Соңғы бес жылда Маңғыстау облысының негізгі капиталына 3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды

Маңғыстау облысының 2023 жылғы қаңтар-тамыздағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі макрокөрсеткіштеріне келер болсақ, өндірілген жалпы өңірлік өнімнің көлемі 824 518,8 млн теңгені құрап, 2022 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда нақты ЖӨӨ көлемі 13,6%-ға өсті. ЖӨӨ құрылымында тауарлар өндірісі 44,2%-ды, қызметтер 46,4%-ды құрады. Осы және басқа да көрсеткіштер туралы Маңғыстау облысының биылғы жеті айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі шолудан біле аласыздар.

2023 жылғы қаңтар-тамызда өнеркәсіп өндірісінің көлемі ағымдағы бағалармен 1 811 256,4 млн теңгені құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңдегі көрсеткіштен 0,3%-ға кеміді. Себебі – биылғы тамыз айында «МАЭК» ЖШС-де апаттық жағдай орын алып, электр энергиясын беру шектелгеніне байланысты тау-кен өндірісінде 99,1%-ға төмендеу байқалды. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінің көлемі 152 млрд теңгені құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 101,5% өсім қалыптасты.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 657 758,1 млн теңгені немесе 2022 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 153,5%-ды құрады. Ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімдерінің (қызметтер) көлемі 158 86,2 млн теңгені құрады немесе 2022 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 11,7%-ға артты. 2023 жылғы қаңтар-тамызда құрылыс жұмыстарының (көрсетілген қызметтердің) көлемі 120 816,9 млн теңгені құрап, 2022 жылғы қаңтар-тамыздағы деңгеймен салыстырғанда 124,6%-ды құрады.

Облыс бойынша 2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында 22 334 адам жұмысқа орналастырылды (2023 ж. жоспар – 39 951 жұмыс орны), оның ішінде 14 553-і немесе 63%-ы – тұрақты жұмыс орындары. Жалпы жұмыссыздық 2023 жылдың 2 тоқсанында 5%-ды құрады (2022 ж. 2 тоқсан – 5,1%).

Жалпы 2023 жылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын төмендетпеу бойынша нақты шаралар қабылданып, көрсеткіштерді оң динамикаға жеткізу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына жүктелген көрсеткіштердің бірі – облысымыздағы құрылыс жұмыстарының көлемі және тұрғын үйді пайдалануға беру көлемін арттыру. 

Осыған байланысты 2023 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі мен тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіштерінің нақты орындалуы келесідей: Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі бойынша 2023 жылдың қаңтар-шілде айларындағы жоспар – 469 966 ш.м., орындалған көрсеткіш – 505 910 ш.м, жоспардың орындалуы 107,8%-ды құрады. 2022 жылдың қаңтар-шілде айларындағы жоспардың орындалуымен салыстырғанда (545 987 ш.м.) 92,7%-ды құрап отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша 2023 жылдың қаңтар-шілде айларының жоспары – 70 159 842,788 мың теңге, орындалған көрсеткіш – 106 226 032 мың теңге, жоспардың орындалуы 151,4%-ды құрайды. 2022 жылдың қаңтар-шілде айларындағы жоспардың орындалумен салыстырғанда (77 209 911 мың теңге) 131,4%-ды құрады. 

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қолға алынған шаралар

Жалпы өңірді дамытудағы жұмыс мемлекеттік жоспарлау жүйесіне, бірінші деңгейдегі құжаттарда қойылған негізгі бағыттар мен мақсаттарға сәйкес жүзеге асырылады. Экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін көтеру мақсатында облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары жүзеге асырылуда. Даму жоспары 3 бағыт, 16 мақсат, 120 нысаналы индикатор мен көрсеткіштерді қамтиды. 

Бұдан бөлек Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары жүзеге асырылуда. Кешенді жоспардың іс-шаралары облыстың тұрақты және біркелкі дамуын қамтамасыз етуге бағытталған және экономиканы, тұрғын үй және өзге де инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы дамыту, сондай-ақ қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі жобаларды іске асыруды көздейді. Жоспарда экономиканың әр түрлі саласындағы 239 іс-шараны іске асыру қарастырылған. Жоспарды толық жүзеге асырудағы қаржыландыру көлемі 2,1 трлн теңгені құрайды.

Жоспарды жүзеге асырудан күтілетін нәтижелер:

  • 2025 жылға қарай облыстың жалпы өңірлік өнімінің көлемін 3,1 трлн теңгеден 4,9 трлн теңгеге дейін ұлғайту;
  • ауыл тұрғындарын орталықтандырылған сумен қамтуды 2025 жылға қарай 100%-ға дейін жеткізу;
  • үш ауысыммен оқытатын мектептерді жою.

Жоспарда көзделген шараларды толықтай жүзеге асыру арқылы 55 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтіледі.

Өңірдің маңызды проблемаларын шешуден басқа, кешенді жоспар тұрақты дамуды қамтамасыз етуге, өңірдің тартымдылығын арттыруға және бизнестің экономикалық белсенділігін арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталатын болады. Аталған құжаттармен бірге Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгілеген тапсырмалары мен ұлттық жобаларда көзделген шараларды іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өңдеуші өнеркәсіп

2022 жылы өңірдің өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 100,6%-ға өсіп, 216,4 млрд теңгені құрады (2021 жылы – 187,6 млрд теңге). Осы жылдың 8 айында сала өндірісінің көлемі 145,6 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5%-ға артық (2022 жылғы 8 ай – 121,3 млрд теңге).

Өңірдің өңдеу өнеркәсібінің негізін химия өнеркәсібі, машина жасау, машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын өндіру, мұнай өңдеу өнімдерін өндіру, өзге де металл емес минералды өнімдерді өндіру (құрылыс индустриясы), металлургия өнеркәсібі құрайды. Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібі бойынша өсім келесі салаларда байқалып отыр: жеңіл өнеркәсібі – 100,7%, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру – 172,2%, машина жасау – 133,8%, жиһаз өндірісі – 104,2%.

Облыстың өнеркәсіп құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің 2023 жылдың 7 айдағы үлесі – 8,1% (2021 жыл – 6,9%, 2022 жыл – 6,8%). Салада 30-ға жуық ірі және орта кәсіпорын жұмыс істейді. ШОБ нысандарын қосқанда, жалпы саны 275-ті құрайды. Өңдеу өнеркәсібінде жұмыспен қамтылғандар саны – 6,1 мың адам. 

2022 жылы өңдеу өнеркәсібі саласында машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру сияқты салаларда 250-ден астам жаңа жұмыс орны құрылып, жалпы сомасы 20 млрд теңгеден астам 6 жоба іске қосылды. Осы жылдың 8 айында салада 300-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берген жалпы сомасы 9 млрд теңгеге жуық 7 жоба іске асырылды. Осы жылдың соңына дейін 80 жаңа жұмыс орнын құрып, жалпы сомасы 8 млрд теңгеге жуық 3 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Индустриялық жобалар

Маңғыстау облысында 2023-2026 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібі саласында 3,6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкінік берген жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеден асатын 44 индустриялық жобаны іске асыру жоспарланған. Биылғы қаңтар-тамыз айлары аралығында жалпы сомасы 7 млрд теңгеден астам 6 жоба іске қосылып, 200-дан астам жаңа жұмыс орны құрылды.

Осы жылдың соңына дейін 80 жаңа жұмыс орнын құрып, жалпы сомасы 8 млрд теңгеге жуық 3 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 2024 жылы 600-ден астам жаңа жұмыс орны құрылып, жалпы сомасы 70 млрд теңгеден астам 22 жобаны іске қосу жоспарланған. 2025 жылы 1,2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін жалпы сомасы 400 млрд теңгеден астам 9 жобаны іске қосу жоспарлануда. 2026 жылы 1,4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құратын жалпы сомасы 800 млрд теңгеден астам 4 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Тау-кен қазу өнеркәсібі

Маңғыстау облысы – Қазақстан өндіретін мұнайдың 25%-ы шоғырланған өңір. Өнеркәсіп құрылымындағы негізгі үлесті тау-кен өнеркәсібі (87,8%), оның ішінде мұнай мен газ өндіру құрайды. Облыста жыл сайын шамамен 17 млн тонна шикі мұнай және 3,0 млрд текше метр табиғи газ өндіріледі.

2022 жылы өңірдің тау-кен өнеркәсібі өндірісінің көлемі 101,3%-ға өсіп, 2 801,7 млрд теңгені құрады (2021 жылы – 2 394,6 млрд теңге). Осы жылдың 8 айында сала өндірісінің көлемі 1 541,9 млрд теңгені құрады, НКИ өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстарғанда – 99,1%.

Еліміздің тау-кен өнеркәсібі құрылымындағы Маңғыстау облысының үлесі 11,2%-ды құрайды. Салада мұнай және газ өндіретін жер қойнауын пайдаланушы 33 ірі және орта кәсіпорын жұмыс істейді. Өндірілетін көмірсутек шикізатының негізгі көлемі (90%-ға жуық) «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Бозашы Оперейтинг ЛТД» компаниясының филиалы, «Тоталь Е энд П Дунга ГмбХ» компаниясы және «Қарақұдықмұнай» ЖШС сияқты ірі жер қойнауын пайдаланушылардың үлесіне тиесілі.

Сондай-ақ тау-кен өнеркәсібіндегі қызмет көрсету саласы бойынша көптеген сервистік кәсіпорын жұмыс істейді (2022 жылдың қорытындысы бойынша 88 кәсіпорын мен өндіріс). Өңірдің қызмет көрсету саласындағы ірі кәсіпорындар: «OIL SERVICES COMPANY» ЖШС, «Бургылау» ЖШС, «ӨзенМұнайСервис» ЖШС, «Си Бу Инженерлік Бұрғылау Компаниясы» ЖШС, «ОйлТранспорт Корпорэйшн» ЖШС, «Oil Construction Company» ЖШС, «МұнайФилдСервис» ЖШС, «Кезби» ЖШС және басқалары ұңғымаларды бұрғылау, күрделі және жерасты жөндеу бойынша негізгі қызметтерді көрсетеді.

Металлургия өнеркәсібі

Өңірдің металлургия өнеркәсібіне болат құбырларын өндіру, құбыр кескіш өндірісі, болат құбырларға әртүрлі жабындарды жағу бойынша өндіріс кіреді. Өңірдің өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы саланың үлесі 2,6%-ды құрайды. Саланың негізгі кәсіпорындары: «Аrcelor Mittal Tubular Products Aktau» АҚ – үлкен диаметрлі шиыршық тісті болат құбырлар өндіруші, «Қазақстан Пайп Трэдарс» ЖШС (құбыр кесу өндірісі), «Жаңа құбыр технологиялары» ЖШС, «Сталь Трейд» ЖШС.

Сонымен қатар өңірде арматура және металл прокатын өндіру бойынша шағын жобалар іске асырылуда.

Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы саласында да оң динамика қалыптасып келеді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес биыл қаңтар-тамыз айларында ауыл шаруашылығы саласында 15,8 млрд теңгеге өнім өндірілді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 11,7%-ға артық. Нақты көлем индексі 111,7%-ды құрады. Сондай-ақ биыл қаңтар-тамыз айларында шаруашылықта сойылған немесе сойюға өткізілген мал мен құс (тірідей салмақта) 12,0 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылғы сәйкес күнімен салыстырғанда 25,5%-ға жоғары.

Агроөнеркәсіп кешені саласын дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, Маңғыстау облысында соңғы үш жылда (2020-2022 жж.) агроөнеркәсіп кешеніндегі 1 583 нысанға 3,0 млрд теңге көлемінде субсидиялар берілген. Өңір шаруашылығын өркендету үшін 2023 жылға 2,1 млрд теңге қаражат көзделген. Қазіргі таңда агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау аясында 1,3 млрд теңгеге 650 агроөнеркәсіп кешені нысаны субсидияланды. 2023 жылы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша субсидиялауға қолдау көрсетілген нысан саны 2022 жылғы сәйкес күнмен салыстырғанда 68,0%-ға өсіп отыр.

АӨК саласында жұмыспен қамту мәселесіне келетін болсақ, биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл халқының табысын артыру мақсатында облысқа республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге қаржы бөлу көзделген. Нәтижесінде 216 жобаны қаржыландыру арқылы 230-ға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда жалпы құны 436,0 млн теңгені құрайтын 63 жоба мақұлданды. Оның ішінде 17 жобаға 129,1 млн теңге сомасында шағын несие берілді. Нәтижесінде 27 жаңа жұмыс орны құрылды.

Сонымен қатар биыл агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы құны 1,0 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылды. Олар – азық-түлік сақтау қоймасы, жылыжайлар және ет өңдеу комбинаты. Нәтижесінде 100-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Әкімдік тарапынан АӨК саласындағы мемлекеттік қолдау көрсетудің барлық шарасын ұйымдастыру жұмыстары одан әрі жалғасатын болады.

АӨК нысандарын мемлекеттік қолдау шаралары

Бұл бағытта 2023 жылға 2,1 млрд теңге қаражат көзделген. Қазіргі таңда 8 айдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау аясында 1,3 млрд теңгеге 650 агроөнеркәсіп кешені нысаны субсидияланды. Бұл ретте мал шаруашылығы саласында мал басын сатып алуға кеткен шығынды өтеуге, мал азығы шығынын өтеуге, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, құс шаруашылығын дамытуға (оның ішінде құс еті, жұмыртқа сатып алуға кеткен шығынды өтеуге), мал шаруашылығы өнімдерін (оның ішінде сүт, ет)  ұлғайтуға, лизинг бойынша ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарының несиелік сыйақы мөлшерлемелерін өтеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлерінде жаңа ұңғымалар қазуға және олар бойынша шығындарды өтеуге, жаңа ауыл шаруашылығы жабдықтарының шығындарын өтеуге, сондай-ақ егін шаруашылығында тыңайтқыштар сатып алуға кеткен шығындарды өтеуге, егін шаруашылығы саласында жұмсалған су құнының шығынын өтеуге мүмкіндіктер бар.

Бұдан бөлек биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл халқының табысын артыру мақсатында облысқа республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге қаржы бөлу көзделген. Қазіргі таңда жалпы құны 436,0 млн теңгені құрайтын 63 жоба мақұлданды. Оның ішінде 17 жобаға 129,1 млн теңге сомасында шағын несие берілді.

Жалпы осы пилоттық жоба аясында кооператив құру арқылы ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамытуға  мүмкіндіктер бар. Мәселен, ет-сүт өнімдерін өңдейтін консервілеу цехтарын, егін егу үшін жер жыртуға, шөп оруға, шабуға, жинақтауға, тасымалдауға техникалар сатып алу арқылы дамыту жоспарланып отыр.

Азық-түлік өнімдерін өндіру

АӨК-тің экспортына келетін болсақ, статистикалық мәліметке сәйкес 2023 жылғы қаңтар-маусым айлары аралығында облыстан барлығы $2,0 млн-ды құрайтын 6,8 мың тонна АӨК өнімдері экспортталған. Оның ішінде өңделген өнімнің үлесі  5,7%-ды құрады. Алайда бұл облыстан экспортталған азық-түлік тауарларының барлығы өзге облыстың өнімдері болғанымен, «Ақтау теңіз порты» АҚ» арқылы өзге елдерге эспортталатын болғандықтан, облыстың көрсеткіші ретінде енгізілуде. 

Облыста өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің мөлшері аз болғандықтан, облыс импортқа тәуелді. Қазіргі таңда статистикалық мәліметке сәйкес 2023 жылғы қаңтар-маусым айлары аралығында облыстан барлығы $56,8 млн-ды құрайтын 57,3 мың тонна АӨК өнімдері импортталды.

АӨК-тің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында жоспарланған инвестициялық жобаларға басқарма тарапынан барлық мемлекеттік қолдау шарасы және жобаларды белгіленген мерзімде іске асыру бойынша барлық тиісті жұмыс ұйымдастырылып, салаға одан әрі инвесторларды тарту жұмыстары жандандырылатын болады. АӨК саласында инвестициялық жобалар бойынша биыл жалпы инвестиция көлемі 1,0 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылды (2022 жылы жалпы құны 2,2 млрд теңге құрайтын 3 жоба іске асырылды):

1. Мұнайлы ауданында орналасқан «Гарбиян» ЖШС жылыжай кешені іске қосылды. Жоба құны – 200,0 млн теңге.  Құрылған жұмыс орны – 6. Қуаты – жылына 190 тонна өнім. Қазіргі таңда 5 тоннаға жуық өнім алынды;

2. Қарақия ауданында орналасқан «Миралиева» ЖК ет өнімдерін консервілеу жобасы іске қосылды. Жоба құны – 50,0 млн теңге. Құрылған жұмыс орны – 4. Қуаты – жылына 80,0 мың дана консерві. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталды, халял келісімін алу рәсімдері жүргізілуде;

3. Ақтау қаласында орналасқан «Астық» ЖК жылыжай кешенін 1 га-ға кеңейту жобасы іске қосылды. Жоба құны – 250 млн теңге. Құрылған жұмыс орны – 24. Қуаты – жылына 120 тонна өнім. Қазіргі таңда 185 тонна өнім алынды;

4. Ақтау қаласында орналасқан «Kaz.Frud.Company» ЖШС азық-түлік сақтау қоймасы іске қосылды. Жоба құны – 500 млн теңге. Құрылған жұмыс орны – 14. Қуаты – 2 000 тоннаға дейін. Қазіргі таңда өз жұмысын бастады.

Облыстағы басым салалар

Маңғыстау облысы – еліміздің өнеркәсіптік өңірі, экономиканың негізін мұнай-газ секторы құрайды. Өнеркәсіп құрылымындағы негізгі үлес тау-кен өнеркәсібі мен кен орындарын игеруге тиесілі, оның үлесі 2023 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 80%-ды құрады. Облыс дамуының негізгі бағыттары өңдеу өнеркәсібі, туризм, шағын және орта бизнес, агроөнеркәсіп салалары болып қала бермек.

Облыстың өңдеу өнеркәсібін дамыту әлеуеті зор. Өңірдің өңдеу өнеркәсібіне химия өнеркәсібі, машина жасау, мұнай өңдеу өнімдерін өндіру, өзге де металл емес минералдық өнімдерді өндіру, металлургия өнеркәсібі кіреді. Биыл бұл салада 37 млрд теңгеге 9 инвестициялық жоба іске асырылып, жаңадан 400-ден астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланды. 

Саланы дамытудың жүйелі шараларының ішінде өндірістерді шикізатпен қамтамасыз ету, өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту және ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру басым бағыт болып отыр. Осы орайда «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірге Жаңаөзен қаласында өндірістерді локализациялау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ инвестиция тартудың негізгі құралы саналатын арнайы және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылуда. Арнайы экономикалық аймақта 55 қатысушы тіркелген, оның ішінде бүгінде 2 800-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 21 жоба іске асырылды, 34 жоба – іске асырылу сатысында. 2023 жылдың соңына дейін инвестиция көлемі 9,7 млрд теңге және 100-ден астам жұмыс орнын құрайтын 3 жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда ішкі туризм Маңғыстау облысының экономикалық өсу драйверлерінің біріне айнала алады, оның экономиканы қалпына келтіру жағдайында мультипликативтік әсері бар. Осы саланың әлеуетін іске асыру үшін «Жылы жағажай» ауданында орналасқан көпфункционалды қонақүй-туристік кешен құрылысының II кезегін, сауықтыру кешендері мен қонақүйлердің құрылысын аяқтау, сондай-ақ Кендірлі курорттық аймағын дамыту бойынша шаралар қабылдау қажет. 

Қазіргі кезде экономиканың тұрақты дамуына тың серпін беру үшін өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру маңызды. Оның ішінде шетелдік инвестицияларды тарту – жалпы экономикалық саясатымыздың басымдықтарының бірі. Атап айтқанда, өңірдің туризм саласын дамытудың маңызы жылдан жылға артып келеді. Қызығушылық танытып келетін туристердің қатары көп. Өңір туристік индустрияны дамыту үшін айтарлықтай әлеуетке ие.

Туристік өнім құрылымында жағажай туризмін, экологиялық туризмді, киелі жерлерді, тарихи-мәдени туризмді дамыту маңызды бағыт саналады. Маңғыстау облысының Каспий теңізінің жағалауында 4 балаларды сауықтыру лагері, 14 демалыс базасы, 7 жеке меншік жағажай аймағы орналасқан. Туристер мен инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында Ақтау қаласындағы жылы жағажайды инфрақұрылыммен қамту жобалары жалғасуда.

Сондай-ақ ішкі туризммен айналысатын 12 туристік оператор 190-нан астам туристік маршрут, тур жоспарлап, туристерді тарту шараларын жүргізуде. 2023 жылға 130 жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 2 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр:

  • Гольф-клуб. Виллалары бар «Fairmont» қонақ үйі» («TETHYS AKTAU I» ЖШС);
  • «Town Center» сауда қатары» («TETHYS AKTAU III» ЖШС);

Бұл жобалар өңір экономикасының дамуына мультипликативті оң серпін береді.

Ауыл шаруашылығы саласы – өңірде қарқын алып келе жатырған салалардың бірі. Салада 2023 жылы жалпы құны 1,0 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 100-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды:

  • Мұнайлы ауданында орналасқан «Гарбиян» ЖШС жылыжай кешені;
  • Қарақия ауданында орналасқан «Миралиева» ЖК ет өнімдерін консервілеу жобасы;
  • Ақтау қаласында орналасқан «Астық» ЖК жылыжай кешенін 1 га-ға кеңейту;
  • Ақтау қаласында орналасқан «Kaz.Frud.Company» ЖШС зық-түлік сақтау қоймасы.

Ауылдарды дамытуға арналған «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында биыл 216 жобаны қаржыландыру үшін 1,2 млрд теңге қарастырылып отыр. Осы жобаларды іске асыру арқылы 230-ға жуық жаңа жұмыс орнын құру көзделуде.

Шағын және орта бизнес – экономика және жұмыспен қамтудың негізгі элементі. Бизнестің дамуына тың серпін беру үшін мемлекет тарапынан әрдайым жүйелі қолдау көрсетіліп келеді. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жалпы өңірлік өнім көлемінде шағын және орта бизнестің үлесін арттыру, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, жаңа жұмыс орындарын құру үшін ШОБ-ты мемлекеттік қолдау шаралары қолданылуда.

Ұлттық жоба аясында ШОБ нысандарын қаржылық қолдауға 36 171,4 млн теңге бөлінді. Ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттарға жергілікті бюджеттен 250 млн теңге бөлініп, 245,6 млн теңгеге 53 жоба мемлекеттік грант алынды.

Әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін қолдау түрлері

2023 жылы жоспар бойынша барлық атаулы әлеуметтік көмек алушы 4 076 отбасыға, 22 026 адамға 1,9 млрд теңге қаражат бөлінді. Әлеуметтік кодекстің жаңа бастамалары аясында атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыдағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша төлем белгілеу арқылы монетизациялау жүзеге асырылады. Нәтижесінде облыс бойынша 6 475 балаға қосымша төлем белгіленді.

Осы жылдың 1 қыркүйегіне 3 003 отбасыға, 16 273 адамға 1,5 млрд теңге  қаражат төленді. Оның ішінде 434,4 млн теңгеге 743 отбасыға шартсыз атаулы әлеуметтік көмек; 1 101,2 млн теңгеге 2 339 отбасыға шартты атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Атаулы әлеуметтік көмек алатын 3 003 отбасының ішінен 1 524 отбасы – көп балалы.

Атаулы әлеуметтік көмек алатын 2 497 отбасындағы 1-6 жас аралығындағы 4 741 балаға қосымша қаражат төленді. Маңғыстау облысында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарды әлеуметтік қорғау мақсатында жергілікті атқарушы органдардың шешімімен біржолғы әлеуметтік көмек төленеді.

Жергілікті өкіл органдардың шешімдеріне сәйкес атаулы күндер мен мереке күндеріне 2023 жылдың 1 қыркүйегіне 53 931 адамға 2 647,0 млн теңге көлемінде азаматтарға біржолғы материалдық көмек төленді (Оның ішінде 30 441  мүгедектігі бар азамат пен балаға 1 961,1 млн теңге берілді).

Әлеуметтік жағдайы төмен және халықтың осал топтары үшін өмірлік қиын жағдай туындаған кезде біржолғы материалдық көмек көрсету көзделген. 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 2 213 адамға 153,4 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Мүгедек балаларға үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу үшін әлеуметтік көмек ай сайын 5 АЕК мөлшерінде беріледі. 2023 жылдың қыркүйегіне 507 мүгедек балаға 41,5 млн теңге төленді. Осы жылдың ІІ тоқсанына 680 аз қамтылған отбасындағы 1 816 адамға коммуналдық шығындары үшін тұрғын үй көмегі төленді.

Бұдан бөлек халықтың әлеуметтік осал топтарына жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 1,2 мың адамға гранттар берілді. 2023 жылы 252 адамға грант беру жоспарланған. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы адамдарға конкурстық негізде 400 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін беріледі, оларға мыналар жатады:

1) атаулы әлеуметтік көмек алушылар;

2) төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасылар;

3) асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар;

4) қоныс аударушылар;

5) қандастар;

6) еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар;

7) мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған адамдар.

Мемлекеттік грант қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, малды, құстарды, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алу, коммерциялық жылжымайтын мүлік объектілерінің, сондай-ақ сауда объектілерінің, оның ішінде жалға алу, пайдалану, сенімгерлік басқару құқығындағы сауда объектілерінің аумағында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған үй-жайларды жалдау ақысын төлеу үшін беріледі.

2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 137 адамға грант беріліп, 189 млн теңге игерілді. Осы жылдың 11-22 қыркүйек күндері 3-лекке өтініштер қабылдау жүргізіледі. Жоспар бойынша 115 адамға грант беріледі және толықтай орындалады.

Өңірде азық-түлік бағасын тұрақтандыру 

Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі – 102,7%-ды құрады (ҚР – 103,3%). Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу мақсатында бірқатар кешенді шара жүргізіліп келеді.

2019-2023 жылдары бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 4,8 млрд теңге сомасында қаражат қарастырылса, соның ішінде биыл 1,5 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат 9,8 мың тоннаны құрайтын 14 түрлі тауар қорын қалыптастыруға жұмсалып отыр. Соның ішінде жалпы құны 2667 теңгені құрайтын көкөніс өнімдеріне тікелей өндірушіден форвардтық келісім-шарт жасалды.

Ерте пісетін көкөністер қырыққабат, пияз, сәбіз, картоп өнімдерін Түркістан, Жамбыл, Павлодар және БҚО облыстарының шаруа қожалықтарымен форвардтық келісім-шарт шеңберінде жеткізу бойынша жұмыстар дәстүрлі түрде жалғасатын болады.

Өңірде сауда саласындағы инфрақұрылымды дамыту бағытында Ақтау ОРЦ ірі көтерме тарату орталығы құрылысы жүргізіліп келеді. Бұл жобаны іске асыру көкөніс бағаларының тұрақтануына оң септігін тигізеді. Осы орайда, сауда тізбегінің делдалдық схемаларын тексеру жөніндегі өңірлік комиссиясының 67 отырысы өткізілді.

Кәсіпкерлерді тарта отырып, бағаларды тұрақтандыру мақсатында жыл басынан бері ӘМАТ сауда үстемесін 15%-дан 10%-ға түсіру туралы 48 сауда нысаныі бар 5 ірі сауда желісімен (Дана, Дина, Анвар, Лидер, Алтынфуд) және 235 сауда нысанымен меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар жәрмеңкелер ұйымдастыру және мониторингтік топтардың жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Шағын және орта бизнестің даму көрсеткіштері

Өңірде шағын және орта бизнестің даму көрсеткіштері қарқынды өсіп келеді. Қазіргі таңда ШОБ көрсеткіштерінің динамикасында өсім байқалады. Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыс істеп тұрған нысандар саны – 82,2 мыңға жетіп, 22,7%-ға өсті (01.09.2022ж. – 67,0 мың).

Биылғы І тоқсанның қорытындысына сәйкес ШОБ бойынша өндірілген өнім көлемі 400,3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,6% өсім көрсетіп отыр (01.04.2022 ж. – 323,8 млрд тг).

Аталған саланың өңір экономикасындағы үлесі жыл санап өсіп келеді. 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша көрсеткіш 27,6%-ды құрады (2022 – 26,5%).

2023 жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысына сәйкес саладағы жұмыспен қамтылғандар саны - 153,7 мың адамға жетіп, 9,9%-ға артты (01.04.2022 ж. – 139 808 адам). Бұл өңірдегі экономикалық белсенді халықтың 45,2%-ын құрайды.

Бизнестің дамуына тың серпін беру үшін мемлекет тарапынан әрдайым жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келеді. Осы жылы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде республикалық бюджеттен 13,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінді.

- пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға – 12 299 млн теңге;

- несиелерге кепілдік беруге – 1 260,0 млн теңге;

- жаңа бизнес-идеяларға мемлекеттік грант – 250 млн теңге;

2023 жылдың 1 қыркүйектегі жағдайы бойынша Ұлттық жоба шеңберінде 36 171 млн теңге қаражатқа 1287 жоба қолдау алып, 390 жаңа жұмыс орындары ашылды және 731 жұмыс орны сақталды.

Өңірге инвестициялар тарту бойынша

Облыста инвестициялар тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді.

Соңғы бес жылда өңірге негізгі капиталға 3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды (2018 ж. – 499,7 млрд теңге, 2019 ж. – 556,2 млрд теңге, 2020 ж. – 576,4 млрд теңге, 2021 ж. – 629,1 млрд теңге, 2022 ж. – 762,2 млрд теңге).

Биылғы 8 айда (қаңтар-тамыз айларында) негізгі капиталға 657,8 млрд теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі – 153,5%-ды құрады (2022 жылғы қаңтар-тамыз – 403,9 млрд теңге).

Сонымен қатар негізгі капиталға тартылған инвестициялардың нысаналы индикаторына қатысты (жоспар 488,0 млрд. теңге) қаңтар-тамыз айларындағы орындалуы 134,8%, жылдық жоспардың орындалуы (жоспар 897,9 млрд. теңге) – 73,3%-ды құрады.

2023 жылы қаңтар-тамыз айлары аралығында экономиканың түрлі салаларында 400-ден астам жаңа жұмыс орнын құру арқылы жалпы сомасы 10 млрд теңгеден астам 9 жоба іске қосылды. Олар:

  • «Korkem Alem» ЖШС-нің ет өңдеу комбинатын салу;
  • «Hadid TD» ЖШС-нің металл прокатын өндіру цехын ашу;
  • «Каспий» машина жасау компаниясы» ЖШС-нің арнайы жабдықтар мен техника өндірісі;
  • «Технология увеличения нефтегазоизвлечения» (Тунгиз) ЖШС-нің көпфункционалды өндірістік базаны салу;
  • «Kaz Fruit Company» ЖШС-нің қойма құрылысы;
  • «CEMENT BETON M» ЖШС-нің темірбетон бұйымдарын өндіру зауыты;
  • «HADIS CO» ЖШС-нің полиэтилен пленкасын өндіру цехы;
  • «Английская школа Некрасовой» ЖШС-нің 670 орындық мектеп құрылысы;
  • «Chemical Start Group» ЖШС-нің антифриз зауыты.

Жоғарыда аталған инвестициялық жобалардың іске асырылуы өңір үшін бірқатар әлеуметтік-экономикалық оң әсерге, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі мен туризм саласын дамытуға, ауыз су тапшылығы мәселесін шешуге, жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдерінің көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жалпы өңірдегі инвестициялық және кәсіпкерлік белсенділікті күшейтуге мүмкіндік береді.

Өңірдегі жолдардың жай-күйі

Биылғы жоспарға және жоғарыда аталған жұмыстардың нәтижесіне сәйкес жергілікті маңыздағы автокөлік жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 97%-ға көтеру көзделіп отыр.

Сондай-ақ 2019 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК қарасты Маңғыстау облысының аумағындағы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 3063 км құрайды. Оның ішінде: республикалық маңызы бар жол – 1013 км, облыстық маңызы бар – 1029 км, аудандық маңызды жол – 1021 км-ны құрап отыр.

2022 жылдың қорытындысына сәйкес жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 96%-ды құрады. 2022 жылы жергілікті жолдарға бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлініп, 47,5 шақырым жолға асфальт жабындысы төселді.

Ал 2023 жылы 202 шақырымды қамтитын жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында 10 күрделі жөндеу және 2 құрылыс бойынша жоба жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсаттарға биыл Ұлттық қордан – 2,9 млрд теңге, республикалық бюджеттен 1 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 4,5 млрд теңге қарастырылды.

Автомобиль жолдарын салу және жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау үшін құрылыс материалдары мен жол төсемдеріне зертханалық сынамалар жасау мақсатында Маңғыстау облыстық филиалы арасында келісім-шарт жасалып келеді.

Биыл облыстық, аудандық, қала мен ауылішілік жолдардың да сапасын бақылау үшін Орталықпен 3 жылдық келісім-шарт жасалды. Шарттың құны – 607 млн теңгені құрайды. Жалпы 2023 жылға бөлінген қаражат – 119 млн теңге. Осы жылы облыстық, аудандық, қалаішілік және ауылішілік маңыздағы автомобиль жолдарынан сынамалар алу үшін филиал қызметкерлерімен бірлесіп 207 рет жолға шығып, іріктелген 1 328 сынамаға зертханалық жұмыстар жүргізілді.

Облыстағы жұмыссыздықты азайту шаралары 

Биыл жұмыс орындарын құрудың Өңірлік картасына сәйкес 40 мыңға жуық (39 951) адам жұмысқа орналастырылмақ. Оның 32 571-і тұрақты, 7 380-і уақытша жұмыспен қамтылады. 01.08.2023 жылғы жағдай бойынша облыста Өңірлік картаға сәйкес 18 852 адам жұмысқа орналастырылды (тұрақты – 11 939, уақытша – 6 913).

Облыста кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде және өңірлік бағдарлама есебінен жұмыспен қамтудың бірқатар шаралары жүзеге асырылып келеді. 2023 жылы облыс бойынша 34 мыңнан астам адамды (34 218) жұмыспен қамтудың белсенді шараларын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 11,4 млрд теңге қарастырылды.

2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша облыстық Мансаптық орталықтарына 30 146 адам хабарласып, 17 182 адам жұмыспен қамтылды. Барлығы 10 518 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 3 802 адам тұрақты жұмыс орындарына, 6 853 адам субсиядияланатын жұмысқа орналастырылды. Атап айтқанда, әлеуметтік жұмыс орындары бойынша – 557 адам, жастар практикасымен – 510 жас, қоғамдық жұмыстарға – 5 309 адам, «Алғашқы жұмыс орны» – 80 жас маман, «Ұрпақтар келісімшарты» – 3, «Күміс жас» бойынша – 394 адам жұмыспен қамтылды. Бұдан бөлек, «Бастау бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне 5 679 тұрғын, ал, онлайн 985 адам оқытылды.

Мемлекет басшысының әрбір 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын ашуға қатысты тапсырмасы аясында жаңа құрылған жеке кәсіпкерлік субъектілерінде 9 387 жаңа жұмыс орны ашылды.

Сонымен қатар биыл жастарды қолдау мақсатында ҚР Призидентінің бастамасымен облыс бойынша 163 жас тұрғынға 2,5%-бен несие беру жоспарланды. Бүгінде, 78 азаматқа 383,7 млн теңге көлемінде несие берілді.

Бұдан басқа, «Жұмыс жасаймын» өңірлік жобасы аясында бюджеттен 1,8 млрд теңге қарастырылған болатын. Жобаға 61 мекеме қатысып, жалпы саны 966 азамат жұмыспен қамтылды (Жаңаөзен қаласы 820, Қарақия ауданы 112, Бейнеу ауданы 34 адам, 1 адамның орташа жалақысы 200 000 теңгені құрайды).

Сонымен қатар өңірдегі ірі мұнай өндіруші кәсіпорындарға және олардың мердігер ұйымдарына 1 705 жергілікті тұрғын жұмысқа орналасты («Өзенмұнайгаз» АҚ – 1 489, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ – 35, «Қаражанбасмұнай» АҚ – 181). Бүгінде облыстың жұмыссыз азаматтарын жұмысқа орналастыру мақсатында Үкіметтің деңгейінде келіссөздер жүргізу арқылы 37 адам «Татнефть» компаниясында жұмыс істеп жатыр.

Цифрландыру мен инновациялар енгізу процесі 

Ақтау қаласы және Мұнайлы ауданының жолдары мен қоғамдық орындарына бейнебақылау камераларын орнату жөнінде біршама жоба іске асырылды. Нәтижесінде тұрғындардың жол және қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық орындарда барлығы 1138 дана камера орнатылды.

Оның:

- 736 данасы 148 нүктедегі жол қауіпсіздік камералары,

- 402 данасы 152 нүктедегі қоғамдық қауіпсіздік камералары.

Жоба бойынша бейнебақылау камераларының қызмет етуі және ондағы деректерді сақтау үшін Ақтау қаласында заманауи Деректерді өңдеу орталығы құрылды. Бейнебақылау деректерін сақтау мерзімі 30 күн. Сонымен қатар Мұнайлы аудандық полиция бөлімшесі жанынан шағын Жедел басқару орталығы құрылды. Жобада 10 операторды жұмыс орнымен қамту қарастырылған.

Жоба Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында жол-көлік оқиғасы, жол-көлік жарақаттары мен қоғамдық орындардағы қылмыстардың санын азайту арқылы қоғамдық және жол қауіпсіздікдігін күшейтуге, сондай-ақ әкімшілік және қылмыстық сипаттағы құқық бұзушылықтардың ашылуын арттыруға, жолда жүру мәдениетін жақсартуға мүмкіндік береді.

Жобаны іске асыру арқылы:

1. Жол көлік оқиғасын – 30%-ға;

2. Жол көлік оқиғасындағы кісі өлімін – 40%-ға;

3. Жол көлік оқиғасындағы жарақат алу көрсеткішін – 30%-ға;

4. Қоғамдық орындардағы қылмыстықты – 40%-ға төмендету жоспарланып отыр.

Бүгінгі тағда, «Сергек» бейнебақылау жүйесі арқылы 34201 құқықбұзушылық тіркеліп, 347 млн 530 мың 575 теңгеге айыпұл салынды. Оның 28275 құқықбұзушылық бойынша 288 млн 292 мың 280 теңгесі өндірілді.

Қолжетімді интернет

Мемлекет басшысының елді мекендерді сапалы интернетпен және байланыспен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Маңғыстау облысының әкімдігі облыстық байланыс провайдерлерімен («Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ, «Jusan Mobile» АҚ) және ұялы байланыс операторларымен («Кар-Тел» ЖШС (бренд - Билайн), «Кселл» АҚ (бренд - Kcell/Activ), «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (бренд – Tele2/Altel)) бірлесіп тұрақты түрде жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Бүгінгі таңда өңірдің барлық қалалары мен аудан орталықтары кеңжолақты интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етілген, облыстың 59 ауылдық елді мекеннің 55-і ұялы байланыспен және мобильді интернетпен қамтамасыз етілген. Облыстың «250+» бағдарламасы шеңберінде 20 ауылдық елді мекен талшықты-оптикалық байланыс желілері (бұдан әрі – ТОБЖ) технологиясы бойынша Интернетпен және мобильді интернетпен (4G) қамтамасыз етілді. Нәтижесінде 13 ауылдық елді мекен (Тәжен, Құланды, Онды, Тұщыбек, Жыңғылды, Тұщықұдық, Шайыр, Шебір, Ақшымырау, Қызан, Батыр, Ұштаған, Сенек ауылдары) кең жолақты интернетке және халық саны 250 адамнан асатын 9 ауылдық елді мекен (Төлеп, Тұрыш, Болашақ, Сенек, Бекі, Боздақ, Ұштаған, Жармыш, Аққұдық) байланыс және мобильді интернетке қосылған.

Облыс тұрғындарын ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету мақсатында (сондай-ақ байланыс және интернет сапасын жақсарту үшін) жеке инвестицияларды тарту арқылы 34 антенна-діңгек құрылыстары (бұдан әрі – АДҚ) орнатылды.

Қазіргі таңда, қала тұрғындарын сапалы және жылдам интернетпен қамту аясында облыс орталығы Ақтау қаласында 5G байланысы іске қосылды. Бүгінгі күні қала аумағына 5G базалық стансасын орнату жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін қосымша 11 данасын орнату жоспарланып отыр.

Mangystau IT-хаб

Маңғыстау облысының әкімдігі облыс жастарын ақпараттық технологиялар саласына бейімдеуге арналған Mangystau IT-хаб орталығын жеке инвесторлар «Sergel Projects» және «Көркем Телеком» бірлескен концорциумы көмегімен 2023 жылдың желтоқсан айында «Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы» базасында іске асыру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Жастарға арналған IT-хабтың негізгі мақсаты – облыс тұрғындарына цифрлық қызмет көрсету, ақпараттық-коммуникациялық шешімдер мен бағдарламалық өнімдерді әзірлеу, IT-мамандарын оқыту және жобалар мен жаңа стартаптарды жүзеге асыру үшін гранттар бөлініп, жұмыс орындарын ашу. Жастар IT-хаб орталығында Full Stack Development, Software Engineering, Cloud Engineering, Data Science, Machine Learning Program бағыттары бойынша мамандықтарды игереді. Одан бөлек, графикалық дизайн, желілік және жүйелік басқару, мехатроника, инженерлік графика CAD, ұялы робототехника,  компьютерлік ойындар мен мультимедиялық қосымшаларды дамыту», веб-үлгілеу курстары оқытылады. Түпкі нәтиже – нарыққа сапалы ІТ мамандарды дайындау және өңіріміздің цифрландыру саласын жоғары деңгейге жеткізу болып табылады.

Қазіргі таңда, Mangystau IT-хаб өкілдері облыс жастарына Pizza pitch, Speaker Talk, Google Developers Group (GDG), Digital nomads шараларын өткізіп келеді.

Pizza pitch – стартаптар жобаларын ұсынып және тыңдаушылардан кері байланыс алатын, әлеуетті клиенттерді, серіктестер мен инвесторларды таба алатын алаң;

Speaker Talk – кәсіпкермен немесе маманмен диалог алаңы, онда спикер саладағы табысты кейстер мен түсініктермен бөліседі;

Google Developers Group (GDG) – бұл Google технологиялары мен басқа да ашық бастапқы платформалар туралы білім алуға және бөлісуге мүдделі жергілікті әзірлеушілер қауымдастығы;

Digital nomads – әлемдік tech-компанияларында жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпқойлар қауымдастығының өкілдері мамандықтарды таңдау, мансаптық даму, сондай-ақ бағдарламалау саласындағы бейіндік мәселелер бойынша дәрістер өткізеді.

Облыста туризмді дамыту 

Өңірдің туризм саласын дамытудың маңызы жылдан жылға артып келеді. Қызығушылық танытып келетін туристтердің де қатары көп. Оны саладағы оң динамикадан да байқауға болады.

2023 жылдың қаңтар-маусым айларының ресми ақпараты бойынша:

- көрсетілген қызметтер көлемі 4,8 млрд. теңгені құрап, 1,3 есеге өсті. (қаңтар-маусым 2022 ж. – 3,6 млрд. теңге); Өңірге шетелдер мен ел аймақтарынан 179 791 турист келді өсім 138,6%-ды (қаңтар-маусым 2022 ж. .– 129 657 адам) құрады.

Туризмді дамыту көлік инфрақұрылымына тікелей байланысты. Оның ішінде туристтердің әуе көлігімен келуі үшін барлық жағдайлар жасалып отыр.

Бүгінге Үкіметтің қолдауымен әуе қатынасыме аптасына 26 бағытқа халықаралық және ішкі 8 бағыт (Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Көкшетау, Шымкент, Түркістан, Орал) бойынша ұшады, соның ішінде 18 бағытта алыс және жақын шетелдерге ұшады (Ыстанбұл, Лондон, Горган, Нүкіс, Тбилиси, Кутаиси, Мәскеу, Екатеринбург, Грозный, Махачкала, Ереван, Астрахан, Минводы, Жуковский, Қазан, Сочи, Баку; чартерлік рейс –Тегеран ).

Әуе қатынасы арқылы қызмет көрсетілген жолаушылар саны 2022 жылы қаңтар-тамыз – 996 544 жолаушыға, 2023 жылы қаңтар-тамыз айларында – 1 042 562 жолаушыға (өсім 104,6%) жетті.

Облыста теміржол қатынасымен халықаралық 3 бағытта (Астрахань, Саратов, Нүкіс) және ішкі бағыттар бойынша 6 бағытта (Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Семей, Бейнеу) жолаушылар тасымалы жүргізіледі.

Туристік өнім мен ішкі туризмді қалыптастырумен айналысатын 13 туроператор 199 туристік маршрут, демалыс күндеріндегі турларды жоспарлап, туристерді тарту мақсатында іс-шаралар өткізіп келеді.

Курорттық аймақты дамыту аясында биыл 130 жұмыс орнын ашу арқылы жалпы құны 76,2 млрд теңге көлемінде 2 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр (сыртқы қаржыландырудың болмауына байланысты жобалардың ашылу мерзімін 2024 жылға ауыстырылуы мүмкін).

1. «Гольф-клуб». «Виллалары бар Гольф-отель», «TETHYS AKTAU I» ЖШС;

2. «Town Center» сауда қатарлары», «TETHYS AKTAU III» ЖШС.

Сонымен қатар 2025 жылға дейін Ақтау қаласында және Қарақия ауданында 2 сапар орталығының құрылысын салу жоспарланды.

Өңірде туризм саласы бойынша 2025 жылға дейінгі кезеңінде 700 астам жұмыс орындарын аша отырып, жалпы сомасы 100 млрд теңгені құратын 13 жобаны іске асыру жоспарланған.

Білім беру жүйесін дамыту көрсеткіштері 

Орта білім беру саласындағы өткір мәселелердің бірі – үшауысымды оқыту. Облыстағы 15 мектепте 4235 оқушы үшінші ауысымда оқиды. Оқушы орынының тапшылығы 10251 орынды құрайды.

Бұл мәселені шешу мақсатында Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында 4800 оқушыға арналған 4 мектептің құрылысы бой көтеріп келеді. Ал, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 625 орындық 3 мектепке қосымша құрылыс жүргізіліп жатыр.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 21 мектеп (22000 орын) құрылысы пайдалануға беріледі:

- 2024 жылы 13 мектеп құрылысы (Ақтау – 6, Жаңаөзен – 1, Бейнеу – 2, Мұнайлы – 3, Маңғыстау - 1),

- 2025 жылы 8 мектеп құрылысы (Мұнайлы – 3, Ақтау – 2, Жаңаөзен – 2, Маңғыстау - 1).

Сонымен қатар осы оқу жылында 4 570 орындық 11 жекеменшік мектеп ашылды.

Денсаулық сақтау жүйесін дамыту қорытындылары 

2023 жылы Жаңаөзен қаласы Ақбұлақ елді мекенінде жергілікті бюджет есебінен 50 кісіге арналаған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды.

Сонымен қатар медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жалпы 250 келушіге арналаған 3 жекеменшік алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету ұйымдары ашылып, қызметін бастады.

Облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде Мұнайлы ауданында 150 төсектік аудандық орталық аурухананың құрылысы жалғасып жатыр.

Сонымен қатар «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Жаңаөзен қаласы Кендірлі ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысына конкурс берілді.

Денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылып отырады.

Осы бағытқа облыстық бюджет есебінен 6,5 млрд теңге көлемінде медициналық техника сатып алу үрдісі жүріп жатыр.

Бұған қоса, облыстың Кешенді жоспары аясында республикалық бюджет есебінен лизинг арқылы жедел-жәрдем стансасына 5 реанимобиль сатып алынды.

Осылайша бүгінге емдеу орындарының қамтамасыз етілу көрсеткіші – 93%-ды құраа отыр. Ал, дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі тұрақты бақылауда.

Соңғы 3 жылда дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге бөлінген қаражат көлемі 6,3 млрд теңгеден 11,1 млрд теңгеге артып отыр.

Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры арқылы «Ангионевротикалық» диагнозымен дәрі-дәрмек алуға көмек көрсетіліп, онологиялық және жұлын-бұлшық еті аурулары, сондай-ақ сирек кездесетін «Гомоцистеинурия» ауруы бар науқасты және әртүрлі диагнозбен арнайы тіркеуде тұрған пациенттерді тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 217 млн теңге қаражат бөлінді.

Саладағы негізгі мәселенің бірі маман тапшылығы, өткен жылы кадр тапшылығы 228 маман болса, бүгінгі таңда ол 206 маманды құрап отыр.

Маман тапшылығын шешу үшін 2022 жылы облыс әкімінің 157 гранты бөлінсе, 2023 жылы оның саны 198-ге артты. Оның 68-і бакалавр, 97-і интернатура гранттары.

Мамандардың тұрақтылығы мен келуін қамтамасыз ету үшін Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына сәйкес жергілікті бюджеттен денсаулық сақтау мамандарын қызметтік баспанамен және өзге де әлеуметтік көмекпен қамту үшін 70 млн теңге қаржы бөлінді.

Сондай-ақ 22 дәрігерге біліктілігін арттыру мақсатында Түркия, Латвия және Ресей елдеріне халықаралық практикадан өтуге жолдама беріледі.

2023 жылдың ІІ тоқсанына облыста сыйымдылығы 2 377 төсек-орындық 15 мемлекеттік аурухана ұйымы және 1001 төсектік 19 жеке аурухана ұйымы жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі және Маңғыстау облысының әкімдігі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде, Бейнеу ауданында «Бейнеу орталық аудандық ауруханасы» ШЖҚ МКК мен «Боранқұл аудандық ауруханасы» МКҚК қосу жолымен Бейнеу көпбейінді орталық аудандық ауруханасын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Осыған орай ағымдағы жылы медициналық техниканы сатып алуға республикалық бюджеттен жалпы сомасы 304,7 млн теңге қаражат бөлініп, сатып алу бойынша процестері жүріп келеді.

Сонымен қатар «Ақтау қаласында 200 төсектік облыстық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысы» жобасының жобалық сметалық құжаттарын жасақтау бойынша «Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына» енгізілді.

Жобаның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу «Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына» сәйкес 2024 жылға жоспарланған.

Бұл жобаны денсаулық сақтау министрлігінің «Ана мен бала денсаулығын сақтауды дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған «Әрбір әйел – әрбір бала» тұжырымдамасына енгізілді. Бүгінгі таңда аталған тұжырымдама бекітілу алдында тұр.

Маңғыстау облысы халқының болжалды өсімін ескере отырып, тәулік бойы төсек-орындарды тиімді әрі ұтымды пайдалану және жоспарланған денсаулық сақтау нысандарын пайдалануға беру кезінде облыстың қажеттілігі жабылады.

Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту

Облыста барлығы 3 қала, 59 ауыл бар. Қалалар мен ауылдық елді мекендерде орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету 100%-ды құрайды, 424 172 адам сумен толық қамтамасыз етілген.

Сумен қамту желілерінің жалпы ұзындығы – 3 848,4 км (қалаларда-810,921 км, тозу-40,41% немесе 327,672 км; ауылдарда - 3037,505 км, тозу – 9,89% немесе 300,39 км).

Ақтау қаласы тұрғындарының көкейінде жүрген мәселелердің бірі – су, кәріз және жылу желілерін жаңғырту жұмыстары.

Инженерлік желілердің жалпы ұзындығы – 1 232 км (су - 464,4 км, кәріз - 329,6 км, жылу - 437,8 км). Жаңғыртуға жататын инженерлік желілердің ұзындығы – 919 км немесе 74,5 % (су - 336 км немесе 72%, кәріз - 276 км немесе 84%, жылу - 386 км немесе 88%).

2026 жылға дейін Ақтау қаласының 24 шағынауданында жалпы құны -194,4 млрд теңге 919 км инженерлік су, кәріз, жылу желілеріне жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. ҚР Индустрия және даму министрлігінің ұсынысы бойынша инженерлік желілерді қайта жаңарту жұмыстары келесі механизм бойынша жүзеге асырылады:

Республикалық бюджет – 136 млрд теңге (70%)

Жергілікті бюджет – 29,1 млрд теңге (15%)

Табиғи монополия субъектісінің қаражаты – 29,1 млрд теңге (15%).

Бүгінгі таңда жалпы құны – 20,4 млрд теңгені құрайтын 19 жоба әзірленіп (су желілері бойынша 6 жоба - 4,4 млрд.теңге, кәріз желілері бойынша 6 жоба – 2,8 млрд теңге, кәріз тазарту стансалары бойынша 6 жоба – 1,7 млрд теңге, жылу желілері бойынша 1 жоба – 11,5 млрд теңге), ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бюджеттік өтінім ұсынылды.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту 

2021 жылы көппәтерлі тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында республикалық бюджеттен кредиттік қайтарым негізінде 337,8 млн теңге қаражат бөлініп, игерілді.

көппәтерлі 5 тұрғын үйге (Жаңаөзен қаласы 2 КПТҮ, Мұнайлы ауданы 3 КПТҮ) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2022-2023 жылдары Жаңаөзен қаласы бойынша 22 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 1,4 млрд теңге қаражат бөлінді.

- 2022 жылы 7 тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді.

- 2023 жылы тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2 шағынауданның №16,2,4 үйлерінің тұрғындарынан келісім хаттамалары алынды. Қазіргі таңда мердігер компания «Жаңаөзен Строй Сити» ЖШС-мен құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Шарт бойынша құрылыс жұмыстары 2023 жылдың желтоқсан айында аяқталып, үйлер тұрғындар қолданысына беріледі.

Өңірде бұқаралық спортты дамыту 

Облыста тұрақты түрде спортпен шұғылдану және дене шынықтырумен қамту көлемі 305 578 адамды, ауылдық жерлерде 163 707 тұрғын немесе өңірдегі халық санының 40,6%-ын құрайды. Мұндай көрсеткішке облыстағы жаңа спорттық залдардың ашылуы, бұқаралық спортты дамыту мақсатында жүргізіліп жатқан мемлекеттік спорттық тапсырыстар және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру есебінен қол жеткізілді.

Сонымен қатар бұқаралық спортты дамыту және тегін түрде балалар мен жасөспірімдерді спортпен қамту мақсатында жергілікті бюджеттен қаржыландыру арқылы спорттық тапсырыс жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда спорттық тапсырыс арқылы 98 жеке кәсіпкердің өтінімі расталып, 26 спорт түрінен 443 спорт секциясы ашылды, 9 258 бала мен жасөспірім спортпен қамтылып отыр.

Саламатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2023 жылға 1120 спорттық іс-шара жоспарланып отыр, оның 80-і ірі іс-шаралар:

Облысымызда 130 спорт түрі қамтылып соның ішінде облыс көлемінде 4-17 жас аралығындағы 236 700 бала мен жасөспірімнің 57,6%-ы (139 334 бала) спортпен қамтамасыз етілген.

Маңғыстау облысында 2022 жылдың қортындысына сәйкес 864 спорт нысаны бар. Облыста бұқаралық спортты дамыту мақсатында жүргізіліп жатқан мемлекеттік спорттық тапсырыстармен және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру есебінен жаңа спорт нысандары ашылып отыр. 2023 жылы 37 спорт нысанын салып, пайдалануға беру жоспарланған. Тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Атап айтатын болсақ, 2023 жылы 2 спорт кешені, 11 спорт залы, 24 спорт алаңы салынып отыр.

Қазақстандық қорлар арқылы республикада тез салынатын 1000 спорт зал салу туралы кешенді жоспар құрылып, 2023-2027 жылдар аралығында Маңғыстау облысының 43 ауылына тез салынатын 55 спорт зал салу іске асырылып жатыр.

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жолдауы аясында Маңғыстау облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының спортты дамыту мақсатындағы 2025 жылға дейінгі жасалған стратегиялық жоспары бойынша ең басты мақсат – спортпен шұғылданушылар санын 50%-ға жеткізу.

Сондай-ақ 2021-2025 жылдар аралығында 100 спорт алаң, 10 спорт кешен, 25 спорт зал салу жоспарлары орындалып жатыр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу