ауылда сумен жабдықтау бойынша жұмыстар аяқталып, іске қосылды. Жыл соңына дейін қалған 9 ауылды ауыз сумен жабдықтау жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.

Маңғыстау облысы негізінен «Астрахань-Маңғышлақ» су құбыры арқылы Еділ суымен және тұщыландырылған теңіз суымен қамтамасыз етіледі. Олардың жиынтық қуаты – тәулігіне 150 мың м3. Өңірдегі ауыз су тапшылығы, әсіресе жазғы кезеңде білінеді және тәулігіне 51,0 мың т.м. құрайды, 2025 жылға таман суға деген қажеттілік тәулігіне 250-260 мың т.м. құрайтын болады, ал тапшылық – тәулігіне 100-110 мың текше. Осы мәселені шешу үшін ірі жобалар қолға алынуда. Сонымен қатар Маңғыстау облысының 59 ауылдық елді мекенінің ішінен 47 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықталған. Биыл 3 ауылда ауылішілік желілердің құрылысын салу бойынша жобалар іске асырылды. 

Цифрландыру саласы

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында Астана қаласында iQala жобасы сәтті енгізіліп, ҚР Үкіметі жобаны барлық өңірлерге енгізуді тапсырды. Биыл iMangystau жобасы іске қосылды. Бұл жоба ақылы қала тұрғындары коммуналдық қызмет көрсететін мекемелермен келісім-шартқа онлайн түрде бір жерден отыра алады. Жобаның негізгі мақсаты – қағазбастылықты, сыбайлас жемқорлықтың ықтималдығын жою, қызмет көрсетуші мекемелермен тікелей байланысты болдырмау және т.б. қызметтерге қолжетімділігін арттыру. 

Цифрландыру саласы бойынша өңірімізде қоғамдық қауіпсіздік саласында Ақтау қаласында және Мұнайлы ауданында «Сергек» камералары орнатыла бастады. Аталған жоба аясында барлығы 1 135 бейнебақылау камералары қойылады. Нәтижесінде жол-көлік оқиғасы 30%, кісі өлімі 40%, қылмыс көрсеткіші 40%-ға төмендейді деп болжанып отыр. Бюджеттік тиімділігі, 5 жыл іске асыру барысында жергілікті бюджетке 7,1 млрд теңге көлемінде қаражат түсуі жоспарлануда. 

Биыл облысқа арналған 102 мобильді қосымша жасақталды. Бұл қосымша төтенше жағдайларға тап болған немесе осындай оқиғалардың куәгері болған азаматтарға арналған. Ондағы SOS батырмасының көмегімен тұрғын өзінің геоорнын көрсете отырып, бейне-қоңырау арқылы облыстық жедел басқару орталығымен жедел хабарласа алады. Ол үшін қосымшада тіркеуден өтіп, ҚР ІІМ мекен-жайына фото-материалдарды тіркеу мүмкіндігі бар мәтіндік өтінішті жібере алады.

Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев «109 бірыңғай коммуналдық орталық» тәжірибесін бүкіл елге таратып, барлық өңірлерде бірыңғай цифрлы байланыс-орталықтарын құруды тапсырған болатын. Аталған жоба биылдан бастап облыстағы барлық қала және аудан тұрғындарына қызмет көрсетуде. Орталыққа бүгінге дейін коммуналдық мәселелер бойынша облыс тұрғындарынан 25 369 шағым түсті. Одан басқа, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып және онлайн сервистерді тегін пайдалануға, білім, денсаулық сақтау, көлік, қалалық қызметтер маңызды ақпаратты дереу алуына мүмкіндік беретін «Smart Caspiy» мобильді қосымшасы іске қосылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу