Министрлік су тасқыны жүріп жатқан өңірлердегі университеттерге күнделікті бақылау жүргізіп отыр — Талғат Ешенқұлов

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ілиясұлы Ешенқұлов пен оқу-ағарту вице-министрі Еділ Сабырұлы Оспан өңірлерде орын алған су тасқынына қарсы күрес кезеңінде жоғары оқу орындарында, мектептерде оқу процесін ұйымдастыру туралы баспасөз мәслихатын өткізді.

Қазіргі таңда төтенше жағдай орын алған өңірлерде орналасқан жоғары оқу орындарын су алмаған. Залал келу мен қирау қаупі жоқ. Бұл туралы ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов мәлімдеді. Оның айтуынша, Министрлік тарапынан барлық оқу орнынан студенттерді қауіпті аймақтарға жібермеу туралы тапсырма берілген. Министрлік пен тиісті өңірлердің жоғары оқу орындары төтенше жағдай режимінде жұмыс істеп жатыр. 

Министрлік су тасқыны жүріп жатқан өңірлердегі университеттерге күнделікті бақылау жүргізіп отыр. 

Соңғы деректерге сәйкес жағдай төмендегіше:

Біріншіден, жоғары оқу орындарында жұмыс және оқу штаттық режимде жүргізілуде. Қазіргі таңда төтенше жағдай режиміне байланысты тек қана Х.Досмұхамедова атындағы Атырау университеті онлайн оқытуға көшкен. Қазіргі уақытта бұл университетте 8 сәуірден бастап жағдай түзелгенге дейін онлайн форматта оқитын болады. Университет студенттерінің контингенті 8 мың адам. Басқа қалалардан келген студенттерге тұрғылықты жерінде тұруға уақытша рұқсат етілді. 

Екіншіден, Апатпен күреске жоғары оқу орындары тартылған. Университеттер белсенді азаматтық ұстаным көрсетіп отыр. Студенттер қала шеңберінде өз еркімен гуманитарлық көмек тарату жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өңірлерде, су тасқыны жүріп жатқан жерлерде студенттер және университеттер қызметкерлері қатарынан 5 мыңнан аса адамнан тұратын отрядтар құрылды.

Қазіргі таңда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 450 студенті мен 50 қызметкерден тұратын еріктілер тобы гуманитарлық орталықтарда қажетті тұрмыстық тауарларды тасымалдауға-жеткізуге, гуманитарлық көмектерді қабылдауға жәрдемдесіп келеді. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 2880 студенттен, сондай-ақ 200 қызметкерден арнайы еріктілер жасағы құрылған. Атырау облысы жедел штабының тапсырмасы бойынша университет еріктілері қалаға іргелес жатқан Алмалы кентін тасқын судан қорғау үшін бөгет салуда. Студенттердің пәрменді күшімен бөгет жасау үшін 20 000-нан астам қапқа құм толтырылды. 

«Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің 300 студенті еріктілер ретінде ауыспалы режимде жұмыс істеп жатыр. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің 100 волонтеры күн сайын су тасқыны болған аймақтардан эвакуацияланған азаматтарға гуманитарлық көмек тарату жұмыстарына қатысуда. Күн сайын Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың оқытушылары мен студенттері арасынан шыққан 100 адам еріктілер ретінде көмек көрсетіп, құм салынған қаптар дайындауға қатысып жатыр. Кейбір жоғары оқу орындары жанынан гуманитарлық көмек қабылдау пункттері құрылған. Күн сайын зардап шеккендерге көмек көрсетуге ниет білдіргендердің саны артып келеді», — деп мәлімдеді вице-министр.

Үшіншіден, өңірлерде зардап шеккендерді жоғары оқу орындарының жатақханаларына орналастыру бойынша жұмыс жүргізіліп келеді. 

Бүгінгі таңда жоғары оқу орындары өз жатақханаларынан эвакуацияланған адамдар үшін 1160 орын әзірлеп қойған (Рудный, Жәңгір хан, Есенов, Досмұхамедов университеттері). Сонымен, Рудный және Жәңгір хан университеттерінде 100 орыннан дайындалған. Қазіргі уақытта Рудный индустриалдық университетіне Перцовка ауылының 3 тұрғыны қоныстанды. 

Сондай-ақ бұл университет жабдықталған 4 аудиторияны (150 ш.м..), зардап шеккен аймақтардағы балаларды оқытуды ұйымдастыру мақсатында пайдалануға беруге дайын. 

Жалпы қазір жатақханаларда эвакуацияланған 445 адам орналасқан. Досмұхамедов университеті жатақханалардан 860 орын әзірлеп қойған, қазір онда 4 адамнан тұратын 1 отбасы ғана орналасқан. Есенов университеті зардап шеккендер үшін 300 орын әзірледі. Қазіргі таңда онда 138 адам орналасқан. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті 300 орындық 1 жатақхананы толық босатып берген, қазір онда адам толық орналастырылған.

Төртіншіден, зардап шеккен азаматтарға психологиялық көмек көрсетілуде. Педагогика және психология, өнер, бейнелеу өнері сияқты кафедралардың оқытушылары мен магистранттары зардап шеккен отбасыларға, олардың балаларына психологиялық көмек көрсету жұмыстарын атқарып жатыр. Мәселен, Жұбанов университетінде кәсіби-шығармашылық факультетінің 50 суретшісі мен 12 оқытушысы балаларға арт-терапия және сурет салу бойынша шеберлік сыныптарын өткізді. 

Қазіргі уақытта жедел штабтың жұмыс жоспары әзірленген, сонымен қатар Министрлік жоғары оқу орындарымен бірлесіп зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізіп келеді. 

Өз кезегінде оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Министрлік ең көп зардап шеккен аймақтарда тұратын балаларды сауықтыру орталықтарына жіберу жұмыстарын жүргізіп жатқанын баяндады. 

«Соңғы тәуліктерде Алматы қаласындағы ұлттық сауықтыру орталығына Батыс Қазақстан облысынан балалар қабылданды. Одан бөлек 80 бала Ақмола облысындағы «Жасдәурен» лагеріне орналастырылды. Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарынан сауықтыру орталықтарына 600 бала қабылданады», — деп мәлімдеді вице-министр.

Оның айтуынша, Министрлік «Қазақстан темір жолымен» бірлесіп, балалардың сауықтыру орталықтарына тегін жеткізілуін ұйымдастырған. Балалардың сапалы білім алуы үшін қажетті оқу-құралдарымен, тамақтанумен және киім-кешекпен қамтамасыз етілді. 

Эвакуациялық пункттердегі балаларды республикалық маңызы бар инновациялық мектеп лицейлерінің жатақханаларына орналастыру және оқу процесін ұйымдастыру мәселесі шешілуде. Бүгін «Дарын» мамандандырылған мектептері балалар қабылдауды бастады. 

«Педагогтер мен білім саласының барлық қызметкерлеріне айрықша алғыс білдіреміз! Бүгінде білім беру саласының 20 мың қызметкері тасқынға қарсы іс-шараларға ерікті ретінде қатысып отыр, оның ішінде 10 мыңнан астамы эвакуациялық пункттерде жұмыс істеуде», — деді ол.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, зардап шеккен тұрғындар мен балаларға психологиялық көмек көрсету мақсатында жергілікті жерлерде 300-ден астам мектеп психологы жұмыс істеп, бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің белсенді жұмысы ұйымдастырылған. 

Су тасқынынан зардап шеккен елді мекендердегі балалар қажетті оқу-құралдарымен, сондай-ақ қашықтықтан оқу үшін техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу