Маңғыстауда соңғы бес жылда жалпы құны 3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз мәслихатын өткізген Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев 2023 жылдың 10 айында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақтылық қамтамасыз етіліп, негізгі макрокөрсеткіштердің оң нәтижесіне қол жеткізілгені туралы баяндады.

Инвестиция тарту – экономиканы дамытудың негізгі тетігі. Бүгінгі таңда экономиканың тұрақты дамуына тың серпін беру үшін өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру маңызды болып отыр. Оның ішінде шетелдік инвестицияларды тарту – жалпы экономикалық саясатымыздың басымдықтарының бірі. Бұл бағытта жұмыс қарқынды жүргізіліп келеді. 

Соңғы бес жылда өңірге 3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, оның ішінде биыл 10 айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 839 млрд теңгені, нақты көлем индексі – 144,7%-ды құрады. Аталған көрсеткіш бойынша Маңғыстау облысы елімізде көш бастап тұр. 

Жыл басынан бері жалпы инвестиция көлемі 11 млрд теңгеге 11 инвестициялық жоба іске қосылды. Нәтижесінде 500-ден аса жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 8 жоба өңдеу өнеркәсібіне тиесілі, олар – ет комбинаты, металл прокатын, арнайы жабдықтар мен техника, темірбетон, полиэтилен, антифриз өнімдерін өндіру орындары.

  • «Korkem Alem» ЖШС-нің ет өңдеу комбинатын салу;
  • «Hadid TD» ЖШС-нің металл прокатын өндіру цехын ашу (1-кезең);
  • «Каспий» машина жасау компаниясы» ЖШС-нің арнайы жабдықтар мен техника өндірісі;
  • «СК А-Строй монтаж» ЖШС-нің темірбетон бұйымдарын дайындау цехы;
  • «Kaz Fruit Company» ЖШС-нің қойма құрылысы;
  • «CEMENT BETON M» ЖШС-нің темірбетон бұйымдарын өндіру зауыты;
  • «HADIS CO» ЖШС-нің полиэтилен пленкасын өндіру цехы;
  • «Некрасова ағылшын мектебі» ЖШС-нің Ақтау қаласында 670 орындық мектеп құрылысы;
  • «Ясли-сад «Айжулдыз» ЖШС-нің Ақтау қаласында 300 орындық «Айжұлдыз» жеке жалпы білім беретін өнер және дизайн мектебін;
  • «Chemical Start Group» ЖШС-нің антифриз өндіру зауытын;
  • «СК А-Строй монтаж» ЖШС-нің су тұщыту зауытын салу.

Бұдан бөлек, жыл соңына дейін жалпы сомасы 10 млрд теңгеге жуық 4 жобаны іске асырып, 100 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. 

  • «Ақтау Азимут» ЖШС-нің Ақтау қаласында 1 га жылыжай;
  • Ш.Есенов атындағы «Каспий технологиялар және инжиниринг университеті» студенттік жатақхана;
  • «Topan Chemical Industries» ЖШС-нің каустикалық сода мен тұз қышқылын өндіру зауытын;
  • «Chem Invest Export» ЖШС-нің калий сульфатын, тұз қышқылын және кальций хлоридін өндіру зауытын салу.

Өңір басшысының ақпаратына сәйкес, алдағы 3 жылда іске асырылуы жоспарланып, 62 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Осы жобаларды сәтті жүзеге асыру арқылы өңір экономикасына 1,7 трлн теңге көлемінде инвестиция тартып, жаңа 7 300 жұмыс орнын құру көзделіп отыр. 

Нұрлан Ноғаев өңірде іске асырылуы жоспарланған ауқымды жобаларға тоқталып, оның біріншісі, «Жасыл сутегін өндіру және тарату» жобасы екенін баяндады. Аталған жобаның SVEVIND неміс-швед компаниялар тобы арқылы іске асырылуы жоспарланған. Жоба су тұщыту зауытын, 40 ГВт жаңартылатын энергия көздері стансасын және өндірістік қуаттылығы жылына 2 млн тонна сутегі бар су электролизін орнатуды және пайдалануды көздейді. 

«SVEVIND» компаниясы 2022 жылғы 27 қазанда Үкіметпен инвестициялар туралы келісімге қол қойып, өз қаражатынан жобаның ТЭН-ін аяқтады, «ХАЙРЕЙЖА УАН» ЖШС-нің жергілікті еншілес компаниясын құрды.

«Жобалау-іздестіру жұмыстары үшін 3 жыл мерзімге жалпы ауданы 3,4 млн гектар жер телімдері бөлінді. Бүгінгі таңда геологиялық-геофизикалық іздеу, экологиялық және әлеуметтік ортаға әсерді бағалау, жобаны қаржыландыру бойынша құрылымдау және басқа да жұмыстардың түрлері жалғасуда. Жобаны іске асырудың болжамды мерзімі 2023-2032 жылдар аралығы. Жобаның құны – $50 млрд немесе 23 трлн теңгені құрайды. Құрылыс кезінде құрылатын жұмыс орындары – 3 500 адам, пайдалану кезінде – 1 800 адам», — деді спикер.

Екіншісі – «Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов» кен орындарын игеру жобасы. Аталған жобаға $6 млрд тікелей инвестиция тартылмақ. Шетелдік стратегиялық серіктесі – ресейлік «Лукойл» мұнай компаниясы. Бүгінде жобалау жұмыстары басталды. 

Жобаны іске асырудың бастапқы кезеңінде 2 мың жұмыс орны құрылады. Өндіріс 2028 жылы басталып, жылына 4 млн тонна мұнай өндіру жоспарланған.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жобаны іске асыру шеңберінде металл конструкцияларын өндіру бойынша қазақстандық верфтер мен алаңдардың қатысуы көзделеді (Ақтау, Баутино, Құрық). 

Үшіншісі, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін, өнеркәсіптік және экспорттық әлеуетін нығайту мақсатында өңірде «KazAzot Prime» ЖШС-нің «Аммиак-карбамид кешенінің құрылысы» жобасын іске асыру жоспарлануда. 

«Жоба құны 600 млрд теңгені құрайды, құрылыс кезінде 1 500 жұмыс орны, іске қосылғаннан кейін 700 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жоба жылына 2 млн тонна химиялық өнімдер өндіруді көздейді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласында өнімділікті арттыруға мол мүмкіндік береді», — деп атап өтті өңір басшысы.

Мемлекет басшысының осы жылғы мамырда Қытайға сапары барысында іскер топтар өкілдерімен дөңгелек үстел шеңберінде стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаны баршаңызға мәлім. Нәтижесінде, Маңғыстау облысының әкімдігі мен «KazPetroDrilling» АҚ арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. 

Төртіншісі, аталған Меморандум аясында компания Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданында құбыр өнімдерін, сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангаларын өндіру бойынша екі зауыт салуды жоспарлап отыр. Екі жобаның жалпы құны 257 млрд. теңгеден астам, құрылыс кезінде 550 жұмыс орны, іске қосылғаннан кейін 870 тұрақты жұмыс орындары ашылады деп күтіледі. Бұл жобалар жылына 250 мың тонна құбыр, 51 мың тонна сорғы-компрессорлық құбырлар, 540 мың дана сорғы штангалары өнімдерін өндіруді көздейді.

Бесіншісі, облыстың көліктік-логистикалық әлеуетін арттыру мақсатында бүгінгі күнде, YDA Group түрік компаниясының бастамасымен Каспий теңізі акваториясында кеме жасау верфін салу жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Жоба құны 140 млрд теңгеге жуық, құрылыс кезінде 250 жұмыс орны, іске қосылғаннан кейін 100 тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Алтыншысы, «Qazaq LNG» ЖШС-нің сұйытылған табиғи газ өндіру зауытын салу.

«Мемлекет басшысы Petroleum президенті Дон Стрюмен кездесуінде Маңғыстауда сұйытылған табиғи газ өндіретін модулдік зауыт салу туралы хабарланды. Бүгінгі таңда канадалық Condor Energies Inc компаниясының 100% қатысу үлесімен “Qazaq LNG” ЖШС құрылды», — деді спикер.

Аталған жоба құны 60 млрд теңгеге жуық, құрылыс кезінде 400 жұмыс орын, іске қосылғаннан кейін 100 тұрақты жұмыс орыны ашылады. Жоба жылына 60 мың текше метр сұйытылған табиғи газды өндіруді көздейді. Бұл жоба өңір үшін аса маңызды.

Жетіншісі, Мемлекет басшысының өңірге іс-сапары кезінде берген тапсырмасын іске асыру мақсатында Ақтау порты базасында контейнерлік хаб құрылысы жобасының іске асырылуы басталды. Жоба құны 30 млрд теңге, құрылыс кезінде 100 жұмыс орны, іске қосылғаннан кейін 100 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жоба Ақтау портының жүктерін және контейнерлерді ауыстырып тиеу бойынша өткізу қабілетін жылына 3,8 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл еліміздің теңіз порты арқылы өтетін транскаспий мультимодальді халықаралық жолының маңыздылығын одан әрі арттыратыны сөзсіз.

«Осы аталған жобалар сәтті жүзеге асырылған жағдайда өңірге 27 трлн теңге немесе $58 млрд көлемінде инвестиция құйылып, құрылыс кезінде 8 мыңнан астам, іске қосылғаннан кейін 4 мыңға жуық астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік туады. Жалпы, Маңғыстау облысының инвестициялық әлеуеті өте зор. Біз инвесторларға қолайлы жағдай жасау жұмысын одан әрі жақсарта отырып, барлық жағынан қолдаймыз. Өйткені әрбір тартылған инвестиция мен іске асырылған жобаның артында жаңа жұмыс орындары тұр. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасады», — деді облыс әкімі.

Ауыл шаруашылығы саласы өңірде қарқын алып келе жатырған салалардың бірі. Биыл салада 24,1 млрд теңгенің өнімі өндірілді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 0,1%-ға артық. Оның ішінде мал шаруашылығында өнім шығару көлемі 6%-ға көбейді.

Салада 10 айда жалпы инвестиция көлемі 1,0 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылды. Олар азық-түлік сақтау қоймасы, жылыжай, ет өңдеу комбинаты және ет өнімдерін консервілеу жобалары. Нәтижесінде 80-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. 

«Өңірде егін шаруашылығында көкөніс, бақша дақылдарын өсіру басым бағытта. Келесі жылы өңірде 2,2 млрд теңгені құрайтын 5 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, оның ішінде 4 жоба жылыжай кешенін салу бағытында. Бұған қоса Қарақия ауданында “Звезда” ШҚ пилоттық жоба ретінде 2000 түп зәйтүн ағашын екті. Күткен нәтижеге қол жеткізілсе, бұл жобаны одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде ішкі өңірлік нарықты біртіндеп жергілікті, әрі табиғи өнімдермен толтыруға мүмкіндік береді деп сенеміз», — деді Н.Ноғаев.

Өңірді алдағы қыс мезгілінде мал азығымен толық қамтамасыз ету үшін 80,5 мың тонна шөп және 25,5 мың тонна жем қажет. Күні бүгінге шөп 73,5 мың тонна яғни, жоспардың 91,4% және жем 23,6 мың тонна яғни, жоспардың 92,5% орындалды.

2023 жылы ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында жергілікті бюджеттен 2,9 млрд теңге қаражат қарастырылған. Оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға 1,7 млрд теңге бағытталды. 

Қазіргі таңда осы қаражатқа 730 агроөнеркәсіп субъектілеріне 1,5 млрд теңге қолдау көрсетілді.

Биылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ауыл Аманаты» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында, ауыл халқының табысын артыру үшін республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда, жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайтын 165 жоба мақұлданды. Оның ішінде:

  • мал шаруашылығы саласында 111 жоба; 

  • егін шаруашылығында 6 жоба; 

  • өзге бизнес түрлеріне 48 жоба мақұлданды.

Мақұлданған жобалардың 112-іне шағын несие берілді. Нәтижесінде барлығы 173 жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде жұмыссыз 43 адам шағын несие алу арқылы жұмыспен қамтылды.

Облыс әкімінің айтуынша, ветеринариялық ұйымдарды материалдық-техникалық жабдықтау үшін биыл 49 автокөлік (47 нива, 2 камаз-инсинератор) сатып алуға демеушілік есебінен 571 млн теңге қарастырылды (конкурс рәсімдері өткізілуде). Сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен 12 дана компьютер, 21 арнайы құрылғы алынады (13,6 млн теңге).

Балық шаруашылығын дамыту — өңірдің әлеуетті даму бағыттарының бірі.

Каспий теңізінің Маңғыстау облысы шекарасы Сүйе жерінен Атырау облысының Прорва жеріне дейінгі ұзындығы 1 350 км құрайды.

«Қазіргі уақытта облыста кәсіпшілік балық аулаумен 811 балықшы маусымдық және 75 балықшы тұрақты түрде айналысады. 2023 – 2024 балық аулау кезеңіне 11 152 тонна квота бөлініп, оның 1 161,9 тонна балық аулауға рұқсат берілді (19%). 2023-2024 оқу жылынан бастап Түпқараған ауданында “Түпқараған гуманитарлық-кәсіптік” колледжінде алғаш рет Балық және теңіз өнімдерін өңдеуші мамандар дайындалады. Қазіргі таңда, аталған мамандыққа 20 студент қабылданды. Колледж “Аташ Фиш Пром” ЖШС-мен түлектерді жұмыспен қамту жөнінде келісім шартқа отырған. Сондай-ақ, өңірдегі ірі балық шаруашылығы мекемелерімен түлектерді жұмыспен қамту жоспарлануда», — деді өңір басшысы.

Оның сөзіне қарағанда балық шаруашылықтарын мемлекеттік қолдау үшін 20,5 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, балық шаруашылығын дамыту үшін Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу мақсатында 50 млн теңге қаражат қаралды.

«Мемлекет басшысының Каспий теңізінде заңсыз балық аулаудың жолын кесу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Балық инспекциясы басқармасына 2 бірлік моторлы қайық (KazBoat-42k) және 2 бірлік Тойота Хайлюкс автокөлігі берілді. Өңірде 2024 – 2026 жылдары құны 12,1 млрд теңге болатын 8 инвестициялық жоба іске асырылуы жоспарланған», — деді Нұрлан Ноғаев.

Аталған жобалар іске қосылған жағдайда 161 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Жоспарланған жобалар қатары төмендегіше:

2024 жылы:

  • «CaspyAltynBalyk» ЖШС тұйық сумен жабдықтау қондырғысы арқылы бекіре тұқымдас балықтарды өсіру және өңдеу жобасы.
  • «Caspian Kuryk Balik» ЖШС балық және шаян тәрізділерді өсіру жобасы.

2025-2026 жылы:

  • «Рыбная ферма Red pearl» ЖШС – тұйық сумен жабдықтау қондырғысы арқылы тауарлық бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру және ас уылдырығын өндіру жобасы. 
  • «Каспий Алтын балық» ЖШС балықты қабылдау және өңдеу жобасы.
  • «Organic fish» ЖШС – тор қоршамада бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру жобасы.
  • «Ақкетік балық шаруашылығы» ЖШС тауарлы балық өсіру, кәсіпшілік балық аулау және өңдеу жобасы.
  • «Байұлы» ЖШС – бассейнде және тоғанда ақ амур, дөңмаңдай және тұқы тауарлы балық өсіру жобасы.
  • ЖК «Сейтов» балық өсіру шаруашылығы жобасы.

Өңірдің туризм саласын дамытудың маңызылығы жылдан жылға артып келеді. Қызығушылық танытып келетін туристтердің де қатары көп. Оны саладағы оң динамикадан да байқауға болады.

2023 жылдың бірінші жарты жылдығында ресми статистикаға сүйенетін болсақ:

  • көрсетілген қызметтер көлемі 4,8 млрд теңгені құрап, 1,3 есеге өсті.
  • өңірге шетелдер мен ел аймақтарынан 180 мың турист келіп, 38%-ға өсім қалыптасты.

«Бұл ресми ғана статистика, жаз басталысымен өңірге көршілес облыстардан, шет елдерден келуші қонақтардың легі көп. Маусымда кейде қонақүйлерде орын болмай жатады. Туризмді дамыту көлік инфрақұрылымына тікелей байланысты. Оның ішінде туристтердің әуе көлігімен келуі үшін барлық жағдайлар жасалуда. Бүгінге Үкіметтің қолдауымен әуе қатынасында аптасына 17 бағытта халықаралық 52 рейс және 8 бағытта ішкі 92 рейс қызмет көрсетуде», — деді ол.

Әуе қатынасы арқылы тасымалданған жолаушылар саны 1 млн-нан асты, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 4,6%-ды құрады. 

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жуырда жариялаған халыққа Жолдауында бұл салада серпінді жобаларды іске асыруды тапсырды. Бұл міндетті орындау үшін 2025 жылға дейін құны 100 млрд теңге болатын 13 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде биыл 589 млнтеңгеге 2 жоба іске қосылды», — деді облыс басшысы.

1. «Caspiy Life» демалыс базасын салу және пайдалану (I кезең)» («Адекова Ж.Қ.» ЖК), (жоба құны болжаммен I кезең: 439 млн теңге, жұмыс орны – 15 адам (тұрақты - 6, уақытша - 9);

2. «Эко-Otel» қонақ үйі («Omir Glamping» ЖШС, жоба құны 150 млн.теңге, жұмыс орны - 10).

2025 жылға дейін;

  • «Гольф-клуб». «Виллалары бар Гольф-отель», «TETHYS AKTAU I» ЖШС; 
  • «Town Center» сауда қатарлары», «TETHYS AKTAU III» ЖШС.
  • Виллалар мен пәтерлер кешені құрылысының 2-кезеңінің құрылысы, «Dream Village» ЖШС;
  • «Aqualina Resort» курорттық - қонақ үй кешенінің құрылысы, «Caspian Plaza» ЖШС;
  • Ақтау қаласындағы «Достар» қонақ үй кешенін кеңейту – «Достар Компания ЛТД» ЖШС;
  • «Нұр» сауықтыру кешені; «СКР-Снаб» ЖШС;
  • Ақтау қаласының «Жылы жағажай» ауданында сауықтыру кешенін салу және пайдалану, «Aktauborproduct» ЖШС;
  • «Relax» заманауи туристік кешенінің құрылысы, «Жәрдем Ақтау» ЖШС;
  • Қонақ үй кешенінің құрылысы, «NOMAD Aktau» ЖШС;
  • «Tethys Resort» демалыс базасы, «TESORO PROJECT GROUP» ЖШС;
  • «Seaside Palace» демалыс аймағы, «Каспиан Инвест Групп» ЖШС;

Аталған жобалар өңір экономикасының дамуына мультипликативті оң серпін бере отырып, туристтердің қызығушылығын одан әрі арттырары сөзсіз.

Сонымен қатар өңірдің туристтік потенциалы аса зор. «Маңғыстау – аспан астындағы мұражай» деп бекерге айтылмаған. Осы жерлерді көруге алыс-жақын шет елдерден туристтер ағылып келуде. 

«Осы орайда төл мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді насихаттау, сондай-ақ киелі, туристтік орындарымыздың танымалдылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстарды одан әрі жалғастыруымыз қажет. Осы мақсатта Премьер-Министрдің төрағалығымен Ақтауда еліміздің және әлемнің басқа да елдерінен келген 300-ден астам туристік бизнес өкілінің қатысуымен “Туризмді дамыту жөніндегі халықаралық форум” өтті», — деп баяндады спикер.

Аталған іс-шараға ШЫҰ елдерінің министрлері, халықаралық қонақүйлер, отандық және шетелдік ірі туроператорлар, әуе компаниялар желілерінің басшылары, сондай-ақ инвесторлар, халықаралық сарапшылар, дипломатиялық корпус және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Форум қорытындысына сәйкес, туризм саласындағы отандық және шетелдік компаниялар өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды. Бұл Форум өз нәтижесін береді, себебі келген қонақтар, еліміздің, оның ішінде Маңғыстау өңірінің ерекшелігін, сондай-ақ жоғары әлеуетін атап өтті. 

«Біз өз тарапымыздан Үкіметтің қолдауымен инфрақұрылымдық мәселелер мен сервисті дамыту бағытындағы жұмыстарымызды жандандырамыз. Экономикалық өсім өңір инфрақұрылымына да тікелей байланысты. Өңірде құрлық, теңіз, әуе қозғалысының барлық түрі жолға қойылған. Ендігі мақсат осы мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, көлік және логистика әлеуетін одан әрі дамыту», — деді өңір әкімі.

Оның айтуынша, өңірдегі көлік және қоймалау көрсеткіші 3,6%-ға артып, саланың барлық көрсеткіштерінде оң динамика байқалады. Жалпы қызмет көрсету саласы соңғы жылдары әлемдік экономиканың келешегі бар салаларының біріне айналды.

2023 жылы Ақтау, Құрық және Солтүстік терминал порттары арқылы жүктерді ауыстырып-тиеу көлемі 6 069 млн тоннаны құрап, 12%-ға өсті, фидерлік жүктерді ауыстырып тиеу 19 мың контейнерлік бірлікке жетіп отыр.

Теңіз порттарының әлеуетін толық көлемде пайдалану үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақтау теңіз портының базасында контейнерлік хаб құру бойынша жұмыстар жалғасуда. Қазіргі таңда ТЭН әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, оны 2023 жылдың 4-ші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.

Қоғамның айнасы саналатын қоғамдық көліктерді жаңғырту мәселесі ерекше назарда. Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарта отырып, қоғамдық қызмет сапасын арттыру мақсатында Ақтау қаласына өткен жылы 12 дана жолаушы автобусы сатып алынып,нәтижесінде қала автобус паркі 100%-ға жаңартылды. Биыл бұл жұмыстар облыс көлемінде жүргізіледі (облыс автобус паркінің жаңартылуы – 40%). 

«Осы тұста Ақтау қаласының жаңа шағын аудандары мен ауданаралық маршруттарға заманауи 140 автобус сатып алу жоспарлануда. Қажетті қаражат қарастырылды (1,3 млрд теңге), автобустарды жаңарту кезең-кезеңімен жүргізіледі. Қазіргі таңда экологиялық таза отынмен (метан) жүретін жаңа заманауи автобустардың алғашқы легі – 30 дана автобус пайдалануға берілді. Қалғандары жыл соңына дейін жеткізу жоспарланған. Осылайша біз облыс деңгейіндегі автобустардың 80%-ын жаңартатын боламыз», — деді облыс әкімі.

Автомобиль жолдары өңір экономикасына тың серпін беретін маңызды сала. Биыл 250 шақырымды қамтитын 15 жобаның жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, 21 ауылдыңжолдарына жөндеу мен құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсаттарға биыл 19,1 млрд теңге бөлініп отыр. Атқарылған жұмыстардың нәтижесіне сәйкес биыл жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының жағдайын 97% жеткізу жоспарланған.

Өңірдің маңызды мәселелерінің бірі – инженерлік желілерді дамыту, яғни инфрақұрылымды реконструкциялау және олардың қуатын арттыру.

«Өздеріңізге белгілі, өңірдегі тіршілікті қамтамасыз етуші «МАЭК» кәсіпорнының негізгі құрал-жабдықтарының тозу деңгейі – 81 % құрайды. Бұған қоса, Ақтау қаласындағы мәселелердің бірі – инженерлік желілерді қайта құрылымдау. Тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылға дейін 5 аймаққа бөле отырып, Ақтау қаласының 25 шағын ауданында 919 шақырым инженерлік желілерге (су, кәріз, жылу) жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр», — деді Н. Ноғаев. 

Бүгінде бірінші кезең бойынша жалпы құны –20,4 млрд теңгені құрайтын 19 жоба әзірленді (су – 6 жоба, кәріз – 6 жоба, кәріз тазарту стансалары – 6, жылу – 1 жоба). Оның ішінде осы жылы Ақтау қаласындағы 3А, 3Б, шағын аудандары мен 1 шағын аудандағы аурухана қалашығында жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде (жалпы ұзындығы 10,2 шақырым). Ол үшін республикалық бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлінді (жобаның жалпы құны 11,5 млрд теңге). Қалған шағын аудандарды кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүргізіледі.

Өңірде жылумен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Облыс бойынша жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 790 шақырым, тозу деңгей 53% құрайды, оның ішінде Ақтау қаласында бұл көрсеткіш жоғары, яғни 83% (ұзындығы – 424 шақырым).

«Өңірде жылыту маусымы 11 қазаннан басталды. Қазіргі уақытта барлық әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер жылумен қамтамасыз етілді. Жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Дегенмен, желілердің тозуынан қалада апаттық жағдайлар орын алуда, жылыту маусымыбасталғалы 300-ге жуық апат орын алды (жыл басынан – 1567 апат, 2022 жылы – 1500 апаттық жағдай тіркелді). Мамандар шұғыл түрде орын алған жағдайларды қалпына келтіріп, қажетті шараларды қабылдаудамыз. Сонымен қатар, облыс орталығының жаңа шағын аудандарында көп қабатты тұрғын үйлер көптеп салынуына байланысты кейбір шағын аудандарда жылу қуатының тапшылығы пайда бола бастады (13,15,28а,33 ш/а). Осыған байланысты тұрғындарды сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы шұғыл шаралар кешені қабылданды. Жергілікті бюджет есебінен қуаты 25 МВт құрайтын 5 блокты модульді жылу қазандығы (5х5 МВт) сатып алынып, орнатылды. Сонымен қатар, 17 шағын аудандағы қазандыққа (21 МВт) қосымша 24 МВт қазандық орнату арқылы жаңғыртылды (967 млн теңге). Биыл осы жұмыстарды жалғастырудамыз», — деді өңір басшысы.

Қазіргі уақытта Ақтау қаласынының 4 шағын ауданына 40 МВт қосымша 4 блокты модульдік жылу қазандығы (4х10 МВт) орнатылды. Оған бюджеттен 906 млн теңге бөлінді. Бұл МАЭК компаниясының жылу беру жүктемесін азайтуға септігін тигізеді. «МАЭК» кәсіпорнының қажетті деңгейде қызмет етуі үшін қосалқы жабдықтар сатып алу мен жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін осы жылға 9,4 млрд теңге, оның ішінде МАЭК-тің инвестициялық бағдарламасы аясында 6,8 млрд теңге (қазандық, турбоагрегаттарын, күштік трансформаторларды күрделі жөндеу) және жергілікті бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлінді(электр стансалары, сорғы жабдықтарын, су тұщыландыру қондырғыларын, жылу алмасу құбырларын және т.б. сатып алуға).

Сонымен қатар Үкімет резервінен қажетті жабдықтар сатып алуға 4,9 млрд теңге бөлінді (насостық агрегат, электр қозғалтқыш және т.б.). Қазіргі таңда, негізгі қондырғыларды жеткізушілермен келісім шарт жасалып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Өңірді сапалы әрі тұрақты жылумен қамту оған қажетті табиғи газ көлемінің жеткілікті деңгейде болуына тікелей байланысты. Осы орайда өңірді газбен тұрақты түрде қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.

«Атап айтсақ, өздеріңізге белгілі, Президент тапсырмасымен «Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбырының екінші желісінің (құны – 180 млрд тг, ұзындығы – 308 шақырым) құрылысы аяқталды. Сондай-ақ «Жаңаөзен-Ақтау» магистральдық газ құбырының 4-тармағын іске асыру үшін республикалық бюджеттен 5,3 млрд теңге бөлінді (құны – 31,5 млрд теңге, 148 км газбен жабдықтау желісі). Қазіргі таңда, 34 шақырым газ құбыры орнатылды.Ақтау қаласының солтүстік бөлігінде жаңа шағын аудандарды газбен тұрақты түрде қамтамасыз ету мақсатында іске асырылып жатырған «Каспий энергетикалық хабы» аясында «Жаңаөзен-Ақтау» МГ құбырынан басталатын автоматтырылған газ тарату стансасы бар магистральды газ құбырын салу жобасын биыл жыл соңына дейін аяқтайтын боламыз. Ол үшін республикалық бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінді (құны – 10,5 млрд теңге, ұзындығы 52 шақырым)», — деді ол.

Теңіз жағалауындағы туризмді дамыту мақсатында Құрық ауылы маңындағы АГТС-тан бастап «Жылы жағажай» курорттық аймағындағы «Сарша» жерінен «Риксос» қонақ үйіне дейін жоғары қысымды газ құбырының құрылысы аяқталды. Бұл жоба осы аумақта орналасқан Құрық елді-мекенін және ондағы өндірістік, демалыс орындарын газбен қамтиды. Сайып келгенде бұл жобалар өңірдегі жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік бере отырып, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Облыстың дамуы және халық санының қарқынды өсуінен суға деген сұраныс артып келеді. Өңірді ауыз сумен қамту мәселесі әлі де өзекті, жаз мезгілінде тапшылық тәулігіне – 77,2 мың текше метр суды құрады.

«Мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін 2025 жылға дейін жалпы су тұщыту қуаты 136 мың текше метрді құрайтын 6 жобаны жүзеге асыру жоспарланған (жалпы құны – 202 млрд теңге). Оның ішінде: Қаражанбас кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұщыту зауыты іске қосылды (жоба құны – 21,4 млрд теңге). Нәтижесінде «Астрахан-Маңғыстау» су құбырынан босаған 10 мың текше метр ауыз су Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Жетібай ауылдары тұрғындарының игілігіне пайдаланылуда. Сондай-ақ «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын 40 мың текше метрге дейін жеткізудің 2-ші кезеңі бойынша жұмыстар жалғасуда. 2022 жылы жазғы маусымда су тұщыту қондырғысының 5 мың текше метрі қолданысқа берілді. 2024 жылдың сәуір айына дейін осы жұмыстарды толық аяқтау көзделіп отыр», — деді Н. Ноғаев.

Бұған қоса, Ақтау қаласында жеке инвестор есебінен қуаттылығы тәулігіне 20 000 текше метр су тұщыту зауытын салу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны – 4,0 млрд теңге. 

«Қазіргі таңда инвестор зауыттың құрылысын өз қаражаты есебінен бастады. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта жабдықтың белгіленген қуаты тәулігіне 4500 текше метрді құрайды. Жыл соңына қарай жабдықтың қуатын тәулігіне 10 000 текше метрге дейін арттыруды жоспарлап отыр», — деді өңір басшысы.

Биыл Форт-Шевченко қаласында тәулігіне 5 мың текше метр (РБ – 4,2 млрд теңге бөлінді), «МАЭК» аумағында 24 мың текше метр (РБ – 10 млрд теңге қаралды) және Кендірлі аймағында 50 мың текше метр су тұщыту қондырғыларын салу жұмыстары басталды. Зауыт құрылысы «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда және аталған жобаларды 2025 жылға дейін аяқтау үшін барлық қажетті шаралар қабылданады.

Су ресурстарының баламалы көздерінің бірі – Ақтау қаласынан 43 шақырымда орналасқан технологиялық су көзі ретінде пайдаланатын Құйылыс кен орны. Қазіргі бар құбыр толығымен ескірген. Сондықтан осы кен орынның суын толық игеру үшін Каспий су тұщыту зауытына дейін су құбыры жаңартылуда. Республикалық бюджеттің жобасында 5 млрд теңгеге қолдау тапты (құны – 19,5 млрд теңге, ұзындығы – 46,7 шақырымды құрайды, аяқталу мерзімі 2024 ж).

«Осы қабылданып жатқан шараларға қарамастан ауыз су мәселесі өңір үшін ең өзекті болып қала бермек. Ендігі жерде оны тиімді пайдалану үшін барлық жұмыстарды дұрыс ұйымдастырып, суды пайдаланудың жаңа технологияларын енгізуді қолға алудамыз», — деді ол.

Қазіргі кезде облыстың экологиялық өзекті мәселесінің бірі – «Қошқар-Ата» қалдық қоймасы. Бүгінде «Қошқар-Ата» қалдық қоймасын қалпына келтірудің I кезеңін іске асыру үшін республикалық бюджеттен 3 млрд теңге қарастырылып, 2022 жылға жоспарланған 905 гажердің 253 гектарына рекультивациялау жұмыстары жүргізілді (барлық рекультивация жұмыстары жоспарланған жер 4279 га).

Сонымен қатар жобаның қымбаттауына байланысты мердігер өз қаражаты есебінен ЖСҚ-ға түзетулер енгізіп, мемлекеттік сараптамаға енгізілді. Қойманың айналасынан жергілікті бюджет есебінен 80 гектар жерге 200 мың қара сексеуіл отырғызу жұмыстары жүргізілуде(80 гектар сексеуіл көшеттерін отырғызу үшін 2021-2024 жылдарға келісімшарт жасалды, құны – 255,6 млн теңге) ). Жалпы жоспарланған егу территориясы 150 га. 

Облыс әкімінің сөзіне қарағанда, экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында құм тоқтату жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы Сенек, Үштаған, Тұщықұдық, Шебір ауылдарын құмнан қорғау жұмыстары аяқталды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде осы ауылдар маңынан барлығы 3 236 гектар жасыл аймақ пайда болды. Биыл Жарма, Сазды, Сауысқан ауылдарын қорғау жұмыстары жалғасуда (3 ауылға – 150 мың сексеуіл).

Өңірдегі тағы бір мәселенің бірі – қауіпті қалдықтар. Яғни, өткен ғасырдың 80-жылдарынан жинақталған бұрынғы Ақтау пластикалық масса зауыты аумағындағы қауіпті қалдықтарды жою мәселесі күн тәртібінде тұр. Мемлекет басшысының осы бойынша тапсырмасы бар.

Бұрынғы химия-гидрометаллургия зауыты жөнінде айтар болсақ, 2009 жылғы № 1683 сатып алу-сату туралы келісімшартқа сәйкес жалпы ауданы 119 га бұрынғы ХГМЗ өндірістік аумағы «Каспий Экологи» ЖШС-і меншігіне өткені белгілі.

«Сот шешіміне сәйкес аталған компания өндірістік аймақта орналасқан бүлінген жерді жаңғыртуға, оның құнарлылығын және жердің басқа да пайдалы қасиеттерін қалпына келтіру мен оның шаруашылық айналымына уақытылы тартылуына міндетті. Алайда, сот талаптары бүгінгі күнге дейін орындамауына байланысты 2023 жылы қазан айында мемлекеттік сот орындаушыға жолданды», — деді Н. Ноғаев.

Облыс әкімінің айтуынша, бұрынғы Ақтау пластикалық масса зауытындағы 211 иесіз қауіпті қалдықтар (жалпы салмағы – 1909 т) «Жасыл Даму» АҚ-на республикалық меншікке өткізілді. 2023 жылы қауіпті қалдықтарды жоюға республикалық бюджеттен 783 млн теңгеқаражат бөлініп, 1092 тонна қалдық шығарылды (қалдық көлемі бойынша 58%), оның ішінде сұйық хлор (улы) – 4,7 тонна және бензоил асқын тотығы (жарылғыш) – 2,2 тонна.

Облыс әкімі әлеуметтік салаға да баса назар аударды. 2023 жылы білім беру жүйесін қаржыландыруға 209 млрд теңге қарастырылды, ол облыс бюджетінің 43%-ы.

3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту – 100%, ал 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 88,6%-ды құрады. 

Облыста барлығы 188 жалпы білім беретін мектеп бар, оның ішінде 39-ы жеке меншік білім ордасы. Соңғы 3 жылда оқушылар саны 25 мыңға артты (2021 – 156 мың, 2022 – 175 мың, 2023 – 182 мың). Биыл 3 972 орындық 11 жекеменшік мектеп ашылды (Ақтау – 6, Жаңаөзен – 2, Мұнайлы – 3). 

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Түпқараған ауданында 1 мектепте жапсаржай пайдалануға берілсе, 2 мектепке жапсаржай құрылыстары жүргізілуде. Аталған мектептер 2024 жылы пайдалануға беріледі.

Өңір басшысының сөзіне қарағанда, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры»арқылы 4 800 орындық 4 мектептің құрылысы 2024 жылы аяқтау жоспарлануда. «Жайлы мектеп» жобасы аясында облыста 2025 жылға 2 ауысымда 44 мың орындық 21 мектепқұрылысын салу жоспарланды (2024 жылы – 13 мектеп, 2025 жылы – 8 мектеп). 13 мектеп бойынша мердігер мекемелермен келісім-шарттар жасақталып, құрылыс жұмыстары басталды. 

«Мектеп құрылысын салуда демеушілеріміз де қолдау көрсетуде. «NCOC» компаниясының демеушілігімен Бекі ауылында 100 орындық және «Buzachi Operating LTD» компаниясының қолдауымен С.Шапағатов ауылында 1 200 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ «NCOC» компаниясы демеушілігімен облыс орталығының 17 шағын ауданында колледж студенттеріне арналған 500 орындық жатақхана құрылысы аяқталды. Бұл колледж студенттерінің қажеттілігін толық шешуге мүмкіндік береді», — деді Н. Ноғаев.

Балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін көтеру үшін Ақтау қаласында 1500 орындық «Оқушылар сарайының» құрылысы аяқталды. Орталықта 5 000-нан астам баланы тегін қосымша біліммен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл нысан Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында берген тікелей тапсырмасы аясында салынды.

Айта кетейік, Оқушылар сарайында көркем, ғылыми-техникалық және жалпы гуманитарлық бағыттағы үйірмелер, сондай-ақ спорт секциялары жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ xop, оркестр және музыкалық аспаптарда ойнауды үйрететін жеке сабақтар қарастырылған, хореографиялық студия, авиамодельдеу бөлмелері, компьютерлік сынып, әмбебап спорт залы, спорттық жүзу бойынша жаттығу бассейндері, йога және аэробика залдары бар. Сонымен қатар ғимаратта дизайн және бейнелеу өнері студиясы, қолөнер және материалдарды көркем өңдеу шеберханалары, әдеби-драма студиясы, кітапхана, коворкинг-кеңістік және IT-технологиялар зертханасы бар. Оқушылар арасында шахматты кеңінен насиахаттау мақсатында гроссмейстер, шахматтан әлем және Азия чемпионы Бибісара Асаубаеваның шахмат шеберлігі мектебі ашылады.

2021 жылдан ауыл мектептерін жаңғырту жұмыстары басталып, соңғы үш жылда 63 мектеп жаңғыртылды. 2025 жылға дейін 103 ауыл мектебін жаңғырту көзделуде.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы оқу жылынан бастап 1-ші және 4-ші сынып оқитын 70 мың және 5-11-сыныптардағы аз қамтылған отбасының 20 мыңға жуық оқушысы ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде. Осылайша облыс бойынша тегін тамақпен барлығы 90 мыңға жуық бала қамтылды (жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге қарастырылды)», — деді облыс басшысы.

Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты міндет. Өңірдегі барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйелерімен, дабыл түймелерімен қамтамасыз етілді және жедел басқару орталығына қосылды. 

Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жақсарту бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2023 жылы Жаңаөзен қаласы Ақбұлақ елді мекенінен жергілікті бюджет есебінен 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталды. 

«Медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жеке инвестициялар есебінен 4 жеке меншік алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету ұйымдары ашылып қызметін бастады (Ақтау-2, С.Шапағатов, Таушық). Облысты дамытудың Кешенді жоспары шеңберінде Мұнайлы ауданында 150 төсектік орталық аурухананың құрылысы жалғасуда (орындалысы – 45%, құны 13,1 млрд теңге: РБ – 11,8 млрд теңге, ЖБ – 1,3 млрд теңге). Бұған қоса, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Жаңаөзен қаласы Кендірлі ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысы басталды. Денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылуда. Осы бағытқа облыстық бюджет есебінен 5,6 млрд теңгеге қаражат бөлінді. Оның ішінде Мемлекет басшысының өңірге келгенде берген тапсырмасын орындау мақсатында аудандарды санитарлық көлікпен жабдықтау жүзеге асырылуда, жыл соңына дейін 13 көлік пайдалануға беріледі (Бейнеу – 7, Маңғыстау – 4, Қарақия – 2)», — деді спикер.

Сонымен қатар, облыстың Кешенді жоспары аясында республикалық бюджет есебінен лизинг арқылы жедел-жәрдем станциясына 5 реанимобиль сатып алынды. Осылайша бүгінге емдеу орындарының жабдықталу көрсеткіші – 92%-ды құрады.

Саладағы негізгі мәселенің бірі кадр тапшылығы, бүгінгі таңда ол 206 маманды құрап отыр. Маман тапшылығын шешу үшін 2022 жылы 157 облыс әкімінің гранты бөлінсе, 2023 жылы оның саны 198-ге ұлғайтылды (бакалавр – 165, интернатура – 33). Мамандардың тұрақтауы үшін және адамдардың келуін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен сала мамандарын қызметтік баспана және өзгеде әлеуметтік көмек көрсету үшін 70 млн тенгебөлінді. Сондай-ақ 22 дәрігердің біліктілігін арттыру мақсатында Түркия, Латвия және Ресей елдерінде халықаралық практикадан өтеді (100 млн теңге бөлінді).

«Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 335 маманға бір жолғы көтерме жәрдемақы төлеуге 116 млн теңге, жеңілдетілген несиемен тұрғын үй алуға немесе салуға 157 маманға811 млн теңге жәрдемақы төленді. Осындай мемлекеттік қолдау, ынталандыру шараларын одан әрі күшейту бағытында жұмыстарды жалғастыратын боламыз», — деді ол.

Облыс бойынша 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың саны – 231 137, ол облыс халқының 29,8%-ын құрайды. Олардың 101 477-сі қалада, 129 660-ы ауылдық елді-мекендерде тұрады.

Өңірде 8 жастар ресурстық орталықтары қызмет атқарады (жалпы штат саны – 166 адам). Ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін
8 Жастар ісі жөніндегі кеңес қызмет атқарады. Кеңестердің жыл сайын екі рет отырысы өткізіліп келеді.

«Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2023 жылдың ІІI тоқсан қорытындысы бойынша – 4,5%-ды құрап отыр. Жыл басынан бері облыстың халықты жұмыспен қамту орталықтарына 23 578 жас хабарласып, 12 233 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Барлығы 7 902 жас жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 3 417 жас тұрақты жұмыс орындарына, 4 485 жас субсиядияланатын жұмыс орындарына орналастырылды», — деді облыс әкімі. 

Сонымен қатар «Бастау бизнес» жобасы бойынша 3 669 адам оқытылды (грант алған адам саны – 59). Онлайн оқытуға 603 адам жолданып оқытылды.

«Жасыл ел» жобасы бойынша 1540 жас облыстағы елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына тартылады (ЖБ 119 млн теңге қарастырылған).

«2023 жылы жастар кәсіпкерлігін қолдау үшін гранттарды қаржыландырудың жалпы көлемі 25 млн теңгеден 250 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Комиссия шешімімен 53 кәсіпкер жеңімпаз атанды. Оның ішінде жастар саны – 31», — деді Нұрлан Ноғаев.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жастар кәсіпкерлігін қолдауға 2,5%-бен шағын несие беріледі. Аталған жоба аясында биыл 163 жастың кәсіпкерлік бастамаларына несие беру жоспарлануда (815,0 млн.теңге). Осы уақытқа дейін микрокредит алуға 254 адам өтініш білдіріп, оның ішінде 140 адам 684 млн теңге көлемінде микрокредит алды», — деп баяндады облыс басшысы.

Өңірде өткен жылы басқармамен жастар жобаларын жүзеге асыруға 75 млн теңге сомасына ҮЕҰ арналған 6 грант іске асырылды. 

Аймақта мемлекеттік жастар саясатын тиімді іске асыру үшін азаматтық қоғам институттарын тарту жұмыстары жолға қойылып, қоғамдық ұйымдарға арналған гранттық қаржыландыру көлемі артты. Өткен жылы әлеуметтік жобаларды қолдауға 75 млн қарастырса, биыл 109 млн теңге қаржы көзделген.

Аталған гранттық қаржыландыру есебінен биыл өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар жастарға арналған 11 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып, 20 мыңнан астам жас қамтылады.

Сонымен қатар биыл өңірде алғаш рет жастардың әлеуметтік бастамаларына қолдау көрсетуге бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық жобасы жүзеге асырылады. Аталған жоба аясында ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес және медиа бағыттары бойынша 25 жастар жобасына 1 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант беріледі.

Өңірде жастарға арналған алғашқы рет «Маңғыстау жастары» тұрғын-үй бағдарламасы жүзеге асырылатын болады. Жоба аясында 5%-дық мөлшерлемемен 10% жарнамен беру арқылы 42 жас отбасыны баспанамен қамту жоспарланып отыр. Бағдарламаға бөлінген қаражат – 500 млн теңге.

«Қазіргі таңда аталған бағдарлама бойынша құжат қабылдау кезеңі жүріп жатыр. Өңірде халықты жұмыспен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері Жұмыс орындарын құрудың өңірлік картасы шеңберінде 29 737 адам жұмысқа орналастырылды, оның 67,8%-ы тұрақты жұмыс орындар (20 190 жұмыс орны). Жұмыссыздық деңгейі 5,0%. Сонымен қатар биыл жастарды қолдау мақсатында Ел Президентінің бастамасымен 2,5%-бен 149 жас буынға 726 млн теңге көлемінде несие берілді. Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында 23 мыңнан аса адам әртүрлі жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтамасыз етіліп, оның ішінде 15 мыңнан аса адам жұмысқа орналастырылды», — деді спикер.

Одан бөлек, «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпркерлік негіздеріне 6 584 адам, біліктілігін арттыру үшін онлайн оқытуға 1 385 адам қатысып, 249 адам жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыруға қайтарымсыз грант алды (1 грант – 400 АЕК).

Мемлекет басшысының әрбір 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын ашу тапсырмасы аясында жаңа құрылған жеке кәсіпкерлік субъектілерінде 12 116 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұдан басқа, «Жұмыс жасаймын» өңірлік жобасы аясында бюджеттен 2,1 млрд теңге қарастырылып, жобаға 66 мекеме қатысуда, 1 191 азамат жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар өңірдегі ірі мұнай өндіруші кәсіпорындарға және олардың мердігер ұйымдарына 2 103 жергілікті тұрғын жұмысқа орналасты.

«Қорытындылайтын болсақ, қазіргі уақытта өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты. Біз осы экономикалық өсу қарқынын сақтай отырып, азаматтардың әл-ауқатын, сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін барлық қажетті шараларды одан әрі жалғастыратын боламыз. Сонымен қатар Мемлекет басшысы алдымызға қойған міндеттерді сапалы әрі уақытында орындауға бар күш жігерімізді салатынымызды қаперлеріңізге саламын», — деп түйіндеді сөзін Нұрлан Ноғаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу