2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Ақмола облысында халықтың жалпы өлім-жітімі көрсеткіші 27%-ға төмендеді

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Ақмола облысының тұрғындарымен кездесіп, өңірдегі қазіргі жағдай туралы баяндады.

Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы іске асырылуда.

Ұлттық жоба төрт бағыттан тұрады:

  • бірінші бағыт медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырумен байланысты;

  • екінші бағыт эпидемиологиялық болжау мен көңіл аударудың заманауи жүйесін қалыптастыруға арналған;

  • үшінші бағыт отандық фармацевтика саласын дамытуға ықпал ететін болады;

  • төртінші бағыт саламатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.

Сонымен қатар пациенттердің құқықтарын қорғау және медицина қызметкерлерін сақтандыру, олардың мәртебесін арттыру бойынша заң жобасын қабылдау бойынша жұмыс жүргізілуде.

Облыстың медициналық-демографиялық көрсеткіштерін талдау оң динамика көрсетіп отыр. Мәселен, 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Ақмола облысында халықтың жалпы өлім-жітімі көрсеткіші 27%-ға төмендеген (2021 жылғы 9 айда 12,79%; 2022 жылғы 9 айда 9,29%). Сондай-ақ ана өлім-жітімі, қанайналым жүйесі ауруларынан, қатерлі ісіктерден, туберкулезден және жарақаттардан болатын өлім-жітім көрсеткіштері төмендеген.

Мемлекет басшысының елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі тапсырмалары шеңберінде «Биологиялық қауіпсіздік туралы» Заң қабылданды. Заңның негізгі мақсаты – биологиялық қауіптерді ерте анықтау және профилактика.

Қазақстанда аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары бар. Биыл елде сібір жарасы және Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы жағдайлары тіркелді.

Аңықтама:

Сібір жарасы бойынша жағдай

Жыл басынан бері адамдардың сібір жарасы ауруымен сырқаттануының 20 зертханалық расталған жағдайы тіркелді (Жамбыл облысында 13 жағдай, Түркістан облысында 5 жағдай, Ақмола облысында 1 жағдай, Қостанай облысында 1 жағдай), оның біреуі өліммен аяқталды (Жамбыл облысы). 

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша жағдай

Жыл басынан бері Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының 36 расталған жағдайы тіркелді (Қызылорда облысында 16 жағдай, Түркістан облысы 12жағдай, Жамбыл облысы 2жағдай, Шымкент қаласында 6 жағдай), оның ішінде өліммен аяқталған 9 жағдай (Қызылорда облысында 5 жағдай, Жамбыл облысында 1 жағдай, Түркістан облысында 1 жағдай және Шымкент қаласында 2 жағдай).

Құтырма ауруы жағдайы

Жыл басынан бері өліммен аяқталған құтырма ауруының бір расталған жағдайы тіркелді (Түркістан облысы).

Биыл 12 нозология бойынша аурудың төмендеуі байқалады, оның ішінде коронавирус инфекциясын жұқтыру 38%-ға төмендеді.

9 айдың қорытындысы бойынша профилактикалық екпелермен қамту тиісті халықтың 77,5%-ын немесе 1,5 млн адамды құрады.

«Коронавирус инфекциясы бойынша жағдайдың тұрақтануы байқалады. Ақмола облысы биылғы ақпан айынан бастап «жасыл аймақта» орналасқан. Соңғы тәулікте КВИ жағдайлары тіркелген жоқ», — деді А. Ғиният. 

Қазіргі уақытта Ақмола облысында вакциналауға жататын халықтан 176 мың адам егілді. Облыста ревакцинациямен қамту тиісті халықтың 64,3%-ын құрады, бұл орташа республикалық мәннен 6%-ға жоғары (ҚР – 70,4 %).

Аңықтама:

COVID-19 расталған және ықтимал жағдайларын тіркеу негізінде RT репродуктивті саны – 3,375.

Оқу жылының басынан бері оқушылар арасында коронавирус инфекциясының 42 жағдайы тіркелді. 

Бүгінгі жағдай бойынша облыста бірінші және екінші кезеңде 1,0 млн адам егілді, облыс халқының 75,4%-ы қамтылды.

«Pfizer» компаниясының «Комирнати» вакцинасымен 110 мың адам егілді, оның ішінде 12-17 жастағы 95 мың жасөспірім, 2 836 жүкті әйел, лактация кезеңінде 9,6 мың әйел, 1 896 өзге де адамдар.

Ревакцинация алғандардың жалпы саны 741 мың адам, қамтылуы тиіс халықтың 89,8%-ын құрады. Қайта ревакцинация алғандардың саны 214 мың адам, тиісті халықтың 64,2%-ы қамтылды.

Тұмауға қарсы вакцинация жалғасуда. Бүгінде 43 мың адам егілді, бұл облыстың жалпы халқының 6,2%-ын құрайды.

Денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі буын медициналық-санитариялық алғашқы көмек болып табылады. Бұл – халыққа көрсетілетін барлық медициналық көмекті үйлестіруге арналған қызмет.

Ақмола облысында 531 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісі жұмыс істейді. Бұл бүкіл республиканың медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының 9%-ы. 

2021 жылы Министрлік елдегі денсаулық сақтау объектілеріне инвентаризация жүргізді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау үшін оны барынша мобилді және халықтың қалың тобына, оның ішінде ауылдық жерлерде тұратындарға медициналық-санитариялық алғашқы көмекке қолжетімділігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.

Ауылда медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған «адам-пациент-бағдарланған тәсіл» медициналық-санитариялық алғашқы көмектің озық практикаларының жобалары енгізілуде. Олар:

  • пациенттерді қолдау қызметі, ақпараттандырылған қоғамдық мониторинг және халықпен кері байланыс механизмі;

  • инфекциялық емес ауруларды ерте анықтау, ауруларды басқару бағдарламалары;

  • саламатты өмір салтын, тамақтануды үйрету;

  • патронаждың әмбебап прогрессивті моделі, отбасын жоспарлау, ер адам денсаулығын жақсарту, баланың даму кабинеті.

Халықтың өтініші бойынша Амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидалары бекітілді, онда жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету көзделген.

Сондай-ақ онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік болған кезде зерттеп-қарауды және емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» енгізілді, оның шеңберінде онкологиялық ауруға күдікті пациенттерге 18 жұмыс күні ішінде консультация беріледі және зерттеледі (зертханалық зерттеулер, ультрадыбыстық зерттеулер, рентген, ЭКГ, КТ, МРТ, сондай-ақ эндоскопия).

Медициналық-санитариялық алғашқы көмекті қаржыландыру үлесін денсаулық сақтауды қаржыландырудың жалпы көлемінің 60%-ына дейін жеткізу бойынша жұмыс жалғасуда, ол биыл 54%-ды құрады.

Амбулаториялық хирургия дамуда. Биыл көрсетілетін қызметтердің көлемі 1,7 есеге ұлғайды. Сонымен бірге амбулаториялық оңалтудың III кезеңін дамыту бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Мектеп медицинасын жетілдіру шеңберінде жаңа стандарт енгізіледі. Бұл оқушыларды профилактикалық қарап-тексеру тәсілдерін жүйелеуге және асқазан-ішек трактісі, тірек-қимыл аппараты, көру және тағы басқа ауруларды ерте анықтауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ консультациялық-диагностикалық қызметтер 1,5 есе ұлғайтылды, бұл ауруларды ерте анықтаудың қолжетімділігін арттыруға және халықтың денсаулық сақтауға жеке шығыстарын төмендетуге мүмкіндік береді.

Дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру мақсатында қымбат препараттарды қоса отырып амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету тізбесі кеңейтілді. Осылай, биыл облыс үшін 1,2 млрд теңге сомасына 11 қымбат препарат сатып алынды және жөнелтілді.

Министр ауылдық денсаулық сақтау саласына жеке тоқталды. Қазіргі уақытта ауылдарда 5397 медициналық ұйым (2895 медпункт, 790 фельдшерлік пункт, 1282 амбулатория, 227 емхана, 203 аурухана), Ақмола облысында 543 ұйым медициналық көмек көрсетеді. Бұл ұйымдар ғимараттарының тозуы республика бойынша 52,6%-ды, облыс бойынша 69,7%-ды құрайды.

Жету қиын ауылдық елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жылжымалы медициналық кешендер кеңінен пайдаланылады (2021 жылы 1,8 млн ауыл тұрғыны 149 жылжымалы медициналық кешенмен қамтылды).

«Ақмола облысында 11 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді, олар 2022 жылы 255 елді мекенді қамтыды, шамамен 57 мың адамды қамтылды, оның ішінде 2 мың адамның ауруы анықталды, бұл зерттеліп-қаралған ауыл тұрғындарының жалпы санының 3,4%-ын құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасын әзірлеуде. Өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісін, оның ішінде 253 медициналық пункт, 160 дәрігерлік амбулатория және 242 фельдшерлік-акушерлік пункт салу бойынша дайындық жұмысы басталды», — деп атап өтті А. Ғиният.

Ақмола облысында ауылда 38 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісін салу жоспарланған (14 дәрігерлік амбулатория, 21 фельдшерлік-акушерлік пункт, 3 медициналық пункт).

Сондай-ақ пилоттық жоба шеңберінде республика бойынша 32 көпбейінді аудандық орталық аурухана ашу және қайта құру, оның ішінде Ақмола облысында 2 аурухананы толық жарақтандыру жоспарланған (Атбасар және Бұланды аудандарындағы көпбейінді ауданаралық ауруханалар).

Ауруханаларда инсульт және кардиология бөлімшелері, тері арқылы араласу орталықтары, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері, аз инвазивті хирургия, травматология және оңалту бөлімшелері ашылады. Көпбейінді аудандық орталық ауруханаларды заманауи медициналық жабдықтармен (КТ, МРТ, ангиограф, сараптамалық кластағы ультрадыбыстық зерттеу, эндоскопиялық, медициналық оңалту үшін реанимациялық жабдықтар) жабдықтау және үрделі жөндеу жүргізу көзделген.

Министрдің айтуынша, пилоттық жобаның мақсаты қалалық және ауылдық денсаулық сақтаудың арасындағы сәйкессіздікті азайту болып табылады.

«20 қазаннан бастап Қазақстанда ауыл тұрғындарына профилактикалық қарап-тексерулер жүргізу бойынша ауқымды науқан басталды. Бүгінде ауылда аурулардың ерте диагностикасы зардап шегеді, консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімділігі жеткіліксіз. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі ауыл тұрғындары үшін профилактикалық қарап-тексерулер жүргізу кезіндегі тәсілдерді қайта қарады. Бұрын профилактикалық қарап-тексерулер жүрек-қантамыр жүйесі ауруларын, глаукоманы, қант диабетін, онкологиялық ауруларды, мінез-құлық қауіп факторларын ерте анықтау үшін жүргізілген», — деді А. Ғиният. 

Инновациялар асқазан-ішек жолдарының, несеп шығару жүйесінің, егде жастағы топтағы тыныс алу ағзаларының және қуықасты обырының ауруларын ерте анықтауға арналған зерттеп-қарау тізбесін кеңейту, сондай-ақ 18-29 жас аралығындағы адамдарды, адамдарды скринингтермен қамту болып табылады.

Туғаннан бастап 18 жасқа дейін «Балалар», 18 жастан бастап 29 жасқа дейін «Жастар», 30 жастан бастап 44 жасқа дейін «Еңбек-1», 45 жастан бастап 65 жасқа дейін «Еңбек-2» және 66 жастан ары қарай «Зейнеткер» сияқты санаттар бойынша нысаналы топтар анықталды.

Бүгінгі таңда зерттеліп-қаралған 37 мың ауыл тұрғынының 800-ден астамы аурудың ерте белгілерімен анықталды, оларда жоғары қан қысымы, қант диабеті, бүйрек патологиясы белгілері анықталды.

1, 3, 6 және 14 жастағы балалар үшін қосымша жалпы клиникалық зертханалық зерттеулер (несеп пен қан) енгізілген. Биыл 9 айда профилактикалық қарап-тексерулермен 4 млн астам бала қамтылды, алғаш рет 343 мың бала аурумен анықталды, оның ішінде 128 мың бала динамикалық бақылауға алынды.

«Ана мен бала денсаулығын сақтау біз үшін қызметтің ең басым бағыттарының бірі болып табылады. 2022 жылдың 9 айында облыс бойынша 9,4 мың нәресте дүниеге келді. 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Ақмола облысында ана өлім-жітімі 4,5 есе төмендеді. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылып, 2026 жылға дейін экстракорпоралдық ұрықтандыруға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделген. Осы бағдарламаның шеңберінде Ақмола облысында 2021 жылы 283 квота бөлініп, 111 әйел жүкті болды, 72 отбасы сәби сүю бақытына ие болды. Балаларды профилактикалық қарап-тексеру пакеттері кеңейтіледі», — деп хабарлады Денсаулық сақтау министрі.

Сонымен қатар жедел шешуді талап ететін бірқатар міндет бар, олар: шала туған балаларға көмек көрсету сапасын арттыру, балалардағы патологияларды ерте анықтауды қамтамасыз ету.

Ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелері Министрліктің ерекше бақылауында.

Нәресте өлім-жітімінің өсуі проблемалық мәселелердің бірі болып отыр. Ақмола облысында ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша көрсеткіш 2,5%-ға өскен. Нәресте өлім-жітімінің негізгі себебі перинаталдық кезеңде туындайтын жағдайлар болып отыр, дамудың туа біткен ақаулары екінші орын алады. Үшінші орында инфекциялық және паразиттік аурулар тұр. 

Балалардағы ауруларды ерте қамту және диагностикалау мақсатында елде жаңа туған нәрестелер мен ерте шақтағы балаларды скринингтік зерттеу бағдарламасы енгізілді. Ол әрбір баланы жаңа туған кезеңнен бастап мектеп жасына дейін сүйемелдей отырып, кезең-кезеңімен кешенді тәсілді іске асыруға мүмкіндік береді.

Аңықтама:

1) неонаталдық скринингпен 445 212 бала қамтылды (99,6%). Фенилкетонуриямен ауыратын 231 бала, туа біткен гипотиреозбен ауыратын 3 549 бала анықталды.

2) аудиологиялық скринингпен 1,6 млн бала қамтылған (75,6%). 1-2 дәрежелі есту қабілетінің жоғалуы – 625 бала, 3-4 дәрежелі есту қабілетінің жоғалуы 646 балада анықталды. 235 балаға кохлеарлық имплантация жасалды.

3) психофизикалық скринингпен 1,7 млн астам бала қамтылған (85,2%). Психофизикалық дамуында ауытқулары бар 13 863 және есту қабілеті бұзылған 1 232 бала одан әрі түзету үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияға (ПМПК) жіберілді.

4) офтальмологиялық скринингпен дене салмағы 500 гр-ден аса төмен туған 6 532 (88,2%) бала қамтылды.

Сондай-ақ 49 тұқым қуалайтын алмасу ауруларына (жаңа алмасу ауруларының популяциясын анықтау үшін) жаңа туған нәрестелерді селективті скрининг бойынша пилоттық жоба іске қосылды.

2022 жылы облыс бойынша жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету шеңберінде 867 млн теңге сомасына қызметтер көрсетілді, өткен жылмен салыстырғанда 17% жоғары.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйесінде дәрігерлердің қамтамасыз етілуі 78 мың штат бірлігін, ал Ақмола облысында 1,9 мың штат бірлігін құрайды. Өңірде дәрігерлер тапшылығы 258 штат бірлігін құрайды.

Биыл еліміздің өңірлеріне медициналық жоғары оқу орындарының 2 980 түлегі, оның ішінде Ақмола облысына 36, оның ішінде ауылға 17 түлек бөлінді (2021 жылы 69 түлек, оның ішінде ауылға 44 түлек).

Кадр тапшылығын төмендету мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде өңірге мамандар даярлауға 120 орын бөлінді, оның ішінде 19 педиатр, 12 терапевт, 10 акушер-гинеколог, 8 анестезиолог-реаниматолог, 4 кардиологтар.

Жыл сайын Ақмола облысының әкімдігі 300-ге жуық грант бөледі, оның ішінде резидентурада оқуға 35 грант, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша оқуға 50 грант, орта буын медицина қызметкерлері үшін 190 грант бөлінеді.

2018 жылдан бастап Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде медицина факультеті ашылды. Онда 740 адам, оның ішінде әкімнің гранттары есебінен 200 адам (жыл сайын 50 грант бөлінеді) оқиды.

Көкшетау жоғары медициналық колледжі 8 мамандық бойынша орта буын мамандарын даярлайды.

Республикада ауылға жұмысқа келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары көзделген. 2021 жылы 282 маман көтерме жәрдемақы алды, 222 маман тұрғын үй алды, өзге де әлеуметтік қолдау шараларымен 92 маман қамтамасыз етілді. Ақмола облысында 12 маман көтерме жәрдемақы алды, 17 маман тұрғын үй алды.

Ақмола облысының әкімдігі аудандық және облыстық маңызы бар қалаларда жұмысқа орналасқан жас мамандарға арналған көтерме жәрдемақыларды 1,5 млн теңге, ал ауылдық жерлерге 2,5 млн теңге мөлшерінде белгіледі.

«Өткен жылы біз медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізуді көздейтін заң жобасын әзірледік. Медицина қызметкерлерінің жалақысын экономика бойынша орташа жалақыдан 2 есе арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде. 2023 жылға қарай дәрігерлердің орташа жалақысы 531 мың теңгені, ал орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы тиісінше 250 мың теңгені құрайды. Жыл сайын 5 мыңға жуық медицина кадрын даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы мен гранттар бөлінеді, түлектерді бөлу жүзеге асырылады», — деді А. Ғиният.

Сонымен қатар ауылда резиденттердің міндетті тағылымдамадан өтуімен пилоттық жоба пысықталуда. Мемлекет басшысы үш жылдың ішінде резидентураға берілетін гранттар санының жыл сайын 70%-ға ұлғайтуды тапсырды.

Отандық денсаулық сақтаудың басым міндеттерінің бірі – еліміздің халқын дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету. Осы мақсатта «СҚ-Фармация» ЖШС-ның Бірыңғай дистрибьюторы амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде 196 млрд теңгеден астам (196,4 млрд теңге) сомаға дәрілік заттарды сатып алды, бұл ретте өңірлерге сатып алынған дәрілік заттардың 100%-ы жеткізілді, ал стационар деңгейінде 177 млрд теңгеден астам (177,8 млрд теңге) сомаға дәрілік заттар сатып алынды, бұл ретте сатып алынған көлемнен өңірлерге 93%-ы жеткізілді.

Ақмола облысында амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде 8,6 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттар, ал стационарлық көмек шеңберінде 5,4 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттар сатып алу жүзеге асырылды. 

Сонымен қатар барлық денсаулық сақтау ұйымына, оның ішінде босандыру және реанимация қызметтеріне медициналық жабдықтармен, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен жарақтандыру бойынша инвентаризация жүргізілді.

Медициналық техникамен жабдықталу 85,2%, тозу 44,4%-ды, оның ішінде Ақмола облысы бойынша медициналық техникамен жабдықтау 80,8%, тозу 43,6%-ды құрады.

2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру шеңберінде Ақмола облысы үшін медициналық техниканы сатып алуға 3,6 млрд теңге мөлшерінде бюджет қаражатының ең аз көлемі белгіленді.

Сонымен қатар 2023-2025 жылдарға өңірдің денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға («Дені сау ұлт» ұлттық жобасы) 8,9 млрд теңге мөлшерінде ағымдағы нысаналы трансферттер көзделген.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Министрлік «СҚ-Фармация» жаупкершілігі шектеулік серіктестіктің базасында медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алуға көшті.

Жалпы ел бойынша отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығару бойынша кемінде 30 жаңа өндірісті, оның ішінде Big Pharma (Roche, PFIZER және т. б.) тарта отырып іске қосу, отандық фармацевтикалық өнімді халықаралық тану үшін Ұлттық реттеушіні дамыту (Астана қаласындағы Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының жанынан зертхана салу), дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың айналысының бүкіл процестерін цифрландыру (өтініш беруден бастап олардың айналымына дейін), дәрілік заттарды таңбалау мен оларды қадағалауды енгізу (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап) көзделген.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске асырылуда. 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 16,2 млн адам тіркелген, бұл біздің ел халқының 82,6%-ын құрайды.

Бұл ретте, 3,5 млн адам әлі күнге дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр, Ақмола облысы бойынша бұл 160 мың адамға (17,1%) жетеді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды іске асырудың арқасында 2021 жылмен салыстырғанда медициналық қызметтерді қаржыландыру 25%-ға, оның ішінде:

  • профилактикалық медициналық қарап-тексерулер – 2 есе;

  • консультациялық-диагностикалық қызметтер – 1,5 есе;

  • стационарлық көмек – 1,2 есе;

  • жоғары технологиялық медициналық қызметтер – 2,2 есе;

  • оңалту – 1,5 есе ұлғайтылды.

Сондай-ақ КТ, МРТ және ПЭТ қымбат тұратын зерттеулер санының ұлғайғаны байқалады.

Одан басқа, соңғы уақытта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатының есебінен жаңа қымбат тұратын технологияларды қаржыландыру бойынша шаралар қабылданды.

Анықтама:

  • гамма-пышақты қолданумен радиохирургиялық емдеу әдісі;

  • ретинобластома кезіндегі селективті интра-артериялық химиотерапия;

  • омыртқаның тері арқылы транспедикулярлық фиксациясы;

  • омыртқаның транспедикулярлық пластикасы;

  • түзетуші тибиалдік остеотомия;

  • радиозотоптық диагностика қызметтерінің 18 атауы бойынша.

Биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру сыйлықақыларын (12 айдағы жарналар) төлеудің баламалы тетігін енгізу арқылы сақтандырылмаған халықты медициналық сақтандырумен қамтуды ұлғайту бойынша жұмыс жүргізілуде.

2022 жылы Ақмола облысы бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтерге 70,4 млрд теңге бөлінді (2021 жылы 52.9 млрд теңге), оның ішінде 6,5 млрд теңге облыстың медициналық ұйымдарының аудитінен кейін қосымша бөлінді.

2023 жылдан бастап медициналық қызметтердің сапасы мен сервисін арттыру, инвестицияларды ынталандыру мақсатында тарифті жоғарту жоспарланған (негізгі құралдарды жаңартуға шығыстарды қосу).

Жылдың соңына дейін денсаулық сақтау жүйесінің алдында мынадай бірқатар басым міндеттер тұр:

  • «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру.

  • «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасын әзірлеу және іске асыру.

  • Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру туралы заңды қабылдау.

  • Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді университеттік ауруханалар мен клиникалар құру;

  • Резидентурада даярлауға гранттардың санын 3 жылдың ішінде кезең-кезеңімен 70 %-ға ұлғайту.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу