Үкімет «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейту бойынша нақты шаралар қабылдап отыр — Ерұлан Жамаубаев

Мемлекет басшысы биылғы 1 қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында халықтың шамадан тыс қарыз алу мәселесіне ерекше көңіл бөлген болатын. Ел Президенті Үкіметке «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын бүкіл еліміз бойынша кеңейтуді тапсырды. Осыған орай, Үкімет мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қажетті жұмыс жүргізіп келеді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Парламенттік тыңдауда жасаған баяндамасында мәлімдеді.

Парламенттік тыңдау барысында Ерұлан Жамаубаев несие мәселесінің күрделі екенін, азаматтардың тұтыну несиелері бойынша қарыздық жүктемесін шектеу шаралары заңнамалық деңгейде қайта қаралатынын, сондай-ақ кепілсіз онлайн несиелеу сегментіндегі борыштық тәуекелдерді төмендету мәселелері қарастырылып жатқанын айтты.

«Бүгінгі көтеріліп отырған мәселе өте өзекті, сондықтан ол жүйелі әрі шұғыл шаралар қабылдауды талап етеді. «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы дәл осы әлеуметтік мәселені шешуге бағытталған. Сондай-ақ бірлескен іс-шаралар үшін мемлекеттік органдар мен «AMANAT» партиясы арасында Ынтымақтастық туралы меморандум жасалды», — деді сөз басында спикер.

Оның айтуынша, осыған орай арнайы Жол картасы әзірленіп, бекітілген. Ол негізгі 6 бағыт бойынша 25 іс-шараны қамтиды. Жол картасының әрбір бағыты бойынша әкімдіктерде жұмысты үйлестіру үшін жауапты лауазымды тұлғалар бекітілді.

Республикалық маңызы бар 3 қалада және еліміздің 17 өңірінде халықпен тікелей жұмыс істейтін өңірлік жобалық кеңселер құрылуда.

Жобалық кеңселердің негізгі міндеті – несиелер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу, қаржылық алаяқтықтан қорғау, сондай-ақ азаматтардың банкроттық мәселелерін шешуге, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу және бизнесті қолдау шараларын ұйымдастыру.

Әкімдіктер жобалық кеңселердің жұмысы үшін қажетті ғимараттармен материалдық-техникалық базаларды бөледі.

Жобаның тағы бір маңызды бағыты – азаматтардың, оқушылар мен студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру.

«Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының студенттері үшін қаржылық сауаттылық курстарын енгізу пысықталып жатыр. Оқушылар үшін арнайы курс әзірленіп, әдістемелер мен оқу құралдары дайындалатын болады. Нәтижесінде осы бағыт шеңберінде 550 мың оқушы мен студентті оқыту жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер «Ауыл Аманаты» бағдарламасы шеңберінде несие алу үшін тұрақты түрде кеңестер беретін болады», — деді министр.

Халықтың шектен тыс несие алуын қысқарту шаралар кешенін қамтиды. Ол әсіресе банктер мен шағын қаржылық ұйымдардың пруденциалдық реттеуін қайта қарауды талап етеді. Осылайша, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейту бойынша заңнамалық түзетулерді пысықтауда.

Атап айтқанда, түзетулер топтамасы:

  • халықтың шамадан тыс несие алуын төмендетуге және борыштық жүктеменің өсуін шектеуге;

  • алаяқтыққа қарсы іс-қимылға және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға;

  • банк омбудсманының қызметін күшейтуге бағытталған. 

Проблемалық несиелері бар қарыз алушылар үшін қарызды қайта құрылымдауға көмек көрсетілетін болады.

Заңнамалық деңгейде тұтынушылық несиелер бойынша азаматтардың борыштық жүктемесін шектеу қарастырылады. Мәселен, азаматтардың мерзімі өткен несиелеріне сыйақы есептеуді шектеу, проблемалық берешегі бар қарыз алушыларға жаңа несиелер беруге тыйым салу ұсынылады.

Сондай-ақ кепілсіз онлайн-несиелеу сегментінде тәуекелдерді азайту мәселелері пысықталып жатыр. 

«Азаматтар өз мәселелерін банкроттыққа жүгінбей шеше алатындай етіп, сотқа дейінгі реттеу аясында құқықтарын қорғауды күшейту маңызды. Бұл тұрғыда банктік омбудсман маңызды рөл атқаруы тиіс. Осы бағыт бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Агенттік егжей-тегжейлі баяндайтын болады. Өз кезегінде, Үкімет Агенттіктің халықтың шамадан тыс несие алуын төмендетуге бағытталған барлық ұсыныстарын қолдайды», — деп мәлімдеді қаржы министрі Е.Жамаубаев.

Аталған мәселелерді шешу тетіктерінің бірі – жеке тұлғалардың банкроттығы мен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану. Оның ішінде неғұрлым сұранысқа ие болып отырғаны – соттан тыс банкроттық рәсімі. Оны тек банктер, шағын қаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша ғана қолдануға болады. 

Азаматтар өтініштерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, Электрондық үкімет порталы (eGov.kz.), сондай-ақ Е-salyq Аzamat немесе eGov Mobile мобилді қосымшалары арқылы бере алады.

Жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша «Qoldau» деп аталатын жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды. Бұл ақпараттық жүйе арқылы өтініш беру мүмкіндігін және өтініш берушінің тиісті критерилерге сәйкестігін 24 мемлекеттік органдар мен ұйымдардың базалары арқылы автоматты түрде тексеруге болады.

Осы жылдың 3 наурызынан бастап 68 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның 55 мыңы банкроттық рәсімге сәйкес келмейтіні анықталды. Негізгі себептері: мүліктің болуы, борышкердің қарыз сомасы мен төлем мерзімі бойынша сәйкессіздік және несие берушімен борышты дұрыс реттемеу. Нәтижесінде, бүгінгі таңда 8 млрд теңгеден астам борыш сомасына 5,6 мыңға жуық азамат банкрот деп танылды.

Сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін 1 200-ге жуық азамат сотқа жүгініп, 35-тен астам банкроттыққа қатысты шешім шығарылды. Дегенмен, жекелеген борышкерлер кейбір кедергілердің салдарынан банкроттық рәсімін қолдана алмай отыр.

Осыған байланысты келесідей нормалар ұсынылады:

  • соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейту; 

  • азаматтарды соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішке қосымша құжаттар беруден босату;

  • төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін негіздерден өтініш берушінің 12 ай ішінде несие беруші алдында өтеудің болмау фактісін растауды алып тастау;

  • төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің шетелге шығуына тыйымды алып тастау.

Бүгінде азаматтардың көбі банкроттықтың салдарын жақсы түсінеді. Бұған аталған бағытта үздіксіз жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары ықпал етіп отыр. 

Атап айтқанда:

  • Заңның негізгі ережелерін ақпараттық сүйемелдеу ұйымдастырылды (БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланымдар мен баяндамалар, ОКҚ брифингтері және т.б.);

  • Қаржы министрлігінің және оның ведомстволарының сайттарында тиісті түсініктемелер орналастырылды, 14-14 телефоны арқылы қызмет көрсету орталықтарында банкроттық бойынша кеңес алу мүмкіндігі туралы барлық азаматтарға СМС-хабарламалар жіберу жүзеге асырылып келеді (бүгінде 37 мыңға жуық адам түсініктеме алды);

  • мемлекеттік органдардың бөлімшелері, банктер, Халыққа қызмет көрсету және Халықты жұмыспен қамту орталықтары басшыларының қатысуымен азаматтардың банкроттық рәсімдерін ұйымдастыру бойынша жиналыстар өткізіліп келеді;

  • өңірлердің тұрғындарымен кездесулер өткізіледі (халықты қамту 10 мыңнан астам адамды құрайды);

  • Мемлекеттік кірістер басқармалары мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының байланыс орталықтарының қызметкерлерін оқыту ұйымдастырылып отыр; 

  • Медиа-жоспар аясында жүйелі түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. 

Жалпы, Үкімет халықтың шамадан тыс несие алуын төмендету және «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейту бойынша нақты шаралар қабылдап отыр.

#Ерұлан Жамаубаев #Президенттің тапсырмасы #ҚР Қаржы министрлігі

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу