2022 жылға жоспарланған мұнай өңдеу көлемі 17,9 млн тоннаны құрайды — Энергетика министрлігі

Бүгін ОКҚ-да энергетика министрі Б. Ақшолақов мұнай өнімдері нарығын реформалау туралы айтып берді. 2021 жылдың 12 айында ҚР МӨЗ-де мұнай өңдеу көлемі – 17,028 млн тоннаны құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштің 107,7%-ын құрайды.

Сонымен қатар 2021 жылдың 12 айында мұнай өнімдерін өндіру көлемі:

  • автобензин – 4 812,8 мың тонна немесе 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштің 107,3%-ын;
  • дизель отыны – 4 870,2 мың тонна немесе 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштің 107%-ын;
  • авиаотын – 586,5 мың тонна немесе 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштің 133,9%-ын;
  • мазут – 2 410,4 мың тонна немесе 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштің 116,6%-ын құрады.

2022 жылға жоспарланған мұнай өңдеу көлемі 17,9 млн тоннаны құрайды, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 5,1%-ға артық.

  • автобензин – 4 985 мың тонна, бұл 2021 жылғы көрсеткіштерден 3,5%-ға артық;
  • дизель отыны – 5 133 мың тонна, бұл 2021 жылғы көрсеткіштерден 5,4%-ға артық;
  • авиаотын – 686,7 мың тонна, бұл 2021 жылғы көрсеткіштерден 17%-ға артық.

МӨЗ-дің тұрақты жұмысының арқасында қазіргі уақытта мұнай өнімдерінің қажетті қалдықтары жиналды.

Биылғы жылғы 2 ақпандағы жағдай бойынша дизель отынының жиынтық қалдықтары 315,4 мың тоннаны құрады (1 қазанмен салыстырғанда қалдықтар 113,8 мың тоннаға артты).

АИ-92 маркалы бензин қоры 299,2 мың тоннаны құрады (1 қазанмен салыстырғанда қалдықтар 69,7 мың тоннаға артты).

Сондай-ақ ҚР энергетика министрінің 2022 жылғы 6 қаңтардағы №2 бұйрығына сәйкес Қазақстан Республикасында мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізудің шекті бағалары (қосылған құн салағын ескере отырып) 180 күнге мына деңгейде белгіленген:

1) Аи-92 маркалы бензин – литріне 182 теңге;

2) Аи-93 маркалы бензин – литріне 182 теңге;

3) Аи-95 маркалы бензин – литріне 215 теңге;

4) дизель отынының бағасы (жазғы, маусымаралық):

  • Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында – литріне 260 теңге;
  • Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстарында – литріне 230 теңге.

«180 күннен кейін мұнай өнімдеріне баға белгілеу тетігіне келетін болсақ, Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қосымша шаралар әзірлеп жатқанын атап өткім келеді, олар кейінірек хабарланады», — деді энергетика министрі.

Болашақта жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу үшін Министрлік келесі шараларды әзірледі:

  • Шымкент МӨЗ-інде өңдеу қуаттарын кеңейту;
  • ҚР МӨЗ-дерінде ұзартылған күрделі жөндеу мерзіміне көшу;
  • Республикада мұнай өнімдері қорларының резервтерін құру;
  • МӨЗ-дегі жөндеу жұмыстарының және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынын тиеп-жөнелту мерзімдерін үйлестіру;
  • Мұнай базаларын есепке алатын бақылау аспаптарымен жабдықтау.

МӨЗ-дің жұмыс істеп тұрған қуаты – жылына 6 млн тонна.

МӨЗ аумағында жер учаскелерінің болуы, қалыптасқан инфрақұрылым, жұмыс істеп тұрған өндірістік кешенмен синергия, өсіп келе жатқан тұтыну нарығында орналасу зауыттың өңдеу қуатын жылына 9-12 млн тоннаға дейін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ашық мәселелер де бар:

  • Мұнаймен қамтамасыз ету – ірі жобалар (Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ) есебінен мұнай жеткізусіз мүмкін емес.
  • Ішкі нарықтағы баға – мұнай нетбегін қамтамасыз ету қажет (ӨБТК талабы).
  • Атырау – Кеңқияқ (455 км, өткізу қабілеті – 6 млн тонна) және Кеңқияқ – Құмкөл (794 км, өткізу қабілеті – 10 млн тонна) учаскелерінде құбыр жүйесін кеңейту жұмыстары.

Үш МӨЗ-дің ағымдағы жөндеу циклына талдау жүргізілді – өңдеу процестерінің жөндеуге тоқтатылуының жалпы уақыты жылына 100 күннен асады.

Қабылданатын шаралар:

  • жылына бір рет үш МӨЗ-дің біреуіне ғана күрделі жөндеу жүргізуді көздейтін бес жылдық кезеңге арналған жөндеу кестесі әзірленді, бұл өндіріс көлемін жылдар бойынша теңестіруге мүмкіндік береді;
  • ағымдағы жөндеу жұмыстары тек қажет болған жағдайда ғана жүргізіледі. Барынша дайын зауыт – Шымкент МӨЗ-і болып табылады, сондықтан МӨЗ-ге жылдың ортасындағы бағалау нәтижелері бойынша ағымдағы жөндеуді 2022 жылдан 2023 жылға ауыстыру қарастырылуда;
  • жөндеу мерзімдерін оңтайландыру (Шымкент МӨЗ-дегі ағымдағы жөндеу мерзімі 2022 жылы 5 күнге қысқартылды, Павлодар мұнай-химия зауытын күрделі жөндеу 2023 жылға ауыстырылды);
  • жөндеу жұмыстарын жүргізу мерзімін оңтайландыруға мүмкіндік беретін №358 бұйрыққа өзгерістер қабылдану сатысында (Қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы). 2023-2026 жылдарға арналған жөндеу мерзімдерін оңтайландыруға бағалау жүргізілетін болады.

Сонымен қатар 2022 жылдың 1 тоқсанында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ базасында 150 мың тонна көлемінде және «ҚТЖ» АҚ базасында 50 мың тонна көлемінде мұнай өнімдері бойынша резерв құрылатын болады.

Анықтама: биыл мемлекеттік материалдық резерв шектеулі болғандықтан (шамамен 15 мың тонна дизель отыны), ішкі нарықты тұрақтандыру үшін ЖЖМ көлемдерін пайдалану мүмкіндігі болмады).

МӨЗ жөндеу жұмыстарының және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынын тиеп-жөнелту мерзімдерін үйлестіру.

МӨЗ-дегі жөндеу жұмыстарының далалық жұмыстармен сәйкес келуінің әсерін азайту мақсатында мынадай шаралар қабылданатын болады:

  • ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттіліктері үшін дизель отынын тиеп-жөнелту бұрынғы мерзімдерден бір ай бұрын, яғни 2022 жылдың ақпан айынан бастап жүзеге асырылады (жеткізу көлемі жылына 800-850 мың тоннаны құрайды);
  • «ПҚОП» ЖШС-дағы жөндеу мерзімі 2022 жылдың қарашасына ауыстырылды (2023 жылға ауыстыру мүмкіндігімен);
  • 2022 жылдың маусым айының соңынан шілде айының ортасына дейін (егіс маусымы аяқталғаннан кейін) «ПМХЗ» ЖШС-де жөндеу жұмыстарын жүргізу.

Сенімді, автоматты түрде жіберілетін деректердің болмауына байланысты (ЕАБА жоқ болғандықтан) МӨЗ-ден тиеп-жөнелтуді басқару «қол режимінде» жүзеге асырылады.

«Әуежайлардың барлық мұнай базалары мен жанармай құю кешендерін бақылау-өлшеу аспаптарымен міндетті түрде жабдықтау бойынша заңнамалық түзетулер әзірленді. Айта кету керек, бұл ұсыныс бизнес-қауымдастықпен егжей-тегжейлі талқылауды талап етеді, қазіргі уақытта KAZENERGY және Қазақстан отын қауымдастығымен бизнеске әсерді азайту тұрғысынан консультациялар жүргізіліп жатыр», — деді Б. Ақшолақов.

Бүгінгі таңда мұнай жеткізушілер мұнай өнімдерін түпкілікті және көтерме саудагерлерге сатады.

Қазіргі уақытта өнімсіз әрекеттерді шектеу бойынша мынадай талқылаулар жүріп жатыр.

Көтерме жеткізушілерге қойылатын талаптарды күшейту, нақтырақ айтсақ:

  • табыс нормасын шектеу;
  • көтерме жеткізушілер ретінде Бірыңғай операторды және авиакеросин айналымын қоспағанда, меншік құқығында мұнай базалары бар тұлғалар ғана әрекет етеді (авиаотынмен қамтамасыз ету бойынша схема қосымша ұсынылады).

Биржалық сауда бойынша:

• қазіргі уақытта Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, шекті бөлшек сауда бағаларын ескере отырып, биржалық сауда-саттықты қайта бастау мәселесі пысықталуда;

• бұдан басқа, шектеу талаптарының шегін төмендете отырып, қатысушылар шеңберін АЖС желілерімен ғана шектеу жөніндегі ұсыныс қаралуда;

• ірі және шағын АЖС желілері үшін сауда сессияларын өткізу.

Бұл АЖС-тарға биржа арқылы ЖЖМ-ды ресурс ұстаушылардан тікелей сатып алуға мүмкіндік береді.

Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, энергетика министрі 180 күн өткеннен кейін газдың бағасы қандай болатынын айтып берді.

«Сұйытылған газ құны өңіріне байланысты литріне 50 теңгеден 75 теңгеге дейін болады. Бүгінгі таңда осы 180 күн ішінде біз сауда ережелерін және сұйытылған газды қоса алғанда, сауда бойынша баға белгілеу жүйесін реформалауды дайындап жатырмыз. Біздің ойымызша, зерттеуімізге сәйкес, ЖЖМ сияқты, қуаты да, жанармай құю станциясы да жоқ, бірақ тарату жүйесінде отыратын өнімсіз делдалдар да бар. Нарықта газ өндірумен және жанармай құю жүйесі арқылы сатумен айналысатындар ғана қалады. Толтыру станциялары емес, бірақ тарату жүйесінде отырған станцияларды біз міндетті түрде алып тастауымыз керек», — деп түсіндірді Б. Ақшолақов.

Энергетика министрі сондай-ақ 25 қаңтарда Қазақстанның оңтүстік облыстарының тұрғындары тап болған электр энергиясының жаппай өшірілуіне қатысты түсініктеме берді.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда жағдайды тексерумен айналысатын комиссия әлі де жұмыс істеп жатыр.

«Бұл төтенше жағдай болды, энергетика саласында мұндай үлкен апат біраздан бері болмаған. Мұнда дәл қазір ешкімді кінәлай алмаймыз, өйткені арнайы құрылған комиссияның жұмысы жүріп жатыр. Барлық себептер жан-жақты қарастырылып жатыр. Қазір бір ғана нәрсені нақты айта аламын, бұл Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 11:50 шамасында орын алды. Бақытымызға орай, Қазақстанда барлық автоматика іске қосылды, бұл “Солтүстік – Оңтүстік” транзитінің ажыратылуына және оңтүстіктің бірқатар станцияларының оқшауланған жұмысқа көшуіне әкелді. Негізінде, керісінше, автоматиканың жұмыс істегені жақсы. Бұл бірінші кезекте біздің оңтүстік көршілеріміз тарапынан желінің жиілігі 50-ден 47 герцке дейін төмендегеніне байланысты болды, бұл стандартты емес жағдай», — деді ведомство басшысы.

Энергетика министрінің айтуынша, Қазақстан төрт сағат ішінде электр энергиясының бүкіл жүйесін қалпына келтіріп үлгерді. Алайда, тергеу нәтижелері кейінірек анық болады. 

«Біз сондай-ақ төрт сағат ішінде Қырғызстанмен қатар жұмыс істей бастадық. Біз жалпы Азия шеңберінің бір бөлігіміз. Өкінішке орай, өзбекстадық әріптестер ұзақ уақыт бойы жүйені қалпына келтіре алмады. Өзбекстанда болған апаттардың егжей-тегжейлі себептері туралы біз қазір ештеңе айта алмаймыз. Біз өзіміз туралы ғана айта аламыз, біздің жүйе іске қосылды және автоматика өз тиімділігін көрсетті. Тергеу нәтижелері белгілі болғаннан соң біз қосымша ақпарат береміз», — деді Б. Ақшолақов.

Энергетика министрі сондай-ақ АЭС салу мәселесіне түсініктеме берді. 

«АЭС салу – бұл көп талқылауды, уақытты талап ететін мәселе, сондықтан мұнда 2035 жылға дейін болжамдық теңгерімде оны саламыз ба, жоқ па деген нақты шешім жоқ. Түрлі мәселелер қарастырылуда», — деді энергетика министрі.

Ол бүгінгі таңда елімізде «жасыл» саясат жүргізіліп жатқанын еске салды. Барынша таза отын ретінде газ қолданылады, бірақ тұтастай алғанда әртүрлі нұсқалар қарастырылып жатыр.

«АЭС – қарастыруға болатын нұсқалардың бірі ғана. Ол ең алдымен жұртшылықты тарта отырып, барынша зерттеуді талап етеді», — деп толықтырды Б. Ақшолақов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу