Өңірде «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға республика бюджетінен 6,5 млрд теңге бөлінді

Жуырда Ақтөбе облысының әкімдігі тарапынан өңірдің 2023 жылғы 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы жасалды.  Жалпы облыста өнім көлемі биылғы І тоқсанның қорытындысына сәйкес 940,8 млрд теңгені құраса, 2023 жылдың қаңтар-шілде айының қорытындысы бойынша өңірде макроэкономикалық тұрақты жағдай сақталып отыр. Есепті кезеңде облыстағы негізгі 7 көрсеткіштің 5-еуі 100% жоғары деңгейде қалыптасты. 

Атап айтқанда, жалпы салалар бойынша ауыл шаруашылық өнімінің нақты көлем индексі – 100,6%-ды, инвестициялар – 108,3%-ды, құрылыс жұмыстары – 120,2%-ды, тұрғын үйді іске қосу – 109,1%-ды, көлік және қоймалау – 116,8%-ды, өнеркәсіп – 91,1%-ды, көтерме және бөлшек сауда айналымы – 92,5%-ды құрады.

Биылғы 7 айдың қорытындысына сәйкес облыста инфляция 105,5% деңгейінде қалыптасты (ҚР – 105,8%). Облыс бойынша азық-түлік тауарларына – 105,6% (ҚР –105,9%), азық-түлік емес тауарлар – 104,5% (ҚР –105,9%), ақылы қызметтер – 106,4% (ҚР –105,7%) деңгейінде қалыптасып отыр. 2023 жылдың қаңтар-маусымында айлық орташа жалақы 18,2%-ға өсіп, 311 мың теңгені құрады.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін биыл облыс тарихында алғаш рет 1 трлн теңгеден астам инвестиция тарту көзделген.

Сонымен қатар 50,5 млрд теңгеге 848 шақырым жергілікті маңызы бар автожолдар: 702,9 км жергілікті маңызы бар және 145,7 км көше-жол желісі жөнделді. Жыл аяғында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 78%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Өңір халқын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында биыл 10 мыңнан астам халқы бар 32 ауыл таза ауыз суымен қамтылып, 2024 жылы 100%-ға жеткізіледі. Сонымен қатар осы жылы 9 мыңнан астам адам тұратын 12 ауылға көгілдір отын тартылып, халықты газбен қамту үлесі 94,4%-ға дейін жеткізу көзделген.

Бұдан басқа, облысты газбен қамтамасыз ету мақсатында жалпы көлемі 43,4 млрд теңгені құрайтын «Бұхара-Орал» газ құбырының үшінші желісі құрылысы бастау алды.

Халықтың табысын арттыру мақсатында Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылып келеді. Жоба шеңберінде қаржылық және тауарлық несиелеумен бірге «Бірыңғай қолдау шаралар пакеті» түрінде қосымша шаралар қабылданып отыр.

«Бірыңғай қолдау шаралар пакеті» ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз етуді (2023 жылы 67 ауыл, қамту 98,5% құрайды), сондай-ақ «BILIM ALL» жобаларын жүзеге асыруды (қала мен ауыл арасындағы білім алшақтығы 15%-дан 8,7%-ға дейін немесе 6,3%-ға қысқарды), «Фельдшер сөмкесі», «Қауіпсіз ауыл» (соңғы 2 жылда 10 ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеді) және «Абаттандырылған ауыл» (27 мың халықты қамтитын 12 ауылда 120 жоба жүзеге асыру) жобаларын іске асыруды қамтиды.

Облыстағы өңдеу өнеркәсібі

2023 жылдың 1 тамызына дейінгі есеп бойынша облыстың өңдеу өнеркәсібінде 765 субъект жұмыс істейді. Оның ішінде: 9 – ірі, 26 – орта, 730 – шағын. Өңдеу өнеркәсібінің облыстағы салалық үлесі 38,7%-ды құрайды. Бүгінде салада жалпы саны 28 992 адам жұмыс істейді.

Мәселен, «Қазхром «ТҰК» АҚ-ның Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Ақтөбе хром қосындылары зауыты», «Ақтөбе рельс арқалық зауыты» АҚ, «Gas Processing Company» ЖШС, «Стройдеталь» ЖШС облыстың ірі кәсіпорындары ретінде танылып келеді.

Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінің қосымша өсуі үшін 2023-2026 жылдары 900 млрд теңгеден астам соммаға 36 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, нәтижесінде бұл өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің 2 есеге өсуін қамтамасыз етеді.

Шламды қайта өңдеу бойынша байыту фабрикасы, мобильді бұрғылау қондырғыларын өндіру зауыты, мұнай-химия реагенттерін өндіру зауыты, №1 АФЗ балқыту цехын жаңғырту, темір кендерін құрғақ магнитті бөлу зауыты жылу саұтайтын материалдар шығаратын зауыты, 800 метрлік жіксіз рельстер, т/ж дөңгелектер, болатының арнайы маркаларын шығаратын зауыттар, глинозем өндірісі, агрохимикаттар шығару зауыты, битум зауыты, цемент зауыты, диализаторлар өндірісі жолға қойылған.

Индустриялық жобалар

2010-2021 жылдар аралығында индустриялық жобалар Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылды (бүгінде күші жойылған). Бағдарлама шеңберінде 9 мыңнан астам жұмыс орындары құрылып, 702 млрд теңгеге 115 жоба іске асырылды. Мұның қатарында «Ақтөбе ферроқорытпа зауытының» 4 цехы, «Рельс арқалық зауыты», Жаңажол газ өңдеу зауыты, Қожасай кен орнында газды кешенді дайындау қондырғысының құрылысы, мыс кенінен мыс-мырыш кеніне өңдеу үшін байыту фабрикасын жаңғырту жұмыстары қамтылған.

2022 жылдан бастап Бірыңғай индустриаландыру картасы іске асырылуда, бұнда 1,1 трлн теңгеге 12 жоба енгізілген. «Global Service Company XXI» ЖШС-нің «Диализатор өндіретін зауытын салу», «Актобе Хюмик» ЖШС-нің «Органикалық гуминді жер тынайтқышын шығарытын өндірісі», «QazProm Nicel» ЖШС-нің «Никель-кобальт кендерін өңдеу зауытын салу», «SUNRISE MINING» ЖШС-нің (Йылдырым групп) «Ақтөбе облысының Кемпірсай алаңындағы никель кенін өңдеу және байыту және никель-кобальт сульфатын өндіру зауытын салу». Жобалар іске қосылған соң 3,5 мыңнан астам жұмыс орындары ашылады.

Тау-кен қазу, металлургия өнеркәсібі

2023 жылдың 1 тамызындағы ақпаратқа сәйкес, облыстың тау-кен қазу өнеркәсібінде жалпы саны 239 субъекті жұмыс істейді. Оның ішінде: 14 – ірі, 8 – орта, 217 – шағын. Саланың облыс өнеркәсібіндегі үлесі 54%-ды құрайды.

Өңірдің республикалық өнеркәсіп саласындағы үлес салмағы 5,1%-ды құрап отыр.

Облыстың тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі негізгі үлесін құрайтын секторлар: мұнай-газ өндіру және метал кендерін өндіру өнеркәсібі.

Мұнай-газ өндіру секторы бойынша «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «КМК мұнай» АҚ, «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-ны атауға болады.

Хром кенін өндіретін «Қазхром «ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Восход Ориел» ЖШС, мыс, мыс-мырыш, мырыш кенін өндіретін «Ақтөбе мыс компаниясы», «Коппер Текнолоджи» ЖШС, құрамында алтын бар кенді «AltynEX Company» ЖШС, темір кенін өндіретін «ГРК «Бенкала» ЖШС компаниялары металл кенін өндіріп келеді. 

Металлургия өнеркәсібі өңдеу өнеркәсібінің негізін құрайтын саланың бірі. Бұл сектордың жалпы өнеркәсіптегі үлесі 22,4%-ды құрайды. Өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 57,9% құрап отыр.

Облыстағы ферроқорытпа өнімдерін шығаратын «Қазхром «ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауыты және рельс өнімдерін шығаратын «Ақтөбе рельс арқалық зауыты» ЖШС саланың ірі кәсіпорындары саналады.

Осы жылдың 6 айында ферроқорытпалар өндірісі 302,3 мың тоннаны, рельс өндірісі 48 мың тоннаны құрады.

Сонымен бірге, металлургия саласын дамыту мақсатында 470 млрд теңге көлемінде болаттың арнайы маркаларын («КазСпецСтилл» ЖШС, 280 млрд теңге), 800 метрлік жіксіз рельстер («ПЗТМ LTD» ЖШС, 21,4 млрд теңге) және теміржол дөңгелектерін шығаратын зауыттарды («Ақтөбестил» ЖШС 168 млрд теңге) іске қосу жоспарланып отыр.

Өңірдегі ауыл шаруыашылығы

2023 жылдың 7 айында – 195 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,6%-ды құрады, оның ішінде:

Мал шаруашылығы – 166,4 млрд тг;

Өсімдік шаруашылығы – 27,5 млрд тг.

Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мемлекеттік қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 13,2 млрд теңге қаражат бөлінді.

Облыста ауыл шаруашылығының негізгі даму бағыты мал шаруашылығы болғандықтан осы салаға 6 млрд теңге бөлініп, көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдаулар нәтижеінде осы жылғы 6 ай қорытындысы бойынша мал өсімі:

МІҚ – 105,6%-ға (716,5 мың бас);

Қой мен ешкі – 106,2%-ға (1 418,8 мың бас);

Жылқы – 118,1%-ға (312,5 мың бас);

Түйе -105,1%-ға (23,8 мың бас) жетті.

2023 жылға өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялауға
1,3 млрд теңге бөлініп отыр.

Биыл облыс бойынша 581,9 мың га жазғы дақылдар егілді, оның ішінде 425,4 мың га – дәнді, 57 мың га – майлы, 86,8 мың га мал азығы дақылдары мен 12,7 мың га картоп пен көкөніс-бақша дақылдары. Бүгінгі күнге жазғы дәнді дақылдар бойынша егістің 38%-ы жақсы, 62%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Майлы дақылдардың жағдайы 84% жақсы, 16% қанағаттанарлық деңгейде.

Биылғы 6 айдың қорытындысына сәйкес ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 17,2 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі – 229,8% болды.

Сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларға келетін болсақ 2022-2026 жылдары жалпы көлемі 507,9 млрд теңгені құрайтын 110 жоба (22 сүт-тауарлы ферма,19 мал бордақылау алаңы, 3 құс фабрикасы, 18 қайта өңдеу, 27 репродуктор-шаруашылық, 4 балық шаруашылығы, 15 суармалы жер және жылыжай, 2 көкөніс қоймасы) жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Осы жылы жалпы құны 8,9 млрд теңгені құрайтын 22 инвестициялық жоба (2 сүт-тауарлы ферма, 2 мал бордақылау алаңы, 8 қайта өңдеу, 5 репродуктор-шаруашылық, 1 балық шаруашылығы, 4 суармалы жер және жылыжай) жоспарланған.

Оның ішінде бүгінгі таңда құны 6,8 млрд теңгені құрайтын 10 жоба жүзеге асырылды.

Агроөнеркәсіп кешенінің субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары негізінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мемлекеттік қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 13,2 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде:

Мал шаруашылығына – 6 млрд теңге;

Өсімдік шаруашылығына – 1,3 млрд теңге;

Инвестициялық субсидияға – 2,7 млрд теңге;

Басқа да субсидияларға – 3,2 млрд тенге қарастырылған.

Сонымен қатар ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын Ақтөбе облысында жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 6,5 млрд теңге бөлінді. Биылғы қыркүйек айында қосымша 12,5 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінеді.

Жобаны бастамас бұрын, әр ауылға скрининг жүргізіліп, алғаш рет барлық 134 ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық даму жоспары әзірленді.

Бүгінде жобаны қаржыландырушы оператор ретінде «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ анықталып, сенімді өкіл қызметін атқарып отыр.

Жоба аясында тұрғындар өсімдік, мал мен құс, балық шаруашылығы, дәстүрлі емес шаруашылықтар және ауылдық елді-мекендердегі шағын бизнес түрлерімен айналыса алады.

Қазіргі таңда жоба аясында жалпы сомасы 6,5 млрд теңге көлеміндегі 1486 жобаның құжаты тапсырылып, жалпы құны 6 млрд теңгені құрайтын 1389 жоба мақұлданды. Ал, құны 4 млрд теңге көлеміндегі 930 жобаға несие берілді.

Берілген несиенің нәтижесінде бүгінде 103 мыңнан астам құс сатып алынды. 48 жылыжай салынып, 146 га картоп пен көкөніс егілді және шағын бизнестің 389 жаңа жобасы жүзеге асып отыр. Бүгінде 35 наубайхана, 44 шағын сүт өңдеу және 32 ет өңдеу цехтары бар.

Сондай-ақ өңірде жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында, қаржылық несиемен қатар тауарлы несие беру тетігі енгізілді. Тауарлы несиенің ерекшелігі – мал басын өсіру және арттыру мақсатында кепіл мүлкі жоқ, несиелері бар, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға бюджеттен кепілсіз, пайызсыз және қайтарым түрі қаржылай емес, алынған төл есебінен өтелетін несие беріледі. мал басын өсіру Мұндай жобалар арқылы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікке деген ынтасын, табыс табуға деген қызығушылығын арттыру көзделген. Жоба аясында бүгінде ірі шаруа қожалықтарының қолдауымен 330 отбасыға 4 580 бас мал берілді.

Азық-түлік өнімдерін өндіру

Бүгінде облыс халқы тұтынып отырған 32 түрлі негізгі азық-түлік тауарларының 24 түрі аймақта өндіріліп отыр.

Қалған өнімнің 8 түрі (қарақұмық жармасы, күріш, қант, тұз, сарымсақ, бұрыш, алма, балық) басқа өңірлерден, ішінара импорт есебінен келеді.

Облыс бойынша барлығы 100-ден астам ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары бар, олар: сүт, ет, астық және өсімдік майы өндірісі.

Ақтөбе облысы бойынша бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығарып отырған 20 астам ірі кәсіпорын бар. Олардың ішінде мал шаруашылығы шикізатын экспорттайтын 7 кәсіпорын, астық экпорттайтын 7 ірі кәсіпорын бар.

Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өнімдері Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қытай және т.б. елдеріне экспорталады.

Саланың ірі құрылымдары – «Рамазан» ЖШС, «Жаңа Әлжан диірмен комбинаты» ЖШС, «Айс плюс» ЖШС, «Агрофирма Тау» ЖШС, «Компания Рокос» ЖШС, «Актобе Фудс» ЖШС, «Матвеев» ЖК, «Бал Юн» ЖШС.

Облыста басым сала – өнеркәсіп өндірісі, ол облыстың жалпы өңірлік өнімінің 36%-ын құрап отыр. Сауда саласы – 14,1%-ды, көлік және қоймалау – 7,4%-ды, ауыл шаруашылығы – 3,8%-ды, құрылыс 3,7%-ды құрайды.

Өңірдегі әлеуметтік осал топтарды қолдау 

Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау бағытында көмектің бірнеше түрлері (көпбалалы аналарға арналған жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, кепілдендірілген әлеуметтік топтама, жергілікті өкілетті органдардың шешімдері бойынша біржолғы әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй көмегі, тұрғын үй сертификаты және қайырымдылық көмектер) көрсетіліп келеді.

  • көпбалалы отбасылар саны 25 420, оның құрамында 111 766 бала бар, оларға жыл басынан 9 млн теңге көлемінде мемлекеттік балалар жәрдемақысы төленді;

  • жалпы мүгедектер саны 29 097 адам, оның ішінде – 12 287 әйел, мүгедек бала тәрбиелеп отырған – 4 910 отбасы;

  • 19 085 адамы бар 3 696 отбасына 1 млрд теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек төленді, оның 65,7%-ы 18 жасқа дейінгі балаларды (12539 бала) құрайды;

  • АӘК алатын отбасының 1 жастан 6 жасқа дейінгі 6 066 баласына 149,2 млн теңгеге қосымша ақшалай төлем тағайындалды.

  • 276 отбасына 3,8 млн теңгеге тұрғын үй көмегі тағайындалып, 10 отбасына 6 млн теңгеге тұрғын үй сертификаты берілді.

  • мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарындағы 14 512 адамға 1 млрд теңгеге қосымша көмек көрсетілді;

  • 21 834 аз қамтылған отбасыларына демеушілер тарапынан 45,4 млн теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді;

  • Әлеуметтік қызметтер көрсету порталында жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес мүмкіндігі шектеулі 9 944 адамға 924,2 млн теңге көлемінде тиесілі қызметтің 55 түрі көрсетілді.

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру

Азық-түлік бағасының өсуін тұрақтандыру мақсатында өңірде бірқатар шара қабылданып отыр.

Бюджеттен тұрақтандыру қорына 3 млрд теңге (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, күнбағыс майы, түйіршіктелген қант, қарақұмық жармасын сатып алу үшін) және айналым схемасы бойынша қарыз беру үшін 3,7 млрд теңге бөлінді.

Айналым схемасы шеңберінде бүгінде 460 млн теңге сомасына тауық жұмыртқасы, 252 млн теңге көлемінде күнбағыс майы, 800 млн теңге сомасына сиыр еті (жауырын-кеуде бөлігі), 190 млн теңгеге 1/с ұн жеткізуге арналған шарт жасалып және 60 млн теңге көлемінде макарон өнімдерін (рожки), 450 млн теңгеге тауық етін, қант зауытымен 1185 млн теңге сомасында қант жеткізу шарттарына қол қойылды.

2023 жылға «Азық-түлік корпорациясы» АҚ-мен әлеуметтік нан пісіру үшін осы жылдың сәуір айынан бастап 6292 тонна көлемінде азық-түлік астығы бөлінді. Өндірушіден нанның сату бағасы 86 теңгеден, сауда желілерінің сөрелерінде 87 теңгеден сатылып келеді.

Биылғы көктем-жаз мезгілінде картоп және көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында жеке кәсіпкер «Асқарова»-мен және 2024 жылдың маусымаралық кезеңіне тұрақтандыру қорын толтыру үшін күзгі егін бойынша жергілікті тауар өндірушілермен келісім шарттар жасалынды.

Қазіргі уақытта барлық өнімдер сауда желілерінде, «Табыс» коммуналдық нарығында және «Табыс» шағын базарларында сатылады.

Сонымен қатар, тұрақтандыру қорына сатып алуға «Ақтөбе Фудс» ЖШС-пен 100 тонна күнбағыс майына және Қызылорда қаласында өткен жәрмеңкеде «Най Мир» ЖШС-пен 340 тонна күрішке келісім шартқа отырды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру мақсатында жыл басынан бері 175 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, 472,8 млн теңгеге 500,6 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері сатылды. Бұл шара әр сенбі сайын жылдың соңына дейін жалғасатын болады.

Шағын және орта бизнес

Кәсіпкерлікті дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, Ұлттық жоба шеңберінде 14,5 млрд теңге қарастырылып, 7 айдың қорытындысы бойынша 1 мыңнан астам бизнес жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Нәтижесінде, белсенді кәсіпкерлердің саны 23%-ға артып, 88 мың бірлікті құраса, бизнес субъектілері арқылы өндірілген өнім 20%-ға өсіп, 393 млрд теңгеге жетті.

Хромтау моноқаласындағы шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында Қазхром компаниясы (ERG), облыстық бюджет және «Даму» қоры тарапынан 3%-бен несие беру үшін 2 млрд теңге бөлінді.

Қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру

Облыста қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

Осы жылдың 7 айында инвестициялар 470 млрд теңгені құрады. Ал жыл қорытындысы бойынша өңіріміздің тарихында алғаш рет 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, Үкімет тапсырмасы толық орындалады. 

Жалпы 2023 - 2025 жылдар аралығында 3,1 трлн теңгеге 17 ірі жобаны іске асыру бойынша меморандумдарға қол қойылды. Бүгінгі күні бірқатар жобалар бастау алды.

Биыл бөлінген қаражат есебінен 1 038 км автомобиль жолдары, оның ішінде 190 км республикалық маңызы бар автожолдар, 848 км жергілікті маңызы бар автожолдар (702,9 км жергілікті маңызы бар және 145,7 км көше-жол желісі) жөнделіп, салынатын болады. Қазіргі таңда жергілікті маңыздағы жолдар және көше жол желілері бойынша 259,6 км автожол немесе 29,9% салынды. Жоспарланған жұмыстардың нәтижелері бойынша 01.01.2024 жылға жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 78 %-ды құрайтын болады (01.01.2023 жылға – 72%).

Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 

Жұмыссыздық деңгейін өсірмеу мақсатында жаңа жұмыс орындарын құру бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіліп, биылғы 1 тамызда 19 151 жаңа жұмыс орыны құрылды, оның ішінде, тұрақты жұмыс орны 9 554 бірлікті құрады. 

«Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы» аясында 28 248 (жоспар 53 000 адам) адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.

Оның ішінде:

  • Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға – 297 адам жіберілді;

  • «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне 5 593 адам бағытталды;

  • 354 адам жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар – 90 адам, АӘК алушылар – 31 адам, көп балалы отбасылар – 172 адам, мүгедек бала тәрбиелеушілер – 40 адам, асыраушысынан айырылғандар – 21 адам.

  • 183 адам «Жастарға арналған» 2,5%-дық жеңілдетілген несие алды;

  • жұмыс берушілердегі тұрақты бос жұмыс орындарына 11 161 адам орналасты;

  • «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 64 адам, «Ұрпақтар келісім-шарты» жобасы бойынша 40 адам, «Күміс жас» жобасы бойынша 751 адам жұмысқа тартылды.

Ақтөбе облысы Статистика департаментінің мәліметі бойынша 2023 жылғы І тоқсанға жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрады (орташа республикалық көрсеткіш – 4,8%).

Облыста халықты жұмыспен қамтуға ықпал ету бойынша жұмыстар жалғасын тауып отыр.

Өңірде цифрландыру мен инновацияларды енгізу үдерісі өз деңгейінде жүзеге асырылып жатыр.

Мобильді интернет

Облыста 315 ауыл бар. Жыл басында 213 ауыл мобильді интернетпен қамтылған. Бүгінде «Ақтөбе облысының аумағында байланысты дамытуды іске асыру бойынша» Жол картасы бекітілді. Жол картаға сәйкес осы жылға жоспарда 67 ауыл тұр.

Жол картасы бойынша 67 ауылдың бүгінгі күні 5 ауыл мобильді интернетке қосылды. Қалған 62 ауылдың:

  • 11 ауылда инфрақұрылым дайын, базалық стансаларды салу қажет;

  • 51 елді мекенде инфрақұрылым салу жұмыстары жүргізілуде (оның ішінде 6 ауылды байланыс операторы салады (Кселл- 2, Билайн-2, Востоктелеком-2)).

Сонымен қатар биыл жобадан тыс қосымша 3 елді мекенді мобильді интернетпен қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде:

  • 1 ауылға аудан әкімдігі инфрақұрылым салуда (Қобда ауданы – Өтек), бұл жұмыстар шамамен 2 ай уақыт алады;

  • 2 ауылда мұнара дайын (Ырғыз ауданы-Жайсанбай және Мұғалжар ауданы – Сабындыкөл), байланыс операторымен базалық станса орнату қалды.

Нәтижесінде осы жылдың аяғына дейін 283 ауыл мобильді интернетпен қамтылады. Осымен қатар, 29 ауылға интернетті қоғамдық Wi-Fi арқылы ұйымдастыру қарастырылып отыр. Интернет жылдамдығы 50-100 Мбит/с, қамту радиусы 1,5 шақырым. Қоғамдық Wi-Fi тұрғындарға тегін берілетін болады. Жобаны іске асыру мерзімі – 4-тоқсан 2023 жыл. 

Облыс орталығында 560 мыңнан астам адам тұрады. Халық санының өсуі жыл сайын шамамен 7%-ды құрайды. Бүгінгі таңда қала тұрғындарының сапалы байланыспен қамтамасыз етілуі 80%-ды құрайды.

Ақтөбе қаласы бойынша 2023 жылға 145 жаңа базалық станса орнату жоспарланған (оның ішінде: 60 БС – «КаР-Тел» ЖШС, 85 БС – «Кселл» АҚ).

Мектептердегі интернет

Облыста 410 мектеп бар. Оның 127-сі қалада, 283-і ауылдарда. Қаланың барлық мектептерінде және ауылдық жерлердегі 74 мектепте Интернет желісіне қолжетімділік қызметтері ТОБЖ арқылы ұйымдастырылған. 184 мектепте интернет желісіне қол жеткізу радио арқылы ұйымдастырылған.

Спутникке қосылған қалған 25 мектеп бойынша:

  • 18-де (Мұғалжар-11, Байғанин-7) 50 Мбит/с дейінгі жылдамдықпен радиолиналық байланысқа көшіру туралы шешім бар.

  • 4 мектеп бойынша (Байғанин-Қосарал, Көкбұлақ, Шалқар-Қаратоғай, Тұмалыкөл) спутниктен ауыстырудың қосымша техникалық мүмкіндігі қарастырылып отыр.

  • 3 мектеп бойынша техникалық мүмкіндіктер жоқ (Оймауыт, Миялы, Дияр).

Облыста туризмді дамыту 

Өңірдің туристік әлеуетін дамыту мақсатында «Visit Aktobe» туристік ақпараттық орталығы облысымыздың туристік әлеуеті туралы ақпаратты тарату, халықаралық нарықта және ел ішінде ілгерілету, туристерді ақпараттық қолдау бойынша жұмыс істеп отыр.

Туризмді дамыту мақсатында «Шексіз аспан» әуе шарлары фестивалі, «Qargaly Fest» халықаралық туристік фестивалі, «Qazaq Man» триатлон жарысы, Roas Show, «Жанды сабақтар» іс-шаралары өткізілді.

Сонымен қатар Ақтөбе қаласының халықаралық әуежайында Визит-орталық туристерге қызмет көрсетуде.

Туристердің статистикасына тоқталатын болсақ, 2023 жылдың 1-тоқсаны бойынша орналастыру орындарында қызмет көрсетілген келушілер саны 35,4 мың адамды құрады. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өсім – 103,8%. Оның ішінде резиденттер – 29,5 мың, резиденттер емес – 5,9 мың адам.

Қазіргі таңда туризм саласы бойынша Ақтөбе қаласында Хилтон қонақ үйінің қайта құру, аквапарк және жастар демалыс саябағы құрылысы секілді ірі жобалар жүзеге асырылып келеді.

Білім беру жүйесін дамыту

Биылғы І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша білім саласы оң көрсеткіштерге ие. Атап айтқанда, барлығы 1265 орындық 16 балабақша ашылды. Нәтижесінде 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларды қамту – 88,4%-ға, 2-6 жас – 93%-ға, 3-6 жастағы балаларды қамту – 100%-ға жеткізілді.

Өңірлер арасында алғашқы болып ауылдардағы шағын жинақты мектептерді қолдауға, білім жағдайын қаламен теңестіруге арналған «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасы іске қосылды. Нәтижесінде қала мен ауыл арасындағы 15%-дық білім айырмашылығы 10,3%-ға азайды.

Өңірде 6 үш ауысымды 5 апатты мектеп жұмыс істейді. Үш ауысымды, апатты жағдайдағы және орын тапшылығы бар мектептердің мәселелерін шешу мақсатында 5270 орынға арналған 22 мектептің құрылысы жүргізілуде.

Жаңа оқу жылында «Батыс» тұрғындар алабында 2620 орындық бір жеке мектеп («Білім смарт») іске қосылады. Сонымен қатар Алға ауданы Маржанбұлақ ауылындағы 300 орындық орта мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Облыста «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 18 мектеп салынса, биыл 14 мектептің құрылысы басталып, 2024 жылы аяқталады. Жалпы жылдың аяғына дейін 3710 орынға 6 мектеп пайдалануға беру жоспарланаған (Маржанбұлақ 300 орынға, Шалқар ауданында 2 мектеп 320+120 орынға, №12 және №14 ОМ жапсарлас құрылысы, 1 жеке мектеп).

Денсаулық сақтау жүйесін дамытудың қорытындылары

Осы жылдың 1 жартыжылдығында облыстың негізгі демографиялық көрсеткіштері жақсарып келеді, атап айтқанда, жалпы өлім-жітім деңгейі – 2,4%, соның ішінде жүрек қан тамыр ауруларынан 6,8%, қатерлі ісіктерден 7,5%, тыныс алу ауруларынан 2,7%, туберкулезден өлім-жітім 2,5% төмендегені байқалады.

Туберкулезге шалдыққандар деңгейі 4,3%-ға дейін төмендеген.

Онкологиялық қызмет бойынша өлім-жітім 7%-ды құрады. Ал, ауруды ерте анықтау деңгейі 36%-ға көтерілді. Жалпы, асқынған қатерлі ісіктердің визуальды түрлері 35%-ға дейін төмендеген. Скринингтік зерттеулер нәтижесінде аурушаңдық деңгейі 13%-ға жоғарлағанымен, кейбір емханаларда теріс мәнді динамика байқалып отыр.

Ақтөбе облысын стационарлық және амбулаториялық медициналық қызмет көрсету бойынша 84 медициналық ұйым қамтамасыз етеді.

2023 жылы стационарлық көмек көрсету шеңберінде медициналық ұйымдар 6 632,2 млн теңге көлемінде дәрілік заттардың 982 түрін, 6 159,67 млн теңге сомасына медициналық бұйымдардың 904 позициясын алуды бірыңғай дистрибьютор арқылы жүзеге асырды. Бүгінгі таңда өңірдің 62 медициналық ұйымымен 6 458,72 млн теңге сомасына 953 атауын жеткізуге сатып алу шарттары жасалды.

Жергілікті бюджеттен Ақтөбе облысын дәрілік заттармен қамтамасыз ету мақсатында 200,15 млн тенге қаржы бөлінді. Жергілікті бюджеттен науқастарды қамтамасыз ету үшін Денсаулық сақтау басқармасы арқылы 135,62 млн теңгеге 14 позиция бойынша сатып алу шарты жасалды.

Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту

Газбен қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта 323 елдімекеннің 153-і немесе 47,4%-ы, 834,6 мың адам немесе 93,4%-ы газбен қамтамасыз етілген.

2023 жылы халық саны 9 мың адам болатын 12 ауылды газбен қамту жоспарланған. 

Ақтөбе қаласының көп бөлігін, іргелес елді мекендер мен өнеркәсіп нысандарын көгілдір отырмен үздіксіз жабдықтау мақсатында 43,4 млрд теңге сомасына Ақтөбе қаласына «Бұхара-Орал» МГ-дан газ құбырының құрылысы басталды.

2023 жылға мемлекеттік бюджеттен 11,1 млрд теңге бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сумен жабдықтау. Қазіргі уақытта 323 елді мекеннің 263-і немесе 81%-ы, 880,9 мың адам немесе тұрғындардың 98,6%-ы сумен қамтамасыз етілген.

2023 жылы 18 ауыл орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етіледі. Бұдан басқа, 14 ауылда кешенді блок модульдер орнатылады.

Нәтижесінде 2023 жылдың қорытындысына сәйкес сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету 295 (92%) елді мекенді немесе 890,7 мыңнан астам адамды (99,7%) құрайды. 2024 жылы халықты таза ауыз сумен қамту деңгейін 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Кәріз желісі: Ақтөбе қаласындағы кәріздік тазарту құрылыстары 1981 жылы пайдалануға берілген. Жобалық қуаты 103 мың м3/тәул.

Қазіргі уақытта нысандардың техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз. Негізгі құрылымдардың тозуы 80%-ды құрап отыр.

Еуропалық даму және қайта құру банкінен мемлекет кепілдігімен несие тарту арқылы Ақтөбе қаласында кәріздік тазарту құрылыстарын салу жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Аталған жоба 2024-2026 жылдары жүзеге асырылатын болады.

Бұқаралық спортты дамыту 

2023 жылдың есепті кезеңінде 1957 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізілді, оған 165526 адам қатысты. Дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтарды қамту 40,4% немесе 375 500 адамды құрады.

Сонымен қатар 71 облыс чемпионаты мен біріншілігі, 8 ҚР чемпионаты, 7200 адам қатысқан Республикалық (5) және Халықаралық (5) турнирлер өткізілді.

Соның ішінде А. Ескинді еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир, бокстан Г. Джафаров атындағы ХІІ халықаралық турнир, WKF каратэден Ә. Қали атындағы «Aktobe Open» халықаралық турнир, «Шаңғы шақырады» атты жаппай шаңғы жарысы және т. б. осындай ірі турнирлер өтті.

Барлығы 176 команда: жастар, ардагерлер, балалар, әйелдер санаттарында, 99 (жас), 48 (ер бала), 6 (50+), 8 (40+), 8 (35+), 7 (қыз бала) қатысқан футзалдан турнирлер ұйымдастырылды.

Өңірде түрлі деңгейдегі спорттық турнирлер, жарыстар ұйымдастырылып отырады. Сондай-ақ маусым айында шахматтан халықаралық турнир өткізілді.

Облыста 2574 дене шынықтыру-спорт ұжымы, оның ішінде ауылдық жерлерде – 1375 адам жұмыс істейді.

Спорт саласында 3651 штаттық қызметкер (2021 жылы-3330, +321) спорттық-бұқаралық жұмысты ұйымдастырады және жүзеге асырады, оның ішінде ауылдық жерлерде – 1385 қызметкер (2021 жылы-1308, +77) жұмыс істейді.

2023 жылғы 1 маусымдағы ақпарат бойынша облыстағы спорт залдарына деген қажеттілік – 74577 ш/м, спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету – 41,8%-ды құрайды.

Қазіргі уақытта 28 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. 2023 жылы 18 спорт нысанын, оның ішінде «Спорт нысандарын дамыту» бағдарламасы бойынша 7 спорт кешенін және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 11 нысанды іске қосу жоспарланған.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу